Пікірталас клубы

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы: ең ауқымды нарық

Биылғы жылы Қазақстан-Қытай қарым қатынасына 26 жыл толып отыр. Қытай ежелден ішкі, сыртқы саясаттық қадамдарды егжей-тегжейлі зерттеп жүзеге асырады. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға жасаған сапары аясында орнатылған келісімдер өте тиімді. Бұл туралы «Стратегия» пікірталас клубы алаңында шығыстанушы ғалым Олжас Бейсенбаев мәлімдеді.
Астана қаласы15 Маусым , 16:30

О.Бейсенбаев айтып өткендей,  мемлекеттік сапар аясында  көптеген шаралар ұйымдастырылды. Елбасы Моңғолия Президенті сынды тұлғалармен кездесті. ШЫҰ саммитіне қатысты. Осы жылғы кездесу осынысымен де маңызды. Бұл ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шыққанын көрсетеді.

«Біз таза құрлықта жатқан елміз.  Теңіз болмаса да Қытай мен Ресей сынды ел теңізге тұрарлық. Біз осы мүмкіндікті  тиімді пайдалана алуымыз керек. Сыртқы істер министрлігі мен Үкімет дұрыс бағытта жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Елбасының  Қытайға жасаған сапары аясында жүзеге асырылған  келісімдердің бірі Ұлттық экономика министрлігі мен Қытайдың   коммерция министрлігі арасындағы электрондық сауда саласындағы  өзара түсіністік пен  ынтымақтастық туралы келісім.  Электрондық сауда дегеніміз заманауи тренд. Қытайдың ішкі нарығының  30 пайызын цифрлық экономика  құрайды. Ал әлемдегі жаһандық транзакцияның  40 пайызын Қытайдың электрондық саудасы  құрап отыр», - деді О.Бейсенбаев.

Шығыстанушы атап өткендей, Қазақстан  Қытайдың жанында жатқан ел ретінде  қарқынды дамудан қала алмайды.  

«Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов биылғы жылдың  5 айында Қазақстандағы  электронды  сауда нарығының  айналымы  101 млрд теңгені құрағанын айтқан болатын.  Жыл басынан бері елде электронды  сауданың  110 субъектісі ашылған. Электронды сауда өте қолайлы, тиімді болып отыр», - деді ол.

Ол айтып өткендей,  Ауыл шаруашылығы саласында да мұздатылған сиырдың етін тасымалдау бойынша келісім орнатылды.

«Бұл өте үлкен нарық, Қытайдың нарығын өзіміздің етімізбен толтырып жарылқаймыз деп те айта алмаймыз. Бұл жерде барлығын етпен қамту емес,   байланыс орнату, тауарымызды сату маңызды. Біздің өнім экспортқа жөнелгені жақсы. Қытайдың өзінде де қазақстандықтардың тауарына деген сұраныс бар. Себебі, бізде таза өнім болып саналады», - деді О.Бейсенбаев.

Сондай-ақ, шығыстанушы қауіпсіздік мәселесіне де тоқтап өтті.

«Киберқалқан деген жүйе сол үшін пайда болды.  Елбасы алдыңғы жылдары ШЫҰ аясында киберполиция құрайық деп ұсынды. Бұл нақты іске асып кеткен жоқ. Алайда, өте тиімді ұсыныс деп ойлаймын. Киберполиция құрып кетпесек те, соған сәйкес жүйе қажет деп ойлаймын», - деді ол.

Сондай-ақ, ғалым  Қытай альтруист мемлекет емес екендігін айтып, әр мемлекет өзіне тиімді жолдарды қарастыратынын айтты.

«Жібек жолы бастамасын ұсынған  кезде  де ол өзінің жағдайын ойлайды. Сондықтан да біз де олармен келісім жүргізгенде, Қытай үшін жасап жатыр деп ойламауымыз керек. Қытайдың ішкі проблемасы  сыртқы  мәселесіне  қарағанда  көп. Қытай «бір шенеунік екі жүйе» әдісі  бойынша жұмыс істейді. Біз кез келген жағдайда Қытайды жау деп емес, көрші және экономикалық тұрғыда тиімді нарық ретінде қарастыруымыз керек. Олардың  тілі де діні де бізден алыс, көрші болса да. Сондықтан идеологиялық  мәселе жүргізіліп жатыр деп айту артық»,- деді О.Бейсенбаев.

Сонымен қатар, сарапшы халықтың ерекшелігіне тоқтап өтті.

«Мен 1,5 жыл Қытайда тұрдым. Олар досқа берік, ұйымшыл. Сондықтан бір адамға қатысты дүниені бүкіл халыққа жабуға болмайды. Біз олармен көршіліктен қашпаймыз, алайда байланыста үнемі болуымыз керек. Көптеген шешілмеген де мәселелер де бар. Бірақ, олардың барлығы  шешуге болатын, қарастыруға болатын мәселелер болып отыр. Себебі, 26 жыл тарих үшін көп уақыт емес», - деді ол.

Айта кетейік,  Қазақстан –Қытай қарым – қатынасына  биыл қаңтарда 26 жыл толды.  Соңғы  5 жылда екі елдің басшылары  18 рет кездескен.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика