Үкімет

Премьер-Министрдің Ақмола облысына сапары: өңір қалай дамып жатыр

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының» іске асырылу барысымен танысу үшін Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды. Премьер-Министр Ақмола облысының өндірістік өнеркәсіптерін аралап, медицина ошақтарына бет бұрды. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Ақмола25 Маусым , 15:19

Бүгінгі таңда металлургия, машина жасау, химия және азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс индустриясы саласындағы 20-ға жуық ірі компаниялар өнімділік қуатын ұлғайтып, жұмыс процестерін оңтайландыруға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық технологияларды енгізіп жатыр.

Цехты аралау барысында Премьер-Министр ауыл шаруашылығы техникасын құрастырудың технологиялық үдерісімен танысты. «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» ЖШС директоры О. Балыбин ИИДМБ аясында іске қосылған зауыт 2017 жылы 698 млн теңге сомасына 507 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын шығарғанын; 2018 жылдың үш айында 265 млн теңгеге 208 бірлік техника шығарылғанын мәлімдеді.

Өңірдің АӨК дамыту барысымен танысу «Бижан ет өңдеу зауыты» ЖШС нысанында жалғасады, онда Б. Сағынтаевқа Президенттің дайын ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайту жөніндегі тапсырмасының орындалуы туралы баяндайды.

Облыстың аграршыларымен кездесуде АӨК дамытудың жандандырылған мемлекеттік бағдарламасы аясында ұсынылатын, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың жаңа мүмкіндіктері, құралдары мен тетіктері, сондай-ақ елорданың азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланады.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралау жоспарланған.

Мәселен, №1 қалалық емхананы тексеру кезінде Бақытжан Сағынтаев өңірдің денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру барысымен танысады. Облыстың медицина саласының қызметкерлерімен кездесуде медициналық қызметтердің сапасы, саланы қайта реттеу және жеке қызмет көрсету секторын дамыту мәселелері талқыланады.

Б. Сағынтаевқа Халыққа қызмет көрсету орталығында ұсынылатын мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мысалдарын, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірлік жобаларын ұсынады.

Сондай-ақ,  Ақмола облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев №1 қалалық емханада болып, онда жаңа цифрлық технологиялармен танысып, өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Мекемені аралау барысында Премьер-Министр жетекші әлемдік өндірушілердің заманауи медициналық жабдықтарының жұмысымен, сондай-ақ «Кешенді медициналық ақпараттық жүйе» жаңа бағдарламалық қамсыздандырумен және Зертханалық ақпараттық жүйемен танысты.

Емхананың бас дәрігері С. Ілиясов Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданының жақын маңындағы ауылдарының емделушілеріне өздеріне ыңғайлы уақытта медициналық көмек алуға мүмкіндік беретін электронды анықтамалық және кезек жүйесінің жұмысымен таныстырды.

Аудандық деңгейге дейінгі медициналық ұйымдар 100% интернетпен қамтамасыз етілген. Барлық медицина қызметкерлері компьютерлік сауаттылыққа, ҚР ДСМ ақпараттық жүйелерінде жұмыс істеуге 100% оқытылған. Медициналық ұйымдардың 80%-тен астамы ішінара қағазсыз форматқа ауысқан. Қағазсыз медициналық құжат айналымына көшуден күтілетін әсер: дәрігерге баруды 2 есеге қысқарту; кәсіби тексеру және скринингтер кезінде ауруларды анықтауды 30%-ке арттыру; алдын-ала жазба үлесінің 50%-ке өсуі, жанды кезектерді 50%-ке дейін төмендету.

Облыстың медицина қызметкерлерімен кездесуде денсаулық сақтау жүйесін дамытумен танысу жалғасын тапты. Кездесу барысында халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі және өңірдің денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамыту, дәрігерлерді кәсіби даярлау және олардың МӘМС енгізуге дайындығы мәселелері талқыланды.

Денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесуді аша отырып, Б. Сағынтаев бүгінде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бойынша көлемді жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мемлекеттің негізгі басымдығы — қазақстандықтардың денсаулығын қорғау.

Үкімет, өз кезегінде, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін реформалау бойынша Президенттің алға қойған бірқатар нақты міндеттерін ерекше бақылауда ұстап отыр. Бұл ұсынылатын медициналық қызметтерді цифрландыру, «қағазсыз ауруханаларға» көшу, сондай-ақ МЖӘ қағидасы арқылы денсаулық сақтау нарығын ырықтандыру және жекеменшік медициналық ұйымдар үшін кедергілерді азайту арқылы саланың тиімділігін арттыру.

Өз кезегінде, ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов әріптестерінің сөйлеген сөздеріне пікір білдіре отырып, өңірде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыстар тиісті деңгейде іске асырылып жатқанын айтып өтті. Атап айтқанда, цифрлық технологияларды енгізу көптеген даулы мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Диалогты қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге мұқият дайындық, ұсынылатын қызметтер мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселелері ерекше басымдықта болу керектігін атап өтті.

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ет өңдеу зауытында болып, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Мақсаты — АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысымен және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау жағдайымен танысу.

Жыл басында Елбасы бес жыл ішінде АӨК-тегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Премьер-Министр аграрлық ғылымды дамытуды, импортты алмастыруды және экспорттық әлеуетті дамытуды мемлекеттік бағдарламаны сәтті жүзеге асырудың негізгі шарттарының бірі деп атады.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Евниев АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ұсынатын мүмкіндіктер туралы толығырақ баяндап берді. Оның айтуынша, жаңа мемлекеттік бағдарламаның мәні — жер мен қаржыландыруды қажет ететін фермерлерге баса көңіл бөлінеді. Мал шаруашылығымен, қой және жылқы шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық фермаларды құру, жайылым алаңдарын 58 млн га-дан 100 млн га-ға дейін, ірі қара малдың санын 15 млн-ға дейін, қойлардың санын 30 млн-ға дейін арттыру көзделген.

«Фермер аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржылай қолдау қорымен 15 жылға 4%-бен қаражат ала алады. Бұл мәселе шешілуде, тек нақты технологиялық тәртіп қажет», — деді бірінші вице-министр.

Сонымен бірге А. Евниев Ақмола облысының Астана маңында азық-түлік белдеуін дамыту тұрғысынан келешегі туралы айтып берді.

«Астана маңында азық-түлік белдеуін дамыту – Мемлекет басшысының тапсырмасы, бұл өңірге берілген үлкен мүмкіндік. Бүгінде үкіметтің тапсырмасы бойынша жол картасы қабылданады. Оның аясында Астананың азық-түлік белдеуіне қатысушы мәртебесі құрылады, ол "ҚазАгро" қаржы институттарында арнайы шарттарды ұсынады, сондай-ақ жер және басқа да мәселелерді қарауда жеңілдіктер жасалатын болады», — деді А. Евниев.

Астана қаласына кепілдендірілген тұрақты азық-түлік жеткізуді қамтамасыз ететін «Елорданың азық-түлік белдеуіне қатысушы» мәртебесін беру механизмі енгізілетін болады. Сонымен қатар, осындай мәртебе алған АӨК субъектілері қалада өткізу нарықтарына, оның ішінде коммуналдық нарыққа басымдықпен қол жеткізе алады, сондай-ақ «ҚазАгро» холдингінің еншілес компанияларымен несие беру және субсидиялау мүмкіндігіне ие болады.

Одан әрі өңірдегі аграрлық сектор өкілдері сөз сөйледі. Атап айтқанда, «МПК «Бижан» ЖШС төрағасы Х. Бижан, ҚР ет одағының төрағасы М. Бақтыбаев, «Гормолзавод» ЖШС директоры А. Жақсылықов, «Capital Project LTD» ЖШС директоры М. Божко, «AQMOL SUT» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы А. Қасенов, «Бараев атындағы АШҒЗӨ» ЖШС директоры Қ. Абдуллаев, «Қараөзек» ЖШС директоры Искаков етті мал шаруашылығы, сүт саласы, құс шаруашылығын дамыту, ет өнімдерін өңдеу тәжірибелерімен бөлісіп, егіс науқанының қорытындысын шығарды және өңірдегі репродуктивті төлдемеген мал фермасын перспективалы құру және дәлме-дәл жер шаруашылығын енгізу мәселелерін көтерді.

Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП төрағасы А. Мырзахметов өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер көтерген барлық мәселелер Үкіметпен бірлесіп талқыланып, егжей-тегжейлі пысықталатынын айтты. Ол сонымен қатар көршілес елдерге экспортты арттыру қажеттігін атап өтті.

