Шолу

Нұрсұлтан Назарбаев: Астана - Қазақстанның жеңісі

Бүгін Астанада елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжіліс өтті. Шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Қала әкімі Әсет Исекешев елорданы дамыту бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ, биыл елорданың 20 жылдық мерейтойы тойланбақ. Астананың 20 жылдығы аясында қандай шаралар жүзеге асырылатыны туралы Strategy2050.kz АА-ның шолуынан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан05 Сәуір , 17:36

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорда жиырма жылдың ішінде толағай табыстарға жеткенін айтып, ен далада алып шаһар тұрғызылғанын жеткізді. Қала құрылысына атсалысқан барлық мамандардың еңбегін жоғары бағалады.

«Биыл Астананың 20 жылдығын атап өтетін боламыз. Менімен бірге сол кезде бірінші келген қатарластарым, басқа да жастардың есінде болса, біз ен далаға келдік. Бұрынғы Ақмола қаласына келдік. Жаңа қаланың орнында мидай дала, еш нәрсе жоқ болатын. Қазір келе жатқанда қаланы көргенде өзім де таңғаламын осылай болғанына. Біз ата-бабаның арманын орындап, Сарыарқаның төрінде ел ордасы Астананы салып, ол астананы әдемілеп, дүниежүзін таңғалдырып, көршілерімізді қуантатын шаһарға айналдырдық. Қысқаша айтқан осы екі-үш сөйлемнің ішінде қыруар еңбек жатыр, күндіз-түні, аязда, боранда тынбай тірлік істеген құрылысшылар, монтажшылар, қаланың ішін өңдеген адамдар және біздің де көптеген еңбегіміз бар. Сондықтан, осы 20 жылдықты қалай өткіземіз деген мәселемен биыл жиналып отырмыз. Жылда қаланың істеген шаруасын осылай кеңесте ақылға салып, әрі қарай не істеу керек екенін ақылдасамыз», - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

ҚР Президенті Астананың алып шаһарға қалай айналғанына тоқталып өтті. Елорданың халықаралық аренадағы мәртебесін де  атап өтті.

«Осы қысқа тарихи кезең ішінде елордамыз сәйкес инфрақұрылымы бар үлкен мегаполиске және түрлі маңызды шаралар өткізу арқылы әлем назарын өзіне аударған алып қалаға айналды. Сонымен қатар, қаламыз бейбітшілік пен келісім шаһарына айналды. Біздің елордамыз қала тұрғындарын, отандастарымызды, көршілерімізді қуантады деп санаймын. Америкалық танымал журналист Ларри Кингтің елордаға келген кезінде айтқан мына бір сөзі есіме түсіп отыр. Ол «бүкіл тарихта мемлекеттер қалаларды жаулап алып жатса, ал Қазақстан қала салып жатыр» деді. Бұл сөздер көп нәрсені айқындап тұр. Қаланы өз қолымызбен салғанымыз үшін біз қуанамыз, тамсанамыз. Бұл біздің халқымыздың жеңісі, Қазақстанның жеңісі және осы қаланы салып, кірпішін қалаған әрбір азаматтың жеңісі. Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, одан әрі жұмыс жасайтын боламыз», - деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде  қала әкімі Әсет Исекешев  елорданы дамыту  бойынша индикаторлардың орындауы мен  қандай істер атқарылып жатқаны туралы айтты. Ол осыдан жиырма жыл бұрын  Елбасының тарихи шешімі қабылдануының нәтижесінде жаңа қала бой көтергенін атап өтті. Кейін Әсет Исекешев қаладағы өзекті мәселеге тоқталды.

«Бірінші және негізгі сұрақ – бұл үй мәселесі. 2017 жылы Астанада рекордтық деңгейде 2 млн 360 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл республикалық көрсеткіштің 25%-ы. Коммерциялық құрылыс туралы сізге есеп бердік. Алдағы уақытта құрылыс жүргізілетін 4 перспективалық аймақ анықталды. Бұл аумақта ауданы 17 млн шаршы метр болатын тұрғын үй салуға болады. Сонымен қатар, қаланың ескі бөлігінде реинновациялық жұмыстар да жүргізіледі», - деді ол.

Сонымен қатар, қала әкімі мемлекеттік бағдарламалар бойынша қандай жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Оның айтуынша, Астана әкімдігі қолжетімді баспана бағдарламасын әзірлеп жатыр.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» негізінде қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы қала тұрғындарына жаңа пәтер алуға қосымша мүмкіндік береді. «Нұрлы жер» бағдарламасы және президенттің 5 әлеуметтік бастамасы негізінде біз қазіргі таңда өңірлік қолжетімді тұрғын үй бағдарламасын дайындап жатырмыз», - деді Әсет Исекешев.

Сонымен қатар,  әкім айтып өткендей,  Астанада жаңадан 10 емхана ашылады.

«Әкімдік өмір сапасы мен ұзақтығына әсер ететін негізгі ауруларға назар аударып отыр. Соңғы 10 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері бойынша оңтайлы қарқын бар. Инсульттік орталықтардың ашылуы, диагностика мен емдеуде жаңа технологияларды қолдану өткен жылы инсульттен өлім-жітімді 33,7 пайызға, ал миокард инфаркты 36,4 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді», - деді   әкім.

Бұдан бөлек, ол медициналық көмек көрсетуге айрықша мән беріліп отырғанын жеткізді. Тек 2017 жылы 8 700 медициналық мамандар біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар, 40 дәрігер Оңтүстік Корея, Израиль және Германияның үздік клиникаларында білімін жетілдірді. Ағымдағы жылы да бұл жұмыстар жалғаспақ.

Биылғы қыркүйектен бастап дәрігердің жұмыс орнын толықтай автоматтандыру қамтамасыз етіліп, қағазбастылық  кезең-кезеңмен жойылады.

 Атап айтқанда, медициналық ұйымдардың шамадан тыс жүктемесі мен олардағы кезектілік мәселесі мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі көмегімен шешілуде.

«Жаңа емханалардың құрылысының орнына сенімгерлік басқаруға берумен қолайлы ғимараттарды сатып алу жоспарланып отыр. 2025 жылға дейін 10 емхананы ашу көзделген. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері арқылы 20 млрд теңгені үнемдеу мүмкіндігі бар», - деді әкім.

Белгілі болғандай, Сарыарқа ауданында көпбейінді жаңа аурухананың құрылысы жоспарға енгізілді.  

Сондай-ақ,   биыл елордада 6 мектеп пайдалануға беріледі. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 70,6-дан 80 пайызға дейін артты. Қалада 94 мемлекеттік және 181 жеке балабақша жұмыс істейді.

«Жылдың соңына дейін балалардың 90 пайызын негізінен жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс бөлу есебінен қамтимыз», - деді қала басшысы.

 Оның айтуынша, елордада мектепке баратын балалардың саны 143 мыңнан асады. Оқушылар саны соңғы 7 жылда 2 есеге жуық артқан.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша Үкіметпен бірлесіп, таяу үш жылда 27 мектеп пен 10 жапсарлас ғимарат құрылысы бойынша жоспар түздік. 10 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 6-ауы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі», - деді Әсет Исекешев.

Оның сөзіне қарағанда, ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес құрылыс нормаларына өзгерістер енгізілген. Ендігі уақытта елордада мектептер 3 мыңға дейін оқушыны қамтуға шақталып салынады. Мектептердің жер телімі 3 гектардан 2 гектарға дейін қысқартылды.

«Астана жан басына қаржыландыруды енгізу бойынша ілкі қала саналады. Бұл жеке инвестиция есебінен мектеп салуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта БАӘ мен Сингапур инвесторларының есебінен 5 мың оқушыға арналған 3 халықаралық мектепті қоса алғанда бірнеше мектептің жобасы дайындалуда»,- деді ол.

Қала әкімі Елбасының  5 әлеуметтік бастамасы  бойынша  да шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.  2020 жылы Астанадағы барлық үш жылу электр орталығы, сонымен бірге Оңтүстік Шығыс, Көктал-1 және Көктал-2 шағын аудандары толығымен газбен қамтылады.

«Бес әлеуметтік бастама аясында Қазақстанның орталық өңірлерін газбен қамту туралы тапсырмаңыз шынында да, тарихи шешім болып табылады. Ол елордамыздың дамуына ерекше серпін беріп, ең алдымен экологияның жақсаруына септігін тигізеді», - деді қала басшысы мәжілісте.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қала әкімдігі Энергетика министрлігі және «ҚазТрансГаз» АҚ-пен бірге жол картасын әзірлеп жатыр.

«Қазіргі таңда қалалық газ тарту желілері бойынша 3 кезектен тұратын техникалық-экономикалық негіздеме жасалды. Алғашқы кезеңде 2020 жылы Астанадағы барлық үш ЖЭО-ны (17 су қайнататын қазандық) газға ауыстыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, түтін көп шығатын Оңтүстік Шығыс, Көктал-1 және Көктал-2 шағын аудандарын газға 2020 жылға дейін ауыстыру жоспарлануда. Бұл шаралар ауаға зиянды заттардың бөлінісін 30 пайызға дейін төмендетеді», - деді Ә.Исекешев.

Өз кезегінде,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елорданың  20 жылдығын жақсылап тойлау қажеттігін атап өтті.

«Елордамыздың 20 жасқа толған мерекесін барлығымыз бірлесіп жақсылап атап өтуіміз керек, ол елдің қуанышы. Соны жасайтын жоспарларымыздың барлығын анықтау үшін бүгін кездесіп отырмыз. Қаланы қалай салып, қалай көтергеніміз барлығымыздың есімізде. Суыққа да, ыстыққа да қарамастан, елорданы салуға, әрі дамытуға Қазақстанның әр түкпірінен адамдар келді, яғни барлық өңірлер атсалысты. Бүгінде бүкіл әлем қызығып тамсанады. Әлемдік стандартқа сай, заманауи қала салдық», - деді Мемлекет басшысы.

 Осы орайда Елбасы Астана экономикалық дамудың драйверіне айналғанын, 20 жыл ішінде қаланың жалпы өңірлік өнімі елеулі түрде ұлғайғанын, елорда инвестиция тарту бағытында көшбасшылардың бірі болғанын атап өтті.

Бас қалада ең ірі корпорациялар, трансұлттық компаниялардың кеңселері жұмыс істейді. Сонымен қатар, отандық кәсіпорындар, қаржылық әрі өндіріс ұйымдары қызметтерін жалғастыруда.

«Астана еліміздің ең жылдам өсіп келе жатқан қаласы. Тұрғындардың саны үш есе көбейіп, бүгінде 1 миллионнан асты. Халық санының өсуімен қатар, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 20 жыл ішінде жиырма миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы жылдарда 53 жаңа мектеп, 26 аурухана,  4 аудан құрдық. Елорда жалынды жастардың қаласы. Қазір қала тұрғынының орташа жасы отызда», - деп тоқталды Н. Назарбаев.  

Сонымен қатар,  Елбасы   елорданың көшелері бір жолдың бойында жатса да әртүрлі аталатынына көңіл болды. Осы мәселеге қатысты тапсырма да берді.

«Астананың көшелері адамдарды адастырады. Қашанғы айтуға болады. Бір жолдың бірнеше атауы бар. Міне, қараңыз, Мұхамедханов, Сарайшық, Қошқарбаев көшесі. Осы үш атаудың бәрі бір көшеде тұр. Орынбор, Сығанақ, Қалдаяқов та сол. Бір көшеде. Кім бұны істеген? Пошташы адасып кетеді», - деп сынады Мемлекет басшысы мәжілісте.

 Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев көшелерге атау беру мәселесін ретке келтіруге тапсырды.

«Адам жоқ болатын болса, көшелерді нөмірмен атау керек. Мәселен, Вашингтонда көшелердің бәрі нөмірмен аталады. Ешкім бұдан құрып кеткен жоқ», - деді Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы  елдегі автотұрақ мәселесін шешіп, тұрақтар үшін ақы төлегісі келмейтіндерді қатаң түрде жазалау керек екенін мәлімдеді. Кемеровода болған жағдайдан сабақ алу қажеттігін айтты.

«Кемеровтегі жағдайдан біз барлығымыз сабақ алуымыз керек. Қазір менің тапсырмам бойынша барлық жақта тексеру жүріп жатыр ма? Жүріп жатыр. Бір себеп туындамай, бізде ештеңе істелмейді. Барлық жерлер тексерілуі керек. Тапа-тал түсте қанша адам, қанша бала көз жұмды. Қазір мен байқап отырмын, кәсіпкерлер өздерінде барлығы жақсы, барлығы тамаша екенін дәлелдей бастапты. Бірақ, тексеру жүргізіп, реттеу керек. Ол жерде (сауда ойын-сауық орталықтары – агенттік ескертпесі) балаларға арналған алаңдар бар. Неге ол балалар алаңдарын ғимараттың төменгі емес, ең жоғарғы қабатына орналастыру керек? Жоғарыда сауда орындары болса, балаларға арналған алаңдар төменгі қабатта болуы керек. Ол үшін құрылыс жүргізу барысында сәйкес талаптар қою керек», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Елбасы  қозғаған тағы бір мәселе  қоғамдық тәртіп  болды. Жемқорлықпен сипаттағы қылмыстың саны артып кеткенін де назардан тыс қалдырмады.

