Шолу

Қазақстандағы әскери ұшқыштардың жағдайы мүшкіл

Бүгін Парламент Мәжілісінде Үкімет сағаты өтті. Шарада Қазақстанда әскери білім беруді, ғылымды дамыту және әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыру мәселелері талқыланды. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко төрағалық еткен отырыста әскери саланың әлеуметтік проблемалары мен маңызды тетіктері талқылданды. Толығырақ Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы09 Сәуір , 14:24

Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко елдің  әскери  саласы оның ішінде әскери білім беру, ғылымды дамыту мен әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастыру маңызды бағыттың бірі екенін айтты. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өз Жолдауларында  бұл тақырыпты жиі айтады. Елдің  қорғанысы  басты факторлардың бірі болып табылады.

Аталмыш сала бойынша баяндама жасаған  Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов әскери ұшқыштардың жалақысы аз болған соң олардың әуе компанияларға жұмысқа ауысып кететінін мәлімдеді.Былтыр 25 адам жұмыстан кеткен көрінеді. Олар 1,5 миллион теңге жалақы беретін «Эйр Астана», «Скат» секілді әуе компанияларына ауысып жатыр.

«Біздің ресейлік әріптестеріміз, дәл сондай ұшқыштар 800 мың рубль алады. Ал біздің бірінші санаттағы ұшқыштардың алатыны – 270 мың теңге. Осы мәселе бойынша хат жаздым, оған Елбасы қолдау білдірді. Мемлекет басшысы ұшқыштардың тым болмаса 450-500 мың теңге алуы үшін Үкіметке олардың жалақысын екі есеге көтеруді тапсырды», - деді министр.

Бұдан бөлек, Сәкен Жасұзақов біліктілігін арттыруға келген тыңдаушылардың жалақысы толық төленбейтінін атап өтті.

«Бізді басқасы мазалап отыр. Әлі күнге дейін оқуға келген біздің тыңдаушылар ақшаның 70%-ын ғана алады. Отбасы бар, білім алу керек... Бұл әдісті қайта қарау үшін қаншама рет мәселе көтердік. Қызметкер әскерде алып жүргендей оқуға келген соң толық жалақысын алуы керек. Оның әйелі жұмыс істемейді, ал ол мұнда тек оқумен айналысады, қосымша кіріс жоқ дегендей белгілі бір жағдай бар», - деді Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов.

Ал,  Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман  әскери-ғылыми әлеует толық пайдаланылмай келе жатқанын айтты.  Оның айтуынша,  әскери білімді   қазақстандық білім беру жүйесінің ажырамас, құрамдас бөлігі деп қарау керек.Осыған байланысты, әскери және азаматтық жоғары оқу орындары өзара тығыз қарым-қатынаста болып, үздік педагогикалық тәжірибелерімен алмасуы тиіс.

«Сонда ғана әскери білім берудің берік негізін қалап, жоғары деңгейін қамтамасыз етуге болады. Сонымен қатар, қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне жоғары білікті инженер-техник мамандар даярлау әлі шешімін таппай келе жатқанын айта кету керек. Қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласына мамандарды қажет болса шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқытып, тиісті қорғаныс кәсіпорындарында тәжірибеден өткізу қажет», - деп тоқталды депутат.

Оның пайымынша, ғылымды дамытпайынша, қазіргі заманға сай кәсіпқой армия құру мүмкін емес. Талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, қолдағы бар ғылыми әлеует толық пайдаланылмай келеді.

«Инновацияларға қатысты бір мәселеге тоқталып өтейін. Ресми деректерге қарағанда, 2009 жылдан бастап күні бүгінге дейін әскери тақырып бойынша 38 авторлық куәлік пен патенттер тіркелді. Олардың негізгі тақырыптары: қазіргі заманғы әскери білім беру жүйесі, басқару жүйесі, ағылшын тілін үйрену үшін мобильді жүйе, жаңа инженерлік-техникалық шешімдер», - дейді ол.

Дегенмен, әскери ғылыми зерттеу нәтижелерін әзірлеу және енгізу жұмысын күшейту керек. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі болашаққа арналған ғылыми бағыттарды айқындап, оларды тиісінше қаржыландыруды Қазақстан Республикасында ғылымды дамытудың басым бағыттары тізбесіне енгізуі тиіс

Ұлттық және Инженерлик академияларының әлеуетін қолдану қажет. Қорғаныс қабілетін дамыту үшін озық идеялар мен тәсілдерді, жаңа технологияларды іздестіру, дамыту және енгізу мақсатында әскери инновациялық технополис құру туралы шешім қабылдаған РФ тәжірибесімен танысу артық болмас, дейді ол.

Сондай-ақ,  ол әскери оқу орындарында тәрбие жұмысының деңгейін көтеру керектігін айты.

 «Қарулы Күштер қызметінде әскери-патриоттық клуб жұмыстарын, жастардың әскери қызметке дайындығын үйлестіруге және қолдауға айрықша мән берілуі керек. Осы орайда, республикалық интернационалист-жауынгерлердің және Қарулы Күштер ардагерлерінің ұйымдарымен, жастармен байланысты күшейту қажет», - деді ол.

