Пікірталас клубы

«Нұрлы жер»: Баспанаға қалай қол жеткізуге болады

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 100 мыңнан астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуы талқыланған «Стратегия» пікірталас клубы алаңында белгілі болды. Баспана алу мәселесі әрбір қазақстандықтың қаперінде жүрген ең маңызды әлеуметтік мәселенің бірі екені мәлім. Жолдардың құрылысы да өзекті мәселенің бірегейі. Баспанаға қалай қол жеткізуге болады және елдегі жолдардың жағдайы қандай, бұл туралы Strategy2050.kz ақпарат агенттігінің шолуынан оқи аласыздар.
Астана қаласы25 Мамыр , 17:20

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары  Сәтжан Аблалиев «Нұрлы жол» бойынша жыл сайын қолданысқа  500-600 шақырым жол пайдалануға беріліп жатқанын айтты.

«Бүгінгі күні бағдарлама аясында жылына  4500  құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыста  200 мыңнан астам адам жұмыс істеп  жатыр. «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі мақсаты автомобиль  жолдарының жағдайын жақсарту. Оның ішіндегі  негізгі бағыттардың  бірі орталықты  инфрақұрылымдармен, автожолдармен байланыстыру. Орталықтан шығысқа баратын автомобиль жолы – 1000 шақырымнан астам ауқымды жоба», - деді С.Аблалиев.

Ол айтып өткендей,  бұл жоба  Астанадан Павлодарға Семейден Өскеменге баратын жоба. Бүгінде ол аяқталуға жақын. Астана мен Павлодар арасындағы жылдың негізгі учаскелері аяқталып,  100 шақырым жолды жөндеуден өткізу  ғана қалған.

«Астанадан Павлодарға баратын 500 шақырымдай  жол  төртжолақты  халықаралық деңгейге сай жылдам  қозғалыстағы  магистраль болып табылады. Павлодардан Өскемен, Қалбатауға дейін екіжолақты жолдар болады. Осы жылдың аяғында құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтудеміз», - деді ол.

Сондай-ақ,  С.Аблалиев   айтқандай,  Алматы мен Астана арасын да қосатын жол бар. Құрылыс жұмыстары екі жақтан да бірдей басталған.

«Алматы жағынан Қапшағайға дейін жол салынды, Астана жағынан Теміртауға дейін жол аяқталды, бүгінде Теміртаудан  Қарағандыға шығатын айналма жол салынып жатыр. Бурылбайтайдан бастап Қарағандыға дейінгі жолдың дайындығы да басталып кетті. Күрті мен Бурылбайтал арасындағы 228 шақырым жол  жүргізушілер  мен интернет желілерінде көп талқыланатын учаскелердің бірі. Қазір 3  мердігер анықталды, қаржы көздері бар, келісімшартқа қол қойылып жұмыс басталып кетті», - деді маман.

С.Аблалиев айтып өткендей,  жоба 3 жылдың ішінде салынып бітуі  керек. 

«2019-2020 жылдары аяқталуы керек. Мердігерлердің жұмысына байланысты ерте бітеді деп күтіп отырмыз. Бурылбайталдан Балқашқа дейінгі жол  Халықаралық Даму банкінің қаржысына салынайын деп жатыр, конкурстық шаралар  өтіп жатыр, жылдың  екінші жартысында  жұмыстар басталады. Балқаштан Қарағандыға дейінгі аралық бойынша  жаңадан келісім жүргізіліп жатыр. Ол жерде де құрылысқа дайындық жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 2021 жылға дейін орталықпен байланыс толығымен қамтамасыз етіледі», - деді ол.

Астана-Алматы бағытындағы жолдың сапасы да халықтың көңілін күпті ететін мәселелердің бірі болатын. С.Аблалиевтің айтуынша, жағдайды жақсарту үшін жаңа бағыттарды қосу жүзеге асырылуда.

« Алматы қаласындағы көліктік проблемаларды шешуге бағытталған қызметтің бірі жүзеге асырылып жатыр. Астанадан Алматыға  Шамалған, Алматы-Бішкек жолы арқылы  да кіруге болады. Алматыға Бішкек арқылы кіру проблемасын барлығы біледі,  себебі  көлік нөпірі өте көп.  Алматыға баратын жолдың жөнделуі қарастырылады. Алматыға Бішкек немесе  Қапшағай арқылы баруға болады. Үлкен Алматы жолы да жүзеге асырылып жатыр, ол салынған соң Алматыдағы кептелістің де мәселесі шешілмек», - деді ол.

Сондай-ақ, С.Аблалиев айтып өткендей, бүгінгі күні Маңғыстау облысындағы жолдың жұмысы аяқталуға  шақ қалды.

«Бейнеуден Ақтауға дейін баратын  жол толық бітті. Ақтау  мен  Жетібай арасындағы жолдар жөнделіп жатыр. Бүгінгі күні  Ақтөбе мен Атырау, Атыраудан Астраханға шығатын жолдар бойынша жұмыстар атқарылады. Ақтөбеге баратын  жолдардың жағдайы да қарастырылып жатыр. Оған екі бағыт бойынша баруға болады.  Оның бірі,  Қостанай арқылы бару, оның әр жағында Ақтөбемен шекаралас жерде  114 шақырым салынбай қалған жол бар еді, ол жерде құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қостанай арқылы жүретін жол  2020 жылға дейін дайын болады. Астанадан Қорғалжын арқылы тіке Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар  деген жобамыз да бар, құжаттар әзірленіп қалды. Қаржының бөлінуіне орай, ол  2020 жылдан басталады», - деді ол.    

Сәтжан Аблалиев айтып өткендей,  Ақтөбе арқылы  Атырауға, Маңғыстауға шығатын бір бағыт бар.

«Сол жолды реттеп жатырмыз. Көлік ағымының көбеюі күтіліп жатыр,  портқа тіке баратын  болжам бар.  Соған байланысты Маңғыстауға шығатын жол пайда болады,  ол жол арқылы Ақтөбеге де, Атыраудың аудандарына да баруға болады», - деді  төрағаның орынбасары.

Өз кезегінде  Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары  Бақытжан Қашақов «Нұрлы жер бағдарламасы»  2017 жылы қабылданып, бірқатар жұмыс атқарылғанын айтты.

«Ол жылдың қорытындылары бойынша  республика бойынша 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Ол 2016 жылмен салыстырғанда  6,2 пайызға жоғары.  Тәуелсіздік  алғаннан бері  2017 жыл тұрғын үйді тапсыру бойынша  рекордтық дәрежеге жеткен. 2018 жылы  өткен жылғыдан  8 пайызға көп тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр, яғни, биыл 100 мыңнан астам тұрғын үй  пайдалануға  берілмек,  12,1 млн шаршы метр», - деді Б.Қашақов.

Оның айтуынша,  бағдарлама бойынша, ауылдарға, қалаларға инфрақұрылым желілері дайындалады.

«Ауылдарда жеке тұрғын үйдің құрылысы жүреді. Әрбір жеке тұрғын үйі бар адамдарға дайын инфрақұрылымды дайындап береміз. Қалаларда әкімдіктер қаржыландыру үшін сметалық құжаттар тапсырады. Моноқалаларда да үйлер салынып жатыр, алайда әрбір әкімдік өңірін дамыту бойынша құжаттарын тапсыруы керек. Біз тек құжаттамаларға сәйкес жұмыс істейміз», - деді Б.Қашақов.

Ол айтып өткендей,  «Нұрлы жер» бағдарламасының екінші бағыты несиелік  тұрғын үй бойынша «Тұрғын үй құрылыс банкі»  және  «7-20-25» салымшылары тұрғын үйге ие бола алады.

Сондай-ақ, жол тақырыбында сөз қозғаған  С.Аблалиев  жыл сайын жолдардың дамуына  әртүрлі қаржы көздерінен  500 млрд-тан астам қаржы бөлінетінін жеткізді.

«Жылына  500 шақырым жол пайдалануға беріліп жатыр. Оларды жақсы жағдайда күтіп ұстамаса, салынған инвестицияны жоғалтып алуымыз мүмкін.  Бүгінде республикалық жолдарды күтіп ұстауға 70 млрд  теңге қарастырып отырмыз. Оның өзі аздық етеді. Әлі де нормативтік қаржыландыруға жете алмай келеміз. Оларды қалай ұстау керек, қызмет ету уақытын нормативтік мерзімде қалдыру керек.  Оның шешімі ретінде ақылы жолды енгіздік», - деді С.Аблалиев.  

С.Аблалиев халық арасында салық төленетін,  бензинге акциз алынатын кезде, ақылы жолдың қажеті не деген сұрақтар туындайтынын айты. Оған маман былай жауап берді.  

