Шолу

Мәжілісмендер өңірлерде: қарапайым халықтың жағдайын жақсартуға барынша атсалысамыз

Парламенттің төменгі палатасының депутаттары өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездесуді жалғастыруда. Халық қалаулылары өңірлердегі экономикалық, әлеуметтік мәселелердің ахуалымен танысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 әлеуметтік бастамасын түсіндірді. Сондай-ақ, еңбек ұжымдарымен кездескен депутаттар халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды жүзеге асыруда аянбайтындарын жеткізді. Аймақтардағы сапар туралы Strategy2050.kz АА әзірлеген шолудан оқи иаласыздар.
Нұр-Сұлтан06 Сәуір , 10:44

Т.Хитуов, И.Унжакова, Г.Шиповских, Б.Хаменова сынды Мәжіліс депутаттары Жаңаөзен қаласындағы  «Жанарыс» ЖШС ұжымымен кездесіп, жұмысымен танысты.

Кездесу барысында депутаттар Елбасының бес əлеуметтік бастамасын түсіндіріп, ұжым мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

1989 жылы негізі қаланған Жаңаөзен тігін фабрикасы, 1996 жылы ЖШС «Жанарыс» болып қайта құрылып, бүгінгі таңда 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Фабрика Маңғыстау облысында, жеңіл өнеркәсіп саласында ең ірі өндіріс болып табылады.

ЖШС «Жанарыс» тігін фабрикасы негізгі өнімдері – мұнайшыларға , құрылысшыларға, коммуналды және медицина қызмет көрсетушілерге жалпы жаппай қызмет көрсету аясының жұмысшыларын арнайы жұмыс киімімен камтамасыз етеді. Фабрика Жапониялық «Брайзер», «Джуки», Германдық «Текстима», «Дюркооп-Адлер», Ресейлік «Орша» зауыттарының жоғары жылдамдықты техникаларымен жабдықталған. Фабрика маңызды өндірістік объектілерден: эксперименталды цех, тігін цехы және дайындау-қию цехынан тұрады.

2014 жылы Жетібай селосынан жұмыссыздықты жою үшін 200 жұмыс орындық тігін және кір жуу цехы жұмысқа қосылды. Өнім көлемінің өсуіне байланысты, жұмысшы санының артуына кеңінен ықпал етіп отырған фабриканың жұмысымен танысқан депутаттар еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып отырған кәсіпкерлер жұмысына табыс тіледі.

Сонымен қатар,  Мәжілісі депутаттары Дархан Мыңбай, Балайым Кесебаева, Фахриддин Қаратаев, Амангелді Дәуренбаев, Абзал Ералиев және Наталья Жұмаділдаева Сыр өңіріндегі жұмыс сапары барысында Шиелі ауданындағы нысындарды аралады.

Халық қалулылары алдымен «Мөлдір и К» толық серіктестігінің құс шаруашылығы жұмысымен танысты. «Мөлдір и К» толық серіктестігінің құс шаруашылығы 2016 жылы іске қосылған. Жалпы құны 165 млн. Жергілікті бюджеттен 10 млн. теңге қаражат бөлінген.

Құс фермасына қажетті құрал жабдықтардың барлығы Қытай елінен әкелінген. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктен алынған қосымша 33 млн. 500 мың теңгеге 2-цехты іске қосқан. Бүгінде құс фермасы тәулігіне 20 мың дана жұмыртқа өндіріп, өңір тұрғындарын қатмасыз етіп отыр.

«Біз тәулігіне 20 мың дана жұмыртқа өнідіру арқылы облыс көлеміндегі жұмыртқа бағасының төмендеуіне үлкен көмек жасап отырмыз. Алдағы уақытта ет бағытындағы құс өсіруді жолға қойып, жылына 65 тонна құс етін өндіруге жұмыс жасап жатырмыз»,- деді ферма жұмысымен таныстырған серіктестік басшысы Насырбек Мырзабеков.

 Келесі кезекте депутаттар Көкшоқы ауылдық округіне аялдады. Онда құрылысы 2008 жылы қараша айында іске қосылған жылыжай жұмысымен танысты. Жылыжайдың жалпы көлемі 35 соттық жерді құрайды. Құрылыс жұмыстарына 21,0 млн. теңге қаржы жұмсалған.

Бүгінгі күнге дейін мұнда қызанақ, қияр секілді көкөністер егіліп бапталып, жылына 20 тонна қияр, 10 тонна қызанақ өнімі алынып отырған. Жылыжайда 4 азамат тұрақты және маусымдық жұмыста 8 азамат жұмыс жасайды.

Олар орташа жалақысы 60,0 мың теңгені құрайтындығын айтады. Жылыжайға өткен жылдың қазан айында 18,0 сотық жерге тамшылап суару әдісі бойынша сарымсақ егілген. Алғашқы өнімін жинау осы сәуір айының соңына жоспарланып отыр. Аудан тынысымен танысқан депутаттар жұмыстардың жоғары деңгейде жүргізілгенін жеткізді.

« Сыр өңірінің даму қарқыны жоғары деңгейде. Ауыл өссе, ел дамиды. Шиелі ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіліміз толды. Ондағы кәсіпкерлер мен фермерлердің ауылдың өркендеуіне үлес қосқаны қуантты. Соның ішінде құс фермасының да, жылыжай кешенінің де жұмысына ризамыз. Шетелдің химикаттары толтырылған тауарын алғаннан гөрі, өзіміздің кәсіпкерлерді қолпаштап, «Қазақстанда жасалған» белгісін қолдағанымыз жөн»,- дейді мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай.

Жалпы, жұмыс сапары барысында халық қалаулылары жұмысшылар тарапынан талқыға түскен сұрақтар мен ұсыныстарға жауап беріп, қарапайым халықта мұқтаждық тумауы үшін аянбайтындықтарын жеткізді.

Ал,   Ирина Аронова, Бақытжан Ертаев, Гүлнар Бижанова, Нұрлан Әбдіров, Альберт Рау және Арман Қожахметов Қостанай облысындағы жұмыс сапарының шеңберінде Рудный қаласы мен Қашар кентінде болып, сайлаушылармен кездесулер өткізді.

Депутаттар еліміздің ең ірі өнеркәсіп орындарының бірі «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ құрамына кіретін Қашар кен басқармасында болды.

Халықпен кездесудің алдында депутаттар өндірістік цехтар, тасымал агрегаттары мен экскаваторлардың жұмысымен танысып, соңында кен басқармасы кәсіпорнының ұжымымен кездесті. Қашар кен басқармасы бойынша жылына 14 млн. тонна руда өндірілетінін айта кету керек.

 «ССКӨБ» АҚ осы бөлімшесінің басшылары атап өткеніндей, айлық еңбекақылары 190 мың теңгені құрайтын 1200-ден астам адам жұмыс істейді. Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әбдіров пен Арман Қожахметов облыстағы ірі техникалық жоғарғы оқу орнының бірі – Рудный индустриалды институтының студенттерімен және профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесіп, негізгі назарды әлеуметтік бастаманың «Жоғары білімге қол жетімділік және оның сапасы» бағытындағы үшінші тармағына аударды.

Сонымен бірге, үстіміздегі жылдың тамыз айында іске қосылатын ипотекалық несиелендірудің «7-20-25» бағдарламасы да назардан тыс қалған жоқ. Кездесуге қатынасушылар айлық төлем, ипотекалық бағдарламаның екінші деңгейдегі банкілер беретін сомасының мөлшеріне қатысты және басқа да сұрақтар қойып, тұщымды жауап алды.

 Кездесуден кейін депутаттарға инновациялық технологиялар зертханасын, КНАУФ мамандандырылған кластарын, геологиялық мұражайды аралатып, электр қуаты мен жылу қуаты кафедрасының ғылыми-оқу құралдарын көрсетті.

Бұл күні Мәжіліс депутаттары Гүлнар Бижанова мен Юрий Тимошенко Рудный қалалық ауруханасында болды. Заманауи медицина құралдарымен жабдықталған хирургиялық, реанимациялық және рентгенологиялық бөлімдерді аралап көрген депутаттар медицина қызметкерлерімен әлеуметтік бес бастама тақырыбын талдады. Елбасының осы бастамасының Қазақстанның барлық халқы үшін маңыздылығына тағы да тоқталып өтті.

Өз кезегінде медицина саласының қызметкерлері Елбасының әлеуметтік бастамаларын көтеріңкі көңіл-күймен қабылдағандарын және бұл бастамалардың кеншілер қаласы тұрғындарының тұрмыстарына зор оң әсер әкелетініне сенімділіктерін білдірді.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Роман Ким Жамбыл облысындағы сапары барасында Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов пен облыстың этномәдени бірлестіктерінің белсенділерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясымен, Қазақстанның корейлер ассоциациясымен, Тараз мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаты «Сенім» Жамбыл баспа орталығы» ЖШС, «Жасұлан-Флора» ЖШС, ТИГУ жөнінде агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты, «Байзақ ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі», «Луговой ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ қызметімен танысты.

Сондай-ақ, Жамбыл облысындағы іс-шаралар барысында елдегі ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік саласындағы проблемалық мәселелер көтерілді. Барлық кездесулер іскерлік және ықпалдастық деңгейде өтті.

Айта кетейік, мәжілісмендердің аймақтарға сапары бүгін, 6 сәуір аяқталуы тиіс.

Аягөз Құрмаш 

 




Яндекс.Метрика