Президенттің бес бастамасы

Стартап кәсіпкерлер шағын несиеге қалай қол жеткізе алады?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «5 әлеуметтік бастамасы» әлеуметтік жаңғырту жолындағы ауқымды қадам болып табылады, ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. ЕХӘҚ халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаментінің директоры Жеңісбек Дулатов аталмыш бастаманың 4-шісі шағын несиелеуді кеңейту туралы баяндады.
Астана қаласы07 Маусым , 14:32

Аталмыш бастама  кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыс орындарын құруға, жалақыны арттыруға бағытталған.Жеңісбек Дулатовтың айтуынша,  Елбасы шағын несиелеуге  қосымша 20 млрд теңге бөлуді тапсырды. Биыл жоспар бойынша аталмыш салаға  42 млрд теңге болған, қосымша қаржымен ол  62 млрд теңгені құрады.

«Оның ішінде  45,3 млрд теңге   ауылдық жердегі адамдарды қамтуға  17,1 млрд теңге шағын және моноқалалардағы шаруаларға беру   көзделіп отыр», - деді Ж.Дулатов.

Оның айтуынша,  өткен жылы шағын несиелеу аясында  7 мың адам қамтылған. Биыл оны екі есе арттыру көзделген.

«Биыл  14 мың қатысушыны қолдауды көздеп отырмыз.Бұл өз бизнесін бастағысы келетін адамдарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.   Жаңа бизнесін ашқысы келген адамдар, жұмыссыз немесе  өзін-өзі қамтығандарға қолдау көрсетеміз. Жаңа бағдарламада  стартап кәсіпкерлерге ден қойып отырмыз», - деді ол.

Ж. Дулатовтың айтуынша,  аталмыш көмекті алу үшін бағдарламаға қатысушылар «Бизнес  Бастау» бағдарламасының оқуынан  өтуі керек.

«Өткен жылы біз 15 мың адамды оқыттық, оның  3 мыңы қаржыландырылды. Бірақ, оқып қаржыландырылуға  үлгермей  қалған кәсіпкерлер бар, олардың саны  4 мыңды құрап отыр. Биыл өткен жылған қалған қатысушылар мен  қосымша   30 мың  адамды оқыту   мақсаты тұр», - деді ол.

Бағдарлама бойынша басты назар ауыл тұрғындарын қамтуға аударылады.  Олардың   саны  11 мыңды  құрап отыр.  Ауылдық аймақтарда  шағын несиелеудің көп бөлігі    мал шаруашылығы мен  егін   шаруашылығына тиесілі. Алайда, көп бөлігі  экономика саласына да қызығушылық тудырып отыр. 

«Қызмет көрсету саласындағы жас кәсіпкерлерге де көңіл бөлуді қарастырып отырмыз. Жаңа бағдарлама бойынша зәкірлік  кооперацияларды қолдаймыз. Бағдарлама бойынша зәкірлік кооперацияға  10 млрд теңге бөлінеді. Оған қатысушы кәсіпкерлердің алдын ала өңдеу кәсіпорындарымен  бекітілген  келісімшарттары  болады. Келісімдерге сәйкес, біз қаржыландыруды жүргізетін боламыз», - деді ол.   

Маман айтып өткендей,  ауылдық жерде халықты молынан қамту үшін лемит орнатылды. 

«Ауылдық жерлерде ол 6 млн теңге, ал кооперацияларға  12  млн теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Астана, Алматы, Атырау қалалары үшін 19 млн  теңге, ал өзге қалаларға   15 млн теңге болып отыр. Қаржыландыру  уақыты  7 жылға дейін, жылдық пайыз  6 пайыз не одан да төмен болуы мүмкін», - деді Ж.Дулатов.

Бағдарлама бойынша қарыздың  85 пайызын мемлекет кепілдендіреді екен.   Оны «Даму» қоры жүзеге асырады. Ал, ауылдық жерде «ҚазАгроГарант» АҚ  жұмыс істейді.

«Қазір біз өтініштерді қарастыруды оңтайландыру мақсатында  бірқатар шараларды атқардық. Кез келген  білім алғысы келген азамат тікелей «Атамекен» ҰКП-ға  бара алады.Қазір қаржы институттары бойынша қосымша талаптар болмауын қарастырып жатырмыз. Барлық қызметтер оңтайландырылатын болады», - деді ол.

Ж.Дулатов  «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кепілдік беру туралы айтып  өтті.

«Мемлекет  тарапынан   «ҚаАгроГарант» пен «Даму» қоры  414 кепілдік   берді. Биыл  оның санын   800-ге   жеткізу көзделген. Несие көлемінің  85 пайызы ретінде кепілдік беріледі.  Мысалы, кәсіпкер  1 млн теңге несие  алса, оның 850 мың  теңгесін  Үкімет өзі кепілдіктейді, ал қалған  150 мың теңгені кәсіпкер өзі кепілдендіруі  керек», - деді Ж.Дулатов.  

Сондай-ақ, ол 14 мың кредит осы жылы берілгенін айтты. 11 мыңы ауылдық жерлердегілерге,  3 мыңы қала мен  моноқалаларға беріледі.

«Өз ісін ашқысы  келетін  жас кәсіпкер «Атамекен» ҰКП филиалдарына  тікелей баруына болады. Бұрын олар  жұмыспен қамту орталықтарынан  өздерінің стартап кәсіпкер екенін растайтын  құжат алуы керек болатын.   Сол жерде «Бастау Бизнес» бойынша  оқу курсынан  өтеді. Оқу мерзімі  25 күн, одан кейін арнайы сертификат алады.   Оқу кезінде  қаржыландыруға  құжаттар топтамасын дайындайды. Несие мен сертификатты қаржы институтарына береді. Олар  2 апта өтінішті қарап, несие береді», - деді ол.

Сондай-ақ, Ж.Дулатов бағдарламадағы жаңашылдықтарды айтып өтті. 

«Бұрын бағдарламаға стартап кәсіпкерлер мен әрекеттегі кәсіпкерлер қатыса алатын еді. Қазір бізде екі категория бойынша кәсіпкерлер іріктеледі. 3 жылдан астам кәсіпкер болып жүрген тұлғалар бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Олар үшін өзге бағдарламалар бар. Осы бағдарламаға қолдауды қажет ететін  стартап кәсіпкерлер қатыса алады», - деді Ж.Дулатов.

Сонымен қатар, Ж.Дулатов  жастарға қатысты мәселені қозғады.

«Мемлекет басшысы  Қауіпсіздік кеңесінің отырысында не оқуы, не жұмысы жоқ жастарды қамту керектігін айтқан болатын.  Оларға бағдарлама аясында көмек көрсеткіміз келеді. Олар өздерінің бизнес бастамаларын  бастау үшін қолдауға ие бола алады.   IT  саласындағы жобаларға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Сондай-ақ, фриланс ретінде елдегі және шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істеуге мүмкіндік беруді қарастырамыз. Қандай да бір қиыншылық болса «Атамекен» ҰКП  сүйемелдейтін болады», - деді ол.  

Ж.Дулатов айтып өткендей, биыл жоспар бойынша  600-700 мың жаңа жұмыс орнын ашу  көзделген.   Жұмысқа көбінесе   сауда, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы саласында орналасады. Ең көп ашылған жұмыс орындары Алматы, Астана, ОҚО, Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында кездеседі.

Аягөз Құрмаш

 

 




Яндекс.Метрика