АШК – Қазақстан экономикасының драйвері

Үкімет отырысы: Қазақстанда ауыл шаруашылығы экспортының көлемі артты (ШОЛУ)

Бүгін Үкімет отырысының күн тәртібінде АӨК бағдарламасы талқыланды. Атап айтсақ, ҚР Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың 2017 жылғы қорытындысы. Жиында ауыл шаруашылығы саласындағы басты көрсеткіштер, кооперативтердің құрылуы сынды маңызды мәселелер талқыланды. Толығырақ Strategy2050.kz АА дайындаған шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы20 Наурыз , 12:07

2017 жылы Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындылары оң нәтиже көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,9%-ға ұлғайып, 4,1 трлн. теңгені құраған екен. Ауыл шаруашылығындағы оңтайлы көрсеткіштер туралы  Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады.

«Тамақ өнімдері өндірісінің де 4,1%-ға өскені байқалып отыр.Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар өсімі 29%-ды құрап, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар көлемі 32%-ға жуықтады.Жалпы Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 2017 жылы 7 нысаналы индикаторға қол жеткізу жоспарланған, оның ішінде 6 нысаналы индикаторға қол жеткізілді», - деді А.Евниев.

Сондай-ақ,  азық-түлік тауарларымен көтерме сауданың нақты көлем индексі бойынша 1 нысаналы индикаторға қол жеткізілмеген екен.

Атап айтқанда, Статистика комитетінің деректері бойынша азық-түлік тауарларымен көтерме сауданың нақты көлем индексі 2015 жылдың деңгейімен салыстырғанда 79,8%-ды (жоспар – 106%) құрады.

«Көрсеткішке қол жеткізілмеудің негізгі себебі 2015 және 2016 жылдары көтерме бағалар индексінің өсуі болып табылады (азық-түлік тауарлары бойынша бағалар индексі 2015 жылы - 107,1 %, 2016 жылы – 113,8 %, 2017 жылы - 106,1%).Бұл жерде нақты көлем индексі бойынша нақты деректер алдын ала деректер болып табылады және ай сайынғы есептілік негізінде құралған, бұл ретте жылдық есептілік негізіндегі көрсеткіш мәні 2018 жылдың шілде айында жарияланатынын атап өту керек», - деді А.Евниев.  

Министрлік аталған мәселені өз бақылауында ұстап отыр және Статистика комитетінің деректері өзектендірілгеннен кейін ақпарат ұсынады.

Вице-министрдің айтуынша,  есепті кезеңде 64 нәтиже көрсеткішіне қол жеткізу жоспарланған болатын, оның ішінде 47 көрсеткішке (73%) қол жеткізілді, 17 көрсеткішке (27%) қол жеткізілмеді.  Қол жеткізілмеген 17 көрсеткіштің ішінде 5 көрсеткіш – ауыл шаруашылығы кооперативтері дайындаған өнім көлемі және олардың мүшелерінің саны бойынша.

«Көрсеткіштерге қол жеткізілмеу кооперативтердің көп бөлігі қажетті жабдықтармен тек екінші жартыжылдықта ғана жабдықталғанына, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің маусымдық сипатына байланысты орын алып отыр. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру көрсеткішін біз 82%-ға артығымен орындағанымызды (жоспар – 467, нақтысы – 851) атап өту керек», - деді  А.Евниев.

Алайда, кооперативтер қызметіне жүргізілген мониторинг құрылған 851 ауыл шаруашылығы кооперативінің ішінде 491 кооператив жабдықтармен жарақталып, ағымдағы жылы өнім дайындауға кірісуге дайын екенін, ал 360 кооператив өз жабдықтарымен жарақталмағанын көрсетті. Вице-министр құрылған кооперативтер санын көбейтеміз деп жүріп, сапасына нұқсан келтірілгенін айғақтайтын қорытындылар  растағанын айтты.

«Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдарға жаңа кооперативтерді тіркеу бойынша индикаторлар белгілеу практикасын жалғастыруды орынсыз деп есептейміз. Бұл ретте, облыстар әкімдіктері құрылған кооперативтердің жобалық қуатына шығуын қамтамасыз етуі қажет. Сондай-ақ, жұмысына кіріспеген ауыл шаруашылығы кооперативтерінің одан әрі жұмыс істеу қабілеттілігін анықтауды аяқтап, олардың қажетті жабдықтармен жарақтандырылуын қамтамасыз ету керек», - деді ол.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта көптеген ауыл шаруашылығы кооперативтері өндірілген өнімді өткізу, өндірілген өнімнің технологиясы мен қауіпсіздігі саласында арнаулы білімнің болмауы, сондай-ақ, негізгі және айналым қаражатының жоқтығы проблемаларына тап келіп отырғанын назарға ала отырып, зәкірлік ауыл шаруашылығы кооперациясын құру моделін қолдануды ұсынамыз.

«Бұл көлденең және тік кооперация элементтерін пайдалана отырып, ірі және ұсақ АӨК субъектілерін экономикалық тұрғыдан біріктіруге мүмкіндік береді. Республикада қазірдің өзінде мұндай бірігу схемалары бар. Өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жалғасын тапты. 2016 жылмен салыстырғанда майлы дақылдар алқабы 444 мың гектарға, қант қызылшасы алқабы 6,3 мың гектарға, дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 274 мың гектарға немесе 2,6 есеге ұлғайды. Арпаның, сұлының, жүгерінің, қарақұмықтың, күріш пен мақтаның егіс алқаптары да 2016 жылдың деңгейінен көп», - деді А.Евниев.  

Сондай-ақ-, вице-министр атағандай,  бидай алқабын оңтайландыру жөніндегі меморандум көрсеткішіне қол жеткізілді. 2016 жылмен салыстырғанда бидай алқабы 467 мың гектарға (немесе 3,7%-ға) қысқарды.

«Жүргізілген әртараптандыру және өткен жылдың қолайлы табиғи жағдайы өсімдік шаруашылығында көптеген көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етті. Аталған көрсеткіштер слайдта берілген.  Сонымен қатар, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жөніндегі меморандумның индикативті көрсеткіштерін жекелеген облыстардың орындамағаны үшін сұлы, азықтық дақылдар мен картоп өндіру көлемі бойынша көрсеткіштерге қол жеткізілмеді», - деді  ол.

Бірінші  вице-министр мал шаруашылығындағыкөрсеткіштерге де көңіл бөлді. Мал шаруашылығында өнім шығару 3,9%-ға (1,8 трлн. теңге) ұлғайды, оның ішінде ет 5,9%-ға, сүт 3%-ға, жұмыртқа 7,3%-ға артты.

«Жануарлардың негізгі түрлері бойынша мал басы орташа есеппен 5%-ға артқаны байқалып отыр. Бұл ретте, асыл тұқымды ірі қара мал басының үлесі 11%-ға дейін өсті (2010 жылы 7,7%).Сондай-ақ, құс еті, шоқа еті және құрамажем өндірісі бойынша көрсеткіштерге қол жеткізілмеді. Шошқа еті бойынша көрсеткішке қол жеткізілмеу себебі шошқа етін тұтынуда сатып алушы қызығушылығының төмендеуіне, өнімді асыл тұқымды бастың болмауына байланысты ауыл шаруашылығы құралымдарында шошқа басының 7,5%-ға (шошқа ұстау үлесі жалпы бастың 41%-ын құрайды) азаюы болып табылады», - деді ол.

Оның айтуынша,  Ақмола, Оңтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарының жоспарлық көрсеткіштерге қол жеткізбеуі салдарынан құс еті бойынша көрсеткішке қол жеткізілмеді. Құрама азық өндіру көрсеткіші бойынша облыстар әкімдіктері мен Статистика комитетінің мәліметтері арасында айырмашылықтар бар.

 Айталық, аталған көрсеткіш бойынша жоспар 1,4 млн. тоннаны құрайды. Бұл ретте, Статистика комитетінің мәліметі бойынша 2017 жылы 981 мың тонна құрама азық өндірілді, ал облыстар әкімдіктерінің ақпараты бойынша 1,8 млн. тонна құрама азық өндірілді. Қазіргі уақытта, Министрлік облыстар әкімдіктеріне аталған кемшілікті жою бойынша хат жолдады.  

Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 12 наурызда Премьер - Министр орынбасарының төрағалығымен Министрліктің және Статистика комитеті өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы статистикасын жүргізу мәселелері бойынша кеңес өткізілді.

«Менің басшылығыммен арнайы жұмыс тобы құрылды, оның жұмысының шеңберінде ауыл шаруашылығы статистикасын жүргізудің кейбір мәселелері пысықталып, оның ішінде аталған мәселе шешілетін болады. Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласында жарма өндірісінің көлемі 23%-ға, консервіленген көкөністер - 16%-ға, өсімдік майы – 15%-ға, еттен жасалған және ет-өсімдік консервілері – 11,2%-ға, қайта өңделген картоп және сары май – 8%-ға, макарон өнімдері – 7%-ға, жеміс және көкөніс шырындары – шамамен – 6%-ға, ірімшік және сүзбе өндірісі 4%-ға ұлғайды», - деді ол.

Жалпы, Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде АӨК өнімдерін экспорттауды ұлғайту үшін Министрлік тиісті шараларды қабылдауда. Айталық, 2017 жылы Қазақстан аусылдан таза аймақ мәртебесін толығымен алды. Бұл малдан алынатын өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Жалпы ауыл шаруашылығы экспортының географиясы ұлғаюда. Қазір балық шаруашылығы, қой шаруашылығы, бал шаруашылығы өнімдері және жылқы, сондай-ақ бидай, кебек және сою бұршақтары үшін қытай нарығы ашық. Нәтижесінде Қытай Халық Республикасына АӨК өнімінің экспорты 34,3%-ға ұлғайды. Алғашқы рет 7,7 мың тонна соя бұршағы экспортталды және соя майының экспорты 7,3 есеге артты. Орташа есеппен алғанда мұздатылған балық, өсімдік майы және майлы дақылдар экспорты 2,7 есеге ұлғайды», - деді А.Евниев.

АӨК мемлекеттік бағдарламасы аясында жерлерге топырақтық және геоботаникалық зерттеп-қарау мен 11,3 млн. гектар алаңда топыраққа бонитерлеу жүргізілді, есептік орамдардың 75 электрондық картасы жасалды, ауыл шаруашылығы жерлерінің 10 мың паспорты дайындалды.

Бұл Ауыл шаруашылығының вице-министрі Арман Евниевтің  агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың 2017 жылға арналған қысқаша қорытындысы болатын. Өңірлер де ауыл шаруашылығы саласындағы нәтижелерімен бөлісті.

Өз кезегінде, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Аягөз Құрмаш

 

 




Яндекс.Метрика