Астана - 20 жыл

Третьяков галереясы Астанада: 50 үздік жауһар (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Бүгін Ұлттық Музейде Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында «Третьяков галереясы топтамасынан ХХ ғасырдың 50 жауһары» деп аталатын көрме ашылды. Қазақстанда аталмыш шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Көрмеде кенеп, майлы бояудан салынған 50 туындыны тамашалауға болады. Толығырақ Strategy2050.kz АА әзірлеген фоторепортаждан оқи аласыздар.
Астана қаласы06 Маусым , 17:37

Көрмені әр адамды жастық шаққа алып баратын  ерекше оқиғасы бар  «Таңертең» (Утро) картинасы бастап тұр.

Суретші  Татьяна Яблонскаяның картинасы  1954 жылы Киевте салынған. Кенепте  суретші өзінің үлкен қызы 13 жастағы қызы Ленаны бейнелеген. «Таңертең» деп аталатын суретінің  өмірді сүйетін эмоционалдық зарядының үлкен болғандығы соншалықты, оның көшірмесі журналардар мен оқулықтарға енеді.

Дәл осындай картина Қазақстандағы жасөспірім Арсен Бейсембиновтың үйінде де ілулі тұрған. Ол осы картинадағы қызға сырттай тамсанып ғашық болады. Кейін Арсен Мәскеуге Строганов училищесіне оқуға түсіп, сол жерде өзінің болашақ жары Ленамен  танысады. Жазда Алматыға келген Арсеннің қалыңдығы оның үйінен өзі бейнеленген картинаны көреді. Елена қазір Алматыда жолдасы Арсенмен тұрып жатыр.Екеуі Заңғар есімді ұл өсіріп, немере, шөбере сүйіп отыр.

Тылсым оқиғаға ие бұл картина жұрттың  қызығушылығын ерекше тудырды. Бүгінгі көрмеге қатысқан  суретші Елена Бейсембинова өзі бейнеленген картинаның Қазақстанда көрсетілгеніне  өте қуанышты екенін жеткізді.

«Бұл туындыны барлығы біледі. Менің балам мен немерелерім осы суретке қарап шығарма жазған. Бұл картина мен үшін өте қымбат. Өзімнің балалық шағыма оралатын құрал. Бүгін шынымен де мереке. Туынды сыйлайтын үміт, сенім, болашақ сезімін адам үнемі ішінде сақтауы керек. Баршамызға құтты болсын», - деді Елена Бейсембинова.

Ал, аталмыш көрмені ашқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астананың  20 жылдығына  арналған көрменің ашылуы  елеулі шара екенін жеткізді.

«Біз Ресеймен геосаясат, өнер, мәдениет және спорт саласында тығыз қарым-қатынас орнатқанымыз белгілі. Өткен жылы «ЭКСПО-2017» көрмесінде Мемлекеттік Эрмитаждағы туындыларды көрсетуге мүмкіндік алған болатынбыз.Ал, бүгін Третьяков галереясының  50 үздік шедеврі Ұлттық Музейде паш етілді. Астананың 20 жылдығы жыл бойы тойланатын айтулы мерекелердің бірі», - деді А.Мұхамедиұлы.

Көрмеде Константин Коровин, Абрам Архипов, Константин Юон, Петр Кончаловский, Илья Машков, Аристарх Лентулов, Павел Кузнецов, Игорь Грабарь, Михаил Нестеров, Исаак Бродский, Татьяна Яблонская, Юрий Пименов, Дмитрий Жилинский, Виктор Попков, Таир Салахов және тағы басқа ХХ ғасыр өнері тарихындағы маңызды есімдер таныстырылған.

Суретшілердің дербес мәнеріне, өздеріне шабыт беріп отыратын бағыттарына, темпераментіне, көркем сурет тобына қатыстылығына қарамастан дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа, шеберден-шеберге  беріледі.

«Жылжытушылар серіктестігі», «Орыс суретшілер одағы», «Қиық балта», «Революцияшыл Ресей суретшілерінің ассоциациясы» сынды атақты бірлестіктерді Мәскеу мектебінің шеберлері құрған.

Өз кезегінде  Мемлекеттік Третьяков галереясының Бас директоры Зельфира Трегулова Қазақстанға ең үздік деген туындылар таңдалып алынғанын жеткізді.

«Біз Қазақстанға Третьяков галереясындағы ең үздік жұмыстарды жеткізуге тырыстық. Оның ішінде біз алдында өткен  19  ғасырды емес, өткен ғасырдағы біздің тарихымыз тоғысқан жылдардағы туындыларды әкелдік. Сонымен қатар, Мәскеу сурет мектебін паш еткіміз келді», - деді З.Трегулова.

 Бас директор  адамдар көрмеге келіп, ойланып, әлеуметтік желіде өз ойларымен бөлісу арқылы резонанс туғызады деп үміттенетінін айтты.

«Бұл суретшілердің ең қиын кездердегі ұстанымын көрсетеді. Бүгін көрсетілген туындылардың көп бөлігі өте қиын әрі күрделі кезеңде дүниеге келген. Көрмеде біз туынды мен шынайы өмірдің сабақтастығын көрсеткіміз келді», - деді ол.

Третьяков галереясына өзінің  5 туындысы енген Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткері және Татарстан халық суретшісі Камиль Муллашев  көрме өнер саласындағы айтулы жаңалық және ол арқылы тұрғындар биік дәрежелі өнермен танысуға жолдама алғанын жеткізді.

«Мен суретші ретінде өте қуаныштымын. Бұл үлкен дәрежелі туындылардың топтамасы. Біз шетелден кәсібилік пен іскерлікті көру үшін, тәжірибе алмасу үшін өнер иелерін шақырамыз. Сол сияқты бұл көрме де жоғары кәсіби шеберлік саласында тәжірибе алмасуға септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді К.Муллашев.

Айта кетейік, экспозицияланатын суреттердің көпшілігін есімдері орыс бейнелеу өнерінің ұлттық дәстүрін алып жүруші Мәскеу көркем сурет мектебімен байланысты шеберлер жасаған. Көрме 2018 жылғы 10 қыркүйекке дейін жұмыс істейді.

Аягөз Құрмаш

Фото: автор




Яндекс.Метрика