«Қоғамдық тәртіп! Өткен жылы жемқорлық сипаттағы қылмыстық істердің саны 2 жарым есеге ұлғайған. Қылмыстық жауапқа 52 қызметкер тартылған... Ішкі істер департаментінің бастығы қайда?», - деді мәжіліс барысында Президент.

 Мемлекет басшысының бұл сөзінен кейін орнынан көтерілген қалалық ІІД бастығы Марат Қожаев өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының қатарында мұндай жағдай кездесіп жататынын мойындады.

«Өз қатарымызда ондайларды анықтауды үйрендік. Прокуратурамен, ҰҚК-мен бірге жұмыс атқарамыз. Жол сақшыларының барлығын видеотіркеушімен қамтыдық. Сонымен қатар, біздің қызметкерлер өз міндетін атқарған кезде ескертпелі және ескертпесіз тексерістерді жүргізудеміз. Бұл жұмысты жалғастыруға тырысамыз», - деді Марат Қожаев.

Бұдан кейін сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев ведомство басшысына тапсырма жүктеді.

«Жарайды. Сіздер өткен жылы ІІМ-мен бірге «ЭКСПО-2017» көрмесі өткен кезде жақсы жұмыс жүргіздіңіздер. Көрме өткен уақытта айтарлықтай ескерту болған жоқ. Демек, біз жұмыс істей аламыз. Мен министрге де айтқан едім: Астана тұрғындар үшін жайлы қала болуы керек. Министрлік осында. Әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, жастарды бұл жұмысқа тартыңыздар. Тәртіп орнат!», - деп тапсырды Президент.

Сонымен қатар, Елбасы лифтілердің мәселесін де қалыпқа келтіруді тапсырып, ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзін толықтай қамтамасыз еткен ел - нағыз тәуелсіз мемлекет екенін еске салды.

«Барлық уақытта да қаланың азық-түлік белдеуі жайында айтып келемін. Қалада инфляция 7,5 пайыз. Қазір Қазақстандағы ең жоғарысы дейді. Солай ма, әлде қанша?», - деді Нұрсұлтан Назарбаев қала басшысы Әсет Исекешевке қарата.

 Астана әкімінің сөзіне қарағанда, наурыз айының қорытындысында елорда инфляция деңгейі бойынша 5-6 орында тұр.

«Ал азық-түлік белдеуіне қатысты айтар болсам, Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы 5 жылда белдеу дамыды. Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында Астана базарларына өнімдерін әкелетін кәсіпорындар бар. Және де елордалық кәсіпорындар қаланы 31 пайызға қамтып отыр. 44 пайызы көршілес облыстардың кәсіпорындары есебінен қамтамасыз етіледі. Олар Астананың базарларына бағдарланған», - деді Әсет Исекешев.

Елбасы 5 әлеуметтік бастаманы толық жүзеге асыру қажеттігін де тілге тиек етті

«Астана заманауи технологиялар мен үздік тәжірибені енгізіп отыр. Мұнда әлемге танымал сәулетшілер өзінің үздік жобаларын жүзеге асырды. Осының барлығы үлкен жауапкершілікті жүктейді. «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылғанын білесіздер. Ол еліміздегі әлемдік қаржы жүйесіне бастайтын көпір болып саналады. Қала төңірегіндегі саябақтар, жасыл белдеу елорданың айшықты белгісі»,- деді Елбасы.

Ол  қаланы салу туралы қабылданған саяси шешім дұрыс екендігін уақыт көрсетіп отырғанын қадап айтты.

«Еліміздің өсетін тағы бір нүктесі пайда болды. Осы бағытта бөлінген қаржының барлығы қайтарылды. Алайда қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмау керек. Жолдауда тиісті міндеттерді белгіледім және сол бойынша жұмысты жандандыру қажет. Сонымен қатар, жаңа «Бес әлеуметтік бастаманы» толық жүзеге асыру керек», - деп түйді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.    

Осылайша, Астананың қазіргі ахуалы мен болашағы,  20 жылдық мерекені тойлау жоспары бірқатар әлеуметтік бастамалар көтерілген жиын соңына жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі жүктеген  тапсырмаларды  қарқынды әрі сапалы жүзеге асыруды тапсырды.

Аягөз Құрмаш

Фото: ашық дереккөз 

 

 




Яндекс.Метрика