Сараптама

Циндао саммиті - ынтымақтастықты шыңдау

Әлемдік сарапшылар мен ақпарат құралдарының назары – алпауыттар жиналған біздің шығыс көршімізде. Ең алдымен, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Иран басшылары Қытайға мемлекеттік сапармен барады. ҚР Президенті Н.Назарбаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің кеңейтілген құрамдағы кездесуінде 9 маңызды құжат қабылданды. Ал, басты саяси оқиға – 2018 жылы 9-10 маусымда Шаньдун провинциясы Циндао қаласында ШЫҰ-ға мүше 8 мемлекет, 4 бақылаушы және әріптес елдердің басшылары кездеседі. Еуразия құрлығының 60 пайызын, жер халқының жартысына жуығын алатын Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы жаһанға жаңа құраммен үн қатады. Саммит нәтижесінде Циндао декларациясы, жалпы саны 20-ға жуық құжат қабылданып, ШЫҰ төрағалығы Қырғыстан Республикасына ауысады.
Астана қаласы08 Маусым , 11:54

                  Н. Назарбаев пен Си Цзиньпин // www.akorda.kz

Он сегізінші кездесу

Кеше ҚР Президенті Н.Назарбаев Мемлекеттік сапарымен Қытай Халық Республикасына барды. Жалпы екі мемлекет басшыларының жыл сайынғы кездесу практикасы қалыптасқан. Елбасы Бейжіңде ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен және ҚХР мем­ле­кет­тік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. ҚКП XIX съезі мен ҚХР-дағы конституциялық өзгертулерден кейін басшылар алғаш рет кездесіп отыр. Ресми дипломатиялық қатынас орнаған уақыттан бері Н.Назарбаев Қытаймен байланысқа айрықша көңіл бөліп келеді. Қазақстан Президенті: «Біз жалпы сомасы 67 миллиард доллар көлеміндегі 127 құжатқа қол қойдық. Бізге осы диалогты жалғастыру қажет. Былтыр өзара сауда көлемі 11 миллиард долларға жуықтады. Бұл жердегі өсім 30 пайыздан астам. Екі жақты қатынастарымызды ілгерілету үшін біздің бұдан да зор әлеуетіміз бар» – деді.  (akorda.kz)

Қытай төрағасы өз кезегінде Қазақстанды «маңызды көрші және ықпалды аймақтық держава» деп сипаттады. Бұл Қазақстанның аймақтық және әлемдік интеграциядағы бастамашылдығы мен мәмілегерлігіне берілген баға деп есептейміз. Келіссөздер барысында 9 маңызды құжат қабылданды. Соның бірі - «ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен ҚХР Коммерция министрлігі арасындағы электрондық сауда саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум».

ҚХР – электрондық сауда, цифрлық технология саласында алдыңғы қатарлы мемлекет. Көршілес елдің ЖІӨ 30%-ын немесе 3,4 трлн $(22,6 трлн юань) цифрлық экономика құрайды. Осы көрсеткішпен әлемде екінші орында тұр. Қытай – жаһандық транзакциялардың 40 пайызын алатын ең ірі электрондық сауда нарығы (inosmi.ru). «Baidu», «Alibaba», «Tencent» сияқты интернет-алпауыттар цифрландыру үрдісін жылдам және ауқымды жүргізуге қолайлы «экожүйе» орнатып отыр. Қазақстан көршілес мемлекеттің цифрлық мүмкіндіктерін екіжақты сауда-экономикалық байланыста тиімді пайдалануы қажет. Оған ішкі рынокта сұраныс қалыптасып келеді. ҚР Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтің айтуынша: «2018 жылдың 5 айында электрондық сауда нарығының  көлемі 101 млрд теңге немесе жалпы сауда айналымының 2,9 пайызын, яғни 2 есе өсімді көрсетіп отыр» деді. Жыл басынан елімізде электрондық сауданың жаңа 110 субъектісі ашылған және 1700 интернет-дүкен жұмыс істейді. (www.kursiv.kz)

Жалпы, Елбасы 2012 жылдан бері Қытай төрағасымен 18-ші рет екіжақты кездесіп отыр. Жоғарғы деңгейдегі келіссөздердің саяси мән-маңызы терең. Қос мемлекет арасындағы өзекті мәселелер жабық есік жағдайында да талқылануы ықтимал. Оған екіжақты парламентаралық, партияаралық және үкіметаралық келіссөздер алғышарт бола алады. Н. Назарбаевтың Цзян Цзэминь, Ху Цзиньтаомен бейресми форматтағы кездесулерінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының күрделі тақырыптары талқыланғаны жасырын емес. Өзара достық, тату көршілік және сенімді әріптестік байланыстар оған толық мүмкіншілік береді деп есептейміз. Бейжіңде қабылданған белді шешімдер бейбіт қатар даму, өзара пайда табу, бірге жеңіске жету қағидаттарын іске асыруға септігін тигізеді.

ҚХР-дағы Қазақстан елшісі Ш. Нұрышев айтқандай: «Өзара сауда айналымындағы байқалған оң серпінге қарамас­тан, біздің елдеріміздің арасын­да әлі де толық пайдаланылмаған әлеует бар. Әсіресе энергетика, көлік, мұнай-химия, қайта өндіру өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндеу, жаңа технологиялар және инвестициялар бағытындағы ынтымақтастықтың келешегі мол». (egemen.kz)

ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесуде екі ел арасында келісілген 51 жобаны іске асыру мән-жайы талқыланды. Бұл көліктік-тасымалдаудан тыс, өнеркәсіп саласын дамытудағы өзекті қадам болып саналады. Мемлекет Басшысы сапар аясында 8 маусымда БХӨЖ Тұрақ­т­ы комитетінің төрағасы Ли Чжаньшу және қытайлық ірі инвесторлармен кездесулер өткізеді.

Қырғыз-Қытай қатынасы

2018 жылы 6 маусымда Қырғызстан Президенті С. Жээнбеков те мемлекеттік сапарымен Бейжіңге келіп, ҚХР төрағасы Си Цзинпинмен кездесті. Қытай қарулы күштері мәртебелі қонақты жаңартылған форматта салтанатты қарсы алды. Қытай баспасөзі бұл өзгерісті «Қытайдың жаңа дәуірдегі сыртқы саяси беделінің артуын көрсетеді» деп жеткізді. 2016-2017 жылдың нәтижесі бойынша Қытай Қырғызстанның басты сауда-экономикалық серіктесі, негізгі инвесторы болып отыр. Қырғызстан Президенті өз сөзінде: «Қытай грант, кредит, техникалық көмек түрінде үлкен қолдау көрсетуде. Бұл әлеуметтік-экономикалық дамудағы  маңызды мәселе» деді. (eadaily.com).

2017 жылы Қытай-Қырғызстан саудасы соңғы жылдардағы ең жоғарғы көрсеткішке жетіп, 1,6 млрд АҚШ долларын құраған. ҚХР-дан  құйылған тікелей инвестиция көлемі – 269,9 млн АҚШ доллары. Жалпы қос тарап саяси ықпалдастық, сауда-экономикалық байланыс, қауіпсіздік және ШЫҰ аясындағы қатынас бойынша құжаттарға қол қойды. Ең бастысы, Қытай мен Қырғызстан жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол жеткізді. Келесі жылғы ШЫҰ саммиті Бішкекте өтеді. Сондықтан С.Жээнбековтің сөзінше, Қырғыстан төрағалықты аймақтағы орнын нығайтуға тиімді пайдаланады. (dknews.kz)

Шын еліндегі Шанхай саммиті

1996 жылы іргелес бес мемлекет арасында (Қытай, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан) шекаралық аудандағы сенімді нығайту, әскер санын азайту мақсатында құрылған ұжымдық орган аймақтық кооперациядағы стратегиялық маңызды ұйымға айналды. Бүгінгі ШЫҰ – даму деңгейі, мемлекеттік жүйесі әртүрлі елді біріктірген платформа. 17 жылда сауда-экономикалық, гуманитарлық және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық «шанхайлық рухта» жүргізіліп келеді. Осы аралықта ұйымның базалық-құжаттамалық (ШЫҰ Хартиясы, 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы), ұйымдастырушылық негіздері қалыптасты.

2018 жылдың сәуір-мамыр айларында ШЫҰ СІМ басшылары, Қауіпсіздік кеңесі хатшылары, Аймақтық антитеррористік құрылым жетекшілерінің жиыны, Астанада (4-5 мамыр) ШЫҰ Форумы, Шэнчжэнде 1-партияаралық диалог өткізілді. Жиындардағы ортаға салған ұсыныс-пікірлер негізінде, Саммитте 20-ға жуық құжат қабылданады деп жоспарланған. Оның ішінде есірткі трафигіне қарсы күрес, транспорт және қоршаған ортаны қорғау бойынша келісімдер бар. Тақырып: қауіпсіздік, ынтымақтастық, даму, «Бір белдеу – бір жол», ал басты құжат – Циндао декларациясы. Германия отары болған Циңдао қаласы «Реформа және ашықтық» саясатының жемісі ретінде көрсетіледі. Циндао сыртқы сауда айналымының жартысы (39 млрд. АҚШ доллары) ШЫҰ елдеріне тиесілі.

«Бір белдеу – бір жол» бастамасының  ШЫҰ шеңберінде қарастырылуына көзқарас әртүрлі. Фудан университеті Ресей және Орталық Азияны зерттеу орталығының директоры Фэн Юйцзюнь ЕЭО елдері мен Қытайдың экономикалық дамуында үлкен айырмашылықтар себебінен еркін сауда аймағы туралы айтуға ерте екенін айтады. Бұл елдердің өнеркәсіптік-индустриялық дамуы төмен болғандықтан, Қытай экономикасының ықпалынан қауіптенеді» дейді. Оның ойынша, ШЫҰ – интеграциялық ұйым емес, ал Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» инициативасы шеңберінде Еуропа мен Азия арасындағы транзит бойынша бірлескен нақты жобалар жүргізе аламыз.(analytics.cabar.asia/ru)

Қытай ШЫҰ платформасын «Бір белдеу – бір жол» инициативасын кеңейтуде, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде пайдаланғысы келеді. ЕЭО елдері Қытай инициативасымен байланысудың тиімді жолдарын қарастыруға мәжбүр. Ынтымақтастықтың алға жылжуына қарамастан, Индия мен Пәкістанның өзара байланысы, Индияның инициативаға қосылу сұрағы ашық қалып отыр.   

 ШЫҰ «сегіздігі» құрылуымен ұйымның Еуразия кеңістігіндегі саяси ықпалы мен экономикалық әлеуеті артқаны белгілі. Дегенмен, аймақтық проблемалардың да аясы кеңейіп әрі күрделене түседі. Осыған орай келесідей үрдістерді байқау қиындық тудырмайды:

Индия және Пәкістанның қосылуымен ШЫҰ географиялық ауқымы, халық саны мен халықаралық ықпалы арта түседі. Орталық, Оңтүстік, Шығыс және Батыс Азия арасындағы геосаяси байланыс нығаяды. Сонымен қоса, жаңа форматта жаңа шешімдер қабылдауды қажет етеді

 «Шанхайлық рух» арқылы Қытай тарапы ең алдымен Қытайдың экономикалық күш-қуаты мен аймақтық көшбасшылығын меңзейді. Жаңа халықаралық саяси-экономикалық тәртіп, әлемдік көпполярлылық ұғымдары арқылы Қытай батыс әлемімен теңгерімді байланыс орнатуды көздейді

Ұйым кеңістігінде ақпараттық қылмыс, киберқауіпсіздік күн тәртібінен түспейді. Н. Назарбаев өткен жылдары ШЫҰ аумағында «киберпол» құру туралы ұсынған еді. Тіпті, бір сұхбатында ол ШЫҰ мен ЕЭО ТМД-ның тағдырын қайталамауын қалайтынын айтқан еді. Расында, аймақтық қауіпсіздік пен дамудағы жаңа күн тәртібі жедел іс-қимылды қажет етеді. ШЫҰ мүше-мемлекеттердің қоғамдық дамуына тікелей әсер ете алмаса, өміршеңдігін жоғалтатыны анық. Әсіресе, ШЫҰ жанындағы Жастар кеңесі «жасыл экономика», цифрландыру, робот техникасы, үлкен мәліметтер бағытында ынтымақтастықты жоғары деңгейге шығаруы тиіс.  

 

Олжас  Бейсенбаев




Яндекс.Метрика