Халықаралық интеграция

АЭФ Стратегиялық сессиясында жедел жобаларды жүзеге асыру талқыланды

Астанада Expo Конгресс-орталығында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен ХІ Астана экономикалық форумының стратегиялық сессиясы өтті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Астана қаласы 19 Мамыр, 18:25

Жетекші қазақстандық және халықаралық сарапшылар, бизнес және билік органдарының өкілдері серпінді жобаларды іске асыру және келесі басымдықтар бойынша шешімдерді табу: институттар мен экономикалық саясат, адам капиталын дамыту, цифрландыру және ақпараттық технологиялар, жаңа ақшалар және қаржы секторы, таза энергия және жасыл технологиялар, қалаларды дамыту мәселелерін талқылады.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Стратегиялық сессия қатысушыларына құттықтау сөзін арнады.

Global Challenges Summit форумының үш күндік мазмұндық зияткерлік марафонын қорытындылай келе, Қазақстан Премьер-Министрі АЭФ стратегиялық сессиясы өткізілген пікірталастардың барлық қорытындыларын, пікірлерін және ұсыныстарын топтастырып, олардың ішінен мемлекеттік органдардың тәжірибелік жұмысы үшін, еліміздің Үкіметі үшін пайдалыларын таңдап беретінін айтты.

Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының АЭФ-те сөйлеген сөзінде атап өткен 5 мегатрендіне: жаппай цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, кенттену қарқыны мен сипатының өзгеруі және жаһандық еңбек нарығының түрленуіне назар аударды. Сонымен қатар Премьер-Министр аталған мегатрендтерге жауаптарды бірлесіп іздестірудің маңыздылығын атап өтті.

«Институттар және экономикалық саясат» ақыл-ой талқысының бірінші бағыты бойынша сессия қатысушылары Қазақстанға арналған жаңа нарықтар мен технологиялық жаңғырту, жаһандық құбылмалылық жағдайларындағы макроэкономикалық тұрақтылық, жаһандық экономикалық сын-тегеуріндер жағдайындағы құрылымдық реформалар, теңсіздік деңгейін төмендету құралдары және инвестицияларды ынталандыру мәселелерін талқылады.

«Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры О. Жандосов шара модераторы болды. Сарапшылар қатарында ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, АДБ-нің ҚР-дағы тұрақты өкілдігінің директоры Джованни Капанелли, World Bank даму экономикасы жөніндегі аға директоры Шантаянан Девараджан, БҰҰДБ Еуропа мен ТМД елдеріне арналған аймақтық бюросының аға кеңесшісі Бен Слей, Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсу және т.б. болды.

Адам капиталын дамыту туралы екінші бағыт бойынша ХХІ ғасырда Қазақстандағы білім беру процесі қандай болуы керек, web 2.0, толықтырылған шынайылық, оқыту үдерісіндегі заттар интернеті секілді жаңа технологияларды енгізуге қатысты мәселелер талқыланды. Шығармашылық индустрияларды дамыту және шығармашылық белсенділікті ынталандыру, сондай-ақ елімізге адам капиталын тарту құралдары туралы сарапшылардың ұсыныстары қаралды.

Бұл бағыт бойынша MedMe венчурлық қорының серіктесі Илья Слуцкий модератор болды. Сарапшылар арасында ҚР білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова, Lifespan.io краудфандинг платформасы және Өмірді ұзартуға жәрдемдесу қоры директорлар кеңесінің мүшесі Елена Милова, «Сколково» Мәскеу басқару мектебінің тәжірибе профессоры, Стратегиялық бастамалар агенттігінің сараптама кеңесінің мүшесі Павел Лукша және т.б. болды.

Цифрландыру және ақпараттық технологиялар бағыты бойынша цифрлық мемлекеттік басқарудың тәжірибесі мен сын-тегеуріндері, жалпыға бірдей цифрландыру кезеңіндегі мемлекеттік басқарудың табысты тәжірибелері мен басты стратегиялары негізінде Қазақстанның басымдықтарын айқындау мәселелері талқыланды. Компаниялар мен бизнестерді цифрландыру, АТ жобаларды әзірлеудің жеке кластерін дамыту және Қазақстанға озық технологиялардың енгізілуін ынталандыру жөніндегі шешімдер ұсынылды.

