Шолу

Мәжіліс мінбері: Қазақстандағы валюталық реттеу қалай жүзеге асырылмақ

Қазақстанда шетелдік ұйымдар теңгемен есеп айырысады. Сонымен қатар, банктердің валюталық операциялар бойынша төлемдерге қызмет көрсету мерзімдері қысқарады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында мәлім болды. Мәжілісте талқыланған осы және өзге түйіткілді мәселелер туралы Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы11 Сәуір , 12:52

Жиында алдымен   «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жұмысқа алынды. 

Аталған заң  жобасы 2018-2022 жылдарға арналған макроэкономикалық  көрсеткіштерді жүзеге асыруға негізделген. Сондай-ақ,  Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың    Жолдауындағы  тапсырмаларды орындауға бағытталған.

Бірінші оқылымда   қызу талқыға түскен заң  жобасы   «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы  болды. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев заң жобасы аясында шетелдік  филиалдардың ұйымдарын  резиденттер деп тануды ұсынды.

 Атап өтсек,  Қазақстан 2015 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Сондықтан Қазақстанда шетелдік қаржылық емес ұйымдардың қызметі кеңейтілді. 2020 жылғы желтоқсаннан бастап шетелдік банктер және сақтандыру ұйымдары филиалдары арқылы Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік алады. 2015 және 2017 жылдары Қазақстанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы және «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық аймақтары құрылды. Олардың аумағында валюталық реттеудің ерекше режимі көзделеді.

Ақышев айтқандай,  АХҚО туралы конституциялық заңға сәйкес оның аумағында валюталық операцияларды жүргізу тәртібі Ұлттық Банкпен келісе отырып белгіленеді. Осы орайда, заң жобасын әзірлеу қажет болды.

Заң жобасының негізгі міндеті - валюталық операциялардың мониторингін кеңейту және Қазақстан аумағындағы шетел валютасымен есеп айырысуды қысқарту. Аталған нормаларды іске асыру валюталық бақылау тиімділігін, оның ішінде елден ақшаны әкетуге қарсы іс-қимылды арттыруға мүмкіндік береді.

 Заң жобасында либералды валюталық реттеу қағидаттарын сақтау көзделген. Бұл азаматтарға және бизнес субъектілеріне қосымша жүктемесіз Қазақстан Республикасы интеграциялық бірлестіктер және халықаралық ұйымдардағы мүшелігі аясында қабылдаған халықаралық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді. «Қолданыстағы заңнама бойынша шетелдік ұйымдардың филиалдары бейрезиденттер болып табылады. Бұл оларға Қазақстанның ішінде резиденттермен валюталық операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстандық компаниялар үшін бұған тыйым салынған. Мәселен, 2017 жылы шетелдік компания филиалдарының резиденттермен валюталық операциялар көлемі 2,7 млрд АҚШ доллар құрады.

«Қазіргі уақытта елімізде шетелдік ұйымдардың 4,5 мың филиалы тіркелген. Дүниежүзілік сауда ұйымына толық кіргеннен кейін, оның санының ұлғаюы күтіледі. Сәйкесінше, ел ішінде шетел валютасындағы төлемдер көбейеді, бұл ұлттық мүдделерге сәйкес келмейді. Осыған байланысты шетелдік ұйымдар филиалдарының қазақстандық компаниялармен есеп айырысуларын теңгеге ауыстыру ұсынылады. Қызметі мемлекеттің атынан жасалған келісімдер арқылы реттелетін компанияларға өзгерістер қолданбайды. Олар бейрезидент мәртебесінде қала береді», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Данияр Ақышевтің  айтуынша, , осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған шарттарға қатысты талаптардың нашарлауы көзделмейді.

Бұл түзетулер жергілікті компаниялар мен шетелдік ұйымдардың филиалдары үшін бизнесті жүргізуге тең жағдайлар жасайды.

Ұлттық банк төрағасы   ақпараттық өзара іс-қимыл мәселелеріне неге ерекше назар аударылатынын айтты.

«Себебі, капиталдың әкетілуін бақылауды заңның нормаларымен ғана қамтамасыз ету мүмкін емес. Капиталды әкету заңсыз жолмен немесе заңды келісімдер арқылы жасыра отырып жүзеге асырылуы мүмкін. Тікелей шектеу шаралары адал кәсіпкерлердің инвестициялық ахуалын және бизнес жағдайын нашарлатуы мүмкін. Бұл сондай-ақ, нарықтық экономикаға тән емес», - дейді Д.Ақышев.

Мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты және тиімді ақпарат алмасу әртүрлі мемлекеттік органдарға түсетін бір мәміле бойынша дәйексіз мәліметтерді анықтауға мүмкіндік береді.

«Сондықтан заң жобасында валюталық операциялар бойынша банктік құпиясы бар ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетіне беру құқығы көзделеді», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Д. Ақышевтің айтуынша, заң жобасын қабылдау қарапайым азаматтарға әсер етпейді, себебі валюталық реттеудің либералды қағидаттары сақталады.

Өзгерістер ірі валюталық операцияларға ғана қатысты.

Сонымен қатар,   заң жобасы аясында  банктердің валюталық операциялар бойынша төлемдерге қызмет көрсету мерзімдері қысқарады.

Данияр Ақышев  Трансшекаралық валюталық операциялардың қамтылуын кеңейту мәселесін де қозғады.  

 «Заң жобасында валюталық операциялар туралы ақпарат жинау рәсімдерін жеңілдете отырып, оларды барынша толық қамту көзделеді. Тіркеудің және хабарлаудың күрделі режімдерінің күші жойылады. Олардың орнына валюталық шарттарды бірыңғай есептік тіркеу енгізіледі.   Шарттың сомасы мен нысанасы есептік тіркеу үшін өлшемшарт болады. Осындай жағдайларда банктер валюталық операцияға қатысты тіркеу немесе хабарлау режімін қолдану керектігін анықтауы қажет болмайды. Сондықтан банктердің валюталық операциялар бойынша төлемдерге қызмет көрсету мерзімдері қысқарады», - деп атап өтті Д. Ақышев.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасына сәйкес, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспорты мен импорты бойынша шарттарға есептік тіркеу рәсімі қолданылады. Бұл валюталық бақылаудың тиімділігін арттыру және валюталық түсімді елге қайтару үшін келісімшарттардың толық қамтылуын қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде, депутаттар аталмыш заң жобасына қатысты  сұрақтарын қойды. Мәселен, депутат Нұртай Сабильянов  бұл заң жобасының қажеттігін айтты. Оның сұрағы:  «Заң жобасында  бірқатар шетелдік филиалдардың  мәртебелері өзгереді, олар резидент болса , олардың операциялық қызметіне әсер етпейді ме?  Ал, валюта теңге бойынша жұмыс істейтін болса, шетелдік  компанияларға әсер етпей ме?», - деді ол.

 Депутат бұл сұрақтарға толық жауап беруді сұрады.

Өз кезегінде, Данияр Ақышев   филиалдар бойынша жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар жақсы жағдайда жұмыс істегілері келетінін айтты.

« Біз бұл мәселені   көп уақыт бойы талқыладық. Біз оларды резидент деп тіркеуді  қарастырып отырмыз. Бұл резиденттер арасында Қазақстан бойынша  барлық операциялар ұлттық валютада  жүзеге асырылуы керек», - деді ол.

Заң  жобасы бойынша   қосымша   баяндама оқыған    Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі  Дания Еспаева  аталмыш заң

2017 жылдың  28 желтоқсанында Парламент  Мәжілісіне енгізілді.

Қаржы секторының  30 жылға дейінгі міндетін атқаруға бағытталған. Заң жобасын әзірлеу барысында Ұлттық банк  құзырлы органдармен отырыстарды өткізіп талқылады.

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.Ұлттық  банк төрағасы Данияр Ақышев  «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын да таныстырды.

Заң  жобасы  бойынша  Ұлттық банк пен мемлекеттік кірістер  департаменті арасында ақпарат алмасу  жүргізілген. Заң жобасының жұмысын істеу барысында Ұлттық банк  барлық салалық өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының отырысын өткізген. Аталмыш заң  жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.

Сондай-ақ,   жалпы отырыста    депутаттық сауалдар жолданды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобалары бойынша екінші оқылымға дейін бірқатар нақты мәселелерді шешуді тапсырды.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика