Шолу

Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығының бүгінгі келбеті (ШОЛУ)

Отыз екі миллион халқы бар, әлем бойынша мақта экспорттауда үшінші орында тұрған индустриалды аграрлық мемлекет – Өзбекстан қашанда халықаралық қауымдастықты әлеуеті зор нарық ретінде қызықтырып келді. Күні бүгінге дейін оқшауланып келген Өзбекстан елінде жаңа президентпен саясат та өзгерді. Шавкат Мирзиеевтің президент болуымен қатар Өзбекстан өз есігін айқара ашып қана қоймай, көптен бері қордаланып қалған мәселелердің түйіні тарқатыла бастады. Әрине, Өзбекстанда билік ауыспайынша халықтың жағдайы мүшкіл, я болмаса ел экономикасы төмен болды деу әбестік. Өзбек ағайындар оқшаулану саясатын ұстанғанымен күні бүгінге дейін 40-тан астам халықаралық ұйымға мүшелікке еніп үлгерген. Салыстырмалы тұрғыда қарым-қатынас соншалықты тығыз болмасада көптеген елдермен ынтымақтастықты орнатты. Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет 1992 жылы орнатылды. Күні бүгінге дейін екі ел арасында бірқатар келісімдер түзіліп, жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Ал, жақында ғана Қазақстанда Өзбекстан жылы екі ел басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды. Сонымен, Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығының бүгінгі келбеті туралы «Strategy2050.kz» AA тілшісі даярлаған арнайы шолудан біле аласыздар.
Астана қаласы23 Наурыз , 10:05

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастардың ахуалын жоғары бағалап, оларды әрі қарай дамытудың перспективаларын талқылады.  Мемлекет басшысы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, өзара сауда айналымының ұлғайғаны, екі елдің бизнес қауымдастығы өкілдері арасында табысты байланыстар ілгерілеп келе жатқаны атап өтілді.    

Бұдан басқа, Самарқанд қаласына жұмыс сапары барысында Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевпен бірге «Хазірет Қызыр» мемориалды кешеніне барып, Өзбекстан Республикасының тұңғыш Президенті Ислам Кәрімовтің рухына тағзым етті. Сондай-ақ, екі мемлекет халқына ортақ Наурыз мейрамы қарсаңында Мемлекет басшысы Өзбекстан  Президентімен бірге Самарқанд қаласының бірқатар мәдени-тарихи орындарын аралап көрді. 

Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың алғашқы қадамы 1992 жылы басталды дейміз. Бірақ, Кеңес заманында да қоңсы қонған қос мемлекеттің алыс-берісі, барыс-келісі үзілген емес. Тіпті, Тәшкенге барып жар тауып, Алматыға келіп үрім-бұтағын өрбіткендер де аз емес. Ал, екі ел Тәуелсіздіктерін жариялаған тұстан бастап, жалпы аймақтың жаңа тарихы басталды. Көрші елдер арасында бірқатар өзара ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Жасыратыны жоқ олардың бірі іске асса, енді бірі елеусіздеу қалып жатты. Алайда, соңғы жылдары өзбек ағайындарымыз оқшаулану саясатынан бас тартып, интеграцияға бет алғалы екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая түсіп, байланыстар кеңістігі кеңейді. ӨР президенті Шавкат Мирзиеевтің 2017 жылдың 22-23  наурызындағы Астанаға алғашқы сапары екі елдің қарым-қатынасына тың серпін берді. Ресми сапар аясында мемлекет басшылары Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында көршілік байланыстарды және стратегиялық серіктестікті нығайту туралы декларацияға қол қойды. Сонымен қатар, 2017–2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық стратегиясы мен Аймақаралық ынтымақтастық туралы келісімді, 2017-2018 жылдарға арналған ҚР СІМ және ӨР СІМ арасындағы ынтымақтастық бағдарламасын және т.б. бекітті. Ал, 2017 жылдың сәуір айында өткен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында алғашқы кездесудің аясында қолжеткізілген келісім нәтижелері пысықталды. Бұдан басқа, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев бастаған делегация Астанада  ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына, ИЫҰ бірінші ғылым және технологиялар жөніндегі саммиттің және ШЫҰ саммитінің жұмысына қатысты.  Екі ел арасындағы мәселелердің басым бөлігі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 16-17  қыркүйегінде Ташкентке жасаған мемлекеттік сапары аясында шешілді. Бұл сапарды көптеген халықаралық сарапшылар «екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің шынайы жүзеге асуы» деп атап өтті. Сонымен, сапардың қорытындысы бойынша 13 екіжақты құжатқа қол қойылды. Ал, бизнес форум барысында құны 400 млн долларға жуық келісім түзілді. Барлығы, Астана мен Ташкентте өткен бизнес форумдар аясында 1,2 млрд доллардың келісімдері жасалды.

Осы ретте, айта кетер болсақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапары аясында Өзбекстан Республикасының  «Эль-юрт хурмати» («Мемлекет және халықтың атынан құрмет») марапатымен марапатталды.

Парламентаралық ынтымақтастық

2017 жылы ұзақ жылдардан бері ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қ.Тоқаев бастаған Қазақстан Республикасының парламенттік делегациясы ресми сапармен Өзбекстанға барды. Сапар аясында Қ.Тоқаев ӨР Сенат және Олий Мажлис спикерлері Н.Юлдашев және Н.Исмоиловпен кездесті. Осы ретте, ҚР Парламенті Сенатының спикері Қ.Тоқаев пен ӨР Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесуі сапардың маңызды құрамына айналды деуге болады.

Өз кезегінде, ӨР парламенттік делегациясы 2017 жылдың желтоқсанында Астанаға келді. ӨР делегациясы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинмен келіссөздер өткізіп, Қызылорда және Шымкент қалаларына барып қайтты.

Сыртқы саясат ведомстволарының бірлескен жұмысы

Қазақстан мен Өзбекстанның сыртқы саясат ведомстволарының бірлескен жұмысы 2017 жылы жандана түсті. Мәселен, 2017 жылдың 6-7 сәуірінде ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов Ташкентте болды және де ТМД СІМК отырысына, Орталық Азия тарихында алғаш рет өткізілген бесжақты сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысты.

Ал, 2017 жылдың 9-10 қарашасында  сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов Самарқандқа Орталық Азияны өркендетуге бағытталған халықаралық конференцияға қатысу үшін барды. Сапары аясында ол бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, Қазақстан, Түрікменстан мен Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі туралы келісімге және Орталық Азиядағы бес мемлекеттің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды. Конференцияның қорытындысы бойынша  қатысушылар мәлімдеме қабылдап, ол барлық жергілікті және шетелдік БАҚ-та жарық көрді.

Сауда экономикалық байланыстар

Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бір бөлігі – сауда экономикалық байланыстар. Бүгінде екі ел арасындағы сауда шарттары Тараптар және Өзбекстан Республикасымен (Минскте 2013 жылдың 31 мамарында қол қойылған) 2011  жылдың 18 қазанында қабылданған ТМД еркін сауда аймағы туралы келесімді пайдалану ережесі хаттамасымен анықталады. 

Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2017 жылдың қорытындысы бойынша 2 млрд. долл. құрады. Оның ішінде экспорт – 1 375 млн. долл. болса, импорт - 735 млн. долл. көрсетті. Осылайша, өсім 2016 жылмен салыстырғанда 31% құрады.  Жалпы, Өзбекстанның нарығында сауда жасайтындардың қатарында Қазақстан 8,7%-пен Қытай мен Ресейден кейін үшінші орында тұр. Ал, Өзбекстанның Қазақстандағы саудаайналымындағы үлесі соңғы жылдары тұрақты түрде 2,4-2,5% көрсетіп отыр.

Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Өзбекстанның көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық кеңістігі күн санап кеңейіп келеді. 2017 жылы Ташкентте  «ҚТЖ жүк тасымалы» АҚ мен «Узбекистон темир йуллари» АҚ арасында Стратегиялық серіктестік туралы келісімге, ҚР аумағына әкелінетін жүктер туралы мәліметтермен электронды алмасу, теміржол жүк құжаты мен ілеспе құжат туралы келісімге қол қойылды.

2017 жылдың 22 наурызынан бастап «Алматы-Ташкент-Алматы» бағытында жүрдек жолаушылар пойызы іске қосылды. Ал, Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрменің жұмысы барысында «Самарқанд-Астана-Самарқанд» жолаушылар пойызы жұмыс істеді.

Сонымен қатар, ӨР Президенті Шавкат Мирзиеевтің Астанаға сапары барысында 2006 жылдың 20 наурызындағы халықаралық автомобиль бағыттары туралы келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылып, 2017 жылдың маусымында  «М-39» қазақстандық автожол учаскесінде көлік қозғалысы ашылды. Ал, Шымкент пен Ташкент арасындағы тұрақты автобус бағыттары 2018 жылдың 8 қаңтарынан бастап іске қосылды.

Аймақаралық ынтымақтастық

Айта кетер болсақ, қазақ-өзбек аймақаралық ынтымақтастық саласы да қарқынды дамып келеді. Бүгінде өзбек бизнесін қазақ нарығына тарту үшін екі елдің іскер орталары мен дамыту институттарының сапарлары ұйымдастырылып, ауқымды шаралар өткізілді. Қазіргі таңда екіжақты ҮАК шешімінің негізінде қазақстандық-өзбекстандық аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізу мәселесі қарастырылуда.

Сондай-ақ, туризм саласында да ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері ашылуда. Ташкентте 2017 жылдың сәуір айында ҚР мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Өзбекстанның Туризм бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы А.Шараповпен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша 2017-2019  жылдарға арналған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ӨР туризмді дамыту мемлекеттік комитетімен туризм саласындағы бірлескен жоспарға қол қойды. Ол 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы және 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында бірлескен шараларды өткізуді қарастырады. Негізгі басымдық Ұлы Жібек жолы бойында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық деңгейдегі трансшекаралық бағытты бірлесіп дамытуға берілді.

Қазақ диаспорасының өзбек қоғамындағы орны

Жасыратыны жоқ, екі ел арасындағы табысты да, достық қарым-қатынастың дамуына қазақ диаспорасының өзбек қоғамындағы орны басты әсер етуші күш деуге болады. Өзбекстан Республикасының ресми органдарының мәліметі бойынша бұл елде 1 млн. жуық этникалық қазақтар өмір сүреді. Қазақ диаспорасы көбіне Қарақалпақстан Республикасында, Ташкент, Навои, Джизак, Сырдария, Бұхара мен Хорезм облыстарында көптеп шоғырланған.

Бүгінде Өзбекстан Республикасында қазақ тіліндегі орта білім беру қолдау тауып отыр. Белгілі болғандай, Өзбекстаннның кейбір аймақтарында өзіндік этникалық ерекшеліктеріне қарай және қазақ диаспорасының көптен шоғырлануына байланысты  441 қазақ-өзбек аралас орта мектебінің және 192 қазақ орта мектебінің жұмысы мемлекет тарапынан қолдау тауып келеді. Өзбекстанның кейбір оқу орындарында қазақ тілінде бакалаврларды дайындау жүргізілуде. 

 

P.S. Жақында ғана Астанада Қазақстандағы Өзбекстан жылы салтанатты түрде ашылды. Бұл екі халықтың шынайы бауырластығын танытады және де бұл байланыс тамырының тереңдігімен, ортақ тарихымен және бабаларымыздың бай рухани мұраларымен нығайып отыр. Әрине, болашақта қарым-қатынасымыз қандай бағытта және қалай дамитыны ол ендігі күннің еншісінде, алайда бүгінгі жетістігіміз ауыз толтырып айтарлықтай десек қателеспейміз.

Мөлдір Асқарқызы




Яндекс.Метрика