Шолу

АӨК: Мемлекеттің агроөнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдауы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 10 қаңтарында жарияланған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту қажеттігі көрсетілген. Осы тұрғыда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Strategy2050.kz АА әзірлеген шолудан таныса аласыздар.
Нұр-Сұлтан02 Сәуір , 11:16

Елбасы жыл сайынғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен алдында еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын 2,5 есеге арттыру туралы тапсырма қойған болатын.

Осы тапсырманы орындау мақсатында агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, сату нарығын кеңейту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамыту, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігі, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, заманауи технологиялардың қолжетімді болуына ерекше назар аударылуда.

Осы  мақсатта  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ   Шөкеев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды.

Ақмола облысындағы ет бағытындағы кооперацияны дамыту мәселелері бойынша өткізілген жиында саланы дамытудың перспективалық бағыттары, отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау саясаты талқыланды.

Отандық мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдауды арттыру көзделуде. Қазіргі уақытта қолданыстағы шаралар республикамыздың экспорттық әлеуетін арттыратын 16 мың фермерлік шаруа қожалықтардың құрылуына негіз болды. Осындай шаруа қожалықтардың бірі Бұланды ауданында орналасқан, етті бағыттағы «Ангус» тұқымдас ірі қара малмен айналысатын «Қайрат» ШҚ.

Мемлекеттік саясаттың тағы бір бағыты қазақстандық фермерлерді заманауи және қолжетімді техникамен қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі уақытта тракторлардың 86% мен комбайндардың 72% қолданылу мерзімі 10 жылдан асып кеткен.

2017 жылы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мен жаңарту деңгейі күрт төмендеді. Бұл өз кезегінде егіннің сапасына, кірістің азаюына, техниканың тұрып қалуына және эксплутациялық шығындардың көбеюіне алып келеді.

Осыған орай, лизингке берілетін ауыл шаруашылығы техникасын несиелеу кезінде берілетін сыйақы мөлшерін субсидиялау жоспарлануда. Жоба бойынша ауыл шаруашылығы техникасын несиеге алу кезінде пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігі (7-10%) бюджет есебінен субсидияланады. Ауыл шаруашылығы техникасын алуға 25% көлемінде өтейтін инвестсубсидия бағдарламасы жалғасатын болады.

Сонымен қатар, инвестсубсидия бойынша аванстық төлем несие алушының арнайы шотына түседі, бұл өз кезегінде фермерге лизинг бойынша алғашқы төлем ретінде (15-20%) пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта минералды тыңайтқыштарды субсидиялау процесі толығымен автоматтандырылған. Автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы 2018 жылдың 1 ақпанынан бастап субсидия алуға өтінім электронды түрде қабылдануда. Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарына тыңайтқыштарға субсидия беріле бастады.

Өз кезегінде,   Kazakh Invest Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 2018–2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегияны әзірледі.

Жұмыс үш бағыт бойынша жүзеге асырылады: инвестициялық ахуалды жақсарту; тиімді операциялық шараларды іске асыру және инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін әзірлеу; жекешелендіру және МЖӘ.

Ұлттық стратегияда шетелдік инвестицияларды (АӨК, машина жасау, химия және мұнай химиясы, инфрақұрылым, тау-кен және металлургия кешені, сауда) тартудың басымдықты салалары және үлесіне инвестициялардың 80%-не дейін келетін 11 басымдықты ел (АҚШ, РФ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, ҚХР, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, БАӘ) анықталған.

Сондай-ақ,  Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі өзекті мәселелер туралы толық ақпарат алу үшін еліміздің барлық өңірлерінде кездесулер өткізу тәжірибесін жалғастырады.

Kazakh Invest Алматы облысындағы картоп зауыты құрылысының инвестициялық жобасын сүйемелдейді.

Астанада «Kazakh Invest» ҰК-да нидерландық Farm Frites компаниясының басшылығы Саймон Куист пен Йос дэн Боэрдің ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевпен, инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкеновпен және «Аграрлық несие корпорациясы» өкілдерімен Алматы облысында картоп өңдеу зауытын ашу мәселесі бойынша бірқатар кездесуі ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысының өңдеу секторына он трансұлттық компанияны тарту бойынша берген тапсырмасына сәйкес, Kazakh Invest Farm Frites компаниясының «Картоп өңдеу зауытын салу» инвестициялық жобасын сүйемелдейді.

Өткен жылы Farm Frites картоп сұрыпын сынау жұмыстарын жүргізді және жобаны іске асыру аймағы ретінде Алматы облысы анықталды. Қазіргі таңда Kazakh Invest жер телімін алуға және басқа да консалтингтік қызметтерді беру арқылы көмек көрсетіп жатыр.

Осылайша, жылына 70 мың тонна элиталық картоптың 11 сұрыпын өсіруге арналған орталық салу көзделген. Зауыт құрылысы 2019 жылдың сәуір айына жоспарланған. Жобаның жалпы құны — $165 млн.

Аталған мәселелер «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаевпен және инвестициялық жобаның қазақстандық серіктесі ретінде қызмет көрсететін «Eurasia Gold» ЖШС-мен өткен кездесу барысында талқыланған.

Farm Frites компаниясы 1971 жылы Нидерландыда тоңазытылған және салқындатылған картоп өнімдерін шығаратын отбасылық кәсіпорын ретінде құрылған. Трансұлттық компанияда әлемнің 40 елінде сату офистері және 1500 қызметкері бар 6 зауыты қызмет көрсетеді.

Картопты өңдеу жылына 1,3 млн тоннаны құрайды. Компанияның зауыттары мен сату офистері әлемнің 80 еліне өнімдерді экспорттауға мүмкіндік береді. Марка Еуропадағы үш ірі еуропалық өндірушілердің бірі.

Сонымен қатар, 20 наурызда өткен Үкімет отырысында  елдің  агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі  Арман   Евниев баяндаған болатын.

2017 жылы Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары оң нәтиже көрсетіп отыр.

«Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,9%-ға ұлғайып, 4,1 трлн. теңгені құрады.Тамақ өнімдері өндірісінің де 4,1%-ға өскені байқалып отыр.Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар өсімі 29%-ды құрап, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар көлемі 32%-ға жуықтады. Жалпы Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 2017 жылы 7 нысаналы индикаторға қол жеткізу жоспарланған, оның ішінде 6 нысаналы индикаторға қол жеткізілді. Бұларды сіздер слайдтан көре аласыздар», - деді А.Евниев.

Сондай-ақ, азық-түлік тауарларымен көтерме сауданың нақты көлем индексі (2015 жылдың деңгейімен салыстырғанда) бойынша 1 нысаналы индикаторға қол жеткізілмеді.

Айта  кетейік,  АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылдағы тауар-логистика инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, сондай-ақ ауыл тұрғындарына тауар өндірісінің белсенді қатысушысы болуға және осылайша өз табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Аягөз Құрмаш

Фото:  жеке мұрағат 




Яндекс.Метрика