Шолу

Орталық Азия елдерінің Одағы құрылуы мүмкін бе? - сарапшылар пікірі (ШОЛУ)

Ертең, яғни наурыздың 15-і күні Арқаның төсінде айтулы оқиға болғалы тұр. Әрі географиялық тұрғыдан көрші, әрі менталитеттік жағынан ағайын болып келетін Орталық Азиядағы 5 елдің басшылары оңаша кездесу өткізбек. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары әуелгіде саммит делінгенімен, соңғы күндері консультативтік кездесу өткізетіндері мәлім болды. Бүгінде аталмыш басқосуда қандай мәселелердің түйіні тарқатылып, іске аспай қалған ілкімді істерге дем берілетіні ел арасында көптеп талқылануда. Саяси сарапшы мамандардың пікірі негізінде әзірлеген «Strategy2050.kz» АА тілшісі Мөлдір Асқарқызының материалын ұсынамыз.
Астана қаласы14 Наурыз , 15:08

Тілі бөлек болғанымен діні бір, ұлты бөлек болғанымен менталитеті бір аймақтағы 5 елдің басшылары бұған дейін кездеспеді емес, кездесті. Бірақ, әртүрлі аймақтық, халықаралық ұйымдардың шеңберіндегі кездесулер болатын. Оның арасында мемлекеттердің басшылары өзара жекелеген кездесулер өткізіп жүрді. Ал осы жиынға неге соншалықты маңыз беріліп отыр? 5 елдің басшылары расында 20 жылдан бері айтылып келе жатқан Орталық Азия Одағы туралы әңгіме қозғау мүмкін бе? Әлде қоңсы қонған елдедің тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық мәселелерге мән беріле ме? Егер екшеп айтар болсақ, 5 елдің трансшекаралық өзендер, халықаралық тас жолдар мен газ арқылы да бір бірімен кіндігі байланған. Ал бұл кездесуден не күтеміз?

«Алдағы уақытта өтетін Орталық Азия елдері басшыларының консультативті кездесуі бұл Орталық Азиядағы ынтымақтастандыру мәселесі төңірегінде өтеді. Бүгінде  Орталық Азия аймағы халықаралық аренада өзінің құқықтық субьекті орнын алу мәселесі алдыңғы қатарда тұр», - деді сөз басында саясаттанушы Қазыбек Майгельдинов.

Сарапшының пікірінше қазіргі таңдағы геосаяси өзгерістерге байланысты Орталық Азия елдеріне ірі державалардың ешқайсысы да бейжай емес.

«Мәселен, Орталық Азия үш ірі мемлекет Ресей, Қытай АҚШ-тың мүдделерінің аясына кіреді. Бұл үш мемлекет те Орталық Азия аймағын басты стратегиялық мүдделі аймақ ретінде санайды. Осыған орай осы үш мемлекетте аталмыш өңірде ірі жобаларын жүзеге асырып отыр. Мысалы, АҚШ Орталық Азия аймағында әу баста үлкен Орталық Азия жобасын ұсынған болатын. Бүгінде ол жаңа форматта G5+1  форматында жүзеге асырылуда. Бұл форматтың негізі АҚШ Орталық Азия елдерімен саяси, мәдени, гуманитарлық байланыстарды арттыру болып отыр. Жасыратыны жоқ, бұл формат Барак Обамо кезінде белсенді жүзеге асырылып дамытылып келді. Алайда Ақ үйдің бүгінгі жаңа әкімшілігі кезінде бұл формат бойынша жұмыстар жалғасып жатқанымен бұрынғыдай қарқын жоқ. Екінші бұл Қытай Халық Республикасы. Бұл ел негізі экономикалық мүддені көздеп отыр. Өздеріңіз білесіздер Қытай «Бір жол-бір белдеу» саясаты аясында Жібек жолы экономикалық  белдеуін Орталық Азия елдерімен, әсіресе Қазақстан елімен экономикалық тұрғы да дамытуда. Ал, біздің стратегиялық серіктестеріміздің бірі Ресей Федерациясы посткеңестік аймақта Еуразиялық экономикалық Одақ аясында  өз саясатын жүргізуде», - деді ол.

Сонымен қатар, саясаттанушы консультативті кездесудің маңыздылығына тоқталды. Естеріңізде болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылы ақ, 1991 жылы аймақтағы 5 елдің басшыларына Орталық Азия Одағын құру туралы идеясын ұсынған болатын. 1998 жылы тағы да Н.Назарбаевтың ұсынысымен, тіпті табандылығының арқасында Орталық Азия елдерінің қауымдастығы құрылған болатын.

«Алайда 1998 жылы берілген ұсыныс 2002 жылы Орталық Азия экономикалық ынтымақтастық қауымдастығы деп өзгерді, аталмыш қауымдастық құрылғалы  180-нен астам құжат қабылданды, алайда олардың да 90%-тен астамы іс жүзінде аспады. Себебі әр мемлекет өзінің ұлттық мүддесін алға қойғандықтан ескерусіз  қалды. Сонымен қатар, Өзбекстан тежеуіш мемлекет болды. Өзбекстан оқшаулану саясатын ұстанды, ол пост кеңестік аймақта құрылып жатқан әрбір ұйымға қырғи қабақпен қарады. Өздеріңіз білесіздер Ресей федерациясы экономикалық байланыстан бұрын аймақтағы қауіпсіздікке үлкен көңіл бөліп, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымын құрды. Бастапқыда оған барлық Орталық Азия елдері енді, алайда кейінірек Өзбекстан оның құрамынан шығып, бақылаушы мемлекет ретінде қалып қойды. Осындай жағдайлар тежеуіш болып келді», - дейді Қ.Майгельдинов.

Сарапшының айтуынша, жиырма жылдан кейін Орталық Азия елдері басшыларының бірігуіне Өзбекстанның оқшаулану саясатынан интеграциялану саясатына көшуі себеп болды.

«Жиырма жылдан кейін Астанада Орталық Азия елдерінің басшыларының басы қосылмақ. Жалпы бұл неден басталды десек, оған көршілес Өзбекстан басшылығының ауысуымен, яғни Шавкат Мирзиеевтың президент болуымен Өзбекстанның оқшаулану саясатынан интеграциялану саясатына ауысуы сеп болды. Оның үстіне, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиевтың соңғы мемлекеттік сапары Тәжікстанға жасалды, бұл сапарды тарихи оқиға ретінде қарауға болады. Себебі, бұған дейін екі ел арасында қырғи-қабақ саясат қатал түрде жүріп жатты. Олар көбіне  су энергетикасы және шекара мәселесімен байланысты болды. Ал, бүгінде Өзбекстан мен Тәжікстанның шекарасындағы миналар алынып тасталды. Осылайша екі ел бір келісімге келді», - деп толықтырды ол. 

Жалпы, Өзбекстанның соңғы кездері ұстанып отырған ашықтық саясаты Орталық Азия елдеріндегі ынтымақтастықтың жаңа белеске шыққанын көрсетуде. Ертеңгі кездесуде Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан елдері арасындағы әлеуметтік, экономикалық, саяси мәдени-гуманитарлық мәселелерді арттыру қаралады. Әрине, бұл жиын барасында Орталық Азия елдері одағын құру мәселесі қаралуы мүмкін, алайда, біздің сарапшымыз бұны басты мәселе деп есептемейді.

«Басты мәселе саяси тұрғыдағы ынтымақтастықты арттыру болып табылады. Өздеріңіз білесіздер, көршілерімізде саяси билік ауысты. Өзбекстанның президенті ауысты, 2020 жылдары Тәжікстанда президенттік сайлау өтеді және де алғаш рет Қырғызстанда билік бейбіт түрде ауысты. Осы ретте, айта кетер болсақ, жас саяси элиталар арасындағы байланысты нығайтып, одан ары дамыту маңызды болып отыр. Әрине экономикалық мүдде ескерусіз қалмайды, ол екі жақты келісімдер арқылы өз жалғасын тауып отырады. Мәселен, осы кездесуді өткізу туралы айтылғанда АҚШ, Ресей қырғи-қабақ танытпады, алайда Еуроодақ сырт елдердің қатысуысыз Орталық Азия елдері саммитін тұрақты түрде өткізуді ұсынды.  Бұл дегеніңіз Еуроодақ механизмін қолдануды білдіруі мүмкін, яғни ортақ валюта, ұлттық мүддеден жоғары қойылатын органдарды құру сынды мәселелер болуы мүмкін» - дейді саясаттанушы.

Алайда бұл туралы айту әлі ерте. Өйткені, Өзбекстанның әлемге темір терезесін ашқаны кеше ғана. Тіпті, осы саяси интеграцияның өзі қаншаға дейін созылатыны әзірге белгісіз. Расында саяси Одақтан бұрын, аймақта шешімін таппаған шаруа шаш етектен. Мәселен, көші-қон, тарнсшегаралық өзендер, қауіпсіздік, терроризммен күрес және т.б..

Кеше белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин өзінің facebookтағы парақшасында осы кездесуге қатысты өзінің пікірін білдерген болатын. Оның пайымынша, бұл жиынның нақты мақсаты  өңірлік ынтымақтастықтың  институционалдығын  ұйымдастыру болмаса да, Астанада өтетін кездесу  ортақ өңірлік  күн тәртібін  жасауға, ортақ мәселелердің механизмін анықтауды құруға ықпал етеді.

«Қазір аталмыш кездесуге белсенді дайындық жүргізілуде.  Өтетін  кездесу саммит деп аталмаса да,  Меамлекет басшыларының жұмыс  кездесуі мәртебесіне ие болады. Сондай-ақ, бұл басқосу  өңірлік ынтымақтастыққа серпін береді, себебі көп уақыттан кейін  ел көшбасшылары (ШЫҰ саммиті, ТМД сынды )  өзге  алаңдарда емес, өзіндік бастамамен кездеспек. Бұл жиынның нақты мақсаты  өңірлік ынтымақтастықтың институционалдығын  ұйымдастыру болмаса да, Астанада өтетін кездесу  ортақ өңірлік  күн тәртібін  жасауға, ортақ мәселелердің механизмін анықтауды құруға ықпал етеді», - деп жазыпты Ерлан Қарин.

Ал, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асылбек Ізбайыровтың айтуынша, алдағы уақытта өтетін консультавтивті кеңестің отырысында Орталық Азия елдері одағын құру мәселесі көтерілуі мүмкін.

«Қазіргі уақытта Орталық Азияның бір ымыраға келуін бір обьективті процесс ретінде қарастыруға болады. Бүгінде Орталық Азиядағы бес мемлекеттің ымырада болуы ірі геосаяси ойыншылар үшін де бірдей маңызды. Егер бұл аймақ тұрақты түрде дамып жатса, ол тек осы аймақтағы елдер үшін ғана емес, сонымен қатар ірі державаларға да бірдей тиімді. Олар бұл өңірде өз жобаларын жүзеге асырып, табысқа қол жеткізе алады. Сонымен қатар, 15 наурызда өтетін консультативті кездесуде Орталық Азия елдері одағын құру мәселесі қаралуы мүмкін. Кезінде Президент Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы мәселені көтерді, бүгінде ол жұмыс істеуде. Ал, тарих қайталанады дейтін болсақ, Орталық Азия елдері одағы құрылуы да бек мүмкін», - деп түйіндеді Асылбек Ізбайыров.

Жалпы, Орталық Азия Одағы құрылар, құрылмас, алайда, аймақ елдерінің өзара шешіп алуы тиіс шаруалары аз емес. Саяси ұйым, сыртқы әртүрлі саяси, экономикалық құбылыстарға төтеп беру үшін керек те шығар. Бірақ, аймақтың ішкі проблемалары маңыздырақ.

P.S.: Осы материал дайындалып жатқанда Астанаға арнайы келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап жатты. Тараптардың кездесудегі талқылаған мәселелері жайлы алдағы уақытта толықтырып жазатын боламыз.

 

Мөлдір Асқарқызы

Фото ашық дереккөзден

Басты сурет авторы Азамат Әлиев




Яндекс.Метрика