Президенттің бес бастамасы

5 бастама: Орталық және Солтүстік аймақты газдандыру (ШОЛУ)

Бүгін ҚР Үкіметінде ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Шарада «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» атты Президенттің бесінші бастамасының қалай іске асырылып жатқаны баяндалды. Қазақстан өңірлерін газдандыру процессі қалай жүзеге асырылады және қанша халықты қамтитыны туралы Strstrgy2050.kz шолуынан оқыңыз.
Астана қаласы16 Наурыз , 12:08

«2014 жылы ҚР Үкіметі Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасын бекітті. Аталған схемаға сәйкес 2030 жылға қарай халықты газдандыру деңгейін ағымдағы 47%-дан 56% дейін жеткізу көзделген. Бұл 1,6 мыңнан аса елді мекенді немесе 3 млн. тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді М.Мырзағалиев.

Тәуелсіздік жылдарында газды ішкі тұтыну 1,5 есеге артқан. Оны әрі қарай дамытып, орталық және солтүстік өңірлерді газдандыру бойынша Үкімет  мақсатты жұмыстарға кірісті. Қазіргі уақытта осы маршруттың екі нұсқасы қарастырылды.

Біріншісі - Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана бағыты бойынша «Батыс – Солтүстік – Орталық» магистральдық газ құбыры. Оған  газды Қостанайдан жеткізу көзделген.

Екіншісі -  «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана– Көкшетау-Петропавл» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры.

Вице-министрдің айтуынша,  «Сарыарқа» жобасын іске асыру салыстырмалы құны бірдей болған жағдайда газбен жабдықтауды барынша қамтуға мүмкіндік береді, индустриялық дамыған өңірлер арқылы өтеді. Сол себепті де жүзеге асыруға осы бағыт таңдап алынып отыр. ««Сарыарқа» жобасының жалпы құны 370 млрд  теңге. «Сарыарқа жобасын жүзеге асыру үшін қосымша құрылыс жұмыстары, тарату жүйелерін жеткізу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр», - деді ол.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұзындығы 1081 км, құны 267,3 млрд теңге  болатын «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау-Астана»  бағыты бойынша бірінші кезең пысықталуда.

«Газ құбырының аталған учаскесі Астана, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларының және магистральдық газ құбыры трассасының бойындағы жақын жердегі елді мекендердің халқын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.«Сарыарқа» жобасын іске асыру Астана қ. ластаушы заттардың шығарындыларын жылына 36,1 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.«Сарыарқа» магистральдық газ құбырын салу кезеңінде шамамен 800 жұмыс орны және іске қосу кезеңінде 225 жұмыс орны пайда болады», - дейді Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен,  2019 жылдың соңына қарай көгілдір отын   елордамыз   Астанаға да келіп қалады деген жоспар бар. Бірінші кезеңде  қалалық Жылыту орталықтары   газға толтырылып,  аудандарға  біртіндеп таратылатын болады. Ал, өңірлерді газдандыру жұмыстары 2019 жылдан кейін де жалғаса береді. 

Өз кезегінде, негізгі газ тасымалдаушы «ҚазТрансГаз» компаниясының өкілі Мұқатай Шаңбатыров бесінші бастаманы жүзеге асыру бойынша былай дейді: «Магистральдық газ құбырының  ұзындығы 1081 шақырым. Ол 300 мың тоннаны құрайды.  Ол «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының Қызылорда облысы аумағындағы «Қараөзек» компрессорлық станциясынан бастау алады және өндірісі дамыған Жезқазған, Қарағанды, Теміртау арқылы Астанаға дейін жүргізіледі».

Осы бағытта  газ құбырын салу арқылы 2,5 млн.-ға жуық тұрғынды газбен қамту жоспарлануда. Газдандырудың пайдасы ауаның ластануына жол бермейді әрі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Жалпы елді газдандырудың мультипликативтік тиімділігі тіпті шаш етектен. Газ - тұрғындардың өмір сапасына, әлеуметтік жағдайды көтеріп қана қоймайды, сонымен қатар өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына көп ықпал етеді. Мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, газ тарту тек елді-мекендер үшін ғана емес қалалардың жағдайына да  оң  әсер етеді. Мәселен,  елордамыз Астана қаласы үшін газ жеткізудің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық әсері үлкен.

Шамамен көмір жағып отырған 250  жылыту орталықтары, 20 мыңнан астам жеке тұрғын үйлерді газға ауыстыру, сондай-ақ Астанадағы 2 жылыту электр орталығын (ТЭЦ-1,ТЭЦ-2) газға көшіру жоспарлануда. Газ тартылса, кейінгі кезде тұрғындарды мазалап жүрген Астананың экологиялық ахуалы да жақсарады. Зиянды қалдықтар мөлшері 35 мың тоннаға азаяды. Осы жоба бүкіл солтүстік өңірді газдандыруға жол ашады.

Газдандырудың тиімділігін Орталық және Солтүстік аймақтардың тұрғындары іс жүзінде 2019 жылдың аяғына қарай сезіне бастайды.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика