Шолу

5 бастама: студенттерге жатақхананы кімдер салады? (ШОЛУ)

Бүгін ҚР Үкіметінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру аясында МЖӘ қағидалары бойынша ЖОО мен колледж студенттеріне арналған жатақханалар құрылысы туралы баспасөз конференциясы өтті. Сондай-ақ, күні кеше Астана қаласының активінде Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар талқыланған болатын. 5 президенттік бастама, оның ішінде студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесін қарастыратын үшінші бастама туралы әзірленген шолуды назарларыңызға ұсынамыз.
Нұр-Сұлтан15 Наурыз , 12:54

«ҚР Білім және ғылым министрлігі қойылған міндеттерді орындау бойынша жұмыстарды бастады. Тиісті әзірлік жұмыстары жүргізілді. Аталған мәселеге барлық мүдделі тараптар тартылды. Біздің министрлік, Ұлттық экономика министрлігі, жоғары оқу орындары, Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер, жеке құрылыс компанияларының өкілдерімен аталған міндетті іске асыру механизмдерін айқындау мақсатында кеңестер өткізді», - деді Б.Асылова.

Сондай-ақ,  вице-министр жеке құрылыс компанияларының жатақхананың дайын жобасымен келуіне болатынын айтты. Сметалық құжат бойынша әрбір  жеке меншік не мемлекеттік  ЖОО-ның қарамағында жатақхана салынатын жерлер бар екен. 

«ЖОО, колледж немесе жеке серіктес жатақхана жобасын әзірлейді. Одан соң «Қаржы орталығы» АҚ-ымен келісімшарт жасалады. Яғни, егер ЖОО, колледж немесе жеке серіктес жатақхананы салса, онда ол пайдалануға берілген күннен бастап белгілі бір уақыт аралығында бір жатын орны үшін ай сайын тиісті соманы алып отыратын болады», - деді ол.

Сонымен қатар, вице министр жатақхана салуға 10 жылға 118 млрд теңге бөлінетінін хабарлады. Қаржының қомақты бөлігі 2022-2026 жылдарға есептелген, әр кезеңге 15 млрд теңге бөлінеді. Дегенмен, бұл мақсатты құрылыс болса, бұдан да көп қаржы бөлінетінін айтты.

Сондай-ақ, Елбасының 5 бастамасы бойынша өзге де  мемлекеттік  мекемелер  нақты жоспар құрып, іс шаралар өткізуде. Мәселен, күні кеше  қалалық әкімдікте Астана активінің отырысында Президенттің бес әлеуметтік бастамасы талқыланды.

Өз кезегінде,  Астана әкімі Әсет Исекешев аталған бағытта жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Бүгін жұмыс тобы құрылып, үш ірі ЖОО-мен жұмысты бастап кеттік, жер учаскесін де анықтап қойдық. Бастысы, олар оқу ғимаратынан алыс емес болуы керек. Қазір барлық колледждің басшыларының ұсыныстары тыңдалып, олардың жатақхана құрылысын салуда қандай талаптары барын тыңдаймыз. Таяу арада біз Астанадағы ЖОО мен колледждер үшін жатақхана құрылысын салудың нақты бағдарламасын әзірлеуіміз қажет», – деді әкім.

Сонымен қатар, еңбек нарығын есепке ала отырып, ұзақ мерзімді перспективалы бәсекеге қабілетті мамандар дайындау үшін жұмыспен қамтудың саясаты қарастырылып жатыр. Елорда басшысы «Төртінші революциялық өнеркәсіп шарты бойынша басымдық техникалық мамандықтарға беріледі. Жаңа әлеуметтік саясатта инновацияны дамыту саласына көптеп грант бөлу қарастырылуда дейді. Онда ақпараттық технология, робототехника, нанотехнология саласында кадр дайындауға басымдық берілмек. Бүгінде Астанада инновациялық экожүйе де қарқынды дамып келеді. Осыған орай, технологиялық кәсіпкерлікке дем беру үшін, ірі ғылыми және білім беру орталықтары құрылуда.

 «Назарбаев университетінің базасында ғылыми-зерттеу жобалары мен инновациялық шешімдерді дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Өткен жылдан бастап астананың барлық мектептерінде робототехника пәні енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында тегін кәсіптік-техникалық білім енгізу, колледждерде 4 мыңнан астам студент оқуда, бұл жұмысшы мамандықтың 40 % құрайды», – деді Әсет Исекешев.

Өз кезегінде, «Шар құрылыс» ЖШС бас директоры Жанна Бектемірова Мемлекет басшысының студенттерге арналған жатақхана құрылысы туралы бастамасын қолдауға дайын екенін білдірді.

«Бүгінге дейін біздің компания ең озық мүмкіндіктерді пайдалана отырып неше түрлі сәулеттік үлгімен студенттер қалашығын жобалау мен құрылысын жасап келеді. Мұның бәрі де жаңартылған құрылыс технологиясынсыз, заманауи құрал-жабдықтар мен ғимаратты жобалауда алдыңғы қатардағы әдістерді пайдаланбай мүмкін емес», – деді Жанна Бектемірова.

Сондай-ақ,  отырыс  барысында елорда әкімі Әсет Исекешев «7-20-25» әлеуметтік бастамасының маңыздылығына тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – «әлеуметтік маңыздылық проблемасы». «7-20-25» әлеуметтік бағдарламасы тұрғын ипотекасының қалың бұқараға қолжетімділігін жоғарылатып, тұрғын үй секторына жаңа дем береді. Енді жұмысы бар әр тұрғын үшін талаптары ыңғайлы ипотекалық займды ала алады. Бұл банк секторын жандандырып қоймай, тұрғын үй нарығының белсенді түрде дамуына серпін беріп, өндірістің дамуына сеп болады. Осы ретте жаңа жұмыс орындары да құрылады», - деді әкім.

Әсет Исекешев  алдағы бір айдың көлемінде Астанада жаңа тұрғын үй бағдарламасының қабылданатынын айтты. Ол өзінің орынбасары Сергей Хорошунға, басқарма басшыларына Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, қалалық қолжетімді баспана бағдарламасын әзірлеуді тапсырдым.

"Бір айдың ішінде біз алдағы бес жылда салынатын тұрғын үйдің, коммуникациялардың көлемін, олардың орналасатын аудандарын анықтап алуымыз керек. Бағдарлама дайын мәслихаттың қарауынан соң қабылданатын болады", - деді Әсет Исекешев.

Айта кетейік, Елбасының  5 әлеуметтік бастамасына  баспанамен қамту,жалақыны өсіру,  жатақхана салу, шағын несие бөлу, газдандыру мәселелері енеді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика