Президенттің бес бастамасы

Мәжіліс аймақтарға шықты: Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының тетіктерін түсіндіру (ШОЛУ)

Мәжіліс депутаттары аймақтарды аралауға шықты. Бірқатар өңірге ат басын тіреген халық қалаулылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудың тетіктерін түсіндіріп, жергілікті халықпен кездесулер өткізуде. Назарларыңызға мәжілісмендердің сапары бойынша дайындалған Strategy2050.kz АА-ның шолуын ұсынамыз.
Казахстан30 Наурыз , 11:23

Алдымен,  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары   Владимир   Божко бастаған Мәжіліс депутаттары Қызылорда облысының Қызылорда қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен ұстаздармен кездесті. Іс-шарада Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы туралы баяндалды.

Шара барысында Вице-спикер Елбасының батыл саяси қадамдарының жемісі туралы және әлеуметтік бастамалардың халықтың мұқтажына бағытталып отырғанын атап өтті.

 Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Н. Жұмаділдаева ұстаз мәртебесінің артуы білім саласына оң серпіліс беріп, білім гранттары санының өсіп, студенттерді жатақханамен қамту мәселесінің заңнамалық негізін, оның ішінде Парламент Мәжілісінде Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Заң жобасының жасақталуы туралы тоқталды.

Сонымен қатар, шара барысында Мәжіліс депутаттары Б. Кесебаева, А. Ералиев, К. Абсатиров салық саласындағы өзгерістер, кәсіпкерлерге қолдау мен халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Депутаттардың өңірдегі сапары барысында Қызылорда қаласындағы Достық үйінде Мәжіліс депутаттарының облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерімен кездесуі болып өтті.

Шара барысында  В. Божко елдегі саяси тұрақтылық пен этносаралық татулықтың елдің тұрақты дамуындағы рөлін атап өтсе, Н. Жұмаділдаева білім саласындағы тың өзгерістер жайлы сөз қозғап, Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасынын» жүзеге асыру алғышарттарын нақтылады. Шара соңында Мәжіліс депутаттары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жиналған қауымның ұсыныстарын зерделеп, оларды жүзеге асыру бойынша жұмыс атқаратындықтарын жеткізді.

Өз кезегінде   Мәжіліс депутаттары Майра Айсина мен Василий Олейник Қарағанды облысының Абай қаласындағы «Волынка» ЖШС қызметкерлерімен кездесті.

Басқосуда  Президенттің бес әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған бастамалары талқыланды. Іс-шарада жұмысшылар Мемлекет басшысының бағдарламаларын жүзеге асырудың егжей-тегжейіне қызығушылық білдірді.

Зауыт қызметкерлері жуық арада кәсіпорын шұжық және ет тағамдарының 110-нан астам атауын өндіретінін айтты. Қазіргі уақытта өнімдер Қарағанды облысы мен ел аумағында сатылуда. Болашақта отандық зауыт сыртқы нарыққа шығуды жоспарлап отыр.

Азық-түлік зауытының қызметкерлері Президенттің әлеуметтік бастамаларына қолдау білдіріп,  кездесуге «Нұр Отан» партиясының мүшелері, аудан мен кәсіпоры басшылары қатысты.

Ал  Бейбіт Мамраев пен Кәрібай Мұсырман Қарағанды облысының Шет ауданына сапарлады.  Олар  Ақжал кентіндегі «Nova-Цинк» ЖШС ұжымымен кездесті.

Мәжіліс депутаттары ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін түсіндірді.

«Депутаттық корпус аймақтарға шығып, сайлаушылармен кездесу өткізіп жатыр. Басты мақсатымыз - Президенттің бес әлеуметтік бастамасын насихаттап, жаңа мүмкіндіктірді ауыл халқымен бірлесіп талқылау», - деді Бейбіт Мамраев.

Кәрібай Мұсырман Қарағанды облысына тартылатын газ құбыры Елбасының бес бастамасы аясында ауқымды жеңілдік əкелетінін баяндады.
Сондай-ақ,    Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын сайлаушыларға жеткізу үшін Парламент Мәжілісінің депутаты генерал-лейтенант Абай Тасболатов Астана қаласының әскери қызметшілермен кездесті.

Кездесу барысында Елбасының әлеуметтік бастамалары мен «100-нақты қадам» Ұлт жоспарының, Бес институционалдық реформаның және «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысына тоқталды. Сонымен қоса, Қорғаныс және әскери салада еңбек етіп жүрген қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.

Елбасымыздың әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын арттыруға, олардың толық тұрғын үймен қамтамасыз етуге, тұрғын үйге бөлінген бюджет қаражатын дұрыс бағытқа жоспарлануына мән берді.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Астана қаласында бұқаралық спортты дамыту мақсатында салынған жабық спорт кешендері көп екенін атап өтіп, онда денсаулығын нығайтып жүрген азаматтарымыздың аз екенін айтты. Осы ретте, халықтың жаппай дене шынықтыруымен айналысуына спорт кешендері басшыларының осы мәселені ескеру керектігін еске салды.

Сондай-ақ,  «Ақ жол» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесінің Алқалық жиналысында Елбасының бес әлеуметтік бастамасы талқыланды.

Отырысқа Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев және Берік Дүйсембинов қатысты. Кездесу барысында депутаттар Мәжілістің заң шығару қызметі жөнінде толығырақ айтып, Демократиялық партияның парламенттік фракциясының жұмысы жайлы егжей-тегжейлі баяндап берді. Өз сөзінде «Ақ Жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев Президент бастамаларының өзектілігі мен дер кезінде қолға алынғанын атап өтті.

 «Партия азаматтардың тұрғын үймен, жатақханамен, ипотека қол жетімділігімен қамтамасыз ету мәселелерін ұдайы түрде үнемі көтеріп келеді. Сондықтан да біз Елбасының бес әлеуметтік бастамасын зор ризашылықпен қабылдап, оны белсенді түрде жүзеге асыруға әрдайым дайынбыз. Жаңадан жатақханалардың салынуы және қолжетімді ипотека мыңдаған қазақстандықтардың тұрғын-үй мәселесін түбегейлі шешеді деп есептейміз», - деп атап өтті Партия төрағасы.

Бұл елдегі құрылыс саласының, құрылыс материалдарын шығару өндірісінің дамуына айтулы үлес қосып, зор мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов тағы бір бастаманың маңыздылығын атап көрсетті. Ол – бизнесті несилендіруді дамыту.

«Шағын несиені арттыру кәсіпкерліктің дамуына ықпал етпек», - дейді депутат.

Сонымен қатар,  Мәжіліс депутаттары Әлия Сапарова, Сергей Симонов, Павел Казанцев, Снежанна Имашева мен Михаил Чирков Ақмола облысының Ақкөл және Целиноград аудандарын аралап, сайлаушыларымен кездесті.

 Кездесу барысында Әлия Сапарова мен Сергей Симонов Целиноград ауданында орналасқан «Шаңырақ» акционерлік қоғамының өндіріс орындарымен танысты. «Шаңырақ» компаниялар тобына құс етін өндіретін және егін шаруашылығымен айналысатын өндіріс орындары кіреді.

Құс фабрикасында бүгінгі таңда еуропалық үлгдегі жаңа құрылғы қойылған. Мекемеде 600-ден астам адам еңбек етуде. Еңбек ұжымымен кездескен депутаттар Елбасының 5 әлеуметтік жобасының әр біреуіне нақты тоқталып, шағын және орта бизнестің дамуына ерекше мән берді.

«Біздің мақсатымыз әр сайлаушыға әлеуметтік маңызы зор бастамаларды түсіндіру болып табылады»,- деді өз сөзінде Парламент депутаты Әлия Сапарова.

Халық қалаулылары Михаил Чирков, Павел Казанцев және Снежанна Имашева Ақкөл ауданының орталық аудандық аурханасында болып, аурухана жұмысымен танысып, медицина қызметкерлерімен кездесті.

Заманауи құрылғылармен жабдықталған аурухана аудан бойынша 26 мыңнан астам адамға сапалы медициналық көмек көрсетуде. Орталық ауруханада 200-ден астам медицина қызметкерлері жұмыс атқаруда. Халық қалаулылары аурухана жұмысына оң бағасын беріп, еңбектеріне табыс тіледі.

Осылайша,Мәжіліс депутаттары Елбасының  5 әлеуметтік  бастамасын белсенді түрде насихаттап жатыр. Бұл көшпелі кездесулер  6 сәуірге дейін жалғасады.

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика