Шолу

Индустрияландыру жобалары қалай жүзеге асырылып жатыр

Жалпы индустрияландыру басталғалы бері (2010-2017 ж.ж) 6,1 трлн. теңге сомасына 1 148 жоба іске қосылды, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды, соның ішінде 2017 жылы 1,5 трлн. теңгеге 120 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл туралы бүгін Инвестициялар және даму министрлігінің есептік кездесуінде мәлім болды. Ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек 2017 жылы министрлік жүйелі жұмыс жүргізген салаларға тоқтады. Толығырақ Strategy2050.kz АА әзірлеген шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы23 Мамыр , 17:15

Атап өтсек, Инвестициялар және даму министрлігінің негізгі міндеттері – ол елімізді индустриалды-инновациялық дамыту, инвестициялар тарту, көлік және логистиканы дамыту, құрылыс, техникалық реттеу және жер қойнауын пайдалану салаларын ілгерілету.

Министр айтып өткендей, индустрияландыру бағдарламасын іске асыру 2010 жылы басталды. 2015 жылы индустрияландырудың екінші бесжылдығы басталды.

«Бағдарлама аясында 2019 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің мынадай көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсаттары қойылды. Олар: экспорттың құндық көлемін (2015 жыл деңгейінен) 19%-ға, еңбек өнімділігін (2015 жыл деңгейінен) 22%-ға өсіру, негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін 4,5 трлн.теңгеге дейін жеткізу», - деді Ж.Қасымбек.

Министр айтып өткендей, осы мақсаттарға базалық индустрияны құруды аяқтау, ірі салалық жобаларды сала түзуші ірі жобаларды іске асыру арқылы іске асыру арқылы жаңа өсу нүктелерін құру, сондай-ақ инновациялық белсенді бизнестің сындарлы мөлшерінің пайда болуын қамтамасыз ету міндеттерін шешу арқылы қол жеткізілетін болады.

«Бағдарламаны іске асырудың төртінші жылында өңдеу өнеркәсібінің дамуына оң ықпал етті.2017 жылдың қорытындысы бойынша 2015 жылмен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібі 5,7%-ға өсті», - деді Ж. Қасымбек.

Айта кетсек, өсім негізінен металлургияда (+13%), азық-түлік өнімдерінің өндірісінде (+8,5%), мұнай өңдеуде (+5,1%), химиялық өнеркәсіпте (+4,7%) және  фармацевтикада (+47,2%) өндірістің өсуі есебінен қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ,  министр  бағдарламаны іске асыру экономика құрылымындағы өңдеу секторы өсімінің тұрақтылығына оң әсер ететінін мәлімдеді.  

«2017 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу секторының экономикаға (ЖІӨ) үлесі 11,2%-ды құрады, өнеркәсіпте –  40,4%, экспортта – 32,1%.Индустриялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша да оң серпін бар», - деді Ж.Қасымбек.

Ведомство басшысы айтқандай, өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2017 жылдың қорытындысы бойынша 2015 жылдың деңгейінен 10,5%-ға өсті және 15,5 млрд. АҚШ долларына жетті.

«2017 жылы еңбек өнімділігі (2015 жыл деңгейінен) 4,4%-ға өсті және 31,4 мың. АҚШ долларды  құрады. Өңдеу өнеркәсібінің инвестиция көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 8,8%-ға өсті және 981,6 млрд.теңгені құрады», - деді Ж.Қасымбек.

 Министрдің айтуынша, өнеркәсіп секторының дамуын, тұрақтылығын және әртараптандыруды сипаттайтын Қазақстан экономикасының құрылымы кеңейіп келеді.

Осылайша, экономиканың технологиялық күрделігінің жалпы қабылданған индексіне сәйкес Қазақстан 2010-2016 жылдары өз жағдайын 30 позицияға жақсартты (92 орыннан 62 дейін).

«Бұл біздің әлемдік нарыққа неғұрлым бәсекеге қабілетті түрлі тауарларды өндіріп, экспортқа шығарғанымызды білдіреді», - деді Ж.Қасымбек.

