Халықаралық интеграция

Н.Назарбаев: Қазақстан мен Тәжікстан ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы14 Наурыз , 17:32

Шағын құрамдағы келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін және оны әрі қарай нығайту перспективаларын талқылады.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастың сенімге негізделгенін атап өтіп, Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының достығын нығайту жолында Эмомали Рахмонның айрықша рөл атқарғанын айтты.

«Сіз басшылық еткен жылдар ішінде біз зор сенімге, ынтымақтастыққа және достыққа негізделген қарым-қатынас орнаттық. Ешқашан арамызда шешімін таппаған мәселе болған емес. Біз әрдайым, әсіресе халықаралық деңгейде бір-бірімізді қолдап келеміз», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге аяқ басқанын айтып, мемлекетаралық қарым-қатынастың өзекті мәселелерін талқылауға ниетті екенімізді жеткізді.

«Біз сіздермен кез келген мәселені талқылап, шешуге дайынбыз. Сонымен қатар көрші мемлекеттердің басшылары келе жатыр. Ертең біз үшін тағы бір мәрте кездесуге мүмкіндік туады. Биыл сіздерде су ресурстарын басқару жөніндегі конференция өтетінін білемін. Қазақстан бұл бастаманы қолдайды», – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президентін «Парасат» орденімен марапаттады.

Э.Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін және жоғары марапат табыс еткені үшін алғыс білдірді.

« Қазақстанға келген әр сапарымда Астананың келбеті жылдам өзгеріп келе жатқанын байқаймын. Бұл жетістік, ең алдымен, Сіздің дана әрі көреген саясатыңыздың жемісі болып саналады», – деді Тәжікстан Республикасының Президенті.

Э.Рахмон екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, оны әрі қарай ілгерілете түсуге ниетті екенін атап өтті.

«Тауар айналымының көлемі жөнінен Қазақстан Тәжікстанның жетекші экономикалық әріптестері арасында екінші орынға ие. Біз елдеріміздің кешенді әрі стратегиялық қарым-қатынастарын нығайтуға ниеттіміз», – деді Тәжікстан Республикасының Президенті.

Мемлекет басшысы Тәжікстан Республикасы Қазақстанның стратегиялық әріптесі екенін айта келіп, екі ел арасында өзара сенімді және конструктивті диалог орнағанын атап өтті.

Қазақстан Президенті келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселесіне айрықша көңіл бөлінгенін айтты.

«Қазақстан бүгінде Тәжікстан үшін ірі экспорттаушы әріптес саналады. Тәжікстан да біз үшін сауда саласындағы маңызды әріптес болып табылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 800 миллион долларға жетіп, 30 пайызға артты. Әлемдік экономиканың құбылмалы  жағдайында бұл – өте жақсы көрсеткіш», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті екіжақты экономикалық қатынастарды одан әрі тереңдете түсу үшін әлеуеттің жеткілікті екеніне назар аударды. Мемлекеттер басшылары келіссөз барысында тауар номенклатурасын кеңейтудің және екіжақты тауар айналымын ұлғайтудың Жол картасын жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстанда жасалған жеңіл автомобильдер мен темір жол локомотивтерінің Тәжікстанға жеткізілуін табысты мысал ретінде айтуға болады. Қазақстан Тәжікстаннан жеміс-жидектер мен көкөністерді және солардан жасалған азық-түлікті импорттауға мүдделі», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Тәжікстан арасында өзара инвестиция алмасу жағдайын жақсарту және кәсіпорындардың қызметін ілгерілету мәселесіне тоқталды. Екі ел көшбасшылары Қазақстан мен Тәжікстан арасында Іскерлік кеңес құру мүмкіндігін талқылады.

« Бұл мәселе бойынша Астана мен Душанбе арасында әуе рейсін ашу мүмкіндігі қарастырылды. Ғарыш және цифрлық технология салаларындағы өзара іс-қимыл келешек ынтымақтастықтың перспективті бағыты болып саналады», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі ел арасында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру ісі бойынша экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Тәжікстан Үкіметаралық комиссиясының ерекше рөлін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев су-энергетика саласындағы мәселелер бойынша өткен келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.

«Біз Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану жөніндегі ұстанымдарымыздың ұқсас екенін тағы да растадық. Өзара тиімді шешімдер табу қажеттігін айттық. Бұл мәселе бойынша Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне ерекше мән беріледі», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі өңірлік және жаһандық мәселелерді талқылау барысы туралы айтты.

«Біз халықаралық ұйымдар аясындағы, әсіресе Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігіне байланысты өзара іс-қимыл мәселелерін талқыладық. Ауғанстандағы ахуалға қатысты өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне арнайы көңіл бөлдік. Жалпы, Қазақстан мен Тәжікстанның халықаралық аренадағы көзқарастары мен ұстанымдарының ұқсас екеніне тағы да көз жеткіздік», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың маңыздылығына тоқталып, осы үдерістегі тәжік диаспорасының ерекше рөлін атап өтті.

«Қазақстанда тәжіктердің ұлттық-мәдени орталықтары бар және олар Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына кіреді. Сондай-ақ, екі халық арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін Астанадағы орталық көшелердің біріне тәжіктің ұлы ақыны, философ Рудакидің есімін беру туралы шешім қабылдадым. Бұл оқиға Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достықтың тағы бір жарқын символы болатынына сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президентімен өткізілген келіссөздердің қорытындысына көңілі толатынын айтты.

Сонымен қатар, Эмомали Рахмон да бұл сапардың нәтижесіне оң баға беріп, Тәжікстан екіжақты қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін тағы бір мәрте атап өтті.

Тәжікстан Республикасының Президенті Тәжікстанның халықаралық сауда-экономикалық байланыстар жүйесінде Қазақстан жетекші рөл атқаратынын айтты.

«Біз экономиканың түрлі секторындағы ынтымақтастығымызды кеңейту мәселелерін қарастырдық. Тараптардың әлеуетін ескере отырып, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың ұзақмерзімді формаларын дамыту және айналымдағы тауарлардың түрлерін көбейту туралы әңгімелестік», – деді Э.Рахмон.

Сондай-ақ, Тәжікстан Республикасының Президенті халықаралық аренадағы, мәдени-гуманитарлық, су-энергетика, терроризммен және ұйымдасқан қылмыспен күрес жүргізу салаларындағы мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.

Соңында Э.Рахмон Қазақстанға ресми сапары барысындағы нәтижелі кездесулер мен сындарлы диалог үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа тағы да алғыс айтты.

Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның ресми сапары аясында өткізілген келіссөздер қорытындысы бойынша мынадай екіжақты құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның Астанадағы кездесу бойынша бірлескен мәлімдемесі;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісім және Реадмиссия туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасы;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы аумағында Тәжікстан Республикасы азаматтарының және Тәжікстан Республикасы аумағында Қазақстан Республикасы азаматтарының болу тәртібі туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2018-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;

– Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы әлеуметтік саладағы ынтымақтастық ниеті туралы меморандум;

– Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Көші-қон және халықты жұмыспен қамту министрлігі арасындағы әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы меморандум.




Яндекс.Метрика