Үкімет

Үкімет отырысы: Қазақстандағы МЖӘ-нің тиімді тетіктері

Инвесторлар мемлекеттік -жеке меншік әріптестік шарттарына сенім артып келеді. Бұл туралы кезекті Үкімет отырысында мәлім болды. Мемлекеттік және жеке меншік әріптестік механизмі бойынша тек инвестиция саласында ғана 44 жоба жүзеге асырылуда. МЖӘ бойынша осы және өзге мәліметтермен Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан таныса аласыздар.
Астана қаласы10 Сәуір , 12:06

Инвесторлар тарапынан мемлекеттік-жеке меншік   әріптестік шарттарына сенім артып келеді.  Бұған өз қаражатын осы саладағы жобаларға салуға дайын жеке қаржы бастамалары санының ұлғаюы куә болып отыр. МЖӘ жобалары бойынша міндеттемелердің қабылдануын және орындалуын мониторингілеу үшін Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйесінде тиісті модульді іске қосу мәселесі пысықталуда. Бұл туралы отырыста Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтып өтті.

«МЖӘ бағытында жасалған шарттар саны бойынша көшбасшылар - Шығыс Қазақстан облысы (жетпіс бір (71), Оңтүстік Қазақстан облысы (жиырма екі (22), Қарағанды (жиырма бір (21), Қостанай (жиырма (20) облыстары болып табылады. Ал тартылған инвестиция көлемі бойынша Ақтөбе облысы - 15,4 млрд теңге, Астана қаласы - 15,1 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысы - 12,3 млрд теңге, Оңтүстік Қазақстан облысы - 10,8 млрд теңгелік салыммен өзге өңірлерден алға озған», - деді Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ,  министр  МЖӘ шарттарын кепілмен қамтамасыз етуге қатысты өз пікірін жеткізді.  Министрлік Ұлттық банкпен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп қолданыстағы заңнамалық актілерге бірқатар түзетулер әзірледі.

« Аталған түзетулер Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға бағытталған заң жобасына қосылған және қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдарда келісілуде», - деді министр.

Ал,    инвестициялар  және даму министрлігі  жетекшілік  ететін  салаларда    мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі бойынша 44 жоба пысықталып,  және іске асырылып жатыр.

Атап айтқанда, 4 жоба автожол, 1 жоба теміржол көлігі бойынша, 2 жоба азаматтық авиация, 4 жоба энергияны үнемдеу және 33 жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына тиесілі.

Мәселен,  биыл 7 ақпанда «Алсим Аларко – Макйол – СК – Кореян Экспресс Вэй» консорциумымен Қазақстанда бірінші ірі концессиялық жобасын іске асыруды бастау келісімшартына қол қойылды.

Инвестициялар және даму министрі  Жеңіс Қасымбек   айтып өткендей,   бүгінгі таңда консорциум дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Биыл мамыр айында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады.2021 жылы құрылыс аяқталып, жолды ақылы негізде пайдалану басталады.

Сонымен қатар,  айналма автомобиль жолының құрылысымен қатар Алматы станциясын айналып өтетін ұзақтығы 74 шақырым теміржол желісін салу дайындығы басталған.

«Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін түзету жұмыстары аяқталды және мемлекеттік сараптама жүргізілуде.Жобаның тұжырымдамасын әзірлеу үшін «KPPF» ЖШС тартылады. Бұнымен қатар конкурстық құжаттама әзірленуде. Инвесторды аңықтайтын конкурсты өткізу биыл қараша айына жоспарланып отыр.Жалпы теміржол желісін салу құны 96,6 млрд.теңге. Ұзақтығы – 74 шақырым. Жоба құрамына тораптық станцияларды салу және реконструкциялау, разъез бен желілердің құрылысы, оларға электр жүйесін тарту кіреді», - деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ,   «Алматы-Қорғас» автомобиль жолы учаскесінде  «Нұр жолы» өткізу пунктін салу және пайдалану» Мемлекеттік жеке-меншік әріптестік жобасы  2017-2025 жылдары пайдалануға берілуі керек.

«2017 жылдың 26-шы желтоқсанында біздің Министрлік пен Қаржы министрлігі және «Evrotranzit Terminal» ЖШС арасында «Алматы-Қорғас» автожолы учаскесінде өткізу пунктін салу мен пайдалану жөніндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартына қол қойылды.Құрылыс биыл екініші тоқсанында аяқталады және ол 2026-шы жылға дейін пайдаланылады», - деді Ж. Қасымбек.

Сонымен қатар,  «Оңтүстік Қазақстан облысында жүрдек автомобиль жолдарын салу және пайдалану» концессиялық жобасы да бар.

Жоба құрамына Шымкент қаласының Солтүстік (36 км) және Оңтүстік-Батыс (56 км) айналма жолы, Сарыағаш қ. (48 км) айналма жолы, Шымкент-Ташкент (72 км) және Жизақ-Сарыағаш-Жібек жолы (42 км)  айналма жолдары кіреді.

«Өткен жылы Шымкент қаласы айналма жолының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді.Биыл қараша айына дейін Азия даму банкінің техникалық көмегі арқылы Сарыағаш қаласы айналма жолының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, конкурстық құжаттаманы дайындау және конкурс жариялау жоспарланып  отыр»,-дейді министр.

