Шолу

Боао форумы: Қытай және әлем экономикасының дамуы

Биылғы ит жылы халықаралық қатынастар жүйесіне ықпал ететін бірқатар оқиғалармен басталды. Қытайдағы конституциялық реформа, Орталық Азия басшыларының кеңесі, Солтүстік Кореяның қарусыздану жөніндегі позициясы мен Д. Трамппен кездесу жоспары, Ресейге қатысты санкциялардың күшеюі, Сириядағы сергелдең, АҚШ-Қытай сауда текетіресінің қыза түсуі осыны айғақтайды. Осы аптаның басында әлем жұртшылығы Марк Цукербергтің АҚШ Сенаты алдындағы баяндамасын бақылап отырса, Боаода жыл сайынғы Азиялық форум өтіп жатты. Ақпарат айдынында қасымыздағы Қытай емес, алыстағы АҚШ пен іргедегі Ресейдің бәсі әлдеқайда биік екенін байқаймыз. Сонымен, Боао форумының бізге және әлемнің даму тенденцияларына қандай ықпалы бар? Қытай басшысы әлемнің азулы экономистері жиналатын Давостан гөрі, осы Боао форумына неге мұншалықты көңіл бөледі? Шығыстанушы Олжас Бейсенбаев сараптамасында осы және басқа да бірқатар сауалдарға жауап беруге тырысыпты.
Астана қаласы12 Сәуір , 15:55

Беделі биік Боао

Боао Азия форумы – 2001 жылы 26 мемлекет құрған коммерциялық  емес, тұрақты халықаралық ұйым. Аталған диалог платформасында аймақтың экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және т.б өзекті сұрақтары сараланады. Давоста дауысы естіле бермейтін Қытай Боаода басым рөлге ие. Биылғы Боао азиялық форумы 8-11 сәуір аралығында «Ашық инновациялық Азия, қарқынды дамушы әлем» тақырыбында өтті. Алдын-ала брифингте айтылғандай, көлемді іс-шараға 1500 ерікті атсалысып, 30 кәсіби аудармашы жұмысын қамтамасыз еткен. Айтулы форумда 4 секция бойынша 60-тан астам тақырыптық талқылау ұйымдастырылды. АСЕАН басшылары, белгілі саясаткерлер мен экономистер, халықаралық және ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері қатысты. Си Цзиньпин ҚХР Төрағалығына келгелі 3-рет Боао форумына қатысып, жұмысын ашып берді. Сөзін Хайнань халық әнімен бастаған Қытай басшысы кездесудің мән-маңызына тоқталды. Биыл Қытайда қозғалатын сөздің де, болатын іс-шараның да басты тақырыбы – «Реформа және ашықтық» саясатының 40 жылдығы. ҚХР Төрағасы «Бір тамшы су күннің сәулесін, бір жер тұтас елдің бейнесін көрсетеді» деп, Хайнаннің дамуын реформаның мысалы ретінде атап өтті.

Реформа және ашықтық деген не?

Жалпы, «Реформа және ашықтық»(gaige kaifang) саясатына дейін Қытай жоспарлы экономика жағдайында дамыды. Қытай үкіметі ашықтық идеясын 1979 жылы теңіз жағалауынан ішкі аудандарға, шығыстан батысқа жылжыту арқылы көшті. 1980 жылы Шэньчжэн, Чжухай, Шаньтоу және Сямэнде 4 арнайы экономикалық аймақтың ашылуы соның бастамасы. 1980 жж. соңында бұл үрдіс теңіз жағалауындағы Хайнань провинциясына және Шанхайдағы Пудонға дейін жетті. Жыл сайынғы Боао азиялық форумы өтетін Боао қаласы осы Хайнань провинциясында орналасқан. ҚХР «Реформа және ашықтық» концепциясында келесідей міндеттер қойылған: ҚХР сыртқы экономикалық байланысын дамыту; шет елдік техника мен технологияны қолдану; экспорт көлемін ұлғайту; сыртқы капиталды тартудың жаңа формаларын енгізу. ҚХР «ішке кіру» мен «сыртқа шығу» саясатын бір-бірімен тығыз байланыстырып, «бір мемлекет – екі жүйе» саясатын ұтымды іске асырды. «Қытайлық ерекшелігі бар социализм» идеясы да осының нәтижесі. 1978 жылы Дэн Сяопиннің «Реформа және ашықтық» саясаты жарияланған соң, Қытай жастары әлемнің түкпір-түкпіріне технология мен инновацияны меңгеруге жіберілді; көлемді инвестиция тартылды; жаңа нарық игерілді. Реформа кезеңінен бастап, 18 млн. Қытай азаматы шекара асты деген дерек бар. Әлемде «хуацяо», яғни сырттағы қытайлық диаспора қалыптасты. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша тек 2005 жылы «хуацяодан» 21,3 млрд АҚШ доллары «Орталық мемлекетке» құйылған.

Қытайдың соңғы 40 жыл ішіндегі жетістігі – әлемдегі екінші экономика, ірі өнеркәсіптік мемлекет, валюта қоры ең үлкен елге айналуы. Соңғы 5 жылда 80 мемлекет пен халықаралық ұйым «Жаңа Жібек жолын» құру келісіміне қол қойған. 40 жылда ҚХР ЖІӨ жыл сайын орташа 9,5%-ға, сыртқы сауда 14,5%-ға өсіп отырған, 700 млн. адам кедейшіліктен шыққан. Қытай бүгінде ішкі экономикалық модернизация үшін қолайлы сыртқы ахуал қалыптастыруды көздейді. Ол саяси, мәдени, рухани ықпалдастық арқылы жүзеге асады. «Тағдыры ортақ адамзат қауымдастығы» концепциясы да соның айқын дәлелі. Енді ҚХР экономикасының қарқынды дамуы аймақ пен әлем халқының қызығушылығымен қатар, алаңдаушылығын тудыруда.  

АҚШ-Қытай сауда қақтығысы

Дүниежүзілік банкпен иық тіресетін Азиялық инвестициялық банкінің ашылуы, «Жібек жолы экономикалық белдеуінің» жаңғыруы көптеген сұрақтарға себеп болды. АҚШ Бейжіңді валюталық спекуляциялар, нарыққа арзан тауар енгізгені, интеллектуалдық меншікті иеленгеніне кінәлап отыр. Қытай тарапы АҚШ-ты унилатералистік және протекционистік ұстанымы үшін айыптап келеді. Өткен аптада АҚШ Сауда өкілдігі қосымша 25 % салық енгізілетін қытайлық тауарлардың тізімін шығарды. Тізім жыл сайын ҚХР-дан импортталатын 50 млрд $  өнімге қатысты. Аталмыш қадам іскер топтардың тарапынан қарсылық туғызып, Қытайдың дәл осындай тізімді жариялауымен жалғасты. Оған 50 млрд $ тұратын АҚШ-тың автомобиль, ұшақ, химиялық өнеркәсіп өнімдері енген.

2018 жылы 5 сәуірде АҚШ Президенті Д.Трамп Сауда өкілдігі кеңсесінен Сауда туралы заңның 301-тарауына сәйкес, Қытай импортына тағы 100 млрд $ салық енгізуді талап етті. Боао форумындағы сөзінде тікелей айтылмаса да, Си Цзиньпин осы мәселеге қатысты позициясын жариялады. Нақтырақ айтатын болсақ:

Нарыққа қолжетімділікті едәуір кеңейту;
Тартымды инвестициялық орта құру;
Интеллектуалдық меншік құқығын қорғауды нығайту;
Импортты белсенді кеңейту жөнінде айтылды.

Си Цзиньпин сыртқы ашықтық шараларын жедел іске асырып, оның нәтижелерін Қытай кәсіпорындары, әлем компаниялары бірге пайдалануы тиіс деді. Сонымен қоса «қырғи қабақ соғыс көзқарасы», «нөлдік нәтиже ойыны» да тілге тиек етілді. Кейбір батыс зерттеушілері ҚХР Төрағасының мәлімдемесі  оның позициясының жұмсарғанын, Қытай импорт тарифтерін төмендетуге жол ашқанын айтты. Дегенмен, Қытай ақпарат құралдары бұл Қытайдың АҚШ талаптарына «көнуі», «кейін шегінуі» емес, мемлекеттің ұзақмерзімді стратегиялық жоспары деді.

Кейбір Азия елдерінің ЖІӨ көрсеткіші

Сөз соңы

Қалай болғанда, 2017 жылы Давоста Си Цзиньпин айтқандай «Сауда соғысында жеңімпаздар болмайтыны» анық. Өйткені, экономикасы державалармен байланысып жатқан аймақ елдерінің дамуына соққы болмақ. Азиялық даму банкінің баяндамасына сүйенсек, Қытай экономикасының бәсеңдеуі себебінен Шығыс Азияның дамуы 2017 жылғы  6,3% -дан, биыл 6%-ға, 2019 жылы - 5,8% түсуі мүмкін. «Жібек жолының экономикалық белдеуіне» қосылған Орталық Азия да осы ықпалдан тыс қалмайды.

Жетекші державаларға жетіспейтіні – диалог. Өзара келіссөздер арқылы сауда-экономикалық мәселелерді уақытында шешу қажет. Боао форумы да осындай маңызды алаң. Сөз соңында Төраға Си Цзиньпин ежелгі конфуций ілімінің философы Сюн Цзыдан(Xun zi) мысал келтірді: «Топырақтан тау, тамшыдан теңіз құралады». Қытай Төрағасы күш біріктіріп, іс-қимыл жасауға шақырғаны белгілі. Бірақ, тау қорқытады, теңіз батырады. Алпауыттар арасындағы айқас, дамушы елдерге теріс әсерін тигізбесе болғаны.

О. Бейсенбаев

ФОТО: ғаламтордан




Яндекс.Метрика