Халықаралық интеграция

Қазақстан Президенті Орталық Азия елдерінің әлеуетін біріктіруге шақырды

Бүгін Ақордада Орталық Азия елдері басшыларының консультативті кездесуі өтуде. Келелі кеңеске Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков және Түркменстанның Меджлис төрайымы Акджа Нурбердыева қатысуда.
Нұр-Сұлтан15 Наурыз , 18:03

Қонақтарды қарсы алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесу аясында көптеген түйіні тарқамаған мәселелердің шешімін табатын боламыз деп баса айтты.

«Сіздерді Қазақстанда көргеніме өте қуаныштымын. Сіздерді үлкен қуанышпен қабылдап жатырмыз.  Арамыздағы ішкі мәселерді үшін тұрақты консультативті жұмыс кеңесін өткізу бастамасы Өзбекстан президенті  Шавкат Мирзиеевке тиесілі. Оның көмегімен біз туындаған мәселелерді бір-бірімізге айтып, шешетін боламыз. Біздің бүгінгі отырысымыз барлығымызға ортақ Наурыз мерекесі қарсаңында өтіп жатыр және де осыған дейінгі кездесулер осыдан 9 жыл бұрын өткізілген. Оған дейін біз кездескен жоқпыз. Алайда бір-бірімізбен байланыс орнатып отырдық. Әйтседе бүгінгі кездесудің орны бөлек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекеттік басшысы алғы сөзін аяқтаған соң, отырыс жабық есік жағдайында өтті.

Жалпы, келіссөздер барысында басшылар өзара конструктивті диалог орнатылып, Орталық Азия өңірлерін дамыту, ынтымақтастықты нығайтуға қатысты мәселелер талқыланады деп күтілуде.

Айта кетейік, бүгін елордада Н.Назарбаев пен Ш.Мирзиёевтің қатысуымен Қазақстандағы Өзбекстан жылының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Сондай-ақ, екі ел көшбасшылары өнер қайраткерлерінің гала-концертін тамашалайтын болады.

Естеріңізге сала кететін болсақ, осыған дейін Орталық Азия елдері басшыларының кездесуіне Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов елдегі жоғары деңгейдегі іс-шаралардың алдын ала жоспарлануына байланысты Астанаға келе алмайтынын хабарланған.

Кездесудің қорытындысы бойынша,  Наурыз мерекесіне орай Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдемесі  жасалды.

«Біз, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы Президенттері Орталық Азия халықтарын бүкіл өңірімізге ортақ Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.

2010 жылғы 23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен бұл мейрам Наурыз – Халықаралық күні деп танылғанын және оны ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізгенін ерекше атап өтеміз.

Өзінің мыңжылдық тарихында Наурыз мейрамы табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзін-өзі дамытуының нышанына айналды. Осы шуақты да қастерлі мереке амандықты, бірлікті, бауырластық пен өзара қолдауды танытып, біздің елдерімізді біріктіретін барлық мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптейді. Бұл – ортақ ата-бабамыздан қалған ұлы мұра. Біз оны сақтауымыз және дамытуымыз қажет.

Наурызды тойлау кезеңі барлық заманда адами және отбасылық қарым-қатынастардың, достық пен тату көршілік байланыстардың нығаюымен, көршілер арасындағы ерекше қонақжайлылықтың көрініс табуымен қатар келген. Бұл ортақ тарих, мәдениет, дәстүр, тұрмыс арқылы біріккен елдеріміз үшін қазір де маңызды.  

Осы мейрам қарсаңында бүкіл өңіріміздің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатымен өңірлік ынтымақтастыққа, өзара қолдауға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге ниет білдіруіміздің зор символдық мәні бар.

Өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, өңірлік транзит-көлік инфрақұрылымның кеңеюі, су-энергетикалық, азық-түлік әлеуеттерін ұтымды игеру, өндіріс және өңдеу салаларын дамыту, озық технологиялар мен инновацияларды қолдану, цифрлық экономика жолындағы ілгерілеу Орталық Азия елдері әл-ауқатының тұрақты түрде өсуін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Біз халықтарымыздың арасындағы өзара құрмет, достық пен бауырластық қатынастарды сақтауға және нығайтуға деген тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, туризм және спорт салаларындағы өзара ықпалдастықты тереңдетуге шақырамыз.

Көктемгі күн мен түннің теңелуі, рухани тазару мен жаңару мерекесінің қарсаңында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан халықтарына, сондай-ақ жер бетіндегі барша халықтарға бейбітшілік, молшылық және қуаныш тілеп, өсіп-өркендеулеріне ниеттестігімізді білдіреміз.

Наурыз мейрамы әр үйге амандық пен бақ-береке әкелсін!», - делінген мәлімдемеде.

 

Мөлдір Асқарқызы




Яндекс.Метрика