«Жиналған қаражаттың  барлығы жергілікті  әкімдікке түседі. Тікелей жолға келмейді. 2017 жылы салықтан түсетін қаржы   35-40 млрд теңгені құрады.  Ал, жол салуға  500 млрд теңге бөлінеді, оның  арасындағы дизбаланс  байқалады.  Пайдаланушыға жақсы жол беру арқылы  ақы жинау қарастырылып отыр. Бізде ақылы жол өзге елдерге қарағанда әлдеқайда арзан, оны біз жолдың ақысын қайтарып алу емес,  жолдың жағдайын жақсы жағдайда сақтау мақсатында  аламыз. Жиналған қаржы  жолды сапалы күйде ұстап тұруға жұмсалатын  болады», - деді ол.

С.Аблалиев айтып өткендей,  бүгінгі күні  3 жолда жөндеу жұмыстары  жүргізілуде.

«Алматы-Қорғасқа баратын   300 шақырымдық  жол, ол  бұрынғы жолдың баламасы ретінде салынып жатыр, жақында оның жұмысын тестілік режимде бастаймыз. Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай  бағытында  да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл жылдың соңында үш жол ақылы режимге өтеді. Заң  жобасы бойынша ақылы жолға жаңадан салынған немесе қайта жөндеуден өткен сапалы жолдар ғана енеді. Сондықтан да, оның енгізілуі құрылыс жұмыстарына да қатысты болады», - деді С.Аблалиев.

Сонымен қатар,  төраға орынбасары  Үлкен Алматы  айналма жолы да қомақты қаражатты  талап ететін жоба екенін айтты. Ол  соңғы  10 жылдағы ел аузында жүрген қажетті жобалардың бірі.

«Бүгінде оның бағасы  150 млрд теңгеден асып отыр. Оны бір мезетте республикалық бюджеттен салу мүмкін емес. Бұл жолды  басқа баламалы қаржы көзімен салу мүмкіндігі болды, оның қарқыны тәулігіне 40 мыңнан асатын болса, ол жолдарды ақылы қылып, салынған инвестицяны қайтару мүмкіндігі әлемдік тәжірибе бойынша қарастырылады. Соңғы жылдары жеке қаржылық көздері тартумен айналыстық. 2,5 жыл ішінде үлкен халықаралық  тендер,  конкурстар өткізіп, инвесторларды анықтадық. Ол үлкен дайындылықпен келді, сол үшін қолданыстағы заңнамаларға  бірнеше рет өзгертулер енгіздік», - деді С.Аблалиев.

Маманның айтуынша,  осы жобаны жарнамалап, олар  Лондонға дейін барған.

«Лондонда  100-ге тарта компания жиналып, ол жобаның қандай болу керектігі талқыланды. Инвесторлардың талаптары айтылды. Ол бойынша нәтиже шығарып, заңнамалық актілерге өзгерістер енгіздік. Өткен жылдың аяғында өткізілген тендердің қорытындысы шығып, келісімшартқа қол қойылды. Корея мен Түркияның 4 компаниясы бірігіп, тендерді ұтып алды. Бүгінгі күні олар құрылыс жұмыстарына дайындықты бастап та кетті. Оның бағасы үлкен, 150 млрд теңгенің  60 пайыздан астамы жасанды құрылыстарға кетеді. Ол жоба аяқталған соң, 300-ге тарта телекоммуникация қайта жасалады. Сондықтан да қаржыны көп қажет етеді», - деді ол.

Өз кезегінде Б.Қашақов «Нұрлы жер» бағдарламасына кез келген азамат қатыса алатынын алға тартты.

«4 бағыттың қатарына енетін азаматтар өтініш тапсыра алады.  Біріншісі,   арендалық тұрғын үйге- кезекте тұрғандар, әлеуметтік жағдайы төмен, мүгедектер  қатыса алады.Екінші бағыт - несиелік баспаналарға жұмыс істейтін, табысы барлар, тұрғын үй жинақ банкі, «7-20-25»   салымшылары қатыса алады.  Үшінші бағыт- жеке тұрғын үй, ол бойынша инфрақұрылымдар бар, оған жобалық үйлер салу да енеді. Төртінші бағыты құрылыс компаниялар үй салу үшін, адамдардың  алған несиелерін субсидиялайды. Әрбір адам әкімшілікке кезекте тұрса, салымы болса, 10 сотық жер телімін алуға кезекте тұрса баспана ала алады», - деді Б.Қашақов.

Сондай-ақ, мамандар тұрғындардың сұрақтарына кез келген уақытта жауап беруге, бағдарламаларды түсіндіруге дайын екендерін мәлімдеді.

Аягөз Құрмаш

Фото: Ашық дереккөз




Яндекс.Метрика