Шолу

Сарапшылар пікірі: Мұнай-газ саласын жаппай цифрландыру

Цифрландыру тақырыбы соңғы кездері өте өзекті мәселелердің бірі. 4.0 цифрлық революциясы да өнеркәсіп пен энергия ресурстарын қолдану бойынша әлем көрінісін өзгертеді. Сонымен қатар, өнеркәсіптік процестерге, оның ішінде мұнай-газ саласына цифрландыруды енгізу жаппай қызығушылық тудырады. Осы орайда компаниялардың барлығы цифрландыру бойынша трансформация жұмысын бастап кеткен. Мұнай саласын жаппай цифрландыру бойынша толығырақ Strategy2050.kz АА шолуынан оқи аласыздар.
Астана қаласы21 Мамыр , 10:22

Цифрлық түрлендіру бір жағынан барлық сегменттер өнімділігінің артуының арқасында бизнеске басымдық берсе, екінші жағынан қайта өндіру қаупін тудырады, халықаралық аренада бәсекелестік артады, адамның қолмен жасаған жұмысы роботтарға ауысуы айқын көріне бастайды. Мұнай-газ бизнесі мұндай жағдайда қалай болады? Бұл сұраққа  қазақстандық және ресейлік сарапшылар жауап іздеп көрді.

ҚР энергетика вице-министрі  Болат Ақшолаков Қазақстанда мұнай-газ саласын цифрландыру бойынша қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатқаны туралы баяндады.

«Цифрландыру керек пе әлде жоқ па? сұрағы маңызды емес. Қашан цифрландыру керек? Деген мәселе маңыздырақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы да айтқан болатын. Қазақстанда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бар. Энергетика министрлігі  бойынша  мұнай-газ саласына қатысты  8 жоба «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына енген», - деді Б.Ақшолақов.

Сондай-ақ, ол бірнеше жобаға ерекше тоқталып өтті.

« «Ембімұнай газ» АҚ бойынша пилоттық  жоба бар. Ол да «Цифрлық Қазақстан» жобасына енген. Жалпы, біздің елде 277 мұнай-газ кен орны бар, ол шамамен  2500 ұңғыманы құрайды. Цифрландыру үрдісі жүзеге асырылып жатыр», - деді Б.Ақшолақов.

Мәселен, Атырау облысында орналасқан кен орнында цифрландыру жүйесі енгізілгенін айтты.

«Цифрландыру жүйесін енгізгендегі басты мақсат  адами факторды алмастыру. Бұл адамды емес, адами факторды алмастырады. Ол бұрынғыдай барлық ұңғымаларды жеке араламай, цифрлық қондырғылар арқылы бақылай алады», - деді ол.

Жалпы, ол айтқандай,  инвестициялар жұмыс көлеміне қатысты болады.

«Мәлімет бойынша,  25 млрд теңге «ҚазМұнайГаз  тобының   400 ұңғымасына есептеліп отыр. Пилоттық жобалар квазимемлекеттік секторда жүзеге асырылуы керек. Себебі, жеке  сектор олардан жүйені енгізу бойынша қандай пайда көргенінен үлгі алуы тиіс. Көп жағдайда жеке сектордың ондай шараларды нәтижесі қандай болатынын білмей тұрып, жүзеге асыруға қаржылары жеткіліксіз болады», - деді Б.Ақшолақов. 

Болат Ақшолақов жөндеу жұмыстарын  TORO  техникалық жабдықтау   жүйесі   Қазақстанның  үш мұнай өңдеу зауытына енгізілетінін айтты. Оның басты мақсаты шығындарды қысқарту мен жұмыс көлемін арттыру.

«Бұл  мұнай өңдеудің технологиялық реттеуін оңтайландыратын жүйе. Ол қондырғының ескірмеуін қамтамасыз етіп, оларды жыл сайынғы жөндеуден өткізуді қамтамасыз етеді. Жаз айларында кен орындары  1 айлық жөндеу жұмыстарына жабылатын. Бұл жүйе оның алдын алады», - деді Б.Ақшолақов.

Ол айтып өткендей, «Цифрлық Қазақстан»  бағдарламасында  мұнайды  есепке алу  ақпараттық жүйесі бар.

«Жүйенің басты мақсаты мұнай өнімдерінің заңсыз айналуымен күресу. Бұл жүйе барлық мұнай қондырғыларына арнайы тетіктің орнатылуы арқылы мұнайдың  алынуын қадағалайды. Бүгінде аталмыш қондырғыны ЖЖБ мен мұнай базаларында орнату   заң нормаларына енгізілген. Оны кен орындарында орнату мәселесі көтеріліп жатыр. Бұл қондырғыны мұнай айналымын толық ашық қылу мақсатында енгізілмек», - деді Б.Ақшолақов.

Өз кезегінде,  «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-президенті Дмитрий Салов   «ҚазМұнайГаз»  АҚ  бен Энергетика министрлігі цифрландыру бойынша барлық деңгейде тығыз жұмыс істейтінін атап өтті.

« «ҚазМұнайГазда» цифрландыру  жүйесін бірқатар бағытқа бөлеміз. Біріншіден, цифрландыру  өнімінің көлемін арттыруға, оны көп  көлемде тасымалдауға бағытталған. Өңдеу өнеркәсіптерінде  көлемді арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді ол.

Ол айтқандай, Қазақстанда «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамын  трансформациялау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қолдаған болатын.

« Осы бағдарлама  аясында  «ҚазМұнайГаз» компаниясы жаңа операциялық модельге көшті. Кеңселер  процесстік модель әзірледі. Бұл сала бойынша жұмыстар сәтті жүзеге асырылып жатыр», - деді Д.Салов.

Д.Салов айтып өткендей,   «ҚазМұнайГазда»   жүзеге асырылып жатқан   барлық жобалар үш бағыттың призмасынан өтеді. Олар:  адами факторды төмендету, бірыңғай ақпараттық алаң құру, өндірістік ақпараттық процесстерді басқару.

«Біз әркез есте сақтайтын ол өндірістік қауіпсіздік және осындай жағдайларды барынша төмендету. Цифрландыру компанияның құрылымдық жүйесінде де пайдалануы керек. Себебі, тек ақпараттық жүйеге ғана енгізу арқылы цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан да, компания біріктіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ұлттық компания жұмыс істеу мақсатын өзгертті», - деді Д.Салов. 

Өз кезегінде, Ресейдің  VYGON Consulting компаниясының  басқарушы директоры  Григорий Выгон бүгінде капитализация бойынша цифрлық компаниялар  көшбасшылық танытып келе жатқанын айтты.

«Соңғы  10-15 жылда жағдай түбегейлі өзгерді. IT, цифрлық  технологиялырға  инвестиция құйған компаниялар дәстүрлі шикізат саласында біршама алға дамып кетті»,- деді ол.

Г.Выгон айтып өткендей, цифрлық технологияларды дәстүрліден жеке дара қарастыруға болмайды.

«Цифрлық технологиялар қарапайым шешімдер сияқты. Олар жұмысты  тиімділетуге  бағытталған қосымша тетік сияқты. Сондықтан оларды дербес жүйе ретінде қарастыруға болмайды», - деді ол.

Осылайша, Қазақстанда   мұнай-газ саласын цифрландыру ауқымды  қарқынмен жүзеге асырылып жатқанын көрдік. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, мұнай-газ саласына цифрландыруды енгізу аса қажет. Себебі, оның көмегі арқылы  мұнай өңдеу, өндіру үрдістері  жеңілдеп, өнім көлемі артады.

Аягөз Құрмаш

 

 




Яндекс.Метрика