Шолу

Б.Сағынтаев министрлерге: 6 айдың қорытындысынан кейін игерілмеген қаржы басқа салаға жұмсалады

Құрылыс саласында 6 айдың қорытындысы бойынша игерілмеген қаржы қайтарылып, өзге салаларға бағытталады. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 2018 жылғы 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындысына арналған Үкімет отырысында мәлімдеді. Толығырақ, Strategy2050.kz АА әзірлеген шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы12 Маусым , 11:30

Ұлттық экономика министрі  Тимур Сүлейменов осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша экономикалық процестер және экономикалық қызмет саласы жақсарғанын айтты.

«Ел бойынша ЖІӨ өсуі 3,9 процентті құрады. Жалпы, экономиканың өсуі инфляциялық процестің бәсеңдеуі мен жоғары инвестициялық белсенділік аясында болып отыр. Жыл басынан бері инфляция 2,4  пайыз болды. 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9  пайыздық  тармаққа төмен», - деді ведомство басшысы.

Министр айтып өткендей, 2018 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция соңғы үш жылдағы ең төмен көрсеткішті құрады.

«Жылдық инфляция 6,2 пайыз деңгейінде тіркелді. Бұл – соңғы үш жылдағы ең төмен көрсеткіш. Өнеркәсіп өндірісі тұрақты өсуін сақтай отырып, өсім 5,4 процентті құрады. Өндіру өнеркәсібіне негізгі қолдауды мұнай-газ саласы қамтамасыз етті. Мұнай өндіру 6,4, ал табиғи газ өндіру 6,5 пайызға  ұлғайды», - деді Т. Сүлейменов.

Министр  жоғары деңгейдегі өндірістік белсенділік еңбек нарығының көрсеткіштеріне жағымды әсер еткенін атады. Осы  жылдың басынан 134 800 адам жұмысқа орналастырылған.

«Биылғы  сәуірде жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалып, 4,9 пайызды құрады. Еңбекақы ілгерілеген қарқындармен өсуде. Осы жылдың қаңтар-сәуірінде орташа айлық еңбекақы 152,3 мың теңгені құрап, нақты көріністе 1,2% өсті. Ал, сыртқы сауда айналымы дәстүр бойынша оң серпінді сақтап отыр. Ол ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 24,3 пайызға ұлғайған. Экспорт 27 пайызға өскені белгілі болып отыр. Бұл ретте, шикізаттық емес тауарлар экспортының өсімі 11,2 пайызды құрағанын (3,8 млрд АҚШ долл.) айта кету керек», - деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ, министр жыл басынан бері 1 маусымға дейін Қазақстанның халықаралық резервтері 1,4% ұлғайып, 90,4 млрд долларға жеткенін айтты.

«Осы жылдың 1 маусымында елдің халықаралық резервтері 1,4% ұлғайып 90,4 млрд долларға дейін жетті. Алтын валюта резервтері 1,4% өсіп, 31,2 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайды. Ұлттық қордың активтері 1,5% өсіп, 59,2 млрд. АҚШ долларына дейін жетті», - деді министр.

Тимур Сүлейменов айтып өткендей, өнеркәсіп өндірісі тұрақты өсуін сақтап отыр. Өсу 5,4% құрады.

«Кен өндіру салалары алған қарқындарын ұстап отыр (5,6%). Өндіру өнеркісібінің өсуіне негізгі қолдауды мұнай-газ саласы қамтамасыз етуде. Мұнай өндіру 6,4%, ал табиғи газ өндіру – 6,5% ұлғайды. Бұл ретте кен өндірудің оң салымы сақталып отыр. Олар бойынша өсу 3,6% құрады», - деді Т. Сүлейменов.

Қазақстанда осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша, өңдеу өнеркәсібі, өнеркәсіп өндірісі серпініндегі үрдістерді айқындауын жалғастыруда. Өсу 5,5%-ды құрады.

«Өңдеу саласының ішінде екі мәндік өсуді қағаз өнімдерін өндіру (14,4%), химия өнеркәсібі (11,2%) және машина жасау (12,2%) көрсетіп отыр. Бұл ретте өңдеудің негізгі салалары да позитивті үлес қосып отыр. Сусын өндіру 8,1%, тамақ өндірісі – 6,3% және мұнайды қайта өңдеу – 4,3%, фармацевтика – 6,1%, сондай-ақ қара металлургия өндірісі – 6,0% ұлғайды», - деді министр.

