Шолу

Орталық Азия: Ағайындардың Арқадағы кездесуі не береді?

Араға тоғыз жыл салып барып, Арқада кездесу өткізген ОА елдерінің басшылары жеке-дара және кеңейтілген құрамда, тіпті кейбір сәттерде жабық есік жағдайында қандай мәселелер талқылады? Екі бұрынғы президент, екі жаңа сайланған президент және бір елдің басшысының сенімді өкілі. Құрам жоғары деңгейде екеніне еш күмән жоқ. Әуелгіде Орталық Азия елдері басшыларының Саммиті болып белгіленген жиын, неге белгіленген мерзімге жақындағанда жәй ғана кеңеске айналды? Өзбекстан мен президенттікті енді ғана қолына алып жатқан Қырғызстанның Қазақстан үйренері не? Келелі кеңесте басқа қандай уағдаластыққа қол жеткізілгені туралы «Strategy 2050.kz» АА шолуынан біле аласыздар.
Астана қаласы16 Наурыз , 11:01

Бірден айта кетейік, егер ОА елдері басшыларының Саммиті болғанда белгілі бір шеңберге, тар дәлізге қамап, президенттердің еркін сөйлеуі мен ортақ проблемаларға қатысты ашық көзқарас ұстануға жол бермейтін еді. Бұл туралы кешегі жиын аяқтала салысымен белгілі саясаткер Ерлан Қарин ФБ-дағы өзінің парақшасында пікір білдіріпті.

«Көршілік саммит деген мәселеге назар аудармады, ол аса маңызды еді. Неге? Өйткені, ресми түрде саммит өткізетін болса, белгілі бір құжаттар бойынша келісім жасау керек, қандай да бір нақты шешімдер қабылдау керек болады. Сөйтіп, тым ресмиленіп, кездесудің өзін белгілі бір шеңберлерге «қамап», тар дәлізге тығып қоятын еді. Сөйтіп, диалог болмаушы еді, ашылып сөйлесе алмас еді. Міне, сондықтан да бастамашылардың өздері осындай еркін формат таңдап, жиынды консультативтік жұмыс деп атады. Яғни, бұл ешкімге ештеңе міндеттемейді, ешкім кездесуден үлкен маңызды ештеңе күтпейді» депті Е.Қарин.

Түсінікті! Ал енді, жиынның өзіне келейік. Қазақ елінің басшысы Н.Назарбаев жиын соңында Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуі толық өзара түсіністік пен тату көршілік жағдайында өтті деген түсініктеме берді. Солай болғаны сөзсіз! Күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пайымды да сындарлы ой-пікірлер ортаға салынды.

Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифингте Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азияның барлық елдері Ресей Федерациясымен белсенді экономикалық ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.

«Біз өңірдің көлік-логистика жүйесін екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да бірлесе қалыптастырамыз. Сонымен бірге, ішкі өңірлік проблемаларымызды біз үшін ешкім шешіп бермейтінін түсінеміз. Осыған орай базалық басымдықтарды анықтап, келешектің жоспарын жасадық», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өңірлік қауіпсіздік пен Ауғанстандағы ахуал мәселелері бойынша жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне де тоқталды. Елбасының айтуынша, Орталық Азиядағы 5 ел түгелдей Ауғанстандағы саяси-экономикалық даму және саяси мәселелерді реттеуге қолдау көрсетіп отыр. Дегенмен әлі де болса, әлі де болса Ауғанстан проблемасын халықаралық деңгейде шығаруға күш салу керек. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде бұл бағыттағы жұмыстарды халықаралық дәрежеде белсенді жүргізіп келеді.

