Астана - 20 жыл

Айбынды Астана - суретшілер көзімен

Әлемдегі ең жас астаналардың бірі - біздің Елордамызды, шетелдік қылқалам шеберлері майлы кенеппен көркемдеді. Астананың 20 жылдығы аясында «Нұр келбетті Астана» халықаралық суретшілер фестивалі өтіп, оған АҚШ, Ресей, Бразилия, Жапония, Үндістан және басқа да елдердің қылқалам шеберлері қатысты, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.
Астана қаласы12 Маусым , 17:51

Бұл айтулы шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтті. Маусым айының басында әлемнің түкпір түкпірінен келген қылқалам шеберлеріне бірнеше күн мүмкіндік берілді. Олар Елорданы ертелі-кеш аралап, әр ракурсынан сығалап, қиялдарына қанат бітірді. Бірнеше күннің ішінде қиылдарындағы Астананы майлы бояумен кенепке түсіріп «Нұр келбетті Астана» халықаралық суретшілер фестивалінің көрмесіне қойды.

Фестивальға қазақстандық суретшілермен қатар АҚШ, Еуропа, Ресей, Бразилия және Азияның Жапония, Үндістан елдерінің мен деген суретшілері қатысып өз өнерлерін көрсетті. Олардың қатарында Ұлыбритания Корольдік өнер қауымының мүшесі Александра Коннор, Жапония акварельмен бейнелеу өнерінің шебері Акира Мурата, Бразилиядағы Панамерика өнер мектебінің тәлімгері Жизель Улисс, Үндістанның заманауи көркемөнер шебері Рам Вираньян, АҚШ Ұлттық өнер грантының иегері Артем Миролевич, Голландияның ретроспективалық көркемөнер шебері Димитрис Воязоглоу, ресейлік Игорь Дубовой, түркиялық Оркун Муфтуоглу, Белоруссиядан Инна Болундь, Кореядан Клеменс Беунгун Суу, хорватиялық Марко Зубак, Қырғызстаннан Адылбек Байтерек, италиялық Джованни Томасси Феррони, сонымен қатар, Гүлмира Телғозиева, Бақтыгерей Телеубай, Амангелді Кененбаев, Нұрбазар Қожин, Қайыр Оразғалиев, Айнабек Оспанов, Тілеужан Батанов сынды әйгілі отандық суретшілер де қатысты.

Барлық сурет керемет. Әсіресе, шетелден келген суретшілер біздің салт-дәстүрлерімізді, ұлтымызды бірінші рет көріп тұрғандарына қарамастан ерекше етіп бейнеледі. Құсбегілік секілді қазаққа тән тақырыптарды алды. Сондай-ақ, олар жаңа қаланың ұлттық нақышын жоғалтпағанына таңғалды. Күні кеше бәріміз этноауылға барып қайттық. Оларға тыныс-тіршілігіміз ұнады. Шығармашылығымыздың әдемі жолға қойылғанын олар іштей сезіп те тұр. Себебі, Астана өте ыңғайлы, тыныш жер. Меніңше, Астанада тек ақкөңіл, жақсы адамдар тұрады», - деді суретші Тлеужан Батанов.

Туындысы көпшіліктің көңілінен шыққан шеберлер марапатталып, арнайы сертификаттарға ие болды.

«Бүгін ашылып жатқан «Нұр келбетті Астана» халықаралық көркемсурет фестивалімен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан Бұл шараның басты мақсаты шетелдегі қылқалам шеберлері Астанаға келіп, әсем қаланы өз көздерімен көріп, өз ойларымен, өз түйсіктерімен жақсы туындылар шығару. Одан кейін сол туындыларды бүкіл әлемге насихаттау. Яғни Қазақстанның ұлттық бренді болған Астананы әлемге насихатаудың бір көрінісі», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қ.Уәлиев.

 Халықаралық деңгейде өткізілген шара аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастауымен Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде оқытушылар мен студенттері және қалалық Оқушылар сарайында мектеп оқушылары көркемөнер саласының майталмандарынан шеберлік сабақтарын алды. Осы көрмеге қойылған туындылар ҚР Ұлттық музейі қорына табысталды.




Яндекс.Метрика