Шолу

Пікірталас клубы: Ел жастары қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр

Бүгін «Стратегия» пікірталас клубының отырысында кеше «Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV Съезінде талқыланған тың идеялар мен алға қойылған мақсаттар талқыланды. Кешегі съездің қорытындысы мен ертеңгі күннің жоспарын «Жас Отан» жастар қанаты Жүрек бағытының кеңесшісілері Таңшолпан Жауынбай мен Ерсайын Амрин баяндады.
Астана қаласы30 Наурыз , 16:14

 «Жас Отан» жастар қанаты  Жүрек бағытының кеңесшісі   Таңшолпан Жауынбай  кешегі өткен  Съез «Жас Отанның»  алдағы жұмыс жоспарын анықтайтын үлкен бір алаң екенін айтты. Қазір жасотандықтардың саны  150 мыңнан астам болып отыр.

«Барлық өңірлерді қамтып отырмыз. «Жас Отан» жастардың негізгі идеяларын жүзеге асыруға бағытталған ұйым. Қазір екі үлкен жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Соның бірі   «Сәтті қадам»  жобасы. Ол ҰБТ-дан сүрінген  талапкерлердің әрі қарай дамуына, оқуына септігін тигізеді.  Екі жыл бұрын  БТ тапсыра алмаған жастардың саны  54 мыңға жуық болды. Сол талапкерлердің  әрі қарай білім алуына мүмкіндік туғызамыз. Осы орайда   министрліктермен   төртжақты меморандумға отырдық. Жоба бойынша  алға қойған индикаторларға қол жеткіздік. ҰБТ тапсыра алмай қалғанның  60 пайызын  жұмысқа орналастырдық, біліммен қамтыдық. Бұл  2016 жылдың қорытындысы. 2017 жылы бұл көрсеткіш  80 пайызға көтерілді. Екі жылдықтың нәтижесі осындай болды», - деді  Т.Жауынбай.

Ол айтып өткендей,  «Сәтті қадамның» тағы бір  бағыты оқу бітірген жастарды мемлекеттік органдардан тәжірибедн өтуіне көмек көрсету.

Өз кезегінде   «Жас Отан» жастар қанаты  Жүрек бағытының кеңесшісі Ерсайын Амрин әріптесінің сөзін   толықтырды.

« Қазіргі таңда Елбасы  саясатының арқасында білім саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. ҰБТ-дан өте алмаған оқушыларға колледждерге, СПТ-уда, өндіріс ошақтарында жақсы тәжірибеден өтуге жағдай жасап, тәжірибеден үздік өткен жағдайда жұмысқа орналасуына көмектесіп жатырмыз. Жалпы айтқанда, екі жылдың ішінде елу төрт мыңға жуық талапкерлеріміздің  білім алып, жұмысқа орналасуына көмектесе алдық», - деді Ерсайын Амрин.

Сондай-ақ,  Жастар қанаты атқарып жатқан маңызды жобалардың тағы біреуі – «Жастар Отанға» екен.

««Жастар Отанға»  бұл жоба жастарды  мәдени, әлеуметтік бағытта толығымен қамтиды. Бұл жоба бойынша  жазғы кезеңде ЖОО бітірген   түлектермен   белсенді жасотандықтарды   лагерь барысында жинап, үлкен шара өткіземіз.   Оның аясында «Гүлдене бер, Қазақстан», «Еркін пікір» шаралары өткізілді», - Т.Жауынбай.

Өз кезегінде  Ерсайын Амрин жоба аясында бірқатар байқау өткізілгенін де айтып өтті.

«Біз «Жастар Отанға» жобасы аясында үлкен ауқымды шара өткіздік. Цифрлы Қазақстан бағдарламасы ясында бірқатар байқаулар ұйымдастырылды. Соның бірі «Нуринтэк» байқауы болатын.  Осы жылы сайысқа қатысуға 1041 өтініш келіп түсті. Бес номинация бойынша оза шауып, жеңіп шыққан азаматтарымыз бар. Солардың бірі Мәулен Бектұрғанов, ол «100 жаңа есім»  жобасына қатысып жеңімпаз атанды. Естеріңізге сала кетейік, ол жарымжандар үшін протез жасап шығарған болатын. Біз осы байқау арқылы оның протезін яғни жобасын Қазақстанда таныстырдық, осы арқылы ол әлемге де  танылды. Қазіргі таңда біз Мәуленнің мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуіне, осы жобаны жүзеге асыруына көмектесудеміз», - деді  Ерсайын Амрин.

Жас маман айтып  өткендей,  кешегі  өткен Съездің қорытындысы бойынша ауқымды құжат қабылданған. Ол бойынша  жмыстар басталып та кетіпті.

«Съездің негізгі қорытындысы бойынша  «Жаңа әлемге жол саламыз»  құжаты қабылданды. Оны кеше толық түсіндіре алмадық. Бірақ, алдағы уақытта оны толық түсіндіретін боламыз. Бірінші күні  жастарды  5 сессияға бөліп, 5 тақырыпты талқыладық. Бірінші сессияда рухани жаңғыру бағытындағы жастардың нақты ұсыныстары талқыланды. Алаңда айтылған  ұсыныстарды құжатқа енгіздік. Екінші бағыт бойынша цифрландыру  талқыланды. Жастар өздерінің ұсыныстарын айтпас бұрын, осы саланың  майталмандарын, мамандарын шақырдық.  Бір сағаттық түсіндіру жұмысынан кейін, жалынды жастар бірігіп, өздері   талқылап, ұсыныстарын білдірді.  Үшінші бағытта  шағын және орта бизнесті қарастырдық. Төртінші бағыт-Саламатты Қазақстан. Ол бойынша  жастардың бұқаралық спортпен айналысу,  дұрыс тамақтану бағыттарын сараладық.  

Сонымен қатар, 5 наурызда жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  5 әлеуметтік  бастамасы да жастардың назарынан  тыс қалмады. 

«Елбасының  5 әлеуметтік бастамасы бойынша жатақханамен қамту толығымен талқыланды. «Жасыл орман» атты  жастардың отрядын құру жоспарланып отыр. Осы бастама аясында ЖОО-лармен  гранттарды бөлу бойынша  жұмыс жүргіземіз.  Сонымен қатар,  жастарды уақытша жұмыспен қамту бойынша жұмысы да басталып кетті», - дейді Таңшолпан Жауынбай.

Сондай-ақ,  Жас кеңесші  Ерсайын Амрин  екі күнге созылған Съез  бойынша   өз қорытындысын баяндады.

«Екі күнге созылған съезде өз басым Цифрлы Қазақстан сессиясына жауапты болдым. Алғашқы күні біз осы сала бойынша толыққанды ақпарат беретін алатын мамандарды шақырдық. Олар Ақпарат және коммуникация вице-министрі Дарын Тұяқов және «Казпошта» АҚ төрағасы  Сәбит Сәрсенов. Қос спикер жастарға цифрларндыру арқылы қандай белестерді бағындыра алатымызды түсіндірді. Сонымен қатар, біздің қатысушыларымыз өз ұсыныстарын ұсынды. Олардың басым бөлігі робототехника және стартап жобалары бойынша байқауларды көптеп өткізу қажеттілігіне байланысты болды. Бұдан басқа, венчурлық қорлардың тәуекелі жоғары жобаларға қаржы құюы үшін оларды заңнамалық тұрғыда қорғау қажеттілігін атап өттік. Себебі, инвесторлар өз қаржысының қайтарылғанын қалайды. Сонымен қатар, бизнес инкубатор мәселесі көтерілді және де осы сала бойынша көптеген ұсыныстар да берілді»,- деп бөлісті Ерсайын Амрин.

Айта кетейік,  кеше  «Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV Съезі өтті. Шараға еліміздің барлық өңірінен келген 1500-ден астам белсенді жасотандық қатысты.

Аягөз Құрмаш

Мөлдір Асқарқызы

Фото: Бауыржан Жуасбаев 

 




Яндекс.Метрика