Шолу

Үкімет отырысы: Президенттің 5 бастамасын орындауға нақты тапсырмалар берілді /ШОЛУ/

Бүгін Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Жиында күні кеше жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 әлеуметтік бастамасы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аймақтарда жүзеге асырылуы және терроризмге қарсы күрес мәселелері талқыланды. Елбасының кешегі бастамаларына орай, барлық салалық министрліктерге нақты тапсырмалар берілді.
Астана қаласы06 Наурыз , 12:21

Үкімет басшысы отырыстың басында ақ, үкімет мүшелерінің назарын Елбасы жария еткен 5 әлеуметтік бастамаға аударды. Ол бастамалар ең бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын айтты.

«Қарапайым азаматтарға арналған арзан ипотека, табысы төмен жұмыскерлерге салынатын салықты азайту, жоғары  білім саласына қосымша 20 мың грант бөліп, ең кемі 75 мың  орындық студенттерге жатақхана салу, шағын және орта бизнеске несие көлемін 20 млрд теңгеге  арттыру, солтүстік өңірлерге газ тарту - бұлардың қай-қайсысы да  халықтың әлеуметтік өміріне түбегейлі өзгерістер алып келетін аса маңызды жұмыстар», - деді Премьер-Министр.

 Бақытжан Сағынтаев айтып өткендей, гүлдеген мемлекет деген тиімді басқару жүйесі мен қуатты экономика ғана емес. Ол - ең алдымен  рухани кемел және әлеуметтік жағынан  барынша қорғалған азаматтар.

«Яғни, Елбасы былтыр «Рухани жаңғыру»  бағдарламасын бастап берсе, биыл әлеуметтік жаңғырудың ауқымды шараларын ұсынды. 5 әлеуметтік бастама Елбасының халқына жасаған  жанашырлығының айқын көрінісі. Бастамаларын арнайы үндеу арқылы жариялап, онда қазақстандықтарға шынайы алғысын білдіруі оның маңыздылығын арттыра түседі. Бұл Елбасының  халқына ұсынған перзенттік әрі президенттік сыйы. Қашанда халқының жан-дүниесіне терең бойлап, елінің жүрегіндегі арманын тамырын тапқандай дөп басатын Елбасының бастамаларын мүлтіксіз жүзеге асырып, тиянақты орындау бәрімізге сын. Сондықтан да біз бар күш-жігерімізді жұмылдырып, Елбасы жүктеген, ел күткен мүддеден шыға білуге тиіспіз», - деді Бақытжан Сағынтаев.  

Сондай-ақ, Премьер-Министр  әр бастаманы атап,  оны жүзеге асыру бойынша құзырлы органдарға тапсырма берді. Бірінші бастама - әрбір отбасына баспана алуға мүмкіндіктер беру. Бұл үшін Ұлттық банкке арнайы ұйым құрып, жаңа ипотекалық «7-20-25» бағдарламасын  дайындау жүктелді. Оның негізгі шарты Елбасы атап көрсеткендей несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 проценттен, бастапқы жарнамасы 20 проценттен аспайтын болады. Несие мерзімі - 25 жылға дейін болуы тиіс.

Үккімет басшысының айтуынша, жаңа бағдарлама көптеген қазақстандық үшін тұрғын үйдің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Осыған дейінгі бағдарламалар қанша тиімді болғанмен, халықты түгелдей баспанамен қамту мүмкін болмады.

«Инвестициялар және даму, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері мен «Бәйтерек» холдингі аталған жұмыстарға кірісуі тиіс. Жаңа ипотекалық бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын үй құрылысына және оған жақын  салалардың жұмысына тың  серпін береді. Сондықтан  бұған отандық құрылыс материалдарын өндіруші компанияларды белсенді түрде тарту керек. Ипоткалық бағдарлама бойынша жауапты - Ұлттық банк, Үкімет тарабынан  Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Асқар Ұзақбайұлы сіздің бақылауыңызда», - деді Премьер-Министр.

Екінші  бастама жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын арттыру болатын. Бақытжан Сағынтаев жұмысшыларға салынатын жеке табыс салығының мөлшерін 1 пайыз болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл үшін Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне арнайы тапсырмалар берілді. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап  айсайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатын жұмыскерлерге салынатын жеке табыс салығының мөлшерін 1 пайыздан аспауы тиіс деді Үкімет басшысы. Ал   салықтан үнемделген қаржыны жұмысшылардың жалақысын көбейтуге бағытталуы керек.  

Сондай-ақ табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеп, ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Жауапты министр Тимур Сүлейменов, Ерболат Асқарбекұлы екенін жеткізді. Елбасының үшінші бастамасы білім саласына бағытталған еді.

«Үшінші бастама - жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, жастардың  жатақханадағы жағдайын жақсарту. Білім және ғылым министрлігі Еңбек жне халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдермен бірлесіп, жаңа  экономикада сұранысқа ие мамандықтардың  қажеттілігін талдау негізінде 2018-2021 оқу жылдарына арналған жоғары және жоғары білімнен кейінгі кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырмасын бекіту туралы  қаулы жобасын Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып дайындасын», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, жоба гранттар санын 20  мыңға арттыруды,  сонымен қатар техникалық және ауыл шаруашылығы  мамандықтары бойынша олардың құнын ұлттық оқу орындарындағы гранттар деңгейіне дейін көтеруді қамтамасыз ету тиіс. Білім және ғылым,  Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен  бірлесіп,  республикалық бюджетті нақтылау барысында аталған мәселелерді ескеру тапсырылды.