Сындарлы диалогтың қорытындыларын шығарған соң Премьер-Министр мемлекет тарапынан ауылдықтар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып отырғанын айтты.

Ел үкіметі Мемлекет басшысы қойған міндеттерді уақытылы іске асыру үшін барлық шараларды қабылдауда және Қазақстан үшін аграрлық сектордың стратегиялық маңыздылығын түсінеді. Б. Сағынтаев агробизнесті қойылған міндеттерді орындау процесіне белсене тартылып, идеялар мен нақты шешімдер ұсынуға үндеді. 

Ақмола облысы мемлекеттің негізгі аграрлық-өнеркәсіптік өңірлерінің бірі, онда республикада өндірілетін бидайдың 25%, сүттің 7%, еттің 5,8% өндіріледі. Облыс бойынша соңғы бес жыл ішінде орташа жылдық бидай өндірісі 5 млн т құрады, ал осы кезеңде орташа жылдық бидай экспорты 1,8 млн т болды. Ауыл шаруашылығы малдарының барлық түрлерінің жыл сайынғы өсімі және өнім өндірісі 3%-дан 7%-ға дейін. 

Облыста 1,5 мыңнан 5 мыңға дейін мал басын ұстай алатын бір мезеттік мал бордақылайтын арнайы кәсіпорындар желісі құрылған. Жалпы, аталған кәсіпорындардың жиынтық қуаттылығы 27 мың бастан асады.

Ауыл шаруашылығы өңдеуі де дамып келеді. Биылғы бес айдың ішінде азық-түлік өнімдерін өндіру 19,4% артқан, ал бірқатар позициялар бойынша, атап айтқанда, өсімдік майы бойынша өсім - 24,8%, ет бойынша — 19,7%, сүт өнімдері бойынша — 5,1%, ұн бойынша — 32,2% құрады.

Сондай-ақ,  Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында болды, онда «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсету әдістерімен және өңірде жалпы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысымен танысты.

Премьер-Министрге операциялық залдың және дайын құжаттарды беру залының жұмысы таныстырылды. Электрондық кезек жүйесін енгізудің арқасында қызметтерді алу уақыты қысқартылды. Мемлекеттік қызметтердің жаңа стандарттарына сәйкес мамандандырылған ХҚКО-да күтудің максималды уақыты құжаттарды өткізген кезден бастап 90 минуттан аспауы керек, ал құжатты өткізгенге дейінгі күту уақыты — 20 минуттан аспауы тиіс. Бір азаматтың құжаттарын қабылдау уақыты да шектеулі, бұл да 20 минуттан аспауы тиіс.

Білім беру саласында кезек қалыптастыру процестерін автоматтандыру, мектеп жасына дейінгі балалар ұйымдарына бағыт беру және балаларды мектепке қабылдау жөніндегі жобаларды іске асыру басталды.

«Бұл жүйе шілде айында облыстың қалалар мен аудан орталықтарындағы 145 мектепке дейінгі ұйымында іске қосылады және балаларды туылған кезінен бастап кезекке электронды түрде тұрғызуға, балабақшаға жолдаманы автоматты түрде алуға, үйден шықпай-ақ орынды ауыстыруға, баланың электрондық паспортын: портфолиодағы балалардың барлық жетістіктері, білім беру траекториясы, балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу бағдарламаларында оқыту, оқытудағы прогресс және даму бойынша ұсынымдарды алуға мүмкіндік береді», — деді В. Крылов.

Облыс әкімдігінің деректері бойынша, білім беру жүйесін цифрландыру жобаларын іске асырумен жүзеге асатын электронды құжаттар айналымы мұғалімдердің жүктемесін 40% азайтады, білім алушылардың білім сапасын 80% дейін арттырады, мемлекеттік қызметтер көрсетуде сыбайлас жемқорлық қатерлерін 70% төмендетеді.

Еске салайық, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын орындау аясында әзірленген. Мақсаты — орташа мерзімдік перспективада цифрлық технологияларды пайдалану арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және экономиканың даму қарқынын үдету, сонымен қатар Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді перспективада болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін жаңа даму траекториясына көшуі үшін жағдайлар тудыру.

Аягөз Құрмаш

Фото: Премьер-Министрдің ресми сайты 




Яндекс.Метрика