Шолу

Б.Сағынтаев «Сарыарқа» газ құбырының құрылыс жоспарымен танысты

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша аймақтарға жұмыс сапары жалғасуда. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысымен танысу үшін ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысына барды. Сапардың нәтижелері туралы «Strategy2050» АА тілшісі даярлаған шолудан біле аласыздар.
Астана қаласы29 Наурыз , 18:00

Қызылорда облысы жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бірден  әлеуметтік-экономикалық дамудың мақсатты индикаторларына қол жеткізу бойынша облыстың Жобалық бақылау жұмыстарының жүйесі және Мемлекет басшысының Жолдауларын іске асыру мәселелері бойынша өңір активімен, аудан әкімдерімен және бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесуде Елбасының өсімнің жаңа моделін қалыптастыру бойынша алға қойған міндеттерін жүзеге асыру мәселелері талқыланды, ол үшін экономиканың барлық маңызды бағыттары бойынша жобалық басқару жүйесі енгізілді. Бұл — жаппай кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялар тарту, индустрияландыру, АӨК, өнімді жұмыспен қамту, цифрландыру, технологиялық жаңғырту және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу. Әрбір жоба бойынша мақсатты көрсеткіштер белгіленген.

Сонымен қатар, кездесу барысында Қызылорда облысы экономикасының құрылымдық трансформациясын және сапалы әрі теңгерімді экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша ішкі қорларын анықтау және пайдалану жоспарлары қаралды.

«Кәсіпкерлікті дамыту Үкіметтің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Бұл — еліміздің экономикалық өсімінің жаңа моделін құрудың басты бағыты. Осыған орай Үкімет кәсіпкерлік ахуалын жақсарту және ШОБ субъектілерінің іскерлік белсенділігін ынталандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Айта кетейік, бүгінде лицензиялар мен рұқсаттар саны 3 еседен астамға қысқартылды. Мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларына тексеріс жүргізілді: бақылаудың 25 саласы және қадағалаудың 3 саласы алынып тасталады. ШОБ субъектілерін тексерудің 17,6 мыңнан астам талаптары қысқартылды, мемлекеттік органдарға есептер мен ақпараттың әртүрлі түрлерін ұсыну бойынша бизнеске қойылатын ақпараттық талаптар саны 30%-ке азайды», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау мен қайта реттеуге бағытталған заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарына қойылатын 30-дан астам ескірген санитарлық ережелер жойылады. Салықтық тексерістер саны 40%-ке азаяды.

Сонымент қатар, Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Қараөзек» компрессорлық станциясына барды, онда Премьер-Министр Президенттің бесінші әлеуметтік бастамасы — «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» шеңберінде «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылыс жоспарымен танысты.

Қараөзек станциясы Қазақстан кен орындарының батыс топтарынан (Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз, Жаңажол және Өріктау газы) табиғи газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін Бейнеу – Бозой – Шымкент газ магистральды жүйесінде жұмыс істеуге бағытталған. Зауыттың өнімділігі жылына 10 млрд м³ құрайды, бұл көрсеткішті болашақта жылына 15 млрд м³ дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Биылғы шілде айында «Қараөзек» компрессорлық станциясынан «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағытында 2,7 млн адамды табиғи газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы басталады.

Естеріңізге сала кетейік, бірінші кезеңде ұзындығы 1081 шақырым «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана» бағыты бойынша магистральдық газ құбырының құрылысы жоспарланған. Екінші кезеңде ұзындығы 276 шақырым болатын «Астана – Көкшетау» газ құбыры тартылады. Үшінші кезеңде — 177 шақырым болатын «Көкшетау – Петропавл» учаскесі және соңғы төртінші кезеңде аталған газ құбырынан газ тұтынудың болжамды ұлғаюын есепке ала отырып, магистральды газ құбырының өткізгіштік қуатын жылына 3 млрд м³ дейін жеткізу үшін «Жезқазған» және «Теміртау» компрессорлық станцияларын тұрғызу жоспарланған. Магистральды газ құбырын толтыру және тұтынушыларды газ жеткізумен қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана әкімдіктері 2019 жылдың шілдесіне дейін газ құбырының аяқталуын синхрондау арқылы газ тарату желілерін жобалайды. 

Сондай-ақ бұл жоба магистральды газ құбыры бойындағы инфрақұрылымды белсенді дамытуға, табиғи газды пайдалануға қатысты жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сапар барысында «Қызылорда – Жезқазған» автожолын дамыту перспективалары да қаралды.

Бұдан басқа, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Арал өңірінің жұртшылығы мен активімен Солтүстік Аралды дамыту мәселелері жөнінде кездесу өткізді.

Кездесу барысында Солтүстік Арал жобаларын іске асыру, ауыл шаруашылығын дамыту, соның ішінде суармалы жерлерді жақсарту мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, бүгінде аудан экономикасын дамыту бойынша шаралар кешені іске асырылуда. Арал ауданының бюджеті жеті есеге ұлғайтылды, соның арқасында жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандар ашылды. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Аралды құтқарудың халықаралық қорына 25 жыл толды. Бұл шешім Арал маңы тұрғындары үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл ел үшін маңызды оқиға болды — Аралдың қазақстандық секторы қайта қалпына келді. Ал, Аралды қайта қалпына келтіруге байланысты аймақ экономикасының жақсаруының арқасында Каспий, Балқаш және Қапшағайға кеткен балықшылар өңірге қайта оралған.

Сонымен қатар, Үкімет басшысының Сыр өңіріне сапары аясында «Байқоңыр» ғарыш айлағыда назардан тыс қалмады. Бақытжан Сағынтаев еліміздің ғарыш саласының дамуымен, сондай-ақ Байқоңыр қаласын одан әрі көркейту жоспарымен танысты.

Қазіргі таңда қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету және тұрғын үй құрылысы жұмыстары басталған, сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін реконструкциялау және жаңғыртудың дайындық жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Еске сала кетейік, Бақытжан Сағынтаев Елбасы тапсырмасы бойынша кеше жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстан облысына барды. Оның аясында Үкімет басшысы өңірдегі индустриалды-инновациялық жобалардың, Жолдаулардың және Нұрлы жер бағдарламасының  жүзеге асырылу барысымен танысып, ілкімді істің іркірмей іске асырылуын ескертті. 

Мөлдір Асқарқызы




Яндекс.Метрика