Шолу

ҰБТ әлеуметтік жағынан өте сезімтал мәселе – Б.Сағынтаев

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге 102 мың түлек қатысады. Бұл жалпы оқушылардың 70 пайызын құрап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді. Ал Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ҰБТ әрқашан әлеуметтік жағынан өте сезімтал мәселе екенін жеткізді. Үкімет отырысында талқыланған ҰБТ-ға дайындық мәселесі туралы толығырақ Strategy2050.kz АА әзірлеген материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы22 Мамыр , 12:05

Осы күнге дейін  ҰБТ  15 рет өткізілген екен.  Осы жылдар ішінде  оған  1,5 млн мектеп түлегі  қатысты. Ол барлық түлектердің  80 пайызын құрайды. Білім министрі Ерлан Сағадиев ҰбТ  туралы статистикаға көз жүгіртті.

«2017 жылға дейін ҰБТ  3  қызметті атқарды. 11 жылдық  оқуды аяқтайтын қорытынды ретінде- бітіру емтиханы, ЖОО-ға түсу  емтиханы және  бітірушілерге мемлекеттік грантты  тағайындау механизмі. Тестілеудің бұл  форматы  2017 жылы өзгертілді. Енді  қорытынды емтихандар мектеперде өткізіледі, ҰБТ жоғары оқу орнына түсу мен грант алу үшін өткізіледі», - деді министр.

Министр айтқандай,  мектептегі бітіру емтиханы  29 мамыр мен  19 маусым аралығында өткізіледі. Емтихан 5 пән бойынша, оның ішінде  төрт міндетті және бір таңдау пәнінен өткізіледі. Барлық емтихандар ауызша, жазбаша және тестілеуге бөлінген.

«Бітіру емтихандарының материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы дайындап, арнайы желісі арқылы барлық  облыстарға ағымдағы жылы  25 мамырға дейін жеткізілетін болады. 2018 жылғы  ҰБТ форматы өзгермеген. Былтырғы жылғы форматқа сай өткізіледі. Оның өткізілетін мерзімі  мен тест сұрақтарының саны өзгермеді.   ҰБТ  20 маусым  мен  1 шілде аралығында  187  ҰБТ  өткізу пунктінде өткізіледі.  Тест сұрақтарының саны  120, максималды балл  140, шекті балл  50, Ұлттық  ЖОО-ға түсу үшін  65 балл жинау керек. Пәндер  бойынша тест сұрақтарының базасы қалыптасқан, олардың  50 пайызы жаңарды. Тест сұрақтары қызметтік сауаттылыққа, логикалық ойлау деңгейін анықтауға бағытталған», - деді Е.Сағадиев.

Министр айтқандай,  осы жылы ҰБТ-ға қатысуға  102 442  мың түлек өтініш берді. Ол барлық  түлектердің   70 пайызын құрайды. Оның ішінде қазақ тілінде  75 пайызы,  25 пайызы орыс тілінде тапсырады. Былтырғы жылмен салыстырғанда жалпы түлек саны  10 мыңға  өсіп отыр.

«ҰБТ-ға баратын балалардың саны  70 пайыз болып қалды, қазақ тілінде  тапсыратындар саны  5 пайызға артты.  Биыл оқушыларға ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыру мүмкіндігі беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша рейтинг жүргізілмейді. Әкімдердің назарына ҰБТ нәтижелері бойынша жергілікті жерлерде жазалау шараларын қабылданбау қажеттігін айтқымыз келеді.  Онлайн  тестілердің қызметі жақсарды. Енді оны  үйде де тапсыруға болады.   Бүгінде  145 мың рет онлайн бойынша тест тапсырылды», - деді ол.

Сондай-ақ, мектептердің сұранысы бойынша пробный тестілеу қағаз түрінде 390 мың рет алынды. Мектептер қосымша  185 мың кітапшаларды сұрап отыр.   Осылайша, биыл әр оқушы орташа есеппен 7 рет  байқау  тестілеуінен өтеді.

Министр  бітірушілерге арналған жағдайды жақсарту мақсатында  биыл келесі жаңалықтар енгізілетінін мәлімдеді:

 -ҰБТ сертификатымен бірге қай мамандыққа баруға болатыны мен грант саны, өткен жылғы грант конкурсының нәтижесі мен  шекті  балл қосымша берілетін болады. Бұл ҰБТ-да жинаған балын ескере отырып, мамандықты дұрыс таңдау мүмкіндік  береді.

- ҰБТ-ға дәлелді себеппен тапсыра алмағандарға  қайтадан  ҰБТ тапсыру немесе   КТА тапсыру мүмкіндігі беріледі.

-Ерекше білім беру қажетттілігі бар  балаларды жеке көмекші  мен сурдоаударма маманымен қамтамасыз етеміз.  

-ҰБТ-ға арналған Қазақстан бойынша тегін телефон соғуға болатын call орталық іске қосылады.

Сондай-ақ, министр  «Алтын белгіге» ие болған түлектер білім беру грантын тағайындау кезінде тек балдары тең болған жағдайда ғана басым құқыққа ие болатынын айтты. Бұл туралы заңға Елбасы да қол қойған болатын.

«Биылғы жылдың  тамызы  мен   келесі жылдың қаңтар айыларында ЖОО ақылы білім бөліміне түсу сақталған. Осы норманың нәтижесінде  былтыр  ол бойынша  20 мың жас  оқуға түсті», - деді министр.

Сонымен қатар, ҰБТ-ға дайындық барысы кезінде шешілуі керек мәселелер бар.

«Мониторинг нәтижесі бойынша министрлік тарапынан облыс әкімдеріне бірнеше техникалық құралдар, оның ішінде  4g мобильді байланыс сигналдарын басу құралдары, металл іздегіштер, онлайн өткізу камераларымен қамтамасыз ету бойынша хат жолданды. Бүгінгі мониторинг нәтижесінде өңірлердің тапсыру пункттері әлі де заманауи техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілмеген», - деді Е.Сағадиев.

Министр түлектердің тест тапсыру кезіндегі  әлеуметтік қауіпсіздігін де қамтамасыз етуді тапсырды.

«Жергілікті атқару органдарынан бітірушілерді тасымалдау, қажет жағдайда оларды тамақтандыру мен  орналастыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ тестілеу кезінде оқушылар мен ата-аналар үшін ауыз су, кондиционер, медициналық, психологиялық көмек, жалпы қауіпсіздік мәселелерін ұйымдастыру бойынша міндеттер сақталады. Осыған байланысты облыс әкімдіктерін ҰБТ-ны ұйымдастыру мен өткізу мәселесіне арнайы назар  аударуын  сұраймыз», - деді Е.Сағадиев.   

Өз кезегінде Б.Сағынтаев ҰБТ әлеуметтік жағынан  өте сезімтал мәселе екенін айтты.

«Ерлан Кенжеғалиұлы, әкімдермен бірлесе отырып, барлық ықтимал тәуекелдерді ескере отырып, талдау жүргізіп, ҰБТ-ны тиісті деңгейде өткізуді тапсырамын. Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша түбегейлі шаралар қабылдануы қажет. Әкімдер мектептерде бітіру емтихандарын ұйымдастыру  және ҰБТ-ны өткізу мәселелерін  жеке бақылауға алатын болсын. Ерболат Әскербекұлы, бақылау сізге жүктеледі», - деді Б.Сағынтаев.

Айта кетейік,  Ұлттық бірыңғай тестілеу - жоғары оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика