Шолу

Үкімет отырысы: Индустриалдырудың игіліктері сараланды (ШОЛУ)

Бүгін өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қорытындылары айтылды. Бағдарлама бойынша қол жеткізілген нәтижелер сараланып, жүзеге асырылатын жобалар бойынша баяндамалар оқылды. Осы және өзге мәліметтер туралы Strategy2050.kz АА дайындаған шолуды ұсынамыз.
Астана қаласы27 Наурыз , 10:57

Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы үшінші жыл іске асырылуда. Бағдарламаның негізгі бағыты – өңдеу өнеркәсібі. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек  бағдарламаның іске асырылу нәтижелерін 2015 жылмен салыстыра қорытындылады.

«Бағдарламаның табысты іске асырылуы өңдеу өнеркәсібінің 2015 жылмен салыстырғанда 2017 жылдың қорытындысы бойынша 5,7%-ға өсуіне ықпал етті. Өсім негізінен металлургия (+13%), тамақ өнеркәсібі (+8,5%), мұнай өңдеу (+5,1%), химия өнеркәсібі (+4,7%) және фармацевтика (+47,2%) салаларындағы өндірістің артуы есебінен қамтамасыз етілді», - деді Инвестициялар  және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ,  мемлекеттік бағдарламаның негізгі нысаналы индикаторлары бойынша оң серпін байқалуда.Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2015 жылмен салыстырғанда 2017 жылдың қорытындысы бойынша 10,5%-ға өсіп, 15,5 млрд. АҚШ. долларын құрады.

«2017 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша еңбек өнімділігі (2015 жылдың тиісті кезеңіне)1,9%-ға өсті және 22,3 мың АҚШ долл./адамды құрады. Бұл ретте, еңбек өнімділігіне қатысты жылдық деректер 2018 жылдың шілде айында белгілі болады», - деді министр.

Негізінен өсім басым секторларда байқалады: теміржол машина жасау саласында (+39,3%), мұнай-газ машина жасау саласында (+37,9%) мұнай өңдеу саласында (+15,3%), сонымен қатар қара металдардың әлемдік құны мен жеткізілім көлемінің өсуіне байланысты қара металлургияда (+10,1%).2017 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялар көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 8,8%-ға өсіп, 981,6 млрд. теңгені құрады.

«2015-2017жж. аралығында инвестициялардың көп бөлігі Павлодар, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту бойынша 3 ірі жобаны іске асыру нәтижесінде мұнай өңдеу саласына тартылды (819,3 млрд. теңге немесе секторға құйылған инвестициялардың жалпы көлемінің 30,5%); Ақтоғай және Бозшакөл кен байыту комбинаттарының құрылысы мен «RG Gold» ЖШС Райгород руда алаңындағы алтын рудасын қайта өңдеу бойынша қуатты кеңейтуге байланысты түсті металлургия саласына (553,5 млрд. теңге); жалпақ әйнек шығаратын «Orda Glass» ЖШС пен цемент шығаратын «Компания Гежуба Шиели цемент» ЖШС зауыттарының құрылысына Қытайдан тартылған инвестициялардың нәтижесінде құрылыс материалдардың өндірісіне тартылды», - деді Ж.Қасымбек.

Жалпы алғанда өңірлердің басым көпшілігінде оң үрдіс байқалады. Экспорт бойынша көшбасшылар қатарын Жамбыл бастаса, еңбек өнімділігі бойынша  Маңғыстау алда тұр. Негізгі  капиталға құйылған инвестициялар  СҚО мен Жамбыл, Алматы алда келе жатыр.

«Мемлекеттік бағдарламааясында жыл сайын жаңа өндірістерді іске қосамыз.3 жылда Индустрияландыру картасы аясында 3 трлн. теңге қаржыға 378 жоба іске қосылып,30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.2017 жылы 1,5 трлн. теңге қаржыға 120 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды», - деді министр.

Сондай-ақ биыл құны 51,5 млрд. теңге болатын «Проммашкомплект» ЖШС (Павлодар облысы)теміржол доңғалақтары өндірісінің кешені  жәнеқұны 27,7 млрд.теңге болатын үлкен диаметрлі болат құбыр өндіретін  «Эйжа Стил Корпорейшн» ЖШС (Алматы қ.) зауыты  сияқты индустриялық жобалар іске қосылады.

Министр айтқандай,  2018 жылдың соңына дейін 1 трлн.теңге қаржыға 150 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Онда шамамен 15 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.Әлемдік нарықтың тұрақсыздық жағдайында Бағдарламаны іске асыру экономикадағы өңдеу секторының өсу тұрақтылығы мен динамикасының артуына  ықпал етеді.

Осылайша, өңдеу секторының экономикадағы (ЖІӨ) үлесі 2015 жылғы 10,1%-дан 2017 жылдың қорытындысы бойынша 11,2%-ға дейін өсті. Бұл ретте, 2017 жылдың алдын-ала қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнім өсімінің үштен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібінің есебінен қамтамасыз етілген (4%-дан 1,2 пайыздық тармақ.

«Өңдеу салаларының өнеркәсіптегі үлесі 40%-дан 40,4%-ға дейін, экспорттың жалпы көлемінде  30,5%-дан 32,1%-ға дейін өсті. Еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің өнімдері 122 елге экспортталады.Бүгінгі күні экспорттық тауарлардың сапасы айтарлықтай жақсарды.Шетелге шығарылатын өнімдердің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі», - деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, кейбір тауарлар үшін жаңа нарықтар ашылды. Министрдің мәліметінше,  Орталық Азия елдеріне экспортталатын тауар 30%-ға артты. Бұл елдерге экспорттың көлемі 1,5 млрд.АҚШ долларын құрады. Қазақстан негізгі жеткізушілердің бестігіне кіреді және осы елдерге импортталатын тауарлардың 8%-н құрайды.

«Отандық өндірушілердің фармацевтикалық өнім жеткізу көрсеткіші 34%-ға өсті (19 млн.АҚШ долл. дейін). Фармацевтикалық препараттар мен медициналық бұйымдар негізгі нарықтардан бөлек алғаш рет Моңғолия мен Вьетнамға экспортталды.Сондай-ақ, металлургиялық және химиялық өнімді өткізу нарығы кеңеюде. Өнім қазір АҚШ-қа және Еуропа елдеріне жеткізіледі», - деді министр.

Ал,  «Азия Автоның» жеңіл автомобильдері алғаш рет Қытай халық республикасына,  «Сарыарқа Автопром» ЖШС автомобильдері Тәжікстанға экспортталды.

Сондай-ақ, «ДонМар» компаниясы өндіретін ору машиналары Ресей нарығына экспортталып келеді (2014 жылдан бастап 2017 жылға дейін – 94 бірлік).

«Тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешенінің өнімдері шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Экспорттың жалпы көлемі 1,6 млрд.АҚШ долларын құрады. Атап айтқанда, ет және құс өнімдерін Ауғанстанға, Біріккен араб әмірлігімен Иранға, өсімдік майы мен балды Қытайға экспорттау басталды.Жыл сайын 380 экспорттаушы қаржылық және сервистік қолдауға ие болады», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ,  2015 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңде 88,2 млрд. теңге сомасына экспорттаушыларға қаржылық көмек көрсетілді, оның ішінде:

- 77,5 млрд.теңге экспорттықсақтандыруға;

- 5,3 млрд.теңге саудалық қаржыландыруға;

- 4,7 млрд.теңге экспорт алдындағы қаржыландыруға;

- 0,7 млрд.теңге шығындарды өтеуге.

«Биыл өңдеу өнеркәсібіндегі қол жеткізген өсімді одан әрі арттыруға мүмкіндік жасауымыз керек.2018 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі экспорттың құндық көлемінің өсімін7%-ға (2015 жылғы деңгейге), еңбек өнімділігін 11,9%-ға, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 1 трлн. теңгеден астам сомаға өсіру қажет», - деді ол.

Сонымен қатар,  өнеркәсіпке Индустрия 4.0 элементтерін енгізу үшін технологиялардың экспорты мен трансфертіне ерекше назар аударылып жатыр.  Министр цифрландыру  бойынша құралдар жетілдірілетінін айтты.

«Отандық кәсіпорындарды цифрландыру мен жаңғырту бойынша жаңа құралдарды жетілдіріп, әзірлеу керек. Цифрландырудың неғұрлым мақсатты түрде алға жылжуына қолдау көрсетудің кейбір шараларын ішінара қайта қарауды жоспарлап отырмыз.Жыл соңына дейін цифрлы технологиялардың мүмкіндіктерін көрсететін алаңға айналатын бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландырудың пилоттық жобасын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні Фраунгофер Институты сарапшыларының ұсыныстарына сәйкес кәсіпорындар іріктелді», - деді министр.

Сонымен қатар, тау-кен металлургиялық кешенінің жүйеқұрушы кәсіпорындарында Индустрия 4.0 технологияларын енгізу жобаларын жүзеге асыратын боламыз.

«Қазақстандық өнеркәсіптің сыртқы нарықтарда жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру Индустриялық саясаттың өзекті мәселесі болып қалады.Әлемдік технологиялық трендтер жағдайында өнеркәсіптік тауарларға қойылатын өндрістік талаптар күшейіп келеді. Атап айтқанда, жеке тауарларға деген сұраныс өсіп, тауарлардың технологиялық күрделілігі артуда, өндірістік процестер оңтайландырылуда. Дамушы елдерден дамыған елдерге өндірістерді қайтару процесі жүріп жатыр. Соның салдарынан технологиялық дамудағы алшақтық артуда», - деді Жеңіс Қасымбек.

Министр Жолдау бойынша жүктелген тапсырмалардың да орындалып жатқанын айтты.

«Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында 2020 – 2024 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму Тұжырымдамасын әзірлеу жұмысын бастадық. Ол елдің бұдан әрі индустриялық даму келешегін көрсетеді.Бұл жерде инновациялар мен озық технологиялар трансфертін дамытуға, өнеркәсіпті цифрландыру мен стандарттау жүйесін дұрыс бейімдеуге айрықша назар аударылатын болады. Бұл жұмыстарды 2018 жылдың соңына дейін аяқтаймыз», - деді  министр.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов   бағдарламаны  іске асыру кезінде  мақсатты индикаторлар бойынша бағдарламаның жоспарлау сапасын атап өтті.  Сондай-ақ, ол бағдарлама бойынша  толыққанды  ақпарат  қоғамға жетпей жатқанын айтты. Себебі, бағдарламаның салалық тұстары ғана кеңінен тараған.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев министрлік  ИИДМБ бойынша  6 жоба іске асырылып жатқанын айтты.

Өңірлер бойынша аталмыш бағдарламаны жүзеге асырудың  қорытындылары  бойынша  баяндамалар тыңдалды. Аймақтарда аталмыш бағдарлама  бойынша қандай жобалар  жүзеге асыралытыны алға тартылды.

Өз кезегінде, Премьер   Бақытжан Сағынтаев  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Үкіметтің өткен жолғы кеңейтілген отырысында өңдеу өнеркәсібінің  өсімі  11 пайыз екенін айтқанын  алға тартты. Осы орайда  Б.Сағынтаев  ИДМ басшысы Жеңіс Қасымбекке  барлық тиісті органдармен бірігіп өңдеу өнеркәсібін арттыру қажеттігін тапсырды. Өңделген өндірістің экспорты бойынша өңірлерлердегі сандарға көңіл бөлуді сұрады.

Аягөз Құрмаш 

 

 

 




Яндекс.Метрика