Сараптама

ҚХР-да оқып жүр талай қазақ баласы (1-бөлім)

«Ұлы Жібек жолы» бойымен тек тауар-өнім тарап, сауда-саттық дамыды десек қателесеміз. Жібек жолымен жеті жұрттың тілі мен діні танылып, мәдениетаралық коммуникация орнады. Тарихшы-профессор Т.Зәкенұлының «Мәңгітас» тарихи романында Таң династиясы кезеңінде(751-907 жж) 3 мыңға жуық түрік, тибет, корей және т.б көшпенділердің өкілдері табғаш астанасы Чаңанда(қазіргі Сиань) қолөнер, егіншілік, әскери іс, ел басқару ілімін үйренгені айтылады. Солардың қатарында болған Тоныкөк «...елу жыл ісін, күшін берген», «күндіз отырмаған, түнде ұйықтамаған» түріктердің тәуелсіздігін қайтару жолында Чаңанда алған білімін пайдаланған деседі. Яғни, «санасы сақ, құлағы түрік» халықтың Қытай елінде білім алу тарихы тереңнен басталады. Ал бүгінгі «Жаңа Жібек жолы» білім мен инновацияның жолына айнала ма? Қазақстанның білім саласы қаншалықты бәсекеге қабілетті? Шығыстанушы Олжас Бейсенбаевтың сараптамасы, білім іздеушілердің бір кәдесіне жарар деген мақсатпен жариялап отырмыз. Оқып көріңіз...
Астана қаласы09 Сәуір , 09:56

Тәуелсіздіктің алғашқы жемісі – «Болашақ» бағдарламасы ата-бабасының табаны тимеген теңіздің арғы беті, Еуразияның қай шетінде болмасын, Қазақстан жастарының қалаған ілімін игеруге жол ашты. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында: «Мемлекеттің қаржылық жағдайы елеулі шығындарды ауырсынатынына қарамастан, ең лайықты деген жас қазақстандықтарды әлемнің үздік университеттерінде оқытуға пәрмен бердім» дейді. Бағдарлама бойынша шет елдік жоғары оқу орындарының географиясы әлемнің 13 елінен 33-ке дейін жетті. Білім алудың Шығыс бағыты дамытылып, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия және Сингапурдің университеттері тізімге енді. «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша әлемнің 170 үздік оқу орнында білім алу үшін 12 000 қазақстандыққа жолдама берілген. Қазірге дейін 140 мың Қазақстан азаматы шекараның сыртында білім шыңдаған десек, «болашақтықтар» оның аз бөлігін қамтиды. Назар аударғымыз келетіні, ҚХР университеттері қазақ жастарын оқыту жағынан үлкен орын алады. 2013 жылғы «Жібек жолының экономикалық белдеуінен» кейін Қазақстан мен Қытайдың білім саласындағы ынтымақтастығы нығая түскен.

«Жібек жолы» бойындағы білім миграциясы қандай?

1978 жылы Дэн Сяопиннің «Реформа және ашықтық» саясаты жарияланған соң, Қытай жастары әлемнің түкпір-түкпіріне технология мен инновацияны меңгеруге жіберілді. Соңғы 40 жылда 5 194 900 қытайлық студент шет елде «көз ашқан». Батыстың алдыңғы қатарлы ЖОО-да оқыған қытайлықтардың 83,73 % отанына оралып, Қытай экономикасы мен өндірісін дамытуға қызмет еткен. Алғашында КСРО-дан, кейін Батыстан үйренген Қытай енді әлемді оқыта бастады. Коммунистік партияның XIX съезінің ашылуында Си Цзиньпин «Қытай ғылым мен техника, аэрокосмостық технология мен интернет саласында көшбасшы державаға айналатынын» мәлімдеді.

Азиядағы білім алуға тартымды мемлекеттердің ондығында Қытай көш бастап тұр. Айдаһар-мемлекетте әлемнің 203 елінен жастар жиналған. Қытайдағы студенттер саны жағынан Қазақстан 9-орында, ол Франция, Вьетнам, Германия,Ұлыбританияның алдында тұр. ҚХР Білім министрлігінің статистикасына сүйенсек, 2005 жылы Қытайда 781 қазақстандық оқыса, 2014 жылы ол 11 764-ке жеткен. Қазіргі уақытта 14 224 адам деген дерек бар.

Әлемнің 67 мемлекетінен тұратын «Белдеу мен жол» елдері Қытайдағы студенттердің басым бөлігін құрайды. 2017 жылы олардың саны 11 %-ға өсіп, 317 200-ге жеткен. Бұл – ҚХР-дағы шет елдік студенттердің 65 %-ы. «Liu xue sheng»(шет елдік студент) көпшілігі Қытайдың Бейжің, Шанхай, Цзянсу және Чжэцзян сияқты дамыған қала-провинцияларында оқиды. Бағдарлама бойынша магистранттар мен PhD докторлардың үлесі көп және инженерия, менеджмент, ғылым, агрономия мамандықтарын таңдаған. Алайда, аймақ елдерінің Қытайда оқуға деген қызығушылығы біржақты болып отырған жоқ.

Соңғы жылдары «Жібек жолы» елдерінде де білім алуды қалайтын қытайлық студенттердің саны өскен. ҚХР Білім министрлігінің хабарынша, 2017 жылы олардың саны 66 100 болды, 2016 жылмен салыстырғанда 15,7 %-ға өскен. Оның ішінде 3 679 студент Қытай Үкіметінің грантымен, қалғаны өз қаражатымен оқиды. Қытай «Жібек жолы» елдерімен білім саласында 45 келісімшарт бекіткен. Азиядағы оқуға тартымды 10 мемлекеттің ішінде Қазақстан да бар. Қазақстандағы Қытай азаматтарының да саны жыл санап артуда. Жалпы, 2017 жылы шет елде оқитын қытайлықтардың саны 600 мыңға жетсе, олардың 80 пайызы оқу тәмамдалған соң елдеріне қайтыпты.

Қытай-Қазақстан арасында қандай оқу гранттары бар?

Қытайда оқитын студенттер санының жылдан-жылға артуына ең алдымен ҚХР Үкіметі бөлетін оқу гранттары себеп. 2017 жылы 14 мамырда өткен «Бір белдеу – бір жол» халықаралық форумында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин: «Ұлы Жібек жолының» рухын басшылыққа ала отырып, біз Зияткерлік Жібек жолын құруға күш салып келеміз. Осы орайда Қытай үкіметі шет елдіктерге жыл сайын 10 мың грант бөледі.

Қытайдың жергілікті органдары мәдениет пен білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту үшін «Жібек жолы» стипендиясын белгіледі» деді. Қытай тарапы бөлетін гранттарға шолу жасасақ, төмендегідей тізім шығады:  

1. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Қытайдың беделді (Синьхуа, Фудан, Бейжің, Гонконг) университеттерінде білім алу мүмкіншілігі;

2. Екіжақты келісімшарт негізінде Қытай үкіметінің гранты. Биылғы жылы 145 стипендия бөлінді(ШЫҰ гранттары қоса есептелген);

3. Конфуций институттарының гранты;

4. Жыл сайынғы «Hanyuqiao» (Қытай тілі көпірі) және студенттер арасындағы тіл олимпиадасының жеңімпаздарына бөлінетін гранттар;

5. CNPC сынды қытайлық ірі мұнай-газ компанияларының оқу гранты;

6. ҚХР мен ҚР Білім министрлігі арасындағы студентпен алмасу бағдарламасы;

7. ҚХР мен ҚР оқу орындары келісімшарты негізіндегі студенттер тағылымдамасы;

8. Қытайлық ЖОО мен ғылыми-зерттеу орталықтарының жеке гранттары;

9. ҚХР провинция басшылығының гранттары;

10. «Ұлы Жібек жолы» бағдарламасы және т.б

(Жалғасы бар)

Олжас Бейсенбаев

 




Яндекс.Метрика