Сондай-ақ,  министр 2018 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы құрылыс саласының серпіні біркелкі емес екенін айтты.

«Құрылыс саласы жыл бойы біркелкі емес серпінді көрсетіп отыр. Құрылыс саласының өсу серпіні 1-тоқсанда 5,9% дейін ұлғайып, қаңтар-мамырдың қорытындылары бойынша 0,3% нөлдік мәнге қарай жақындады», - деді ол.

Ал, ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіші өзгеріссіз қалып, 3,9% көрсетті.

«Ауыл шаруашылығы көлемдері өзгеріссіз қалды және 3,9% жағымды деңгейде сақталды. Ұлғаю мал шаруашылығы өнімдерінің 4,0% орнықты өсуіне негізделеді», - деді ведомство басшысы.

Өз кезегінде, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов  республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады.

« Есепті кезеңде бюджеттердің барлық деңгейлерінде кірістердің өсу қарқыны қамтамасыз етілді: мемлекеттік бюджет 11%-ке, республикалық – 12%-ке және жергілікті – 7%ке. Шығыстардың игерілу проценті өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жақсарды: МБ - 97,8%, РБ –98,1% және ЖБ – 98,4%. Бес айдың қортындысы бойынша  мемлекеттік және жергілікті бюджеттер профицитпен атқарылды, республикалық бюджет  тапшылығы 138 млрд.теңгені құрады. Тапшылық ішкі ресурстар есебінен қаржыландырылды», - деді Б.Сұлтанов.

Министр айтқандай, мемлекеттік бюджет кірістері (трансферттерсіз) 3 290 млрд.теңгені немесе жоспарға 104,3%-ті құрады. Республикалық бюджет бойынша кірістердің атқарылуы – 100,7%-ті, жергілікті бюджет бойынша – 114,4%-ті құрады. 

«Республикалық бюджетке 2 334 млрд.теңге кірістер түсті. Бұл жоспардан 16 млрд.теңгеге, ал былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 253  млрд.теңгеге  артық, - деді министр.

Сондай-ақ, министр  жергілікті бюджеттердің кірістері 120 млрд.теңгеге артығымен орындалып, 957 млрд.теңге жиналғанын айтты.

 «Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 60 млрд.теңгені құрады. Бұл салықтар есебінен қамтамасыз етілді. Барлық өңірлерде жоспар орындалды. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда Алматы және Астана қалаларында  өсу қарқыны төмендеген», - деді Б.Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, республикалық бюджет шығыстары 3 684,5 млрд.теңгеге игерілді.  

«Игерілмеу сомасы  58,4 млрд.теңгені құрады.  Ең көп игерілмеу сомалары келесі әкімшіліктерде қалыптасты: Қорғаныс министрлігі – 17,2 млрд.теңге, Ауыл шаруашылығы министрлiгi – 8,5 млрд.теңге, Iшкi iстер министрлiгi – 5,4 млрд.теңге, Мәдениет және спорт министрлігі – 7,8 млрд.теңге, Қаржы министрлiгi – 3,3 млрд.теңге, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi – 3,4 млрд.теңге, Жоғарғы Соты – 1,8 млрд.теңге», - деді Б.Сұлтанов.

Сондай-ақ, министр Республикалық объектілердің құрлысына берілген қаражаттың атқарылуы туралы айтты.

«Бұл салаға бюджетте 275,5 млрд.теңге қаралған.Есепті кезеңде жылдық соманың тек 15% ғана игерілген, яғни  42,2 млрд.теңге.  Жыл соңына дейін 233,3млрд.теңге атқарылуы қажет. Бұл сома мына мемлекеттік органдарға келеді:       Инвестициялар және даму министрлігі – 188,5 млрд.теңге, Ауыл шаруашылығы министрлiгi – 15,5 млрд.теңге, Президентiнiң Іс басқармасы – 8,8 млрд.теңге, Iшкi iстер министрлiгi – 5,2 млрд.теңге және Мәдениет және спорт министрлігі – 4,1 млрд.теңге», - деді Б.Сұлтанов.

Министр атағандай, 1 маусымға 178,6 млрд.теңгеге, немесе жылдық жоспардан 65% міндеттемелер қабылданып, қазынашылықта тіркелген.

«96,9 млрд.теңгеге әлі де болса міндеттемелер қабылданбаған.Оның ішінде 83,9 млрд.теңгесі Инвестиция және даму министрлігі бойынша 25 автожол жобаларының құрлысын салуға келеді. Осы соманың  46,1 млрд.теңгесіне 12  маусымға шетелдегі мердігерлермен негізгі контрактіге қаржылық келісім-шарттарға қол қойылды», - деді Б.Сұлтанов.

Министр  өткен жиналыста айтылғандай 13 жобалар бөлінген  42,9 млрд.теңгенің игерілмеу қаупі бар екенін алға тартты.

«Оның ішінде, автожолдарды салу 4 жоба  бойынша 37,8 млрд.теңгеге Дүниежүзілік Банкпен Келісімнің ратификацияланбауына және  Ислам Банкімен Қарыз туралы келісім тиісті мемлекеттік органдармен әлі де қарастырылуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінде  3,2 млрд.теңге 6 сумен жабдықтау және гидротехникалық құрылыстар жобалары бойынша конкурстар осы саладағы экспертпен келісім-шарттың болмауына байланысты өткізілмеген», - деді ол.

Сондай-ақ, 1,7 млрд.теңге Мәдениет және спорт министрлігі конкурс жарияламағанын айтты.Себебі,  осы жобалар кейінге қалдыру шартымен жоспарланған. Жобалау-сметалық құжаттамаларын  түзету талап етеді.

Министр  өңірлерге 190,1 млрд.теңге қаражат бөлінгенін айтты.

«Игерілу сомасы 183,5 млрд.теңгені құрады, немесе 96,5%. Үнемдеу сомасын есптемегенде 5,3 млрд.теңге игерілмеді. Бұл 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 4,6 есе аз», - деді ол.

Б.Сұлтановтың айтуынша, игерілмеудің себептері  конкурстардың уақытында өткізілмеуі – 488 млн.теңге жұмыс кесетесінен қылып қою – 3,2 млрд.теңге.

Министрлердің баяндамасын тыңдаған Бақытжан Сағынтаев құрылыс салас артқа тартып отырғанын айтты.

«Негізгі, біздің мәселелердің барлығы тек қана құрылыста. 275 млрд теңге 2018 жылға қабылдаған болсақ, қалған міндеттемеміз - 178 млрд теңге. Яғни, алда әлі 100 млрд теңгеге міндеттемелер қабылдау керек. 5 айдың ішінде 42 млрд теңгенің ғана жұмысын атқарғанбыз», - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев егер де шын мәнінде қаржы игерілмесе, алты айдың қорытындысымен ақшаның бәрін кері қайтару керектігін атап өтті.

«Бостан-бос ұстап отырғаннан гөрі, басқа министрліктердің тарапынан сұраныстар түсіп жатыр. Өзінің жолымен шығып, ақшаны уақытында тиімді игеру қажет. Қауіп бар. Мәдениет және спорт министрлігі визит орталықтарын соғып бітем дегенше туристік маусым өтіп кетеді. Әлі конкурс өтпеген. ЖСҚ-сы да жоқ. Онда ақшаны неге сұрады? Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрлігінде де солай. Қосымша міне, қаржы сұрап отырсыздар. 42 млрд деген дайын тұр. Алу керек те - басқа салаға салу керек. Бәрібір одан пайда жоқ», - деді ол.

Үкімет басшысы  мақсаттық трансферт бойынша да осы жағдай қайталанып жатқанын айтты. Жергілікті жерлерден қанша жобалар келіп жатыр, игерілмей отыр. Конкурстар дұрыс ұйымдастырылмай жатыр.  Үкімет басшысы министрлерге соңғы рет  ескерту жасады.

«Есеп берілген кезде бәрін де қатырып жатырмыз деп айтамыз. Одан кейін бәрі ұмыт қалады. Айтпады демеңіздер, құрметті әріптестер! Соңғы сөз – 6 айдың  айдың қорытындысынан кейін бөлінген, алайда игерілмеген қаржы басқа салаға жұмсалатын болады. Әрі  қарай өздеріңіз білесіздер. Халық пен Елбасының алдында өздеріңіз жауап бересіздер», - деді Б.Сағынтаев.  

Бақытжан Сағынтаев өңірлердегі игерілмеу бойынша әкімдер халық алдында өздері жауап беретінін алға тартты.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика