Шолу

Әрбір азаматтың 10 үздік табиғи және 10 тарихи аймағы болуы керек – Р. Күзембаев

Қазақстанның 20 тарихи нысанын қамтитын 6 бағыттан тұратын экспедиция ұйымдастырылады. Бұл туралы «Қазақ туризм» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев мәлімдеді. Аталған экспедицияға танымал саяхатшылар мен БАҚ өкілдері, блогерлер қатысады. Ішкі туризмді дамытуға қандай шаралар жүргізіліп жатқанын келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы13 Маусым , 12:57

«Қазақ туризм» Ұлттық компаниясының   басқарма төрағасы айтып өткендей, Қазақстанда көптеген әдемі  орындар бар. Оларды кеңінен  насихаттау мақсатында   Астананың  20 жылдығына арналған  тарихи маңызды шаралар ұйымдастырылады.

«Жоспар бойынша 20 тарихи нысанды қамтитын, 6 бағыттан тұратын экспедиция  ұйымдастырылады. 20 тау  шыңын бағындыру экспедициясы да жүзеге асырылады. Оған қазақстандық танымал альпинистер: Мақсұт Жұмаев, Бағлан Жүнісов және Артем Скопин қатысады», - деді Р.Күзембаев.  

Ол айтып өткендей, әсем жерлер арқылы елді тануға келетін ресейлік, қытайлық блогерлер «Қасиетті Қазақстан» аясындағы барлық нысанға бармайды, оларға қажеті сıty-туризм және белсенді демалыс (тауға шығу, шаңғы тебу).

«Ішкі туризмге тоқтасақ, біз оны ілгерілендіру үшін барлық заманауи технологиялар мен цифрлық маркетингті  қолданып жатырмыз. Біз мемлекеттік бюджеттен бір тиын  жұмсамай, жобаларды әріптестік  жолмен жүзеге асырамыз. Ақтөбе және Алматы, Қостанай, Көкшетау, Шымкент, Астана темір жолдары мен әуежайларда мамырдан бастап танымдық бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Олар  тәулігіне 700 рет айналады.5 маусымнан бастап «Тальго» мен  9 құрамдық жоғары жылдамдықты пойыздарда Ұлттық арнаның  телебағдарламасы көрсетіледі. Бұл бейнероликтер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да қойылады», -  деді Р.Күзембаев.

Сондай-ақ, ол айтып өткендей, туризмді насихаттау үшін «Қазақ радиосымен» де келісім жүргізілген.

«Қасиетті жерлер бойынша жылына   72 бағдарлама шығады. Біз Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының ресми  жарнамалық операторы арқылы ұшу алаңдарында қазақстандық суретші Константин Киквидзенің туындыларын  ілеміз. Ол да тұрғындардың саяхаттауға деген құштарлығын ашады», - деді Р.Күзембаев.

Сонымен қатар, Рашид Күзембаев 2017 жылы Қазақстанға  келген туристер саны  көп болғанын айтты.

«2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда туристер саны  20 пайызға арты. Оның басты себебі:  ЭКСПО мен өзге халықаралық шаралар. Биыл осы көрсеткішті сақтап қалу  мақсаты тұр. Ішкі туризм бойынша сапарларды  5 пайызға арттырсақ деп отырмыз», - деді ол.

Сондай-ақ, «Киелі Қазақстан» жобасының жүзеге асырылуы  өңірлердегі көркем жерлерге апаратын жолдардың жөнделуіне серпін береді. Әр облыс аймағындағы жолдар мен визит орталықтарының салынуына  жергілікті жердің басшылығы жауап береді.

«Егер де біз ата-аналар ретінде Қазақстанда  саяхаттамасақ, балаларымыз  ел туралы ештеңе білмейді. Патриоттық сезім де қалыптаспайды. Сондықтан да әрбір азаматтың  10 үздік табиғи және 10  тарихи аймағы болуы керек. Ол өзіндік көзқарастардан не болмаса ұсыныстар арқылы қалыптасуы мүмкін.  Ол таңдаған  орындарға қалай баратынын  жоспарлауы тиіс», - деді ол.

Ішкі туризмді дамыту  танымдық шараларды ұйымдастыру арқылы жалғасатын болады. 

Аягөз Құрмаш  

 

 

 




Яндекс.Метрика