Шолу

Жас Отан: Жаңа әлемге жол салатын жастар (ШОЛУ)

Жастардың жаңа идеялары әркез қолданылатын болады. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың тың бастамаларын әрқашан қолдауға әзір. Бұл туралы «Жас Отан» жастар қанатының кезекті IV Съезінің қорытынды күнінде мәлім болды. Съез аясында «Жаңа әлемге жол саламыз» атты гала-форум ұйымдастырылды. Шараға еліміздің барлық өңірінен келген 1500-ден астам белсенді жасотандық қатысты. Осыдан 10 жыл бұрын алғашқы съезі өткен «Жас Отанның» бүгінгі ахуалы туралы Strategy2050.kz АА дайындаған шолуын ұсынамыз.
Астана қаласы29 Наурыз , 11:52

Елбасы партия Саяси кеңесінің  кеңейтілген отырысында еліміздегі жастар саясатын  жаңғырту жайына ерекше  көңіл бөлген болатын. Бұл «Жас Отанның» жаңа қарқынмен  жұмыс істеуіне де тың серпін берді. Бүгінде жастар қанаты  150 мыңнан астам жас қазақстандықтың  басын біріктіретін бірегей ұйым. Әр облыс, әр қала және ауданда өз өкілдері бар. Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан  бойынша «Жас Отанның» 230-ға жуық бастауыш  ұйымы жұмыс істейтінін атап өткен  жөн.

Форум барысында  Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  үндеуін  оқып берді.

«Құрметті жас отандықтар, съез  делегаттары    сіздерді  төртінші съездің ашылуымен құттықтаймын. Жас Отан елін, жерін сүйетін өз болашағын Қазақстанның  келешегін байланыстыратын, білімді  жастардың басын біріктіретін,  менің  барлық стратегиялық жоспарларымның  сенімді тірегі болып келе жатқан басты ұйым. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастар мәселесі  менің де, мемлекеттің де  ең басты назарында  болып,бұл салада көптеген бағдарламалар жүзеге  асырылды», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, Елбасы жастар өздеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бар қолдауды, мүмкіндіктерді түсінетініне, сезінетініне  үміт артты.

«Мен осынау еңбектің жемісі мен қамқорлықты жастардың сезетініне сенемін. Төрткүл дүние төртінші революцияға қадам басты. Біз  ұзақмерзімді  мақсаттарымызды жүзеге асыру  үшін қарқынды өзгерістерді сәтті жүзеге асыруымыз керек. Сол үшін біз Қазақстанда саяси, экономикалық ,әлеуметтік  жаңғыруларды қолға алдық. «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру»  мақаламда  21 ғасырдағы ұлттық сана туралы және таяу жылдары қол жеткізілетін  мақсаттарды айттым. Оны ішінде, латын әліпбиіне көшу, цифрлық қазақстан, үш тілде білім беруді елдік деңгейде атап өтеді. Төртінші өнеркәсіптік революция  Жолдауда  жаңа заман  талаптарына бейімделу мен  жетістікке жетудің жолдарын қарастырдым. Күні кеше өзімнің  5 әлеуметтік бастаманың да жүзеге асуына  тиімді тетіктеріне жіктедім. Жастардың сапалы блілім алып, бәсекеге қабылетті маман болып қалыптасуына басымдық бердім», -  дейді Елбасы.

Мемлекет басшысы мемлекеттің барлық бастамаларын, талаптарын жүзеге асыратын  тек жастар екенін айқын айтты. Сондай-ақ, олардың тың бастамаларын әрқашан қолдайтынын жеткізді.

  «Себебі, ертең сендер мен айтқан мақсатты жүзеге асыратын буынсыңдар.   Сендерді  белсенді түрде спортпен айналысуға,оқуға, дамуға,  әлемнің ең озық мамандарымен иық тірестіріп, қатар тұра алатындай  әлемдік деңгейді тұруға шақырамын. «Жаңа әлемге жол  саламыз»  тақырыбы жастардың жаңашылдыққа  ұмтылысын аңғартып  айқын жолын анықтайды. Мен сендердің тың бастамаларыңды әрқашан қолдаймын. Ендеше  жаңа әлемге бастаған  жолдарың әрқашан ашық, даңғы болсын», - деп түйіндеді Елбасы.

 «Жас Отан» жастар қанатының Съезіне әртүрлі салада еңбек етіп жүрген үздік жастар келгенін айта кеткен жөн.

Кеше съездің  сессиялары өткен болатын. Сессияларда Елбасының  5 бастамасы бойынша  тақырыптар талқыланды. Мәселен, Қарағанды облысынан  50-ден астам жалынды жас келіп қатысып отыр.

«Кешеден бастап бес сессияға бөлініп, білім және ғылым, рухани жаңғыру, цифрлық Қазақстан, Қазақстанда жасалған, Саламатты Қазақстан  тақырыптарын  талқыладық. Біз  біліктілігімізді арттыру мақсатында, өзге өңірлермен  тәжірибе алмастық. Елордасы Астанада өткен  осы форумда талқыланған маңызды мәселелер мен бастамаларды Қарағандыға барған соң, өзге жастарға жеткізіп,  насихаттаймыз. Бірге жұмыс істейтін боламыз», - дейді Қарағанды облысынан келген делегация мүшесі Мерей Қалиасқар.

Сондай-ақ, жастар арасында мәдениетті  дамыту үшін де жастар таңдалып алынған. 91 тобының  мүшесі Дулат Мұхаметқалиев «Жас Отан» жастар қанатының орталық кеңесінің мүшесі болып сайланған. Ол  жастар 21 ғасырда әлемдік мәдени көштен қалмауы керек дейді.

«Біздің мәдениетімізді, рухани қорымызды биік  деңгейге шығарғымыз келсе, онда жастардың қызығушылығын ескеруміз қажет. Қазіргі трендттерге мәдениетімізді бейімдегеніміз жөн. Рухани жаңғырудың негізгі көзі – өнер саласы, рухани қордың қоректендіруші қоры, салмақты  құралдарының бірі – шоу бизнес. Қазақ тілін  әлемдік деңгейге шығарғымыз келсе, оған тілді ыңғайластыру керек. Латын әліпбиі бұл  орайда өте ыңғайлы. Біздің альбомдарымыз латын әліпбиінде шыққан. Біз қазақ мәдениетінің, өнерінің қорын  өзара дамытып қана қоймай, бүкіл әлемдік деңгейге шығара аламыз. Өнер нарығын аяққа тұрғызып, экономикамызды бірге дамытайық», - деді Д.Мұхаметқали.

Өз кезегінде  «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасы үнемі жастарға қолдау көрсетіп, олардың білікті маман болып қалыптасуы үшін барлық жағдайды жасап келе жатқанын тағы да айтты. Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістігіміз бен стратегиялық реформаларымыз  да жастардың жарқын болашағына бағытталғаны анық.

«Кешенді жаңғыру бағдарламасының мақсаты – еліміздің ең дамыған  30 мемлекетінің қатарына қосу. Бұл маңызды мәселеде жастардың да алар орны ерекше. Өйткені олар барлық жаңғырту үдерістерінің негізгі қозғаушы күші болып табылады. Сіздердің күш-қуаттарыңыз, бастамашыл тың идеяларыңыз, барлық іске креативті көзқарастарыңыз Елбасының  стратегиялық бастамаларын сәтті жүзеге асырудың кепілі. «Жас Отан» еліміздегі барлық жастың мүддесін лайықты қорғауы  тиіс. Сондықтан бұл Съезді елімізді жаңғырту ісінде жастарды интеграцияға бастайтын қуатты күш деп айтуға толық негіз бар» - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, партия Төрағасының бірінші орынбасары «Жас Отанның» алдағы уақытта атқарар жұмыс жоспарына назар аударып, бірқатар тапсырма берді.

«Екi күнге созылған ауқымды басқосуымыз мазмұнды әрi мәндi болды деп есептеймiн. Съезд кезiнде ұтымды ойлар мен өзектi пiкiрлер айтылды. Жастарымыз белсендiлiк танытып, түрлi ұсыныстарымен шықты. Ең бастысы, креативтi, заманауи ел жастарының бағыт-бағдарын айқындаған нәтижелi съезд өткiздiк деп айтуға толық негiз бар. Бүгiнгi жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық болмысымызды және ұлттық кодты сақтауда, елiмiздiң iргесiн нығайтып, еңсемiздi тiктеуде жастардың, соның iшiнде жасотандықтардың алар орны ерекше. Жастарға жүктелер мiндеттiң де салмағы жеңiл болмасы анық. Осы жолда ел жастары ортақ мүддеге ойысу керек. Ал, оның негiзгi үйлестiрушiсi болу «Жас Отан» жастар қанатының мойнына жүктелiп отыр», - дедi Әшiмбаев.

Партия қызметін жаңғырту жөніндегі Елбасы тапсырмасы  дәл «Жас Отанның» ішкі реформасынан басталғанын айта кетейік.

Сондай-ақ, осы бағыт аясында жастар саясатына қатысты партиялық тыңдаулар өткізіліп, әлеуметтік зерттеулер жүзеге асырылмақ. Ал республикалық  деңгейдегі  ірі жастар  жобаларымен айналысатын «Сана» бағыты «Жас Отанның» идеологиялық жұмыстарына  жауапты.

Екі күнге созылған съезде  жастар бірқатар бастамаларды қабылдады. Кешеден бері келіп түскен ұсыныстардың негізінде    төртінші съездің құжаты қабылданды. Тың идеялардың генераторы  жастардың  басын қосқан бұл жиын толағай табыстарға жетуге мүмкіндік береді деген үміт бар.

Аягөз Құрмаш

Фото: Бауыржан Жуасбаев




Яндекс.Метрика