Шолу

Қазақстандағы цифрландыру қалай жүзеге асырылуда (ШОЛУ)

2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. «Зерде» Холдингінің қызметіндегі басым бағыт аталмыш бағдарлама аясындағы жобаларды жүзеге асыру болып табылады. Осы уақытқа дейін Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Сондай-ақ, орталық мемлекеттік және атқарушы органдарда Цифрландыру кеңселері ашылды.
Нұр-Сұлтан15 Наурыз , 15:38

Қазіргі кезеңде бағдарламаны сәтті іске асыру үшін дайындық іс-шаралары өткізілген. Қазақстан Республикасы Президентінің жанында Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. 16 орталық мемлекеттік органда, Бас Прокуратурада және 16 жергілікті атқарушы органда Цифрландыру кеңселері құрылды. Аталған кеңселердің қызметкерлеріне қажетті оқыту іс-шаралары өткізіледі.

«Зерде» Холдингінің Басқарма Төрағасы  Руслан Еңсебаев атап өткендей, 2018 жылы ЭКСПО павильонының негізінде «Astana Hub» халықаралық технопаркін іске қосу жоспарлануда. «Astana Hub» аясында 2018 жылы 33 жоба жеделдету бағдарламасынан өтеді.

«Бағдарламадағы «Адам капиталының дамуы» бағыты бойынша ЖАО, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» Коммерциялық емес АҚ, «ҰАТ»АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Атамекен» ҰКП және байланыс операторларымен бірлесіп, тұрғындарды цифрлық сауаттылыққа оқытуды жүзеге асыру жоспарланып отыр», - деді Р.Еңсебаев.

Оның айтуынша,   орта білім беру, кәсіби, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді цифрландыру бойынша жобалар жүзеге асырылатын болады.

« «Экономика саласын цифрландыру» бағыты бойынша нақты жобаларды іске асыру жұмысы басталды. Бүгінгі күні ірі тау-кен қазу және металлургиялық  кәсіпорындар жоспарларын  қалыптастырып, өз өндірістерінде 4.0 индустрия технологиясын енгізуге кірісіп кетті. «Цифрлық кен», «Ақылды карьер» және «Ақылды кен байыту фабрикасы» сияқты жобалардың басталуы осы технологиялардың мысалы болып табылады», – деп хабарлады «Зерде»Холдингінің төрағасы.  

Сондай-ақ, көлік  және логистика саласында зияткерлік көліктік жүйенің элементтерін енгізу жалғасын табады. 2018 жылы  11 өлшеу жүйесі іске қосылады. Сондай-ақ биылғы жылы үш бағытта – Алматы-Қапшағай, Алматы-Теміртау, Алматы-Қорғас бағыттары бойынша мобильдік төлем және СМС төлемдерін қолдану арқылы ақы төлеу жүйесі енгізіледі.  

Ол айтқандай,  агроөнеркәсіптік кешенінде бірқатар фермерлік шаруашылықтарға «нақты егіншілік» технологиясы ендіреледі. Сонымен бірге, 2018 жылы 6  (сүт, ет бағыттары және егіншілік бойынша) «цифрлық ферма» жұмыс істей бастайды. Бұдан басқа, ІІ тоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға, «blockchain» технологиясын қолдана отырып,  «Электрондық дақылдық жазбалар» жүйесін  енгізу жоспарланып отыр.

«Зерде» Холдингімен мемлекеттік бағдарлама жобаларын басқарудың анағұрлым тиімді әдістемелерін анықтау бойынша үлкен жұмыстар жасалды. Біз тұрақты түрде осы әдістемелер бойынша мемлекеттік орган қызметкерлеріне оқытулар өткіземіз, сондай-ақ жобалардың іске асу процестерін үйлестіреміз және бақылаймыз. Мемлекеттік органдармен, білім беру мекемелерімен, отандық IT компаниялармен, бизнес өкілдерімен, жалпы алғанда, тұрғындармен  бірлескен жұмысымыз, цифрлық трансформация үдерісінде елімізге сапалы нәтиже береді деп ойлаймын», – деп қорытындылады Руслан Еңсебаев.

Естеріңізге салсақ,  «Зерде» Холдингінің қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі – инфокоммуникациялық технологиялар саласына қолдау көрсету және дамыту. Отандық компанияларға қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік органдардың, «Зерде» Холдингі өкілдерінің, «Атамекен» ҰКП-ның және IT-компаниялардың қатысуымен тұрақты түрде кеңестер өткізіледі. Сонымен қатар, 2017 жылы Холдинг АКТ саласында 150 стандарт әзірлеп, бекітті. 338 ұлттық, мемлекетаралық және халықаралық стандарттың жобаларына сараптама жасаған.

Айта кетейік,   2017 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №827 Қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – орта мерзімді перспективада цифрлық технологияларды пайдалану арқылы республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму жолына көшіру үшін жағдай жасау. Бағдарлама 2018-2022 жылдар кезеңінде іске асырылады және елдің флагмандық салаларын технологиялық жаңғыртуға қосымша серпін береді, еңбек өнімділігінің ауқымды және ұзақ мерзімді өсуіне жағдай жасайды.

Аягөз Құрмаш 
 




Яндекс.Метрика