Шолу

Елбасының Қытайға сапары: Циндаодағы кездесулер

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай сапары аясында Циндао қаласында өткен ШЫҰ саммитіне қатысқан болатын. Президент бірқатар кездесулер өткізді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Модимен мен Монғолия Президенті Халтмаагийн Баттулгамен кездесті. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасына сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді.
Астана қаласы11 Маусым , 10:28

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дәйекті дамып келе жатқанына тоқталып, Үндістан Премьер-Министрін елдерінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына толық құқылы мүше болуымен құттықтады. Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге байланысты Қазақстанның Үндістанды әуел бастан толық қолдағанын айтты.  

«Былтыр бізге қолдау көрсетіп, Астанада өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне келгеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Сол арқылы бұл шараға халықаралық деңгейде назар аударылуына септігіңізді тигіздіңіз», – деді Қазақстан Президенті.  

Мемлекет басшысы қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру нәтижесінде былтырдың өзінде Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 53 пайызға артып, 1 миллиард долларға жеткенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта елдеріміз арасында ғарыш, фармацевтика саласындағы, әскери-техникалық сектордағы және басқа да салалардағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді.  Бізге осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек», – деді Қазақстан Президенті.  

Үндістан Премьер-Министрі Үндістан өкілінің Біріккен Ұлттар Ұйымы Халықаралық сотының құрамына сайлануына қолдау көрсеткені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы көп жақты ынтымақтастықтың табысты дамып, нығайып келе жатқанына тоқталды.  

«Сізді Қазақстанның елордасы – Астана қаласының 20 жылдығымен құттықтаймын және «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуына байланысты ізгі ниетімді білдіремін», – деді Үндістан Премьер-Министрі.

Akorda.kz хабарлағандай, кездесу соңында Нарендра Моди Қазақстанның Үндістан үшін Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестерінің бірі саналатынына тоқталып, Үндістанның «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, Үндістан Премьер-Министрі Қазақстанның Халықаралық Күн альянсына қосылуына өтініш білдірді. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Халтмаагийн Баттулганы президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Қазақстанның барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін айтты.

«Биыл Қазақстан Республикасы мен Монғолия арасындағы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастық жөніндегі шартқа қол қойылғанына 25 жыл толады. Бұл құжат көп ғасырлық достық және тату көршілік дәстүрі бар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дәйекті дамыту жолында маңызды рөл атқарады», – деді Қазақстан Президенті.

Халтмаагийн Баттулга өзінің Монғолия Президенті болып сайлануымен және туған күнімен құттықтағаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылық білдірді.

«Мен Сіздің жұмысыңызды мұқият бақылап отырамын және жаңа елорда – Астана қаласын салғаныңызды білемін. Мен Монғолияның құрылыс министрі болған кезде де Қазақстан тәжірибесін көп зерттедім. Біз де еліміздің астанасы – Ұлан-Батор қаласының төңірегінде Майтар қаласын салу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді Монғолия Президенті. 

Соңында Мемлекет басшысы, ең алдымен, екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру қажеттігіне тоқталып, Монғолияның Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына атсалысуға деген ұмтылысын Қазақстанның қолдайтынын айтты.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев сапарының  қорытындысы бойынша   журналистерге арналған сөзінде екі елдің бүкіл қарым-қатынастары тарихында мемлекеттер басшылары арасында сенімділік сипатындағы диалог орныққанын атап өтті.

«Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен бірге өзара сенімді және достық қатынастарымызды нығайта береміз. Елдеріміз арасында шешімін таппаған мәселе жоқ, керісінше, одан әрі даму үшін жолымыз ашық», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ұлттық экономиканың шикізаттық емес секторларын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, бірлескен индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру мәселесіне тоқталды.  

« Біз 51 жобаға қатысты уағдаластыққа қол жеткіздік. Индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Соның аясында 1200 кәсіпорын аштық. Біздің міндетіміз – шикізат ресурстарына тәуелсіз екінші баламалы экономика қалыптастыру», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Брифинг барысында өзара тиімділікті қамтамасыз ету қағидаты негізінде  Қазақстанның Қытаймен экономикалық ынтымақтастықты дамытып келе жатқаны жөнінде айтылды. Екі жақты қарым-қатынастар стратегиялық міндеттер және Қазақстан экономикасын дамытудың басымдықтары тұрғысынан қалыптасып келеді. Атап айтқанда, химия өнеркәсібіндегі, тау-кен-металлургия кешеніндегі, машина жасау, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және экономиканың басқа да саларындағы индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Бірлескен жобаларды іске асыру нәтижесінде экспортқа бағытталған әрі жоғары қосымша құны бар жоғары технологиялы отандық өнім өндіретін кәсіпорындар құрылады.

Сонымен қатар, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі отырысының нәтижелері де атап өтілді. Соның барысында екі елдің бизнесмендері жалпы сомасы шамамен 13 миллиард теңге болатын 40 құжатқа қол қойды.

Нұрсұлтан Назарбаев іскерлік топтар мен жобаларды жүзеге асыруға атсалысатын шаруашылық субъектілер Қытай Халық Республикасымен инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілетудің негізгі драйверлері болып саналатынына назар аударды. Бұл үдерісте жобалық қаржыландыру тетіктері белсенді пайдаланылады. Соған сәйкес жобаның өзі кепілдемелік қамтамасыз етуші болып саналады.  

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев елдің көлік-транзит әлеуетін арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды орындау мәселелеріне тоқталды.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықты тереңдетуге Қытайдың мүдделілік танытып отырғанын да атап өтті.  

Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында ұлттық валюталармен өзара есеп айырысу жөнінде ұсыныс білдіргені туралы толық әңгімелеп, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен болған келіссөздер барысына тоқталды.  

« Сенім болған кезде барлық мәселе шешіледі. Кез келген жағдайда өз еліңнің мүддесін ескеру керек. Келіссөз жүргізу қашан да қиын, сол себепті бұған мұқият дайындаламын. Бұл – халқымның маған жүктеген жауапкершілігі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.    

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі




Яндекс.Метрика