Шолу

Үкімет сағаты: Жекешелендіру саласындағы жетістіктер (ШОЛУ)

Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жекешелендіруді жүргізу барысы талқыланды. Жекешелендіру бойынша негізгі және қосымша баяндамалар тыңдалды. Жиында депутаттық сұрақтар қойылып, өзге елдердегі жекешелендірудің тәжірибесі ескерілу керектігі айтылды. Осы және өзге мәліметтер бойынша Strategy2050.kz АА дайындаған шолуынан оқи аласыздар.
Астана қаласы26 Наурыз , 12:40

ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, депутат Владимир Божко  жекешелендіру бойынша нақты нәтиже бар екенін айтты. 2017 жылы депутаттар ұсынған  8 ұсыныс қайта қаралған. Сондай-ақ, депутат  ауыл мен аудандарда жылу, сумен қамту, жол-эксплуатациялық қызметтер, медициналық және спорт нысандарын жекешелендіру мәселесі үлкен алаңдаушылық туғызатынын айтты.  Себебі,  жол-эксплуатациялық учаскелер мен тұрғын үй коммуналдық қызметтерді алсақ, аталған нысандар кезінде жекешелендіруге шығарылған еді. Алайда оның бәрі қирады, құрыды. Содан әкімдіктер қайта өз иелегіне қайтаруға мәжбүр болды. Соның барлығын қайта сатып алуға тура келді.

«Осы жолы жергілікті жердегі коммуналдық кәсіпорындар қайтадан жекешелендіруге шығарылып отыр. Қазіргі кезде аталған кәсіпорындардың басым бөлігін жеке меншікке сатып алды, болмаса, оңтайландырып тастады. Ашығын айту керек, коммуналдық кәсіпорындардың шығыны көп. Сол себепті ондай нысандардың жаңа иелері бірден төлемақыны көтеруге кіріседі. Алайда xалықтың төлем қабілеттілігін ескермейді. Жөндеу жұмыстарын да жүргізбейді, теxниканы да жаңартпайды. Ақыр аяғына xалық зардап шегеді», - деді В.Божко.

В.Божко айтып өткендей, мәселен,   жылдың басында Ақмола облысы Зеренді аудандағы Қонысбай ауылының 900-дей тұрғыны екі апта бойы сусыз отырды. Себебі су қондырғысын кәсіпкер жекешелендіріп алды. Ал апаттық жағдай кезінде тиісті жұмыстарды атқармаған. Сол сияқты Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында мыңдаған адам сусыз қалды. Сол кезде «Қарғалы Су» мекемесінің иесі өз міндетін дұрыс атқара алмады.

Депутаттың айтуынша, бүгінде облыс пен аудан әкімдіктерінің көбісі жылу, сумен қамту, жол-эксплуатациялық қызметтер, медициналық және спорт нысандарын жекешелендірумен асықпау қажет деп санайды.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов  жекешелендірудің   алғашқы   толқыны 90 жылдардың басында басталғанын еске салды. Бұл бағдарлама шеңберінде  41 мыңнан астам нысан жекешелендірілді. Мемлекеттік сектор күні бүгінге дейін негізгі  сала болып отыр. Сондай-ақ, ол  2017 жылғы жекешелендірудің қорытындылары туралы айтып өтті.

 «2017 жылы жекешелендірудің кешенді жоспары 168 ұйыммен толықтырылды. Президенттің тапсырмалары мен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұсынымдары бойынша жекешелендіру жоспарынан 46 ұйым алынып тасталды. Қазіргі уақытта жекешелендірудің кешенді жоспары 902 объектіні қамтиды. 2017 жылғы өсімі 122 компанияны немесе 15,6%-ды құрады. Кешенді жоспар іске асырылған 2 жыл ішінде 476 объект сатуға қойылды. Олардың ішінде 367 объект 164,7 млрд теңгеге сатылды. Бұдан басқа 255 объект қайта ұйымдастыру және таратылу сатысында. Тұтастай алғанда қайта ұйымдастырылған және таратылған объектілер ескерумен жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау 70%-дан астам болып отыр», - дедi Сүлейменов.

Министр айтып өткендей,   2017 жылы 461 объект сатуға жоспарланған болатын. Жоспар 97%-ға орындалды. 289 объект сатуға қойылып, оның ішінде 107,9 млрд теңгеге 190 объект сатылды.

Жүргізілген сауда-саттық нәтижелері бойынша 2017 жылы өткізілмеген 10 объект әлі сатылған жоқ, олар 2018 жылдың соңына дейін сатылады. 162 объект қайта ұйымдастырылды және таратуға жатады.

«190 нысанның   77-сі  аукцион арқылы өткізілген. Оның ішінде бастапқы бағасын төмендету арқылы 58 ұйым және бастапқы бағасын жоғарылату арқылы 19 ұйым сатылды. Тендер өткізу арқылы 107 (республикалық меншік бойынша – 11, коммуналдық меншік бойынша - 90, ұлттық холдингтердің активтері бойынша – 2, ӘКК - 4), тiкелей атаулы сату арқылы 3 объект және екі кезеңдік рәсімдер конкурсы арқылы 3 объект сатылды», - дедi Тимур Сүлейменов.

Сонымен қатар,   сатуға ірі 21 нысан қойылған. Оның ішінде Ұлттық холдинг бойынша - 19, республикалық меншік бойынша 2 нысан. Олардың ішінде қазіргі уақытта 14 нысан сатылды және «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақстан темір жолының» IPO-сының аясында 7 нысан өткізілген екен.

«Республикалық меншік бойынша 2 денсаулық сақтау «ҚазМедТех» АҚ пен «ҚазМедорталық» АҚ сатылды. Квазимемлекеттік сектор бойынша 12 компания сатылып кетті. Активтерді сатып алушылар қатарында тиісті салаларда тәжірибесі бар трансұлттық ірі компаниялар бар. Мысалы KTZE-KHORGOS GATEWAY 49 пайызыы Shanhai Investment & Development Company Ltd COSCO Container Linesке, «Локомотив Құрастыру Зауыты» АҚ-ның 50 пайызы GE Transportation Engines Holding B.V», - деді  Т.Сүлейменов.

Сонымен қатар,  Электровоз Құрастыру Зауыты» ЖШС-ның 50 пайызы француздық Alstom ірі машина жасау компаниясына сатылды «Ірі нысандардың жалпы сатылу бағасы 61 млрд теңгені құрады. Бұл олардың баланстық құнынан 20 пайызға жоғары.

Сондай-ақ,  7 ұлттық ірі компанияны жекешелендіруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Олардың 3-уі IPO/SPO ықтимал мәмілелеріне дайындалуда.

«2018 жылдың 1-жартыжылдығының соңына дейін Қазақтелекомның акцияларын орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ Қазатомөнеркәсіп пен Эйр Астананың акцияларын 2018 жылдың 4 тоқсанына қарай IPO-ға шығару жоспарлануда. Бұл ретте орналастырулардың түпкілікті мерзімі компаниялардың қаржылық жағдайы, макроэкономикалық ахуал, шикізаттың әлемдік бағалары ескеріле отырып белгіленетін болады. ҚазМұнайГаз, Самұрық-Энерго, Қазпошта және ҚТЖ компанияларына қатысты 2019-2020 жылдары жүргізу жоспарланып отырған ықтимал IPO/SPO-ның түйінді параметрлерін айқындау жұмыстары жүргізілуде.», - деді Тимур Сүлейменов.

Министр айтып  өткендей,  еліміздің акционерлік капиталының ішкі нарығын дамыту және оның өтімділігін қамтамасыз ету - IPO мақсаттарының бірі. Сондықтан ұлттық компаниялардың акцияларын «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында орналастыру басым нұсқа болып табылады.

«Бұл ретте депозитариялық қолхаттар (GDR) түрінде шетелдік алаңдарда бір мезгілде листинг жүргізу нұсқасы қаралуда. Бұл қосымша өтімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ шетелдік инвесторлар арасында акциялардың тартымдылығын жоғарылатады», - деді Тимур Сүлейменов.  

Министр  «Нұрлы жер» бағдарламасының  бір бағытын  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі атқарып келе жатқанын айтты. Аталған міндет қала береді. Салымшыларға мемлекеттің 20 проценттік сыйақысы да төленеді. Барлық шарттар қалады. Бір ғана өзгеріс болады. Банктің қазіргі иесі - «Бәйтерек» xолдингінің орнына басқа инвестор келеді. Алайда, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің негізгі рөлі өзгермейді.

«Банкті жекешелендіруден біраз пайда түседі. Ол ақшаның бәрі Ұлттық қорға салынады. Ал жаңа инвестордың келуімен корпоративті басқару жүйесі жақсарып, жұмыстың тиімділігі артады деген сенім бар. «Біріншіден, барлық шарттар сақталады. Екіншіден, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасына қатыса береді. Бәлкім, «7-20-25»-ке де қатысады. Соның бәрі тиісті құжаттарда көрсетіледі. Инвестор келіспесе, банк сатылмайды. Үшіншіден, мемлекеттің сыйақысы сақталады. Міне, осы шарттар инвестордың алдына қойылады. Оған келіссе, банк сатылады. Келіспесе, басқасын іздейміз», - деп атап көрсетті Т.Сүлейменов.

Ал,  «Бәйтерек» ұлттық басқарушы xолдингі басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тажияқов айтқандай, жекешелендіру кезінде банктің 49 проценті инвесторға сатылады. Ал акцияның 51 проценті мемлекеттің иелігінде қалады.

Қосымша баяндама  оқыған Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, депутат   Нұртай Сабильянов мемлекеттік нысандарды бағалауға мұқият жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтты.

«Бағалау құны нарықтық қатынастар жағдайында баланстық құн бағасынан кем болмауы керек. 144 нысан бойынша   бағалау құны жарғылық капиталдан   172 млрд теңгеге   аз болған. Осы орайда  бағалау құнына байланысты заңнаманы қайта қарастыру керек деп ойлаймыз», - деді Н.Сабильянов.

Сондай-ақ, депутат  көптеген жекешелендірілген нысандар  бүгінгі күні  бюджеттен әлі де қаржы алып отырғанын айтты. «Бұл дұрыс емес. Осы мәселені қайта қарастырған жөн»,- деді ол.

Сонымен қатар,  депутаттар салалық, жекешелендіруге қатысы  бар ұйымдардың өкілдеріне  сұрақтарын қойды. Жекешелендіру  маңызды мәселелердің бірі болғандықтан,  сұрақтар да біраз толастамай, жиын екі сағатқа созылды.Жиын соңында депутаттар тарапынан  Үкіметке   ұсынымдар да жолданды.

Аягөз Құрмаш 

Инфографика: Надежда Линникова 




Яндекс.Метрика