Шолу

Министр менингит туралы: вакциналау мәселесі тұрған жоқ

Қазақстанда жыл басынан бастап 58 науқас менингитпен тіркелген. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Министр менингит ауруы туралы жалпы ақпарат беріп, дерттің алдын алу, вакциналау мәселелері туралы айтып берді. Толығырақ, Strategy2050.kz шолуынан оқи аласыздар.
Астана қаласы04 Маусым , 14:16

Елжан Біртанов айтып өткендей,  жыл басынан бастап 58 науқас менингитпен тіркелді. Олардың арасында 18 науқас – 14 жасқа дейінгі балалар екен.

«Жалпы, 58 науқастың арасында жыл басынан бастап 12 жағдай өліммен аяқталды. Өкінішке қарай, 5 өлім 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Жалпы, басқа жылдармен салыстырғанда 2015 жылды 424 науқас ауырған, 2016 жылы 120 науқас, өткен жылы 62, 2013 жылы 117, 2014 жылы 119. Жыл сайын науқастардың саны өзгереді, ол циклға байланысты. 2013 жылы 18 адам, 2014 жылы 15 адам, 2015 жылы 21 адам, 2016 жылы 7 адам, 2017 жылы 11 адам, биыл жыл басынан бері менингиттен 12 адам көз жұмды», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі.

Министрдің айтуынша, ең бірінші науқас сәуірдің 30 күні тіркелген.

«Біз қажетті эпидемиологиялық және медициналық  көмек жағдайынан ұйымдастыру жұмыстарын барлық өңірлерде жүргізіп жатырмыз. Әр облыста өңірлік штабтар құрылды, емдеу және алдын алу шаралары сол штабтар аясында жүргізілуде», - деді министр.

Министрдің айтуынша, менингит өте қауіпті ауру. Өлімге алып келу қаупі жоғары.

«20 жылдағы шектік жағдай орташа болып отыр. Сондықтан да, жағдай тұрақты болып саналады. Тұрақсыздық тек өліммен аяқталу жағдайлары  және  БАҚ-та  соңғы  2-3 апта  ол туралы тараған ақпарат болып отыр. Жалпы, аталмыш жағдайларда   санитарлық талаптарға сәйкес  барлық қажетті шаралар жүзеге асырылуда. Денсаулық министрі менің бұйрығыммен республикалық штаб құрды», - деді министр.

Елжан Біртанов айтып өткендей, Алматыда құрылған штаб бірнеше күн жұмыс істеп тұр, біз барлық ақпарат салыстырылып отырады. Өңірлерден барлық ақпарат келіп отырады.

«Дүниежүзілік денсаулық  сақтау  ұйымы барлық елдер қолданатын талаптарды дайындаған болатын, ол  аурудың екі деңгейінде қолданылады. 100 мың халқы бар  аймақта аптасына  3 рет болса, штабтардың құрылуы басталады. Қазір біздің деңгей екі есе төмен, біз ДСҰ  ұсынып отырған   шектік көрсеткішке жетпей іс-шараларды бастап кеттік», - дейді министр.

Министр айтып өткендей,  бүгінде  аптасына үш рет  көрсеткішінде  100 мың адамға  шаққанда  0,38 –ді құрап отыр.

«Вакцинацияға келетін болсақ, 100 мың халыққа аптасына  10 жағдай келсе басталады. Қазір біздегі жағдай одан жеті есеге төмен. Сондықтан да,  вакциналау мәселесі тұрған жоқ. Себебі, ол тек екі үш айдан кейін нәтиже бере бастайды. Ал бізде бұл инфекция бүгінде жүріп жатыр, сондықтан қайталап айтамын, оның көмегі болмайды. Жалпы, бізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сай барлық шаралар қолға алынып, жүргізілуде. Төтенше жағдай жоқ», - деді Е.Біртанов.

Министр айтып өткендей,  жұмыс тәртібінде Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің қызметкерлері науқастар тіркелген   барлық өңірлермен  байланыс орнатты.

« Қазір олардың саны 4136 адам, олар науқастармен күніне  3 сағаттан бастап жұмыс істейді, оларға антибиотик егіледі. Антибиотик науқас адаммен  3 сағат бірге болған тұлғаларға ғана егіледі. Дер кезінде дәрігерге хабарласпаған жағдайларда  қайтыс  болу тіркелді. Менингиттің қандай-да бір белгісі пайда болса, бірден медициналық қызметкерлерге хабарласуды сұраймыз», - деді Е.Біртанов.

Денсаулық сақтау министрі  бүгінгі таңда ең көп тіркелген жағдай Алматы қаласында екенін  айтты.

«Жыл басынан бері менингококк вирусы бар деген күдікпен 80 адам  тіркелді. Оның 35-і расталмады. 13 науқас әлі де тексерілуде, 32-сі расталды, оның  ішінде Алматыда 6 адам  қайтыс болды. Жалпы, республика бойынша 128 адам ауруханаға жатқызылды. 82 адам қазір емделіп шықты,  12 адам көз жұмды, 32 адам емделу үстінде, оның  ішінде  7-уі жан сақтау бөлімінде жатыр», - деді Е.Біртанов.

Министр айтып өткендей, бірінші жағдай қаңтарда ОҚО-да, кейін сәуір айында  тіркелді.

«Бұл біз үшін стандартты жағдай, сондықтан да  дәрігерлердің ұсынымдарын бұлжытпай орындап, өзін-өзі емдеумен айнылыспау керек», - деді ол.

Сонымен қатар, министр карантин жариялаудың қажеті жоқ екенін алға  тартты.

«Менингококк жұқпасынан көз жұмғандардың санын жасырмаймыз. Қазір карантин жариялаудың қажеттілігі жоқ, есепте бар осы аурумен ресми тіркелген жағдайлар саны шекті деңгейден төмен. Қазақстандықтардан осыған дейін дәрігерлердің айтқан ұсыныстары мен кеңестерін сақтауды сұраймыз», - деді Е. Біртанов.

Сондай-ақ,  министр 2 маусымда Алматыда 5 жасар баланың менингококк жұқпасының тез формасынан көз жұмған. Ал,  3 маусымда оның туыстары баламен жақын қатынаста болған келіндерінің қаза тапқанын білген. Осы мәселеге қатысты министр өз пікірін білдірді.

 «Кім кінәлі?» деген мәселе құқық қорғау органдарында шешіледі. Егер құқық қорғау органдарына тиісті арыз түссе, тергеу жүргізіліп, сот шешім қабылдауы тиіс деп санаймын. Денсаулық сақтау министрлігінің жедел жәрдем көрсету тәртібі туралы тиісті бұйрығы бар. Онда жағдайы ауыр науқас жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізілуі керектігі айқын жазылған. Балаға қатысты жағдайда, бүлдіршінді жақын маңдағы Талғар ауруханасына жеткізбек болған, алайда баланың анасы Алматыға өзі барып, сол жерден жедел жәрдем шақыртқан», - деді министр.

Е.Біртановтың айтуынша,  орын ауыстырып жүріп, олар  уақыт жоғалтып алған.

« Туысқанына қатысты айтар болсам, баланың анасының сөзінше, науқасты Талғардан Қаскелеңге жеткізбек болған. Бұл жағдайға байланысты бәрін анықтаймыз, еліміздегі барлық адам өлімі бойынша қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті сараптама жүргізеді», - деді Е.Біртанов.

Сонымен қатар, Е.Біртанов инфекцияның алғашқы ерекшелігі, таратушы адам өзі ауырмауы мүмкін, яғни ол өзінің таратушы екенін білместен басқаға жұқтыратынын айтты.

«Екінші ерекшелігі, шапшаң жұғу жағдайында науқас бірден өліммен аяқталуы мүмкін», - деді министр.

Сондай-ақ, Е.Біртанов  бүгіннен бастап министрлік арнайы call-орталық жұмыс істейтінін атап өтті.

«Арнайы call-орталық әр облыста бар. Қазіргі штаб отырысында шешім қабылданды. Арнайы call-орталық бүгіннен жұмысын бастайды. Нөмір бекіткеннен кейін сіздерге жеткіземіз. Штаб күнде жиналады, демалыс күндері де жұмыс ітседі. Штаб жұмысының нәтижесін жеткізіп отырамыз», - деді министр.

Е. Біртанов айтып өткендей,  қазіргі күнде алдын алу шаралары пайдалы болып отыр.

«Қажетті шаралар туралы ақпарат беріп жатырмыз. Біріншіден, өз-өзінің денсаулығын сақтап, көп адам жиналатын орындарға бармай, балаларды жібермей, олардың денсаулығын сақтау мәселелері», - деді министр.

Ол сондай-ақ Алматы қаласында менингиттен қайтыс болған үш науқастың Ораза ұстағанын атап өтті.

«Алматы қаласында қайтыс болған науқастардың үшеуі ораза ұстағанын айтық. Оған байланысты біз мүмкіндік болса Оразаны тоқтатып, осы ауруларға қарсы дәрі-дәрмек бергенде қабылдау қажет екенін айтып отырмыз. Кейбір науқастар «біз ораза ұстаймыз» деп дәріні алмаған. Соған да байланысты болу мүмкін, сонымен бірге бұл ауру адамның иммунитетіне де байланысты. Иммунитет нашар болса қауіп өте жоғары», - деді Е. Біртанов.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі  Елжан Біртанов тұрғындарды  менингиттің қандай-да бір белгісі пайда болса, бірден  медициналық қызметке жүгіну керектігін жеткізді. Сондай-ақ, БАҚ-ты халыққа дұрыс ақпарат жеткізуді сұрады.

Айта кетейік,  сонымен қатар  Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы  аясында  халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды іске асыру жалғастырылуда.

Аягөз Құрмаш

 




Яндекс.Метрика