Аталған бағыттың модераторы GVA Kazakhstan серіктесі Филипп Серажетдинов болды. Мұнда ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, Лондон Корольдік колледжінің ғылыми қызметкері, дағдарыс жағдайларындағы әлеуметтік медиа рөлін зерттеуші Григорий Асмолов, РФ ОБ төрағасының бұрынғы орынбасары Михаил Сенаторов, РФ-тегі және Еуразиядағы Канада іскерлік қауымдастығының төрағасы Жиль Бретон, «BCG Казахстан» серіктесі және басқарушы директоры Сергей Перапечка және т.б. пікір білдірді.

Жаңа ақшалар мен қаржы секторы бағыты бойынша сарапшылар алдыңғы қатарлы реттеуші, бәсекеге қабілетті қаржы орталығын құру мәселелеріне назар аударды. Жаңа ақшалар технологияларын енгізу, Қазақстанда блокчейн арқылы қандай жобаларды іске асыруға болатыны және болашақ ақшаларының технологиясын пайдалану арқылы барынша көп пайданы қалай алуға болатыны туралы сұрақтар да қарастырылды.

Мұнда Tomashevskaya & Partners басқарушы серіктесі Жанна Томашевская модератор қызметін атқарды. ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков, Earthport – трансшекаралық төлем жүйелері компаниясының атқарушы директоры Харольд Бозе, FinTechStage негізін қалаушы Матэо Рицци және т.б. өз ұсыныстарымен бөлісті.

Сессия бағдарламасының «Таза энергия және жасыл технологиялар» атты өзекті бесінші бағытын талқылау барысында мазмұнды әрі сындарлы пікір алмастырылды.

Форум қатысушылары болашақтың әртүрлі технологияларының қарқынды дамып жатқан кезеңінде табиғи байлықтарды сақтау және балама энергия көздерін пайдалану тұрғысынан экономика салаларын жаңғырту өте маңызды екенін атап өтті.

Қазақстанда «жасыл» экономиканың өсуі үшін қандай институционалдық, қаржылық және технологиялық кедергілер бар, бизнесті энергиялық тиімді шешімдер мен инновацияларға инвестиция салуға қалай ынталандыру керек деген сұрақтар көтерілді. Сондай-ақ, Қазақстанның ОЭК-нің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестициялар тарту, ОЭК цифрландыру, өңдеу тереңдігін арттыру жолдары қаралды.

Жасыл экономика, әлемдік тәжірибені ескере отырып, оны енгізудің кедергілері мен ынталандыру мәселелері жөнінде өз баяндамаларында ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Қашқар ғылыми орталығының директоры, Қытай ғылым академиясының Қашықтықтан барлау және цифрлық Жер институтының директоры Фу Бихон, Beijing Piesat Information Technology вице-президенті Гуо Тао және т.б. айтып өтті. «Спутник» БК жобалар басшысы Вадим Долганов модератор болды.

Сессияның «Қалаларды дамыту» атты алтыншы бағыты бойынша сарапшылар 2050 жылға қарай қалалар қандай болатынын, 21 ғасырдағы мегаполистер және Қазақстандағы заманауи мегаполистің қандай болуы керектігін болжап көруге тырысты.

Қазақстан мегаполистеріне арналған мегажобалар, олардың көлік жүйесін, экологиясын дамыту, қалалық орта мен өмір сүру сапасын жақсарту мәселелерін ҚР ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова, World Future Council тең негізін салушы, бұрынғы бағдарлама директоры және құрметті мүшесі Херберт Жирардэ, Atomik Architecture негізін салушы және директоры Майк Оудс және т.б. талқылады. GVA Kazakhstan басқарушы серіктесі Булат Столяров модератор болды.

Мәселелерді қарастыру қорытындылары бойынша жұмыс топтарының модераторлары ақыл-ой талқылаулары нәтижелерінің презентациясымен таныстырды. Сарапшылар ұсыныстарының топтамасы «Қазақстан Республикасын дамытудың ең қажетті шешімдері мен жобалары» ретінде белгіленді. Барлық сараптамалық ұсыныстар жинақталып, Қазақстанның ұлттық күн тәртібіне сәйкестендіріледі. Өткізілген ақыл-ой талқылаулары Қазақстанның одан әрі дамуына пайда әкелетін тәсілдер мен ұсыныстарды табуға мүмкіндік береді және әлемдік қауымдастық оларды жаһандық сын-тегеуріндерге ізделінген шешімдер ретінде қабылдайды.

 





Яндекс.Метрика