Сыртқы саясат

Қазақстан-Қытай: жастар мәселесіндегі партияаралық ықпалдастық

Жас­тар — кез-келген мемлекеттің қозғаушы күші және болашағы. Мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне жастар белсенді араласып, елеулі орын алып келеді. Бұл кеше пайда болған үрдіс емес. Арғы-бергі тарихқа көз жүгіртсек, қоғамды дүр сілкіндірген тағдыршешті оқиғалардың бел ортасында жалынды жастар жүрді. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғап, білім мен өнердің биігінде көрінетін, ғаламдық трендтерге тез икемделетін де – жастар. Сондықтан қоғамның осы бөлігімен жұмыс жүргізу қашанда өзекті.
Астана қаласы29 Мамыр , 17:54

Жаһандық үрдістегі жастар

БҰҰ Мыңжылдық да­му бағдарламасында шешуші мәселе ретінде – жас­тар, олардың қалыпты тұрмысы, денсаулығы, тиімді еңбек етуі айтылған  ( http://www.un.org/ru/millenniumgoals/) Қазіргі уақытта дүниежүзі мемлекеттерінің 62%-ы (122 ел) жастарға қатысты ұлттық саясат жүргізіп, оны дамыту және қорғау туралы арнайы заңнама қабылдаған. Бұл мемлекеттердің көпшілігінде жастар саясатын іске асыратын мемлекеттік органдар жұмыс істейді. Қазір әлем халқының 50%-дан астамын 30 жасқа дейінгі азаматтар құрайды. Осы көрсеткіш те жаһандық деңгейде жастардың рөлі мен жастар саясатын іске асырудың мақсаттылығын көрсетеді.

Жаңа технология мен инновацияның дамуы, құндылықтардың өзгерісі, сонымен қоса әлеуметтік тұрақсыздық, террористік қауіп-қатер жастармен жұмысты ең алдымен мемлекет ішінде, содан кейін халықаралық ықпалдастық арқылы жүргізуді талап етеді. Қазақстан ШЫҰ, АӨСШК, ЕЭО сынды ұйымдардың инициаторы ретінде осы мақсаттың үдесінен шығып келеді. Еуразияның жүрегінде орналасқан, «Жібек жолы» бойындағы Қазақстанның жастары заманның тынысы мен алпауыттардың аяқ алысынан тысқары, тар шеңберде тұйықталып қала алмайды. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «сананың ашықтығы» қағидаты да осыны меңзесе керек.

Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық, сауда-экономикалық қатынастар реттелген соң, қос тараптың жастар саясатындағы ынтымақтастығы бірқалыпты дамып келеді. XXI ғасырдың басында жастар бетпе-бет келген мүмкіндіктер мен үнқатулар ортақ. Ал оны шешуде Қазақстан көршілес Қытаймен екеуара тәжірибе алмасып, Қытайдың жастар ұйымдарымен байланысты нығайту мүмкіндігі бар деп есептейміз. Осы орайда, Мемлекет басшылығы мен ресми органдардан бөлек, қоғамдық бірлестіктер мен партиялардың ынтымақтастығы назар аударуды қажет етеді.    

Жастармен жұмыстағы партияның орны

Қазақстан Республикасының жас­тар са­я­са­ты әлеуметтік саясаттың жаңа бағыты бо­лып отыр. Оны қалыптастыруда 1999 жы­лы 28 та­мыз­да қабылданған «Қазақстан Респубикасының Жас­тар са­я­са­ты ту­ра­лы кон­цеп­ци­я­», 2004 жы­лы 7 шілдедегі «Жас­тар са­я­са­ты ту­ра­лы заң» және «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік тұжырымдамасы   (http://adilet.zan.kz/rus/docs/P1300000191) негіз болады. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық кезеңінде елімізде жас­тар ісімен ай­на­лыс­ат­ын мемлекеттік құрылым қалыптасып, жастар ұйымдарының саны 7 есе өсті. Дегенмен, осы қоғамдық ұйымдар арасында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Жастар - Отанға!», «Сәтті қадам» сынды бірқатар жобалары қоғамдық резонансқа ие болды. Жастармен жұмыс істеудің жобалық принципі өзін ақтады деуге болады. 2017 жылдың қорытындысында еліміздегі жастар арасындағы жұмыссыздық 3,9% болған, 2016 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға төмен. (http://stat.gov.kz/faces/publicationsPage) Партия жобаларына қатысты төмендегідей тұжырымдарға келеміз:  

«Нұр Отан» партиясы мен «Жас Отан» ЖҚ ұйымдастыруымен өтетін бос орындар жәрмеңкесі, профориентациялық кездесулер, жастар практикасы, кадрлық резерв жұмыссыздық деңгейін азайтуға

Саламатты ұрпақ тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті орнату, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі білім, денсаулық сақтау мекемелеріндегі шаралар жастармен ғана емес, аға буын өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуге;

Соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған нақты көмектер, қала тазалығын сақтауға тұрғындарды жұмылдыру, рухани-патриоттық кештер жастардың бойында отансүйгіштік сезімін нығайтуға себеп болады.

Кейбір шаралардың өткізілу сипаты науқаншылдық әсерін қалдырғанымен, партия мен жастар қанатының жобалары елді-мекен тұрғындары, түрлі ұлыстарды топтастыруға, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға негіз қалайды. Миллионға жуық мүшесі бар «Нұр Отан» мен «Жас Отан» ЖҚ біріншіден, қоғамдық кеңестер арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қадағалап, Н.Назарбаев ұсынған «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына 20 қадам», «Ұлт жоспары «100 нақты қадам», «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдарды» іске асырудың ұйытқысына айналуда.

Ендігі кезекте «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының» орындалуын бақылау «Нұр Отан» партиясы мен «Жас Отан» ЖҚ тапсырылды. Бұл ірі қоғамдық бірлестікке жүктелген абыройлы міндет әрі үлкен сынақ.

Н.Ә. Назарбаевтың жастармен кездесуі // www.akorda.kz

2018 жыл партия модернизациясының жаңа кезеңі деп атауға болады. Халықпен тікелей жұмыс істейтін партия қызметкерлерін аттестаттау, қайта құрылған Партиялық менеджмент академиясында шет елдік және отандық профессорлардың қатысуымен кәсіби біліктілігін арттыру сапалық бағыттағы маңызды қадам. Соңғы 5 жылда «Нұр Отанның» идеологиялық-ұйымдастыру жұмысын ғылыми негіздейтін, жүйелі сараптау орталығының жетіспегені белгілі. Мәселен, Қытай Коммунистік партиясы жанындағы Саяси, әскери, халықаралық зерттеу орталықтары мемлекеттегі ең беделді мекемелер қатарына жатады. «Талдау, болжау, стратегиялық бастамалар институтының» ашылуы қатардағы құрылымдық өзгеріс емес, шын мәніндегі реформалық бетбұрыс болады деген сенімдеміз. Жастар – партия модернизациясының басты факторы. Осы тұрғыда «Нұр Отан» партиясы мен «Жас Отан» ЖҚ халықаралық ынтымақтастық деңгейі де өзекті бола түседі.

Қытай жетекші партиясы мен жастар ұйымдары

Қытайда көппартиялы жүйе болғанымен, билеуші ұйым – Қытай Коммунистік партиясы. Қытай Төрағасы да осы партияның Бас хатшысы. Сондықтан халықаралық аренада ҚХР атынан ҚКП өкілдік етеді. «Синьхуа» агенттігінің мәліметі бойынша 2016 жылдың соңында ҚКП мүшелері 89 млн. 447 мыңға жеткен. Салыстырғанда Египет, Вьетнам халқының санымен шамалас. Ал, көрші елдің жастар ұйымы – Қытай Коммунистік жастар одағы (әрі қарай – ҚКЖО). ҚКЖО Қытай Коммунистік партиясы жанындағы жастар саяси ұйымы ретінде 1922 жылы құрылған. Бұл ұйымға 14-28 жас аралығындағы жастар енеді, ҚКЖО Жарғысына және КЖО басшы органдарының шешімдеріне бағынады. Қазіргі уақытта ҚКЖО құрамында 70 млн-ға жуық мүшесі бар.