Қазіргі уақытта тартылатын тікелей шетелдік инвестициялардың әрбір төртінші доллары өңдеу секторына келеді, оның жалпы ағынының үлесі 2017 жылдың қорытындысы бойынша 25% құрады.

Сонымен қатар, жалпы индустрияландыру басталғаннан бері (2010-2017 жылдары үшін) 6,1 трлн. теңге сомасына 1 148 жоба іске қосылды, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды, соның ішінде 2017 жылы 1,5 трлн. теңгеге 120 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

«Индустриялық жобаларды іске асыру нәтижесінде біз өндірістерді жаңа қайта жасауға көшудеміз, өңірлердің, сондай-ақ жалпы ел экономикасының құрылымы өзгеруде.Мысалы, біз бұрын экспортқа толығымен кететін тек бокситтер мен глиноземді өндірсек, Қазақстандық электролиз зауытын іске қосу арқылы алғашқы алюминийді өндіру басталды – бұл екінші қайта жасау», - деді министр.

 Мәселен, өткен жылы «Giessenhaus» ЖШС жобасы аясында легирленген алюминийдің өндірісі бойынша 3 қайта жасауды бастадық. Осы жобамен алюминийден жасалатын автомобиль дискілерінің дайын өндірісі басталды.

Министр өңірлерде жүзеге асырылып жатқан индустриялық жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Шығыс Қазақстан облысында құны 728 млрд.теңгеге «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС Ақтоғай КБК құрылысы бойынша ірі жоба іске асырылды. Бұл катодты эквиваленттегі қуаты 90 мың тонна мыс болатын елдің екінші ірі тау-кен жобасы. Жобада алдыңғы қатарлы технологиялар қолданылды, өнім экспортқа бағдарланған», - деді Ж.Қасымбек.

 Ал Ақмола облысында «Казақалтын Technology» (Ақсу, Бестөбе және Жолымбет кендері) үш жаңа алтын өндіру фабрикаларынан тұратын өндірістік кешен іске қосылды.

«Әлемдік тәжірибеде қолданылатын бағалы металлдарды шығарудың ең жаңа технологияларын енгізудің арқасында Қазақстанда теңдесі жоқ техногенді минералды құрамдарын қайта өңдеу заманауи өндірісі құрылды. 700-ден астам жұмыс орны ашылды», - деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, министр  металлургия  өндірісінің құрылымында елеулі өзгеріс болды: базалық металдар, жартылай өнімдер және жартылай фабрикаттар  өндірісінен дайын өнімдерді шығару  жүзеге асырылғанын айтты.

Оған  үлгі ретінде машина жасауды айтуға болады. Ол индустрияландыру бағыты  аясындағы ең маңызды салалардың бірі. Өткен жылы көлемі 914 млрд. теңге болатын өндірістің 5,6% өсіміне қол жеткізілді.

«2010 жылмен салыстырғанда жалпы өндіріс көлеміндегі машина жасау үлесі 2,9-дан 4%-ға дейін өсті.Машина жасау өнімдерінің ассортименті біздің елде бұрын ешқашан өндірілмеген жоғары технологиялы тауарлармен толықты. Мысалы, бұл алдыңғы қатарлы стандарттарға жауап беретін локомотивтер, электровоздар, жолаушылар вагоны, тау-кен және мұнай-газ қондырғылары. Салада General Electric, General Motors, Alstom, Talgo, LG және т.б. белгілі компаниялар жұмыс істейді», - деді Инвестициялар және даму министрлігінің басшысы.  

Айта кетсек, бүгінгі күні Қазақстанда автокөлік құралдарының түрлі модельдері шығады. Индустрияландыру бойынша былтыр автомобильдерді белсенді түрде экспорттау басталды. Салада өңірлердің экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін жобалар іске асырылуда.

Айта кетейік,  шарада  министр индустрия мен жаңа технологиялар саласындағы жетістіктерді, инвестиция тарту, экспортты ілгерілету, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту, көлік және логистика, геология және жер қойнауын пайдалану, техникалық реттеу және метрология салалары туралы айтты. Жиынға  еліміздің барлық өңірі селекторлық байланыс режимінде қатысты.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика