Шолу

Бақытжан Сағынтаев ОҚО-дағы бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылу барысын тексерді

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысымен танысу үшін Оңтүстік Қазақстан облысына барды. Үкімет басшысы жұмыс сапары барысында бірқатар өндірістік нысандарды аралап, аймақ жұртшылығымен кездесті. Өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен және нәтижелерімен танысты. Толығырақ Strategy2050 АА тілшісі даярлаған шолудан біле аласыздар.
Астана қаласы29 Наурыз , 10:00

ОҚО-дағы өндіріс ошақтары мен кәсіпкерліктің бүгінгі келбеті

Сонымен, ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары Сарыағаш ауданының аграрлық кәсіпорындарын: «КелесПласт» ЖШС полиэтиленді жабын өндіру цехы мен «Жабай ата» ЖШС жылыжай кешенін аралаудан басталды.

Жалпы, «КелесПласт» ЖШС цехы 2018 жылдың ақпан айында іске қосылды. Негізгі қызмет түрлері: жылыжай шаруашылықтары үшін полиэтиленді жабындарды өңдеу мен өндіру, жылыжайларға арналған металл қысқыштар мен көшет материалына арналған пластикалық стақан шығару, полиэтиленді тоқыма кендіржібін өндіру.

«КелесПласт» ЖШС директоры Н. Омаровтың айтуынша, шикізат шаруашылық субъектілерінен сатып алынады, ал дайын өнімдер ауыл шаруашылығының әр түрлі салаларында қолданылады және ішкі нарық қажеттіліктерінің 100% қамтиды. Бұдан өзге, қалдықтар мен полиэтиленді қайта өңдеу ауданның экологиясына оң әсер етеді.

Ал, «Жабай ата» жылыжай шаруашылығына барған кезде Бақытжан Сағынтаевқа тамшылатып суару технологиялары таныстырылды, олар еліміздің солтүстік аймақтарын жыл бойы экологиялық таза көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Дәлерек айтсақ, заманауи технологияларды пайдалану жабық жер жағдайында жыл сайын 3300 тонна элиталық сұрыпты қызанақтар мен қиярлар шығаруға мүмкіндік береді. Өнімнің 60% ішкі нарықта сатылады, ал қалғаны — экспортқа жіберіледі.

Осы ретте, атап өтер болсақ, қазіргі таңда еліміздегі барлық жылыжайлардың 80% Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. 2017 жылы өңірде 201,7 га жаңа жылыжай пайдалануға берілді, оның ішінде Сарыағаш ауданында — 72 га. Бұған қоса, биыл жалпы ауданы 214 га болатын жаңа жылыжай кешендерін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, Үкімет басшысының ауыл шаруашылығы кәсіпкрелерімен кездесуі барысында аталмыш саланы дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, экспорттық әлеует, субсидиялау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге инвестициялар тарту, АӨК-ті технологиялық жаңғырту, етті мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын дамыту мәселелері қаралды.

«Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені перспективалық болашаққа ие. Еліміз көптеген позициялар бойынша әлемдегі аграрлық экспорттық өнімдер шығаратын ірі өндірушілердің бірі бола алады. Осы мақсатта Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр: АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда; ветеринариялық қызметтің бағыныштылығын қалпына келтіруді, бизнестің ғылыми зерттеулерге қатысуын ынталандыруды, өнім дайындау ұйымдарын субсидиялауды қарастыратын заң жобасы ұсынылды; экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың пайдасы үшін субсидиялау саясаты қайта қаралып жатыр», - деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, Президенттің «Шағын несие беруді көбейту» атты төртінші әлеуметтік бастамасы аясында аграрлық қызметкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Шағын несие беруді қаржыландыруға 20 млрд теңге бағытталды. Бұл өз бизнесін бастауды көздеп жүрген азаматтарға ұсынылатын үлкен қолдау болары хақ.

Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Оңтүстік» индустриалды аймағы аумағындағы «Shymkent Temir» оңтүстік өңірдегі болат блюм шығаратын алғашқы қазақстандық кәсіпорынның тынысымен танысты.  

«Shymkent Temir» ЖШС бас директоры Б. Әлтеевтің айтуынша, зауытта 40 тонналық индукциялық пештер және үш қырлы үздіксіз құю машиналары қолданылады.

Жоба 2015–2019 жылдарға арналған ҚР индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, осы жылдың сәуір айында пайдалануға беріледі. Шығарылатын өнімнің 100% жақын шетелдерге экспорттау көзделген. Толықтырып кететін болсақ, «Shymkent Temir» ЖШС жобасына 4,85 млрд теңге инвестиция тартылды, 150 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Кәсіпорынның жобалық қуаты — жылына 240 мың тонна блюм.

Жалпы оңтүстікте 2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды - иновациялық даму бағдарламасы аясында құны 1,3 трлн. теңгені құрайтын 137 жоба жүзеге асырылатын болады. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Баспана. Денсаулық. Жастар.

Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан «Shymkent Сity» тұрғын алабына барды, сондай-ақ Президенттің «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші әлеуметтік бастамасын орындау жоспарымен танысты.

Атап өтсек, «Shymkent Сity» тұрғын үй кешені 56 мың тұрғынға арналып салынуда.  427 га аумақта 2025 жылға дейін 324 тұрғын үй, 7 мектеп және 21 балабақша салынады.

Жалпы алғанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2018 жылы 7 665 пәтерді тапсыру көзделген. Бүгінгі таңда облыста 277 көпқабатты тұрғын үй (13 009 пәтер) салынып жатыр. Жыл соңында 129 үй (4 582 пәтер) пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев аймақтағы денсаулық сақтау саласының мамандарымен кездесті.

«Үкімет денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформалардың барлығын ерекше бақылауда ұстап отыр. 2017 жылы жеке секторға қойылатын шектеулер 1,7 есе жойылды. Бұл денсаулық сақтау саласына салынатын жеке инвестицияларды екі есеге — 44,2 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға жол ашады. МӘМС жүйесін енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда: заңнамалық база құрылды, өткен жылдан бастап қор жұмыс істей бастады, жұмыс берушілер ақша аударымдарын жүргізіп жатыр», - деп бөлісті Б.Сағынтаев.

Айта кетейік, ОҚО-дағы медициналық мекемелер биыл 100 пайыз ақпараттық жүйеге қосылады деп жоспарланған. Жалпы Оңтүстік Қазақстанда 2017 жылы медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6,2 млрд. теңге бағытталып, жарақталу көрсеткіші 65,1 пайызға жеткізілді. Ал медицина ұйымдарын компьютермен қамтамасыз ету 78 пайызды құраса, 2018 жылы компьютердің 7582 бірлігі алынып, толығымен қамтылады. Ал, кезексіз емхананы жетілдіру мақсатында өңірдегі 23 медициналық ұйымға электрондық кезек таблосы орнатылса, осы жылы барлық емханаларға орнатылатын болады.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Елбасының бес әлеуметтік бастамасын талқалау мақсатында студент жастармен кездесу өткізді.

«Жастар үшін білім алудың қолжетімді болуы айрықша маңызға ие. Президент «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» үшінші әлеуметтік бастамасы аясында жыл сайын бөлінетін 54 мыңға қосымша 20 мың грант бөлу туралы шешім қабылдады. Олардың 11 мыңы — Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында сұранысы арта түсетін техникалық мамандықтарға бөлінген. Студенттік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында Үкімет жатақханаларда 75 мың орын дайындау бойынша жұмыстар атқаруда.  Бүгінгі таңда 205 мыңға жуық студент басқа қалалардан келіп оқиды, олардың тек 67 мыңы жатақханаларға орналастырылған», - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саны бойынша елімізде екінші орында тұр. Бүгінде аймақтағы 12 жоғары оқу орындарындағы 78 мыңнан астам студенттердің 13 пайызы немесе 10 мыңнан астамы мемлекеттік грант негізінде білім алуда. Облыстағы жоғарғы оқу орындарындағы күндізгі бөлімде білім алатын 45 мыңнан астам студенттердің 17 пайызы немесе 7 200 студент жатаханамен қамтылған.  Ал, 2018 жылдың екінші жартысында өңірде 754 орындық 2 жатақхана пайдалануға берілетін болады. 

 

Мөлдір Асқарқызы

Фото: ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі, ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.




Яндекс.Метрика