Шолу

Үкімет отырысы: Бюджетті нақтылау, білім беру қорытындылары мен ШҚО-ға көмек (ШОЛУ)

Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша 2 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің кезекті отырысында мәлімдеді. Жиында республикалық бюджетті нақтылау, білім мен ғылымды дамыту саласының қорытындылары, фитосанитария, денсаулық саласын цифрландыру мәселелері талқыланды. Үкіметте талқыланған өзекті мәселелердің жиынтығын Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан03 Сәуір , 11:39

2017 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 52,4 трлн теңге деңгейінде бағаланады. Нақты өсім төрт пайызды құрады. Екінші, 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында экономиканың өсімі 4 пайызды құрады. Бұл туралы    2018–2022 жылдарға арналған ҚР әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау  бойынша  баяндама оқыған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов   мәлімдеді.

«2018 жылы мұнайдың болжамды бағасы 1 барреліне 45 АҚШ долларынан 55 АҚШ долларына дейін ұлғайды. Металдардың баға индексі 0,4 пайызға көбейді. Төртіншіден, АҚШ долларына қатысты теңгенің есептік бағамы 340 теңге деңгейінде сақталды. Осылайша, 2017 жылы нақтыланған базаны есепке ала отырып, 2018 жылы номиналды ЖІӨ 57,2 трлн теңге көлемінде болжанады. Ол тамызда мақұлданған көрсеткіштен 1,3 трлн теңгеге артық», - деді министр.

Ол айтып өткендей,  нақты ЖІӨ өсуі 3,8 пайыз деңгейінде күтілуде. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 9200 АҚШ долларына дейін ұлғаяды.

«Өнеркәсіптің өсуі 3,3 пайызға дейін артуымен қайта қарастырылды. Бұл өңдеу өнеркәсібінде күтілетін аса жоғарғы өсіммен байланысты. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 87 млн тоннаны құрайды. Мұнайдың әлемдік бағаларының ұлғаюын және экономика өсімін ескере отырып, экспорт 54 млрд АҚШ долларына дейін, ал импорт 34 АҚШ долларына дейін артады. Инфляция бекітілген 5-7 пайыз дәлізінде сақталады», - деді министр.

Тимур Сүлейменов түзетілген макроболжам негізінде 2018 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланғанын айтты.

«Кірістер, трансферттерді есепке алмағанда, 5,7 трлн теңге көлемінде бағаланады. Бұл бекітілген жоспарға қарағанда 190 млрд теңгеге жоғары. Кірістер бойынша негізгі ұлғаю пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтан және шикі мұнайға экспорттық кеден бажының үстемелерінен қамтамасыз етіледі. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт бұрын бекітілген мөлшерде сақталды. Нысаналы трансферттер тарту қарастырылмаған. Бюджет тапшылығы 2017 жылғы бюджет қалдығын тартуды ескере отырып, жалпы ішкі өнімге қатысты 1,5 пайызды құрайды», - дейді ол.

Сондай-ақ,  республикалық бюджет шығыстары бекітілген көлемге қарағанда 425 млрд теңгеге ұлғайып, 9,6 трлн теңге көлемінде болжанып отыр. Ұлттық қорға түсімдер болжам бойынша 546 млрд теңгеге ұлғаяды, 2018 жылдың аяғында 2,6 трлн теңгені құрайды. Нәтижесінде, жыл соңында Ұлттық қордың валюталық активтері 58,3 млрд АҚШ доллары көлемінде болжанып отыр. Бұл ЖІӨ қатысты 34,7 пайызды құрайды.

Өз кезегінде, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов аталмыш заң  жобасы Елбасының  5 әлеуметтік бастамасы мен Жолдаудағы мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталғанын жеткізді.

«2018 жылға арналған республикалық бюджет шығыстары қаңтар айында жасалған түзетулерге сәйкес 417 млрд теңгеге және бекiтiлген бюджеттен 425 млрд теңгеге ұлғайып, 9 трлн 643 млрд теңгенi құрайды. Осы қаражат көлемiнен 292,5 млрд теңге Мемлекет басшының «Қазақстанның үшiншi жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiгi» және «Төртiншi өнеркәсiптiк революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкiндiктерi» атты Жолдауларын iске асыруға бағытталады. Олардың iшiнде бiрiншi блок - адами капитал сапасын жақсартуға 106 млрд теңге бағытталмақ. Оның iшiнде мұғалiмдердiң жалақысын 30-дан 50 пайызға көтеруге 62 млрд теңге, Назарбаев университетiн одан әрi дамытуға 31 млрд теңге, мүгедектердiң күтiмiн жүзеге асыратын адамға жаңа жәрдемақы төлеуге 2,7 млрд теңге бағытталады», - дедi Сұлтанов.

Дауыс беру арқылы министрлер кабинеті  тиісті заң жобасын  мақұлдады.  Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев  заң жобасын   4 сәуірден кешеуілдетпей Парламентке енгізетін болсын.

Күн тәртібінде талқыланған маңызды мәселелерді бірі  Фитосанитариялық қауіпсіздіктің жай-күйі  болды. Ауыл шаруашылығының бірінші   вице-министрі  Арман Евниев   Өсімдіктерді қорғау іс-шараларын жүргізуге республикалық бюджеттен 3,57 млрд. теңге бөлінгенін айтты.

«Пестицидтерді сатып алу конкурстары аяқталды. Үйірлі шегіртке тектестерге қарсы 540 дана бүріккіш техникалары жұмылдырылады. Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу бойынша жеткізушілер айқындалды, қалған өңірлер бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда.Жедел жағдайға «Фитосанитария» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының резервтегі техникасы дайындалды», - деді ол.

Сондай-ақ,  мароккалық шегірткенің жаппай таралуы Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында күтілуде, осы өңірлерде мароккалық шегірткеге қарсы 639,6 мың гектарды өңдеу жоспарланды.

А.Евниев   облыстар әкімдіктеріне жедел штабтар құру ұсынылғанын айтты.

«Саяқ шегіртке текстестерге баса назар аудару қажет, ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органдар 408,4 мың гектар жерді өңдеуге 718,3 млн. теңге бөлді. Қолдағы ақпаратқа сәйкес облыстар әкімдіктерінің барлығы бірдей бұл мақсаттарға қаражат көздемеген, мысалы, Қарағанды облысының әкімдігі 15,6 млн. теңге бөлген, бұл 33,7 мың гектар жердің тек 8,3 мың гектарын ғана (24%) өңдеуге мүмкіндік береді», - деді бірінші  вице-министр.

Сондай-ақ, бірінші вице-министр ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың жоспары қазанда бекітілгенін айтты.

Бұл  толықтай ветеринариялық препараттарды аудандарға дейін тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді уақтылы сатып алуға мүмкіндік берген.          

«Жалпы алғанда вакцинация жоспардағыдай өтуде.  Сонымен, 2018 жылғы 2 сәуіріндегі жағдай бойынша жоспар
7,7 млн. бас болғанда 6,9 млн. басқа немесе 90,1% малға аусылға қарсы вакцина егілді, сібір жарасына қарсы екпе жоспар 1,1 млн. бас болғанда 0,8 басқа немесе 82,2% малға жасалды, нодулярлы дерматитке қарсы екпе жоспар 0,9 млн бас болғанда 0,7 млн. басқа немесе 85,4 % малға жасалды»,-  деді ол.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша  Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Елбасы өзінің  10 қаңтардағы  Жолдауы бойынша   медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыруды индикаторларына қол жеткізу басталғанын айтты.

Дәрігерлер мен медициналық персоналды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету  84,9 пайызды  құраған.  2021 жылдың соңына қарай,  бұл көрсеткішті  100 пайызға жеткізу жоспарланған.

2018 жылдың бірінші тоқсанындағы инфляция мәселесі  бойынша Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов  баға азық-түлік тауарларына ағымдағы жылғы үш айда– 2,2%, азық-түлік емес тауарларына – 1,3%, ақылы қызметтерге 1,7%-ға өскенін айтты.

«Ағымдағы жылдың басынан (2018ж. наурыз 2017ж. желтоқсанға) бағаның өсуі жаңа жиналған көкөністерге – 14,3%, картопқа – 6,9%, жаңадан жиналған жемістерге – 6,8%, консервіленген сүтке – 3,5%, мәйекті ірімшікке – 2,9%, қышқыл сүт өнімдеріне – 2,8%-ға, жаңа сауылған сүтке, кофеге – 2,5%-дан, сары майға 2,4%, сүзбеге – 2,1%-ға, жылқы етіне, ет өнімдеріне – 1,9%-дан, сиыр етіне – 1,7%, шұжықтарға – 1,5%, шошқа етіне – 1,4%, салқындатылған сусындарға – 1,2%, жеміс және көкөніс шырындарына 1,1%-ға белгіленді. Бағаның төмендеуі қарақұмық жармасына – 12,6%, жұмыртқаға – 1,1%-ға, күрішке, қара шайға – 1%-дан, құс етіне 0,8%-ға тіркелді», - деді ол.

Осы орайда,  Премьер инфляцияға орай  өңірлердегі азық-түлік бағасының өсуі артып жатқанына  назар аударуды сұрады.  

Сонымен қатар,ШҚО-дағы су тасқынына байланысты қандай шаралар  жүзеге асырылып жатқаны талқыланды.

Ішкі істер  министрі  Қалмұханбет Қасымов  ел бойынша  1500 үй су астында қалғанын айтты.  3800-ден астам адам көшірілді. Судың тасу себебі ауа райының күрт жылынып, жауын-шашынның нормадан 3 есе түсуі болды. Қабылданған шаралардың арқасында 1100-ден аса үй судан босатылды. 2700-ден астам адам үйлеріне қайтып оралды.

«Шығыс Қазақстан облысының жағдайы аса күрделі. Қазіргі таңда онда 396 үй мен 185 аула су астында қалып отыр. Осыған байланысты Семей қаласында, Аягөз, Зырян және Шемонайха аудандарында жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды. Апаттық құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жасауға мыңнан аса адам, 200 бірлік техника, 96 мотопомпа және 10 қайық жұмылдырылған», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Өз кезегінде аймақ басшысы Даниал Ахметов  табиғи сипаттағы  төтенше жағдайлар  іс-шаралары   өзінің  жеке бақылауында екенін жеткізді. 

«Қоғамдық тараптан   3107 адам тартылды. Зардап шеккен үйлерді жөндеу жұмыстары  жүргізілуде», - деді ол.

Премьер-Министр Б.Сағынтаев  Үкімет облысқа қажетті  жағдайларды жасайтынын айтып,   облысқа  қосымша жәрдем ретінде   2 млрд теңге бөлінетінін жеткізді.

Аягөз Құрмаш 

 

 

 




Яндекс.Метрика