Шолу

Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру заңы қалай жүзеге асырылады

Б.Сағынтаев Үкімет отырысына екі жаңа өңір қатысып отырғанынан бастады. Ол Түркістан облысы мен республикалық маңызы бар Шымкент қаласы. Отырыста «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша ҚР Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» мәселесі талқыланды. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы26 Маусым , 11:40

Айта кетейік,  «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 24 мамырдағы Заңына жария түрде қол қойылды.

Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов аталмыш заң шеңберінде жүргізілген реформалардың маңыздылығын ескере отырып, бүгінгі таңда  оның сапалы іске асырылуы ерекше маңызға ие болып отырғанын айтты.

«Жалпы алғанда, заң жобасын іске асыру үшін 146 заңға тәуелді акт қабылдау керек. Қазіргі уақытта өкім жобасы кеңсенің  қатысты мүшелерімен бірге пысықталды. Біз өз тарапымыздан осы жұмысты үйлестіруді жүзеге асырып жатырмыз», - деді Р.Дәленов.

Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі  Жеңіс Қасыбмек заң  жобасын іске асыру мақсатында Министрлік

29 заңға қосымша акт әзірлегенін жеткізді.

«Үкімет қаулысы  реттелетін салаларда шамамен 39 бақылау-қадағалау функциялары қысқартылып, Министрлік туралы ережеге өзгерістер енгізу қажеттілігіне және Министрлік штат саны лимитінің өзгеруіне байланысты әзірленді», - деді Ж.Қасымбек.

Бұдан бөлек, көлік қызмет субъектілерін аттестациялау тәртібі мен талаптарына сәйкестігін растау функциясын алып тастауға байланысты «Көліктік қызметі субъектілерін аттестациялау Ережесін бекіту туралы» № 816 қаулысының күшін жоюға қою жоспарлануда.

«Аталған Үкімет қаулылары қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінде келісілуде. Министрлік бұл қаулыларды шілде айында Үкіметтің қабылдауына енгізеді.Министрліктің 16 бұйрығы реттелетін үш салада – азаматтық авиация, құрылыс және көлік салаларында жаңа нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, қолданыстағыларын түзетуді көздейді», - деді министр.  

Сонымен қатар, министр атап өткендей,  құрылыс саласында құрылыс жобаларына «бір терезе» қағидаты бойынша порталды және ақпараттық жүйелерді енгізу тәртібін айқындайтын қағидаларды қабылдау ведомстводан тыс кешенді сараптама  жүргізуді  жетілдіру мен ұйымдастыруды  көздейді. 

«Көлік саласында шағын көлемді кемелерді техникалық тұрғыда куәландыру бойынша Министрлік функциясынан Заңмен алып тастауға байланысты шағын көлемді кемелер мен олар тұратын базаларды (құрылыстарды) пайдалану тәртібі жеңілдетілді. Бүгінгі күні Қазақстанда шамамен 18 мыңнан астам шағын көлемді кеме тіркелген. Оның тек 872-сі ғана палубалы шағын кеме.Шағын көлемді кемелерге техникалық тұрғыда куәландыруды алып тастау шағын кеме иелерінің 95%-ы үшін әкімшілік кедергілерді қысқартуға, аса габаритті және техникалық тұрғыда күрделі шағын көлемді кемелерге техникалық қадағалауды сапалы жүргізуге, шағын көлемді флотта қауіпсіздік деңгейін арттыруға және бюджет шығындарын арттырмауға мүмкіндік береді», - деді Ж.Қасымбек.

Министр атап өткендей,  бұл «Қазақстанның су кемесі тізілімі» Республикалық Мемлекеттік Қазынашылық Кәсіпорнның өңірлік қызметкерлері  штатын ұлғайтуды қажет етпейді.

«Бұл ретте, шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын бақылау тек тексеру кезінде жүргізіледі. Қазіргі уақытта нормативтік-құқықтық акт «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерелер палатасымен және жеке кәсіпкерлік субъектілердің аккредиттелген бірлестіктерімен келісу сатысында. Оларды қабылдау шілде айына белгіленіп отыр», - деді министр.  

Министр  Ұлттық экономика министрлігімен бірлескен 10 бұйрық тәуекелділік дәрежесін бағалау  өлшемшарттарын және құрылыс, өнеркәсіптік қауіпсіздік, техникалық реттеу, геология мен көлік салаларында тексеру талаптарын азайту үшін түзетуге жіберілгенін жеткізді.

«Оларды қабылдау қараша айына белгіленіп отыр. Министрлік Заңды іске асыруда белгіленген барлық шараларды уақтылы қабылдайды және сапалы атқаратын болады», - деді ол.   

Өз кезегінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев  заң жобасын іске асыру мақсатында  министрлік  12 ведомстволық нормативтік-құқықтық  актіні қабылдауды    көздеп отырғанын айтты.

«Тәуекелдерді бағалау негізінде Мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесі  профилактикалық бақылау институтының енгізілуі арқылы толығымен өзгертіледі.  2018 жылдың маусым айынан бастап мұнай-газ саласының лицензияланған қызмет түрлері  тізіммен мұнай-химия зауыттарын жобалау алынып тасталады», - деді Қ.Бозымбаев.

Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау   саласында екі  мемлекеттік қызметті біріктіру қарастырылған.

«Қоршаған ортаға эмиссия беру рұқсаты мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың  рұқсатын беру бір терезе бойынша атқарылады. Мемлекеттік қызмет беру  150 күннен  45 күнге қысқартылады», – деді Қ.Бозымбаев.  

Ал  «Атамекен» ҰКП  басқарма төрағасы   Абылай  Мырзахметов  заң жобасын жүзеге асыру  бойынша  146 нормативтік актілердің сапалы әрі уақытылы қабылдануы маңызды екенін жеткізді.

«Ең басты мәселе Елбасының тапсырмасын кәсіпкерлерге жеткізу. Барлық өңірлерде басқарма мүшелері мен  активтермен жиын өткізілді. 10 шілдеге дейін осы мәселе  бойынша видео, инфографикалар әзірленіп жатыр. Ол  әлеуметтік желілерде таратылады. Өткенде біздің Съезге келген өңірлік өкілдерге  екі күн семинар өткізілді,   Елбасы тарапынан  көрсетіліп  отырған  қамқоршылық  түсіндірілді», - деді А.Мырзахметов.

Сондай-ақ, А.Мырзахметов 146 акт бойынша жұмыс істеуге дайын екенін айтып өтті. Ол уақытылы бизнес әріптестермен қаралатынын айтты.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Елбасының қабылдаған шешімі өңірлерде  үлкен  қолдауға ие болғанын айтты.

«Олардың барлығы нормативтік-құқықтық актілерін жылдам қабылданғанын күтіп отыр. Қараша айында қабылданады дейді. Тағы да жарты жыл күтіп жүреміз.  24 мамырда заң қабылданды, одан кейін бір ай өтті. Біз енді ғана қабылдап жатырмыз. Ол жылдам жүзеге асырылуы керек. Ұсынылған кесте бойынша бүкіл мерзімді қайта қарау керек. Екіншіден, ол сапалы түрде қабылданатын болсын», - деді Б.Сағынтаев.

Сондай-ақ,  Премьер күні кеше Ақмола облысына жасаған сапары аясында кәсіпкерлерден көптеген ұсыныс болғанын айтты.  Аталған ұсыныстардың жиынтығын алып қарауды  Б.Сағынтаев Ерболат Досаевқа тапсырды.

Аягөз Құрмаш

 




Яндекс.Метрика