Ал әскери университеттердегі тәрбие жұмысының деңгейі жақсы деп айта алмаймыз. Бас әскери прокурордын мәліметі бойынша, 2017 жылда 27 қылмыс тіркелді, атап айтсақ жарғыдан тыс жағдай, парақорлық, тіпті курсант өлтіру оқиғалары бар (Ұлттык гвардия университеті). 2018 жылы үш қылмыс тіркелді. Осы проблемаға ерекше назар аудару қажет және университет басшыларын тікелей жауапкершілікке тарту керек.

Осы орайда, ол қатардағы әскерлердің саяси-тәрбие жұмыстарында қазіргі заманға сай әдістерді қолдануда көршілес елдердің тәжірибесіне назар аудару қажеттігін сөз етті.

«Көпфункционалды ақпараттық жылжымалы кешеннің тиімділігі зор. Ол - мультимедиалық құралдармен жабдықталған және далалық жерде әскери қызметшілер арасында мәдени-көпшілік жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірі бойынша, жоғары технология дәуірінде дүниеге келген жастардың әскери қызметіне оң әсерін тигізері анық. Тұтастай алғанда, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында біртұтас бағытын айқындау әскери білім беру мен ғылымды дамытудың, заман талабына сай патриоттық тәрбие берудің жүйесін қалыптастырудың маңызды факторы болып табылады. Осыған байланысты министрлік әскери мамандарды даярлаудың тиімділігін арттыру мәселесін шешу және біздің Қарулы Күштердің әскери қабілетін күшейту мақсатында ғылыми әлеуетті пайдалану аясында белсенді ұсыныс жасауы қажет деп санаймыз», - деді М. Ерман.  

Сонымен қатар,  Тәуелсіздік жылдарында 6 мыңға жуық Қазақстан әскерилері шетелде білім алған.

Халықаралық ынтымақтастықа тоқталсақ, Тәуелсіздік жылдарында 12 елде 5963 әскери қызметші білім алып, олар Ресей, Беларусь, АҚШ, Еуропа және Азия елдерінде біліктілік шыңдады.

М.Ерман атап өткендей,  Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары мен докторанттарының шетелдерде тәжірибеден өтуі өзінің тиімділігін көрсетті. Елімізде Армениядан, Тәжікстаннан және Қырғызстаннан курсанттар оқып жатыр.

Белгілі болғандай, олар Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштері әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтында білім алуда.

Бұдан бөлек М. Ерман әлемдік тәжірибиеге тоқтала келе, әскери іс-қимылдың бір түрі едәуір дәрежеде ақпараттық салаға қатысты екенін атап өтті.

«Сондықтан киберсоғыс жағдайында тактика мен әдісті өзгертудің маңыздылығы артады. Осыған байланысты, қазіргі кезде әскери мамандарды даярлауда ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында  цифрландыруды енгізіп, білім беру ресурстарын электрондық түрге көшіру, электронды оқу материалдарын әзірлеу, тактикалық дайындық, әскери іс-қимылды, техникаларды басқаруда цифрлы тренажерларды қолдану қажет. Бірінші кезекте осы технологияларды қолдануды білетін оқытушылар мен нұсқаушыларды дайындау керек», - деді ол.

Өз кезегінде  Мәжiлiс төрағасының орынбасары Владимир Божко Қарулы күштер барған сайын ғылымды қажет ететінін айтып, әскери саладағы қыздар мен әйелдер санын арттыруға шақырды.

  «Ерлер үшiн ұят, бiрақ жоғары оқу орны мен мектептi алтын медальмен бiтiретiндердiң көбi - қыздар. Сондықтан менiң ойымша, елiмiздiң осы интеллектуалды құрамын әскерге тартуға тырысу қажет. Мысалы, қазiр Ресейде десантшы қыздар бар. Ал, бұл аса ауыр мамандық. Әрине, бiз әйел затын құрметтеп, қорғаймыз. Дегенмен, бiз бүкiл әлем дамып жатқан бағыттан ауытқымауымыз керек»,- дедi Владимир Божко.

Ал  Қорғаныс министрi Сәкен Жасұзақов Мәжiлiс вице-спикерiн қолдады. Ол нәзiк жандардың қатарда болуы әскери қызметкерлерге жағымды ықпал ететiнiн айтты.

«Мен сiздi қолдаймын. Жақында ғана мен әскери қолбасшыларға тәрбие-идеологиялық жұмыс жөнiндегi рота, батальон, бригада командирлерi қызметiне жоғары бiлiмi мен тәжiрибесi бар әйелдердi iрiктеудi тапсырдым. Бiз кезiнде осындай тәжiрибе жүргiзген едiк. Яғни, тәрбие жұмысы жөнiндегi командир орынбасары қызметiне әйелдердi тағайындаған болатынбыз. Сонда жағдай бiрден жақсарды: сарбаздар, офицерлер мен сержанттар тап-таза, мұнтаздай болып қалды. Яғни, бұның жағымды жағы бар, бiз осыны қайта қолға алғымыз келедi», - дедi Жасұзақов.

Сондай-ақ, 2,5  сағатқа созылған  жиында депутаттық сауалдар, жолданып ұсыныстар қабылданды.

Аягөз Құрмаш 

 




Яндекс.Метрика