Шолу

ИДМ есебі: Кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі, көлік және логистика

2017 жылы инновациялық грантқа республикалық бюджеттен 2,4 млрд. теңге бөлінген, 208 жоба бойынша өнімдер қабылданды, оның ішінде 13 жоба ғана мақұлданды. Бүгінгі есептік кездесуде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек елдегі инновациялар, көлік және логистика саласының ахуалы туралы баяндады. Толығырақ Strategy2050.kz АА шолуынан оқи аласыздар.
Астана қаласы23 Мамыр , 17:53

Министр айтып өткендей,  жаңа өсу жолдарын құру және инновациялық белсенді бизнесті дамыту үшін мемлекеттік  гранттар бөлу, саланы дамыту немесе заманауи технологияларды беру сияқты жағдай жасайды.  Бизнес 50/50 шарт бойынша өз жобасын қаржыландырады.

 «Инновациялық-белсенді бизнесті дамыту тікелей инновациялық экожүйеге байланысты. Мемлекеттік ынталандыру механизмі нарық қажеттіліктеріне қолжетімді және сәйкес болуы қажет.Инновациялық жобалар өте «осал» бизнес, және жоғары тәуекелді инвестиция түрі болып саналады», - деді Ж.Қасымбек.

Мысалы, қазақстандық кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі 9,3% құрайды, ол ЭЫДҰ елдерінің сәйкес көрсеткіштерінен орта есеппен алғанда 5-7 есе төмен (Швецияда осы көрсеткіш 57%, Германияда - 70%, Финляндияда - 46%, Австрияда - 70%, Ұлыбританияда - 62% құрайды).

Осыған байланысты, жеке венчурлық капиталдың туындауын ынталандыру және нарықты дамыту мақсатында Заң жобасы әзірленді, осы Заң жобасымен әртүрлі дәрежеде реттейтін және жаңдайға әсер ететін жеке заңдардың жағдайын жетілдіру ұсынылады.

Айта кетейік, заң жобасы 4 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады: Кәсіпкерлік кодексі, «Инвестициялық қорлар туралы», «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы», «Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңдары.

Министр баяндаған  келесі маңызды бағыт еліміздің транзитті-көлік әлеуетін дамыту. Бүгінгі таңда еліміздің көлік саласы оң өсім динамикасын көрсетіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 4,8%-ға артты.

«Көлік қызметінен түскен табыс 7,4%-ға артып, 2,4 трлн. теңгеге жетті (2016 - 2,2 триллион теңге).Көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 5,1%-ға өсіп, 3,9 млрд. тоннаға жетті (2016 жылы - 3,7 млрд. тонна). Жүк айналымы 7,9% -ға өсті және 555 млрд. ткм құрады (2016 - 514 млрд. ткм), жолаушылар саны 1,7%-ға артып, 22,7 млрд адам болды (2016 - 22,3 млрд. адам)», - деді Жеңіс Қасымбек.

Министр айтып өткендей, 2020 жылға қарай транзиттен түсетін табысты 5 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу және транзиттік контейнер тасымалын 2 миллионға немесе 10 есеге дейін арттыру стратегиялық міндеті тұр.

Сондай-ақ, министр  Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі құрлықпен транзиттейтін ел екенін атады.

«Бүгінгі таңда базалық инфрақұрылымдық жағдайлар экономиканың жоғары кіріс көзі ретінде қалыптасты. Соңғы 10 жылда инфрақұрылымды, көліктік-логистикалық активтерді және құзыретті дамытуға салынған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 30 млрд. АҚШ долларын құрады», - деді Инвестициялар және даму министрі.

Ведомство басшысы атап өткендей, осы кезеңде 2 500 шақырымнан астам теміржол салынды. 6 300 шақырым автомобиль жолы реконструкцияланды. Сондай-ақ, Каспидегі порттық қуат 26 млн. тоннаға дейін артты, 15 әуежайда реконструкция жұмыстары жүргізілді.

Мысалы,  өткен жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында маңызды инфрақұрылымдық жобалар – Құрық портында жаңа паром кешені, Алматы-Шу бағытындағы екінші жолдың құрылысы, Астанадағы жаңа жолаушылар әуе терминалы мен теміржол вокзалы іске қосылды.

«2015 жылдан бері Қазақстан арқылы жалпы контейнерлік тасымал көлемі 60%-ға дейінгі өсіммен тұрақты түрде өсіп келеді (2015 жылы 212 мың конт., 2016 жылы 245 мың конт. немесе 15%, 2017 жылы - 347, 5 мың конт. немесе 41%).Сонымен қатар, Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша жыл сайын контейнер саны екі есеге артып келеді», - деді Ж.Қасымбек.

Министр айтқандай,  аймақтардың экономикалық дамуы мен халықтың тұрмысын қамтамасыз ететін автокөлік жолдары негізгі артерия және барлық көлік инфрақұрылымдағы байланыстың негізі.Қазақстандағы жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзақтығы 95 мың шақырымнан асады.

««Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері республикалық маңызы бар 2 мың шақырымға жуық автомобиль жолы салынды және жөнделді. Соның ішінде өткен жылы 602 шақырым жол қамтылды.«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің тиімділігі дәлелденді», - деді Ж.Қасымбек.

Ведомство басшысы  орташа жылдық экономикалық тиімділік 190 миллиард теңгеден асатынын айтты.

« Жүк тасымалдау (33 млн. тонна) мен транзит (900 мың тонна) көлемі 2,5 есеге өсті.  Жол жүру уақыты екі есе азайды, жазатайым оқиғалардың саны 27%-ға , өлім-жітім 35%-ға төмендеді.Дәліз бойында 277 автожол қызметі бар, оның 73-і соңғы жылдары жол пайдаланушыларға сапалы қызмет көрсететін және шағын және орта бизнестің дамуына серпін берді», - деді Ж.Қасымбек.

Жалпы, 2017 жылы автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемі 2,1 млн. тонна болып, соңғы 5 жылдағы рекордтық көрсеткішке жетті.

«Биыл республикалық маңызы бар 4000 шақырымнан астам автожол құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 528 шақырым жолдың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Олар,  Астана-Павлодар, Орал-Каменка, Қордай асуын айналып өту, Теміртау-Қарағанды бағытындағы жолдар», - деді Жеңіс Қасымбек.

Министр айтқандай, Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, өңірлік мобильділікке жету мақсатында жергілікті жол желісін жөндеу қаржысын 145 млрд. теңгеге дейін арттыру қарастырылған.

«Келесі жылдан бастап әкімдіктермен бірлесіп, жергілікті жолдарды жөндеуге 150 млрд. теңге қаржы бөлетін боламыз.Бұл жыл сайын шамамен 4 мың шақырым жолды жөндеуге мүмкіндік береді. Осылайша, 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың 85%-ы жақсы жағдайға жетеді.Жолдарды сапалы етіп күтіп ұстау мен бюджетке түсетін салмақты азайту үшін төлем жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда»,- деді Жеңіс Қасымбек.

Ведомство басшысы бүгінгі таңда алғашқы Астана-Щучинск ақылы автожолы күтіп-ұстау шығындарын толық жауып отырғанын мәлімдеді.

«Биылғы жылдың  екінші жартысында жалпы ұзақтығы 469 шақырым болатын Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас жолдарында төлем жүйесі іске қосылады», - деді Ж.Қасымбек.

Жалпы, 2022 жылы ақылы жолдардың ұзақтығы 7 мың шақырым болады. Ал төлемнен түскен қаржы (40 млрд. теңгеден астам) республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының барлық желісін күтіп-ұстауға жететін болады.

«Республикалық желідегі жолдардың сақталуын қамтамасыз ету үшін қозғалыстағы автокөліктерді өлшейтін 10 автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді. Биыл жылдың соңына дейін олардың саны 20-ға және 2020 жылы 80-ге жеткізіледі.Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарын пайдаланатын елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, жүйені енгізген алғашқы жылы заң бұзушылық 50-ден 85%-ға дейін төмендейді. Жалпы, бұл жүйелерді қолдану жолдардағы кедергілерді жойып, көлікті бақылау орган қызметкерлерімен бетпе-бет кездесуді болдырмайды.Жол активтерін басқару жүйесі  енгізілуде. Бұл көп функциялы жылжымалы жол зертханаларын пайдалану арқылы жол жүру шығындарын жоспарлау процесінің ашықтығын және жұмыс сапасын бақылауды қамтамасыз етеді. 2020 жылға дейін бұл жүйе барлық республикалық маңыздағы жолдарға енгізіледі»,-деді Ж.Қасымбек.

Министр  қорытындылай келе, Мемлекет басшысының берген тапсырмалары министрліктің   тұрақты бақылауында  тұрғанын және олар уақытылы орындалатынына сөз берді.

Аягөз Құрмаш

 

 




Яндекс.Метрика