Өңірлер

LRT жобасын іске асыруға 2 жылға 16,2 млрд теңге көзделген

LRT жобасын іске асыру үшін 2 жылға 16,2 млрд теңге көзделген. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Астана агломерациясын дамыту туралы» тақырыбы талқыланған Үкімет отырысында мәлімдеді.
Астана қаласы26 Маусым , 12:05

Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов Астана қаласы адами қаржылық ресурстардың  көп шоғырлануымен ерекшеленетінін жеткізді.

«Агломерция аумағы  2,2 мың шаршы километрді құрайды. Халқының  саны  1,2 млн адам. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша қаланың жалпы өңірлік өнімі  елдің ЖІӨ үлесі шамамен  11 пайызды құрады. Іс-шаралар жобасы негізгі үш міндетті атқаруды көздейді», - деді Р.Дәленов.

Өз кезегінде  Инвестициялар және даму министрлігі Астана агломерациясын дамыту жөніндегі 2020-шы жылға дейінгі өңіраралық іс-шаралар жоспарының 3 тармағын іске асыруға жауапты болып бекітілген.

«Бүгінгі күні 1 тармақ (6-тармақ) орындалды және бақылаудан алынған, 2 тармақ (22 және 25 тармақтар) орындалуда.  Жоспардың 6-тармағын іске асыру аясында Министрлік 2017 жылы Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын бекітті», - деді Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек.

Министр атап өткендей,  өңіраралық схеманың басты міндеттері: Астана агломерациясының шекараларын айқындау, аумақты функционалдық аймақтарға бөлуді әзірлеу, халықты қоныстандыру және өндірістік күштерді орналастыру жүйесін жетілдіру, инженерлік, көліктік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымды дамыту.

Сондай-ақ, министр  LRT жобасы іске асырылып жатқанын айтты.

«Қытайлық компаниялар консорциумының қатысушысы – «China Railway No.2 Engineering Group Co., Ltd» компаниясы құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия (1-санат) алды және тіреуіш іргетастарды, эстакадаларды орнату жұмыстары жүргізілуде», - деді ол.

Министр айтқандай, барлық желі бойынша құрылыс объектілеріне 121 ауыр техника мен 2 262 жұмысшы жұмылдырылды.

«2018 жылдың 16 маусымындағы жағдай бойынша 80,5% ұңғымаларды бұрғылау тіреуіштері, 35% ростверк, 16,8% тіректер мен бағандар, 10,1% құрама біліктер орнатылды, депо объектілерінде 2 618 тіреуіштер қағылды», - деді ол.

Айта кетсек, жоба бойынша шамамен 10% жұмыс жүргізілді.Қазіргі уақытта сараптамалық қолдау режимінде ЖСҚ әзірлеуде. ЖСҚ әзірлеу және бекітуді аяқталу мерзімі – ағымдағы жылғы желтоқсан.

«LRT жобасын іске асыру үшін 2018 – 2019 жылдарға 16,2 млрд. теңге көзделген (2018 жылы 9,1 млрд. теңге, 2019 жылы – 7,1 млрд. теңге)», - деді Ж.Қасымбек.

ИДМ басшысы  Астана қаласының сыртқы айналма жолдарын тұйықтау мақсатында «Астана қаласының Оңтүстік-Батыс айналма» автомобиль жолын салу жұмыстары жүріп жатыр. Автожолдың ұзақтығы – 33 шақырым. Ол 4 жолақтық қозғалысы бар 1-ші санатты жол болып салынатынын айтты.

«Мердігерлік консорциуммен China Xinxing Corporation (Group), «КазГерСтрой» СП ЖШС шартқа қол қойды. Шарттың құны 59 млрд. теңге. 2017 жылы 14,2 млрд. теңге игерілді, ал, биыл 19,7 млрд. теңге бөлінді. Жобаға 344 бірлік құрылыс техникасы, 621 жұмысшы (оның ішінде 27 шетел жұмысшылар) жұмылдырылды», - деді министр.

Министр айтып өткендей, шарт бойынша салу жұмыстары 2017 жылы басталды және жобаны 2020 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

«2007 жылдан бастап республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер есебінен Угольная, №14, №12 және Бейсеков (кіші айналма жол) көшелері арқылы өтетін магистралды жолды салу жүзеге асырылуда. 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетте аталған жобаны жалғастыруға 9,1 млрд. теңге, оның ішінде 2018 жылға – 4,5 млрд. теңге қарастырылған», - деді Ж.Қасымбек.

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешеев өңіраралық жоспарды орындау шеңберінде  қала әкімдігі 53 іс-шараны жүзеге асыратынын жеткізді. Қазіргі таңда оның  45-і  орындалған.

«Агломерациялық аумақтарды  кешенді дамытуды қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласының 2030 жылға дейінгі бас жоспарын түзету жүргізілді. Сондай-ақ, Целиноград ауданы, Қараөткел, Талапкер, Қосшы  мен Қоянды елді-мекенінің бас жоспарларына өзгерістер енгізілді», - деді Ә.Исекешев.

Сондай-ақ, әкімдік елорда агломерациясын дамытудың бір жылдық жоспарын әзірлеген. Сондай-ақ, Ақмола облысы әкімдігімен бірлескен жұмыс жүргізілуде.

Өз кезегінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Астана агломерациясын сапалы дамытуды тапсырды.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика