Халықаралық интеграция

Астана – Еуразияның геосаяси орталығы

Елордасы Астананың даму қорытындылары мен Еуразияның маңызды геосаяси орталығы ретіндегі болашағын қазақстандық және шетелдік саясаткерлер мен беделді сарапшылар талқылады. Шетелдік сарапшылар «Астана –бейбітшілік қаласы» халықаралық шарасында Астананың халықаралық аренадағы орны туралы пікір білдірді, толығырақ Strategy2050.kz АА әзірлеген шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы05 Маусым , 15:11

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов басқосуда елорданың танылмаған, әлі пайдаланылмаған басқа да   мүмкіндіктері  қарастырылатынын айтты.

«Бүгінгі жиналыста Астананың өткен жолы мен мүмкіндіктерін талқылаймыз. Сондай-ақ, инновация, қаржы, сауда және елорданың жетістіктерін қалай көбейтуге болады осы мәселелер қарастырылады. Ол үшін елордамызда өткен халықаралық шаралар мен күрделі процестерге белсенді қатысқан, атсалысқан халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылар жиналды», - деді Қайрат Әбдірахманов.

Астана қаласының басшысы Әсет Исекешев Астана Қазақстан Тәуелсіздігінің күш-қуаты мен тұрақтылығының символы екенін  атап өтті.

«Бiз үшiн Астананың ғаламдық қала ретiнде дамуы маңызды. Сондай-ақ, елорданың инновация, денсаулық сақтау, сәулет, бiлiм, сауда салаларындағы Қазақстанның ғана емес, Еуразия кеңiстiгiнiң орталығына айналуы маңызды. Қазiргi таңда жүзеге асып жатқан маңызды жобалардың бiрi - «Астана» Халықаралық қаржы орталығы. Аталған ұйым Қазақстанның қаржы инфрақұрылымы орталығына, жалпы, Орталық Азия аймағының әлеуетті  қаржылық хабына айналуы тиiс», - дедi Ә. Исекешев.

Астана әкiмi елорданың стратегиялық басымдықтарын тізбектеп өтті.

«Астананы әлемдiк саясат және дипломатия орталығының жоғары стандарттарына дайындай келе, бiз заманауи урбанизация трендтерi: инновациялық-экономикалық, әлеуметтiк дамуға басты назар аударамыз. Осыған орай, қаланы дамытудың жаңа бағдарламасы әзiрленiп, жүзеге асып жатыр. Қала инфрақұрылымы мен адами капиталдың интеллектуалды дамуына ықпал ететiн «Ақылды әрi қауiпсiз қала» тұжырымдамасы - қаланың маңызды бағыттарының бiрi. Әлемнiң 50 интеллектуалды, заманауи қалаларының қатарына кiру үшiн Астана Еуразияның мәдени, ғылыми орталығы ретiнде өз потенциалын нығайтуға тырысады. Қазiрдiң өзiнде елорда -барлық өңiрден студенттер, ғалымдар, зерттеушiлер мен оқытушыларды тартып келе жатқан қала», - дедi Әсет Исекешев.

Өз кезегінде Еуропа Одағының Орталық Азия  бойынша арнайы өкілі Питер Буриан  өз баяндамасын Астананың  20 жылдығымен құттықтаудан бастады.  Сондай-ақ, ол  Еуропа одағының Орталық Азия елдері мен  оның саясатына деген  қарым-қатынасы туралы сөз қозғады.

«Еуропалық одақ Қазақстанды Орталық Азия  аймағындағы мықты әріптес ретінде қарастырады. Біз сіздер жүргізіп жатқан жаңғыру саясатын  қолдаймыз. Біз аймақтық ынтымақтастықты дамыту барысында Қазақстанға  ОА-ны дамыту тұрғысынан  әріптес ретінде қараймыз. Әсіресе, қауіпсіздік, экономикалық мәселелер бойынша  маңызды серіктес ретінде көреміз. 2016 жылдан бастап Орталық Азиядағы стратегиялық әріптестік негізін қалыптастырдық. Осы стратегия аясында біз жаңғырту  саясатын қолдаймыз. Сонымен қатар, аймақпен  ынтымақтастық пен байланыстарымызды тереңдетуге мүдделіміз. Сыртқы істер министрлігі деңгейінде ауқымды бірқатар стратегиялар мен бағдарламаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Бұл аймақтағы әріптестігімізді дамытуға тың серпін беретін факторы», - деді П.Буриан.

Сондай-ақ, П.Буриан айтып өткендей,  Астана сынды әріптестермен тығыз байланыс орнату арқылы Еуроодақ Орталық Азиядағы байланысын нығайтады.