Министр айтқандай,  барлық аймақтарда Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің түрлі формаларын енгізу бойынша 33 пилоттық жоба іріктелді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында маңызды концессиялық жобалардың бірі – құны 50 млрд. теңге болатын Маңғыстау облысындағы су тұщыту зауытының құрылысы.

Сондай-ақ, Қызылорда облысы әкімдігімен «Қызылорда су жүйесі» Мемлекеттік қазынашылық кәсіпорыны  балансындағы Қызылорда қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін бұдан әрі сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру пысықталуда.

Министр  пилоттық жобаларды сәтті іске асыру бұл тәжірибені Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың барлық секторында қолдануға мүмкіндік береді, салаға жеке инвестициялар нысандарын басқаруды жақсартады және мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалықты төмендететінін жеткізді.

«Осыған байланысты әкімдіктер жеке инвестициялар тарту бойынша жұмысты жандандыруы тиіс және биылғы жылдың соңына дейін тұжырымдама туралы келісімге қол қойып, іріктелген жобалар бойынша келісімшарттар жасасулары керек», - деді Ж.Қасымбек.

Сондай-ақ, министрлік өңірлермен бірлесіп энергияны үнемдеу саласында жалпы сомасы 9,7 млрд. теңгенің 3 жобасын жүзеге асыруда.

Павлодар облысынада 4,6 млрд. теңге болатын 2 жоба қолға алынды. Екібастұзда   электр желілерінің сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғырту және пайдалану жобасы  жүзеге асырылуда.

Бұл жобалар бойынша шарттар 6 және 8 жыл мерзімге жасалды. Жеке әріптестер энергия үнемдеу технологияларының отандық өндірушілері - «Алтоком Азия» ЖШС және «Пролюкс Лэд» ЖШС.

Жобалар аясында жарықтандыру көздерін олардың энергия тиімділік баламаларына ауыстыру, көшелерді жарықтандыру желілерін жаңғырту, қалалық сыртқы жарықтандыруды басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу қарастырылған.

Осы сияқты жобаларды іске асыру Батыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Қарағанды облыстарында және Астана қаласында басталды.

«Бақытжан Әбдірұлы, энергия үнемдейтін технологияларды енгізу және осы секторға инвестициялар тарту мақсатында Сізден Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға энергия үнемдеуге және энергия тиімділігіне бағытталған Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларды іске асыруды бастау туралы тапсырма беруіңізді сұраймын», - деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, бүгінгі күні Министрлік «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-мен жеке инвесторлардың инвестициялық белсенділігін ынталандыру мақсатында дисконттық облигациялар шығару мәселесін қарастыруда.

Сондай-ақ,  денсаулық сақтау саласындағы жеке-меншік әріптестік бойынша жұмыс жүргзіліп жатыр.

«Қазiргi таңда Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк 175 жобадан тұрады. Оның iшiнде 50 жоба бойынша келiсiмшарттарға қол қойылып, енгiзiлуде. Жасалған келiсiмшарттардың жалпы сомасы 33,7 млрд теңге құрайды. Биылғы жылы 6 өңiрде 15 келiсiмшартқа қол қойылған. Олар: Батыс Қазақстан облысында - 2, Қарағанды облысында - 6, Қызылорда облысында - 3, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстiк Қазақстан облыстарында - 1 келiсiмшарттан. Аталған жобалар дәрiгерлiк амбулатория, емхана мен стационарлардың салынуын және оларды медициналық техникамен жабдықтап, пайдалануға беруiн көздейдi», - дедi Денсаулық сақтау министрі  Елжан Бiртанов.

Сондай-ақ,  мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бойынша Шығыс Қазақстан мен Ақтөбе облысы тиімді жұмыс істеп жатыр. Бұл бойынша өңір әкімдері есептерін оқыды.

Өз кезегінде Премьер – Министр   Бақытжан  Сағынтаев жұмыс баяу жұмыс жүріп жатқан облыстарды жұмысын қайта қарауды тапсырды.

«ШҚО 168, Қарағанды облысы 106, Ақтөбе облысы 127 жобамен алдыңғы қатарда келе жатыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі баяу СҚО, БҚО, Жамбыл облыстарының басшылары жұмыстың не себептен бұлай жүріп жатқанын айтпады. Басқа өңірлерге қарағанда мүмкін кедергілер бар шығар, ол жөнінде айтылмады. Яғни, не ынта жоқ, не жұмыстың бәрі бюджеттен қаржыны алып соны игеруге байланысты болып отыр.Қажетті шешімнің бәрі қабылданып, қажетті заңға өзгерістер енгізу мәселесі де шешіліп жатыр. Осы жарты жылдығына дейін Парламенттің қабылдауымен бәрі заң түрінде шығатын болады. Алдағы уақытта да көп нәрсені шешуге мүмкіндігіміз бар», - деді ол.

Сонымен қатар,   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың     бес  әлеуметтік   бастамасындағы жатақханалар санын көбейту    МЖӘ    бойынша жүзеге асырылғанын назарға алуды тапсырды.

Аягөз Құрмаш

 




Яндекс.Метрика