Қытай жастар саясатының негізгі принципі – еңбек этикасы, яғни азаматтардың әлеуметтік-экономикалық қызметке жұмылдырылуы. ҚКЖО Қытайдағы балалар пионер ұйымының жұмысын басқарады. Ал Қытайдағы барлық жастар ұйымдары Бүкілқытайлық жастар федерациясы(ары қарай – БЖФ) қанатына біріктірілген. БЖФ негізін ҚКЖО құрайды, өйткені ол Қытайдағы әртүрлі ұлт өкілдерінің патриоттық бірегей жастар фронты. Қазір БЖФ құрамына енетін бірлестіктер Компартия мен үкімет, халық арасындағы байланыстырушы міндетін де атқарады.      (http://scjournal.ru/articles/issn_1997-292X_2013_2-2_40.pdf)

ҚР-ҚХР партияаралық ынтымақтастығы

Достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік байланысты арттыру аясында партияаралық ынтымақтастықты нығайту Қазақстан үшін маңызды болып табылады. Партияаралық және жастар қанатының ынтымақтастығы екіжақты және көпжақты форматта дамып отыр. «Нұр Отан» мен ҚКП арасында ынтымақтастық меморандумы бекітілген. (http://online.zakon.kz/Document/?doc_id=30432520#pos=0;0) Қос партия мемлекеттік басқару және партиялық құрылыс бойынша тұрақты кездесулер мен пікір алмасулар өткізіп келеді. 2013 жылы ҚКП Бюро мүшесі, ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Чжао Лэцзимен кездесуде қазақстандық тарап партия модернизациясы жағдайында кадрларды даярлау және ішкі партиялық жұмыстарды жетілдіру бойынша Қытай Коммунистік партиясының тәжірибесі қызығушылық тудыратынын айтқан еді. (https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/nur-otan-zainteresovalas-opyitom-kompartii-kitaya-237341/) 2017 жылы 1 желтоқсанда ҚКП мен әлемнің саяси партиялары Диалогына қазақстандық делегация да қатысып «Бір белдеу – бір жол» инициативасы мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасының келешегі, соның шеңберіндегі партиялық байланыс жайлы көзқарастарын ортаға салды.        

Жастар мәселесі бойынша көпжақты ықпалдастық ШЫҰ шеңберінде ілгерілеуде. 2007 жылы Бейжіңде ШЫҰ Жастар Кеңесін құру концепциясы бекітілді. Сол жылы Мәскеуде ШЫҰ жастар ұйымдары «ШЫҰ жастар қауымдастығын құру туралы» бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Жастардың рөлі ШЫҰ базалық құжаттарында көрініс тапқан. ( http://yc-sco.org/) Он жылдан астам уақытта ШЫҰ Жастар Кеңесі даму сатыларынан өтіп, жастар ұйымдары қатынасының жаңа формасын қарастыру, оны кеңейтуге қолайлы алаң ретінде танылды. Оған түрлі форматтағы шаралар мысал:    

- 2011 жылы 11 шілдеде Астанада «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар Қанаты Бүкілқытайлық жастар федерациясымен екіжақты ынтымақтастық жөніндегі келісімді бекітті. Еліміздегі жетекші партия мен Бүкілқытайлық жастар федерациясы ШЫҰ Жастар Кеңесі аясында бірлесіп жұмыс істеуде.

- 2016 жылы 21-29 тамызда ҚХР Бейжің қаласы, Нинся-Хуэй автономдық округі, Ішкі Моңғолия ауданында «ШЫҰ ынтымақтастының жаңа перспективалары» тақырыбында Тұңғыш жастар лагері өтті. Аталған халықаралық шараларға қазақстандық қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік мекемелердің қызметкер жастары қатысып, тәжірибелерімен алмасты, өзекті сұрақтарға байланысты ұсыныстарын ортаға салды.  

- 2017 жылы 20-27 сәуірде Еуразия кеңістігі елдерінің жас көшбасшыларының арасындағы байланысты нығайту мақсатында ҚХР-да «Ұлы Жібек жолындағы армандарға» атты семинар өткізілді. Семинарға ШЫҰ мүше-бақылаушы елдерден 52 делегат қатысты. Жастар Еуразиялық кеңістіктегі жастар саясатының даму тенденцияларын талқылады.

- 2017 жылы маусымда Астанада «Жасыл экономиканы, туризм мен спортты дамыту» тақырыбында ШЫҰ Жастар форумы өтті. Форумда ШЫҰ Жастар кеңесіне Қазақстан төрағалық етіп, Ресей, ҚХР, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларус, Пәкістан және Индия делегаттары қатысты. «Жас Отан» ЖҚ – осы шараның негізгі ұйымдастырушысы  

- 2018 жылы мамырда ҚХР Шэньчжэн қаласында ШЫҰ мемлекеттері саяси партияларының 1-ші форумы өтті. Форумға «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғ.Әбдірахымов бастаған делегация қатысты. Іс-шараға барлығы 18 мемлекеттің 30 саяси партия атсалысты. Пленарлық отырыста қазақстандық тарап ШЫҰ жастар саяси ұйымының баламалы форумын өткізуді ұсынды. Форум қатысушылары аталған ұсынысты толығымен қолдады.

 

ШЫҰ мемлекеттері саяси партияларының 1-ші форумы// https//russian.news.cn

Қорытынды

ШЫҰ шеңберінде Қытаймен тең құқықты, өзара сенімді әріптестік, тату көршілік байланысты дамыту маңызды міндет болмақ. 2018 жылы Қытайдың Циндао қаласында ШЫҰ саммиті жаңа құрамда, Индия және Пәкістанның қатысуымен өтеді. Қарым-қатынаста қалыптасқан түйткілді мәселелер осындай платформада талқыланады. Үндістан мен Пәкістанды қабылдаған соң ШЫҰ Еуразия құрлығының 60 %-ын алатын, жер халқының жартысын қамтитын алпауыт ұйымға айналды. Яғни, ШЫҰ-ның аймақтағы бейбітшілікті сақтау, экономикалық дамуындағы рөлі арта түседі. «Жібек Жолының экономикалық белдеуін» құруда ШЫҰ шеңберіндегі қарым-қатынас та жаңа сипатқа ие болады. Қазақстан қоғамдық бірлестіктері мен партиялары да жаңа мүше-мемлекеттермен байланысты арттыруға мүмкіндік алып отыр. Қытай философы Конфуций: «Жастарға үстіртін қарауға болмайды. Олар есейе келе бірегей тұлғаға айналуы мүмкін. Қырық-елу жаста ештеңеге жетпеген адам ғана құрметке лайық емес» деген.   

Сондықтан, ШЫҰ шеңберіндегі ҚР-ҚХР партияаралық байланысының жетістіктерін назарға ала отырып, келесідей ұсыныстарды алға қоямыз:

  1. ШЫҰ Жастар кеңесі арқылы жастардың ғылым мен инновациядағы ынтымақтастығын нығайтудың тың жолдарын қарастыру;
  2. ШЫҰ Жастар кеңесіндегі «Жас Отан» жастар қанатының рөлін нығайтып, мүше-мемлекеттердегі Қазақстан студенттерімен жұмысты жетілдіру;  
  3. ҚХР этникалық қазақ жастарының Қазақстан студенттерімен байланысын нығайту, оларды мәдени-рухани шараларға қатыстыру мүмкіндіктерін арттыру;
  4. «Нұр Отан» партиясы мен ҚКП арасында Партиялық менеджмент академиясы, Талдау, болжау, стратегиялық бастамалар институты аясында онлайн-семинар, ғылыми талқылаулар өткізілуі тиіс.

 

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ




Яндекс.Метрика