«Біз даму стратегиясын ұсынып қана қоймай, ұжымдық түрде жұмыс істеуді ұсынамыз. Себебі, стратегия тұтастай алғанда аймақтық және ұлттық даму тұрғысынан өте нәтижелі бір тәсіл болып саналады. Біз дамуға қосатын сіздердің үлесіңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Қазақстан аймақтағы маңызды ойыншылардың бірі. Қазақстанды аймақтағы әріптестікке серпін беретін қозғаушы күш ретінде де қарастырып отырмыз. Біз Қазақстанда түрлі деңгейдегі екіжақты және көпжақты кездесулер өткізу арқылы жиналған мәселелерді  шешудің жолдарын қарастырдық. Біз осы тұрғыда аймақтағы Қазақстанның көшбасшылық ұстанымын маңызды деп санаймыз, ұсыныстарын қараймыз. Біз бұдан да тереңірек ынтымақтастыққа басымдық беруіміз керек. Болашақта бағыттардың барлығы стратегиямызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Сондай-ақ, ол Еуроодақ  Орталық Азия аймағында шағын және орта бизнеске қолдау көрсететінін айтты.

«Қазіргі заманғы құндылықтар мәселесіне мән береміз. Сіздердегі  ұлттық дамудың жолы бізде аталған принциптердің талаптарына сай келіп отыр. Еуропалық одақ Орталық Азия аймағындағы геосаяси ойындарға қатысуға деген ынтамызды білдіре отырып, аймақтың тұрақты түрде дамуына ЕО мүдделі. Бұл ынтымақтастығымыз Еуропа мен Азияның дамуына көпір болады», - деді П.Буриан.

Ал, ЕҚЫҰ-ның Приднестровье шиеленісін реттеу бойынша арнайы өкілі, Италияның бұрынғы Сыртқы істер  министрі Франко Фраттини  Астанада өткен саммитке алғаш келгенде елден үлкен әсер алғанын айтты.

«Астана декларациясының алға қойған мақсаттарының нақтылығына  таң қалғанмын. Кей мәселелер әлі де жүзеге асырылуы тиіс деп ойлаймын. ЕҚЫҰ қазірдің өзінде өте маңызды ұйым.  Біз үшін ең  керегі  осы күнгі саяси жағдайды жан-жақты қарастырып, елдер арасында сенім туғызу. Батыс пен шығыс арасындағы сенімсіздікті жойып, бейбітшілік орнату», - деді Франко Фраттини.

Сондай-ақ, Франко Фраттини Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел ішіндегі ғана емес, әлемдік мәселелерді қарастыратын бірегей көшбасшы екенін атап өтті.

«Әлемде бейбітшілікке үлес қоса алатын қаншама көшбасшы бар? Ұлттық қана емес, әлемдік, жаһандық мәселені толғайтын көшбасшы кемде-кем. Осындай бірегей тұлғалары бар елдер бірігіп жұмыс істеуі керек», - деді ол.

Қазақстан  2011 жылдан бастап  Ислам ынтымақтастық ұйымының мүшесі болып табылады.  ИЫҰ-ның  9-шы бас хатшысы  Экмелледин Ихсаноглу  Қазақстанның  ұйымдағы рөлі туралы айтып өтті.

«Астана  үнемі даму үстіндегі ынтымақтастық пен дамудың, бейбітшіліктің қаласы бола білді. Астана әлемдегі ең ірі  орталықтардың бірі болып саналады. Елдеріңіз өте данышпан көшбасшыға ие. Ислам ынтымақтастық ұйымындағы рөлі өте үлкен. Қазақстан қалай жетекші рөлге ие болды? Деген сұрақ туындайды. Орталық Азияның  5 елі Тәуелсіздік алған кезде, олардың ішіндегі үшеуі ИЫҰ-ға жылдам мүшелікке енді. Қазақстан басынан бастап даналыққа негізделген саясат жүргізді. ИЫҰ осыдан кейін аймақта БҰҰ-дан кейінгі  ірі халықаралық ұйымға айналды. Қазақстанның тепе-теңдікке негізделген саясатын жоғары бағалаймын.Қазақстан 2015 жылғы саммиттен кейін жаңа бір бағдарлама қабылдады. ИЫҰ талаптарына сай бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырды», - деді Экмелледин Ихсаноглу.  

Шанхай ынтымақтастық ұйымының  бұрынғы бас хатшысы Мұратбек Иманалиев Астананың интеграциялық үрдістердегі орнын, оның географиялық орналасуының  рөлі туралы сөз қозғады.

«Астана 20 жылда ірі халықаралық орталыққа айналды.  ОА аймағындағы ерекше рөлін де айтуға болады. Қалада ірі, ауқымды халықаралық шаралар да өтті. Астананың дамуына,өркендеуіне халықаралық аренадағы  беделінің артуына үлес қосқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ерекше атап өте аламыз. Бас қала  халықаралық деңгейдегі келісімдерді өткізетін платформаға айналды», - деді Мұратбек Иманалиев.

М. Иманалиев айтып өткендей, Астана Еуразиялық аймақтың жаңа орталығы болып саналады. Сол себепті де,  геосаяси тараптан  Астананың географиялық орны ерекше.

Айта кетейік, Сирия бойынша Астана процесі жалғасын табатын  шаралардың бірі. Осы орайда, БҰҰ Бас хатшысының  Сирия жөніндегі арнайы өкілінің орынбасары Рамзи Еззельдин Рамзи Астана процесінің бүгіні, өткені мен болашағын тілге тиек етті.

«Мен БҰҰ бас  хатшысы Антониу Гутеррештің  арнайы сәлемін жеткізгім келеді. Ол Сириядағы мәселенің бітімгерлікпен шешілуіне үлкен үлесін қосып  отыр. Бұл Сирия тұрғысынан өте маңызды. Сирия мәселесі  бүкіл әлемдік қауымдастықты алаңдататын жағдай. Осы тұрғыда Қазақстанның атқарып жатқан ісі толағай, Сириядағы жағдайдың тұрақталуына  елдің қосып жатқан үлесі орасан. Астана процесі  Сириядағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бейбіт алаң. Оның екі маңызды үлесі бар. Біріншісі, бейбіт процестің орнауына үлес қосады және қақтығыстан ада аймақтардың қалыптасуына  серпін береді. Осы тұрғыда Астана процесі өте үлкен жұмыс атқарды», - деді Еззельдин Рамзи.

Еззельдин Рамзи айтып өткендей, Астанада Сирия жағдайы бойынша  саяси тұрғыда үлкен жетістікке қол жеткізілді.

« «Неліктен Астана?» Астананың бітімгерлік  елдер арасындағы  рөліне тоқталатын болсақ. Астана әлемдегі ірі геосаяси ойыншылармен белгілі бір тепе-теңдікке негізделген  саясат жүргізеді. Себебі, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көпвекторлы саясатты ұстанады. Қазақстанның  елдер арасындағы бітімгерлік  рөлі  өте жоғары», - деді Е.Рамзи.

Елбасымыздың бастамасы негізінде  құрылған    Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес  хатшылығының атқарушы директоры Гун Цзяньвэй  Астана бейбітшілік қаласы екенін айтты.

«Азиядағы өзара сенім мен ынтымақтастықтың аймақтағы  қауіпсіздік тұрғысынан маңызы өте үлкен. Бұл ұйымның дамуына Елбасы Н.Назарбаевтың  қосқан үлесі ерекше. ҚР Президентінің  осы ұйымды құруға бастама көтеруі батыл әрі көреген  ұсыныс болып саналады. Бұл бастамадан кейін бірқатар бастамалар пайда болды. Азиядағы сенім мен ынтымақтастықты дамытуға  жаңа серпін берді. Қазір бұл ұйымға  26 мемлекет мүше болып отыр», - деді  Г. Цзяньвэй.

Өз кезегінде   «Greenstar Global Energy Corp» компаниясының төрағасы  Рави Батра АҚШ  конгресінің  Астананың  20 жылдығына орай   құттықттауын табыстады.

Бүгінде барша Қазақстан халықаралық аренада  ойып тұрып орын алған  елордамыз   Астананың  20 жылдық мерейтойын  атап өтуде.

Елорданың Астана болып қалыптасуына көз жүгіртсек. 1994 жылы Президент Жоғары Кеңес депутаттарының  алдында астананы ауыстыру  туралы мәселені қарастыра келе,  «жаңа астанаға ие болған Қазақстан жаңа қоғамдық-саяси ғана емес, сондай-ақ,  ірі ғылыми, мәдени  және іскерлік  ортаға айналды» деген болатын.  Бүгін біз Ұлт көшбасшысының  салиқалы саясатының  жемісін іс жүзінде көріп отырмыз. Астана стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру  кезінде өз халқы мен өзге елдерді жұмылдыра білген  Президенттің ерен еңбегі екені даусыз. Астана   бірегей еуразиялық феномен. 20 жылда атқарылған істер мен жеткен жетістіктердің куәсі бүгінде барша әлем болып отыр.

Аягөз Құрмаш

Фото: ашық дереккөз 




Яндекс.Метрика