Қазақстан Президенті біздің еліміз өңір елдерінің қауіпсіздік кеңесі аппараттары арасында бесжақты тұрақты консультациялар жүргізу тетігін жасауды ұсынғанын атап өтті. Қазіргі уақытта осы аймақтағы 5 елдің де өзара мәселелері шешілген. Яғни, ешқайсысының бір-біріне шегараға қатысты шешілмеген мәселелері жоқ. Ендігі әңгіме аймақтағы қауіпсіздік мәселесін бірлесіп қорғау. Жиында айтылған бәрқатар мәселелерге қатысты саясаттанушы Ерлан Қариннің пікірін де келтіруге болады. Оның айтуынша, жиынның мазмұнына қарамастан, сүйекті мәселелер бәрібір қозғалған. «Бұл кездесуден  қандай да бір нақты шешімдер күтілмесе де, қорытындысындағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзінен бірнеше бағыт бойынша нақты шешімдер қабылданғанын байқауға болады. Сондай-ақ, талқылауға бірнеше тақырып енді: сауда, қауіпсіздік, мәдени сала және т.б. Біз «2018 жылы Орталық Азиядағы  10 маңызды оқиға»  атты  өз баяндамамызда бұл кездесудің тиімділігі бас ұйымдастырушылар ретінде  Астана мен Ташкенттің іс-әрекетіне байланысты болатынын айттық. Қазақстан Президенті бастама Өзбекстан Президенті Шавкат  Мирзиеевке тиесілі екенін бірнеше мәрте айтты. Алайда, он жүзеге асыруға Нұрсұлтан Назарбаевтың дипломатиялығы мен беделі қажет болған сияқты», - деп жазыпты Ерлан Қарин фейсбуктегі парақшасында. Бұл жердегі Е.Қарин мырза айтып отырған «2018 жылы ОА 10 маңызды оқиғаға» әлі алдағы уақытта кеңірек тоқталуға болады... Мәселе, осы жиынның маңыздылығында болып тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелеріне тоқталып, өңірдің қарқынды дамып келе жатқанын және одан әрі ілгерілеуге әлеуеті толық жететінін айтты. Президент келтірген деректерге сүйенсек, «Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 10 жылда Орталық Азия елдеріндегі ішкі жалпы өнімнің орташа өсімі 6,2 пайызды құрады. Бұл сол кезеңдегі 2,6 пайыздық орташа көрсеткіштен асып түседі. Өңір елдерінің сыртқы саудасында да өсім болғаны байқалды». Мемлекет басшысы өзара сауда көлемінің өсуі Орталық Азия елдеріндегі тұрғындардың өмір сүру деңгейінің артуына септігін тигізгенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс кездесуі барысында өңірлік экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін шаралар қарастырылғанын айтты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы экономиканы жаңа инновациялық-цифрлық платформаға көшіру қажеттігіне тоқталып, транзиттік тасымалдаулар кезінде тарифтік саясатты оңтайландырудың және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев трансшекаралық су ресурстарын пайдалану мәселелерін ортақ құқықтық ұстанымдар, өзара құрмет және барлық тараптың мүдделерін сақтау негізінде шешудің маңызды екеніне назар аударды. Қазақстан Президенті консультативтік кездесу барысында өңірдегі экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету мақсатымен вице-премьерлер деңгейінде бесжақты жұмыс комиссиясын құру туралы ұсыныс қарастырылғанын айтты. Қарқынды даму үшін ішкі өңірлік қаржыландыру көздерін қалыптастыру қажет

Нұрсұлтан Назарбаев мәдени-гуманитарлық байланыстар өңірлік өзара іс-қимылды күшейтудің маңызды факторы болып саналатынын айтты.

«Біз осы бағыттағы ынтымақтастығымызды одан әрі арттыру жөнінде уағдаластық. Ғылым және білім беру саласындағы өзара іс-қимылды дамыту үшін Қазақстан өңірдегі елдердің студенттерін оқуға қабылдауға дайын. Спорт және туризм саласында ортақ спорт шараларын өткізуді жандандырып, Орталық Азияның біріккен туристік бағдарын әзірлеуге мүмкіндігіміз бар», – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы қол жеткізілген уағдаластықтар мемлекеттеріміздің ынтымақтастығына айтарлықтай серпін беретініне сенім артты.

Сөз соңында саясаттанушы Е.Қариннің мына пікірін келтіре кетсек. Өйткені, расында Астана аймақ қауіпсіздігінің ғана емес, тұрақтылығының және өзара бейбіт диалогтың кепілі екені сөзсіз. Ал бұл аймақ үшін ғана емес, Еуразия кеңістігі үшін маңызды мәселе!

«Басты нәтиже Астанада аймақтық диолог процесі іске қосылды. Болашақта ол жүйелі түрде өткізілетін болады және ол тараптардың бұл процесті нақты қандай қадамдармен толтыратынына байланысты... Бүгінгі кездесу Орталық Азия елдерінің ортақ жеңісі екенін анық. Бұл ОА көшбасшыларының аймақтағы жағдайды түсінетінін және оны шешуді мақсат ететінін, ол мәселелерді шешуде прогматикалық қадамдар жасауға ниетті екендерін көрсетіп отыр», - деп түйіндеді саясаттанушы Ерлан Қарин фейсбуктегі парақшасындағы пікірін.

Сөз жоқ, басты мәселе тілі басқа болғанымен діні бір, менталитеті бір бауырлас 5 елдің ынтымағы, өзара түсіністігі басты мәселе. Сонымен, «тойдың болғанына боладысы қызық». ОА елдері басшыларының кездесуі осындай ірі, айтулы һәм айшықты оқиғалармен есте қалды. Осы кездесудің тағы бір жетістігі жиынға келген ағайын елдердің басшылары түгелдей Өзбекстанның Қазақстандағы жылының ресми ашылуына қатысты. Символикалық тұрғыдан аса маңызды шара. Консультативтік кеңестің келесі жиыны Тәшкентте өтетін болып белгіленді.

Мөлдір Асқарқызы 




Яндекс.Метрика