Шолу

Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық туристік турларды дамытады

Бүгінде туризм әлемдік экономикада басты рөлдің бірін атқарады. Дүниежүзілік туризм ұйымының (ДТҰ) деректері бойынша ол әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 11%-тен астамын ұстайды, әлемдік өндірістің әрбір 9-шы жұмыс орнын туризм қамтамасыз етеді. Ал, Қазақстандағы туризмнің жағдайы мүлдем бөлек. Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында «киелі жерлердің» картасы жасақталып, инфрақұрылым мәселесі жүйелі түрде шешіле бастады. Әрине, үлкен жетістіктер туралы айту ерте, дегенменде алғашқы нәтиже жаман емес деуге болады. Осы ретте, Орталық Азия елдері басшыларының консультативті кеңесі туризмді дамытуда жаңа бір белес болды десек болады. Бес елдің басшыларының басын қосқан бұл шара үлкен қадамдарға алып келді. Бүгін Астанада «Ұлы Жібек жолы» трансұлттық брендін дамыту мақсатында алғаш рет Қазақстан-Өзбекстан туристік форумы өтті. Аталмыш шара аясында қандай уағдаластықтарға қол жеткізілгелі туралы «Strategy 22050.kz» АА шолуынан біле аласыздар.
Астана қаласы16 Наурыз , 15:31

Форумға түрлі елдерден келген 200-ге жуық маман қатысып, туристік салаға жаңа теxнологияларды енгізу, e-туризмнің заманауи трендері,  қолөнер мен кәдесыйлар индустриясы, қызмет көрсетуді ұйымдастырудың жаңа жолдары, ресторандық бизнес болашағы сынды тақырыптарды талқылады. Туристік өнімдер, трансұлттық және гастрономиялық турларды дамыту тақырыбына ерекше назар аударылады.

«Бүгінгі күні біздің қолымызда тарихи-мәдени мұра бар. Өзбекстанда Орталық Азиялық өңірде туризмді дамыту бойынша үлкен мүмкіндіктер бар. Біздің мақсат – ортақ тур аясында туристтерге Қазақстанды да Өзбекстанды да көруді ұсыну үшін ортақ маркетингке эко және этно туризм мүмкіндіктері бар, көшпенділер дәстүріне бай әрі сан алуан мәдениетін біріктіру. Біз үшін трансшекаралық турларды бірлесе отырып құру, брендтеу мен таныту маңызды. Біз «екі ел – бір туристік өнім»  дейміз. Турдың өзбекстандық бөлігі Самарқанд, Бұқара, Хива мен Ташкент қалаларын қамтиды. Қазақстанда бұған Түркістан, Алматы, Шымкент, Тараз, Сайрам-Ұғам, Ақсу-Жабағылы, Іле-Алатау сынды ұлттық парктер, Тамғалы тас батпақ  даласы, Сауран мен Отырар кірді. Бұдан бөлек, турдың қазақстандық сегментінде туристтерге үлкен таңдау беріледі: киіз үйде қону, белсенді туризммен айналысу, тауға шығу, треккингпен айналысу, шаңғы тебу, Қожа Ахмет Яссауи, Айша-бибі, Қарахан кесенелері сынды киелі орындарға бару, ұлттық тағамдардан дәм тату шаралары да кірген», - деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев.

Жалпы, трансұлттық турларды дамытумен қатар, Орталық Азия елдерінде гастрономиялық туризмді дамыту жоспарланып отыр. Дүниежүзілік туристтік ұйымның зерттеулеріне сәйкес, соңғы бірнеше жылда гастрономилық турларға сұраныс шарықтап, ол әлемдік туризмнің шамамен 30%-ын құрап отыр. Туризмнің бұл түрі ұлттық туристік өнімнің бәсекеге қабілетті бір артықшылығы болып табылады. Жолға шықпас бұрын туристтердің 79%-ы түрлі елдердің тағамдағы ерекшеліктері мен тағам бойынша күнтізбесін зерттейді.

Осы ретте, Өзбекстаннан келген халықаралық туризм мәселелері бойынша сарапшы Сергей Даниловтың айтуынша, Орталық Азияның туроператорлары «Ұлы Жібек жолының гастрономиясы» атты кешенді тур ұйымдастыра алады.

«Гастрономиялық тур туралы айтқанда көбіне елдер бағасы жоғары мейрамханалар туралы айтады. Алайда туристерді  ұлттық, әрі арзан асхана қызықтырады.  Және де гастрономиялық тур дегенді ұлттық асхана арқылы сол елдің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ерекшелігін сезіну деп түсіну керек. Бұл салада Қазақстан мен Өзбекстанның болашағы зор және бірлесіп жұміс істеуге мүмкіндіктері де жетерлік», - деді сарапшы.

Атап өтсек, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық туризмді бірыңғай визаны енгізу арқылы бір жолға қоюға болады. Бүгінде  Дүниежүзілік туризм ұйымның «Ұлы Жібек жолы» бағдарламасына қатысатын мемлекеттер туристер үшін бірыңғай виза енгізуді қарастырып жатыр.

«Бұл бастаманы барлық қатысушы елдер қолдап отыр. Олардың саны 30-дан асады. Ұлы Жібек жолы - ауқымды жоба, Еуразия құрлығының үлкен бөлігі. Оның аумағы шығыстағы Жапониядан Еуропаның шығысындағы Италияға дейін созылып жатыр. Шын мәнінде бұл бастама барлық елге қатысты, дегенмен бастапқыда бұл идеяны Орталық Азия елдері арасында іске асырып көргіміз келеді», - деді «Visit Uzbekistan» жобасының директоры Михаил Шамшидов Қазақстан-Өзбекстан туристік форумында.

Ал, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаевтың айтуынша, бірыңғай виза алдымен Қазқастан мен Өзбекстан арасында енгізіледі.

«Ұлы жібек жолы берндін біздің туроператорлар жақсы меңгеріп, одан ары дамытса елімізге келетін туристер саны екі есе артады деген ойдамыз. Мәселен, Өзбекстанда қонақ үйге тоқтайтын туристер саны 85% құраса, Қазақстанда ол 25-30% құрайды, маусым кезінде 60-70% жетуі мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, біз бүгінде өзбек әріптестерімізбен бірлескен тур өнімді енгізгелі жатырмыз, алдағы уақытта Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан мен Грузия да қосылады деген ойдамыз. Алайда бірыңғай виза жасау ол бір күндік шаруа емес, себебі әр мемлекеттің визалық, көші-қон саясаты әртүрлі. Алайда осы жылдың соңына дейін алғашқы нәтижені көретін боламыз деген сенімдемін», - деді Рашид Күзембаев.

Айта кетейік, трансшекаралық турларды дамыту барысында  Еуропа елдерімен қатар Ресей және Қытай елдері негізгі нарықтар ретінде көзделіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Ташкентте 2017 жылдың сәуір айында ҚР мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Өзбекстанның Туризм бойынша мемлекеттік комитетінің  төрағасы А.Шараповпен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша 2017-2019  жылдарға арналған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ӨР туризмді дамыту мемлекеттік комитетімен туризм саласындағы бірлескен жоспарға қол қойды.

Меморандум 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы және 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында бірлескен шараларды өткізуді қарастырады. Негізгі басымдық Ұлы Жібек жолы бойында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық деңгейдегі трансшекаралық бағытты бірлесіп дамытуға беріледі.

Мөлдір Асқарқызы




Яндекс.Метрика