Шолу

«Рухани жаңғыру»: Бағдарламаның бір жылдық қорытындысы мен алға қойылған мақсаттар

Бүгін «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың қорытындылары және алдағы жылға ұсыныстар мен жоспарларды анықтау бойынша ауқымды шара өтті. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысты мақаласының жарияланғанына бір жыл толған болатын. «Рухани жаңғырудың» арнайы жобалары бойынша әзірленген шолуды назарларыңғызға ұсынамыз.
Астана қаласы13 Сәуір , 14:25

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына кеше тура бір жыл болды. Осы уақыт аралығында  арнайы жобалар бойынша атқарылған істер біршама. Оны ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі  айтып өтті.

 «Бағдарлама аясында әрбір жоба бойынша әрқайсысы жеке мемлекеттік бағдарлама тұратын ауқымды жұмыстар болды. Оған халқымыз белсенді жүзеге ацсырып, ұйымдастыру  жұмысына қатысып жүр. Тіпті, БАҚ құралдарының сыни  мақалаларының өзі барлығын бір ретке қойып, сапалы жұмыс істеуге трысыуға итермеледі. Бүгінгі басқосу бір жылдық жұмысты қорытындылау емес, алға қойған мақсаттарды дұрыс анықтау болып отыр. Мемлекеттің барлық азаматы аталмыш бағдарламаға тиімді қатысса ғана оның нәтижесі тиімді әрі сапалы болады. «Рухани жаңғыру» бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар өте ауқымды. Оны кеше бір жобаның таныстырылуы кезінде байқаған боларсыздар», - деді  ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі  Аида Балаева.

«Рухани жаңғыру»   бағдарламасының маңызды   жобасының бірі  «Туған жер» туралы  ҚР Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі Мақсат Мұханов айтып берді.

«Бағдарлама жұртшылық, өңірлер  және сарапшылар тарапынан  зор қолдауға ие болды. Бұл шын мәнінде, талаптық бағдарлама болды. Қоғамның барлық топтарын, мәдениет, жастарды, қоғам қайраткерлерін қамтыды. Атқарылған жұмыс аз емес. Сарапшылар қоғамға өзектілігін және уақытылы қабылданған бағдарлама екенін айтып отыр», - деді М.Мұханов.  

Ол  «Туған жер» бағдарламасының негізгі аспектілерін  жіктеп атады.

«Осы жобаның аясында  халықтың  әлеуметтік жағдайы төмен топтарын  қолдау,  жұмысқа  орналастыруға  жәрдем беру,  тарихи-мәдени  мұраларды қорғау, инфрақұрылымдық нысандарды  жөндеу, мектептерді  заманауи жабдықтау  бойынша іс-шаралар  іске асырылды. Жоба аясында  2017 жылы  меценаттардың  қолдауымен  51 теңге сомасындағы 700-ге жуық  нысан салынды және жөнделді. 1700-ден аса меценаттар осы жұмысқа қатысты»,-  деді ол.

Жалпы, 2018 жылы 61 млрд теңге сомасындағы 450 нысан  салу мен  жөндеу  жоспарлануда.

«Рухани жаңғырудың» келесі бағыты  «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы шетелде қазақстандық  мәдениетті дәріптеу  бойынша жүйелі жұмыстарды орнықтыруға бағытталған. Бұл жоба бойынша жұмыс тобының  жетекшісі Аида Балаева.

Өз кезегінде   жоба туралы мәдениет  және спорт вице-министрі  Ақтоты Райымқұлова жаһандану заманында  ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алмай, дәріптеуіміз маңызды екенін атады.

«Елбасының «әлем біздің қара алтынмен, немесе   сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес,   мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген  сөзі бар. Бүгін біз жыл бойы жүзеге асқан, және жақын арада жүзеге асырылатын жобалармен таныстырамыз. Мәдениет және спорт министрлігі  жоспар бойынша жұмыс атқарып келеді.Осы орайда айта кетсек, әлеуметтік зерттеу  бойынша   халықтың  70 пайызының  мәдениет, өнер саласындағы қызметке  көңілі  толады. Бұл аз көрсеткіш емиес. Аталмыш  арнайы жоба екі кезеңнен тұрады. Елдегі республикалық театрлар жылына орташа есеппен  1700 қойылым қояды», - деді А.Райымқұлова.

Оның айтуынша,  арнайы жоба екі кезекңнен тұрады,   ол   ұлттық мәдени құндылығы жоғары мәдени туындыларды іріктеу және  оларды шетелге дәріптеу. Ол туындылар іріктеліп алынып жатыр, арнайы сарапшылық топ  жұмыстарын жалғастыруда.

«2017 жылдың 17 қазанында Париж қаласының Юнеско штаб-пәтерінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы таныстырылды. Мемлекет басшыларының тың бастамалары әлемдік сарапшылардың  қолдауына ие болды. Әдебиет саласы бойынша ruh. kz  сайтында 250-ге жуық шығарма жарияланды. Ол шығармаларды арнайы комиссия таңдалды. Бұл туындылар 6 тілге аударылды», - деді ол.

Сондай-ақ, Ақтоты  Райымқұлова қазақ киноларын дамыту бойынша шетелдік белгілі компаниялармен жұмыс жасау екенін айтып,   5 сәуір күні қазақ әнін Париж төрінде қалықтатқан  танытқан  Әміре Қашаубаевқа арналған «Әміре» фильмінің  тұсауы кесілгенін айтты. Голливудтық компаниямен бірлескен фильмнің түсірілімі Латвия, Лос-Анджелес  қалаларында өтіп, Алматы облысының Үшқоңыр ауылында аяқталды.

«2018 жылдың маусым айында Қытайдың танымал сазгері Си Син Хай мен еліміздің танымал сазгері Бақытжан Байқадамовтың арасындағы достық бойынша Қазақстан мен Қытайдың  достастық қарым-қатынасы суреттелетін картина жарыққа шығады. Сондай-ақ, «Алтыцн адамның» әлем музейлеріне шеруі халықаралық көрмесі басталды. «Алтын адам» Қазақстанның бірегей мәдени бренді. Көрме Мәскеудегі музейде көрсетілуде», - дейдә Ақтоты Райымқұлова.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі «100 жаңа есім» болып табылады. Ол Қазақстан азаматтарын  анықтау мен  құрмет көрсетуге бағытталған жарқын имидждік іс-шара  болып отыр.

Жоба әлеуметтік –саяси  және халықаралоық өмірге үлес қосқан Қазақстанға көрнекті тұлғаларды ұсынды. Әр сала туралы айтар болсақ, әлеуметтік-экономикалық өмір; білім, ғылым және техника саласында; денсаулық сақтау, мәдениет, әдебиет және сопрт. Олар әскери және құқық қорғау  саласында өзін танытқан қазақстандықтар, қоғамдық өмірде табысқа қол жеткізгендер.

Дауыс беру қорытындысы бойынша 340 мыңнан аса қазақстандық өз үміткерлеріне  1 млн  376 мың  дауыс берді. Жалпыхалықтың  онлайн-дауы беру  «Қазақстанның  100 жаңа есімі»  жобасының  102 жеңімпазын анықтады.

Ал,  қазақ тілін латын қарпіне көшіру  бойынша жоба  ел тарихындағы шұғыл бетбұру кезеңі, Елбасы ұсынған маңызды стратегиялық бастама  болып табылады. Жұмыс тобының қызметінің, ғалым-лингвистердің, ғылыми қоғамның, сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің  талқылау нәтижесінде  2017 жылдың қазан айында ҚР Президентінің «Қазақ тілінің кириллицадан латын қарпіне көшіру туралы» Жарлығы бекітілді.

«2020 жылдан бастап  0-сынып латынша оқи бастайды. Латыншаны қазақ тілінің заңдарына сәйкес айтып, жазу керек. Қазіргі басты мақсат  нақты ережелерді  анықтау. Сол заңдарға қатысты  жазу әрі сөйлеу керек. Олар нақтыланған соң  ешқандай қиындық туғызбайды деп ойлаймыз», - деді Е.Қажыбек.

Аталмыш жобаны іске асыру  мемлекеттік тілдің мәртебесін халықаралық және  ұлттық деңгейге  көтеруге мүмкіндік береді, шетелде және жастар  арасында  қазақ тілінің беделін нығайтады, әлемдік гуманитарлық-интеллектуалды  стандарттарға  ұлттық модельдің сәйкестілігі мен тиімді ену үдерістерін  ынталандырады.

Сонымен қатар, «Қасиетті Қазақстан»  ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы бір жыл бұрын  Қасиетті Қазақстанның географиясын қалыптастыруды сүйемелдеу   мақсатында  МСМ  қолдауымен  Ұлттық музей алдынан  арнайы топ  құрылғандығын айтты.

Ол атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы  жоспарлар туралы кеңінен айтты.

«Бүгін жақсы xабарды бөліскім келіп отыр. Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен арнайы үш мемлекеттік қорық ашылайын деп жатыр. Президент Әкімшілігі қолдады. Үкімет қаулысы да шықты. Бұл - Мемлекет басшысының тапсырмасы. Бірінші қорық ол - Астананың маңайындағы Бозоқ. Оны көбісі біле бермейді. Бірақ Астана бұл жерде кездейсоқ салынған жоқ. Ол - қазақ тариxында елеулі оқиғалар болған жер. Бозоқ соның бір дәлелі болса керек. Болашақта сол жерде үлкен музей мен визит-орталығы ашылады», - деді Б.Әбдіғалиұлы.  

Оның айтуынша, екінші қорық - Ботай. Ол жерде адамзат баласы тұңғыш рет жылқыны қолға үйретті. Оны әлем ғалымдары да мойындап отыр.

«Үшіншісі - Сарайшық. Былтырдан бері Атырау облыстық әкімдігінің бастамасымен үлкен жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Кезінде Қасым xандар елдің астанасын Ұлытаудан сол жерге апарған. Сөйтіп, Алтын Орданың мұрагері біз екенін көрсетті. Сондықтан Сарайшық біз үшін үлкен геосаяси құндылық. Соны насиxаттап, жеткізе білуіміз керек», - деп атап көрсетті Б.Әбдіғалиұлы.


«Рухани жаңғыру» бойынша ең маңызды жобалардың бірі кеше кеңінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  қатысуымен талқыланған болатын. «100 жаңа кітап»  жобасы бойынша  бүгінде  18 кітап аударылды.

«Бүгінде «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру»  бағдарламасының бірнеше тарапын орындап келе жатырмыз. Ол  5 бағыттан  тұрады. Оның ішінде ең маңыздыларының бірі бұрын-соңды болмаған  100 кітапты қазақ  тіліне  аудару болып табылады.  Аударылған кітаптарының барлығы менің үстелімде   бар,  бір  апта бойы оларды парақтап, таныстым. Біз оқыған кезде  қолымызға тимеген құндылық  болып отыр. Президент  болып жүрген кезде сол кітаптармен таныстық. Ағылшын тіліндегі  кітаптарды қазақ балаларына  қолжетімді қылу үшін және  тілді  дамыту  үшін де  кітаптарды қазақ тіліне аудардық», - деген еді   Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа гуманитарлық  білім. Қазақ тіліндегі  100 жаңа оқулық» жобасына арналған шарада.

Айта кететін жайт, бүгінгі шара аясында «Мәдениет порталы» таныстырылды. «Мәдениет порталы – ҚР мәдени  мұрасын заңды түрде бір жерге  жинақтайтын  және тұрақты түрде насихаттайтын ағартушылық бағыттағы қазақ, орыс  және ағылшын тіліндегі ең ірі мәдени  платформа.

Қазіргі  уақытта үш тілде 5324 автордың жеке парақшасы және оларға қатысты ақпараттық материалдар, жлектронды кітаптар, аудиокітаптар,әндер, күйлер, видеолар және сирек фотосуреттер  жинақталған.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына Қазақстанның барлық өңірлер белсенді атсалысып жатқанын айта кету керек. Бір жылда атқарылған толағай табыстар осындай. Әлі де біршама іс тындырылатыны анық.

Аягөз Құрмаш

Фото: Бауыржан Жуасбаев 




Яндекс.Метрика