«Ұлттық экономика, Қаржы, Инвестициялар және даму  министрліктеріне  өңір әкімдерімен бірлесіп, жоғары оқу орындары, колледждер және девелоперлік компаниялармен мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидасының негізінде  жатақхана салу жұмыстарын пысықтап, 2020 жылдың соңында дейін ең  кемі 75 мың орынды пайдалануға беруді қамтамасыз етсін. Жауапты министр - Сағадиев, Ерболат Асқарбекұлы сіздің бақылауыңызда», - деді Премьер-Министр.

Төртінші бастама бойынша нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктеріне және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына  нақты  ұсыныстар енгізуді тапсырамын.

Ал,   бесінші бастама  бойынша Бақытжан Сағынтаев   Энергетика, Қаржы, Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму министрліктеріне, тиісті өңір әкімдіктеріне, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесуді тапсырды.

«Бір аптаның ішінде жұмыс  тобын құруды және Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағыты бойынша «Сарыарқа» газ құбырын қаржыландыру мәселесін, оның ішінде халықаралық қаржы институттарынан қажетті қаржыны тарту арқылы пысықтауды тапсырамын», - деді ол.

Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған  «Нұрлы жол» мемлекеттік  бағдарламасы  бойынша салынатын жолдар туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтып өтті.

Министрдің айтуынша, биыл 23 жоба іске асырылады. Ондағы 22 жоба ауыспалы, оның ішіндегі 10 жоба Халықаралық қаржы институттарының займдары есебінен іске асырылуда. Былтыр республикалық маңызы бар 603 шақырым автожол ашылған.

«Жыл қорытындысы бойынша 528 шақырым жолды ашу жоспарланған. Атап айтқанда,  Орталық-Шығыс жобасы бойынша (Астана-Шідерті уч.) – 233 шақырым; Орталық-Оңтүстік (Теміртау-Қарағанды) – 45 шақырым; Орал-Тасқала – 35 шақырым; Бейнеу-Ақжігіт – 85 шақырым; Алматы-Талдықорған (Сарқанд қаласы айналма жолы) – 16 шақырым; Қордай ауылының айналма жолы – 19 шақырым; Астана-Петропавл-РФ шек.(Қорғанға) – 20 шақырым; Таскескен-Бахты – 20 шақырым, Щучье-Зеренді – 20 шақырым, Талдықорған-Өскемен – 20 шақырым, Қалбатау-Майқапшағай – 9 шақырым, Астананың Оңтүстік-Батыс айналма жолы – 6 шақырым»,-деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, Елбасының Жолдауында берілген тапсырма бойынша жергілікті жердегі автокөлік жолдарын жөндеу және реконструкциялау жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайту көзделіп отыр.

Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі «Жол сапасы» көрсеткішін жақсарту мақсатында өңір әкімдіктерімен бірлесе отырып, аймақтық автомобиль жолдарының техникалық жағдайын талапқа сай ету үшін бірқатар шаралар әзірленді.

«Биыл республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша 60 млрд. теңге бөлініп, қаржыландыру көлемі 150 млрд. тенгеге дейін жетеді... Бұл шаралар жөнделетін 4 мың шақырымнан астам жолды қамтуға және 2025 жылға қарай жергілікті желінің жақсы және қанағаттанарлық  жағдайын 85%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді»,-деді министр.

Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы Қарағанды облысы «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылуы, Алматы әкімі Бауыржан Байбек аталмыш бағдарлама бойынша  кәріз құбырларын жөндеу, мектептер мен тұрғын үйлер жылумен қамтылатынын айтты.

Өз кезегінде, Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Мәмин жолдардың салынуы мен тұрғын үй құрылысының қайта жаңартылуы мәселелерін айтты. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша аймақтардың жұмысы бақылауға алынғанын айтты.

Сондай-ақ, Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті терроризмге қарсы күреске арналған бесжылдық бағдарламаны таныстырды.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, xалықаралық террористік ұйымдар Сирия мен Иракта жеңіліс тапты. Сондықтан ондағы содырлар отбасыларымен бірге басқа жерге, соның ішінде өз елдеріне қоныс аударуда. Мысалы, қазіргі кезде Қазақстанға 125 азамат қайта оралып, олардың 57-сі сотталды, қалғандары бақылауда. Бұл жерде назар аударатын маңызды мәселе, қайтып келгендер радикалдық көзқарасты ұстануда. Олармен профилактика мен бейімдеу жұмыстары жүргізілуде», - деді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков.

Оның айтуынша, экстремизм мен терроризмді насиxаттау қарқыны қазақстандық қоғамда радикалдануға себепші болатындай жоғары деңгейде сақталуда.

Бүгінгі Үкімет отырысын қорытындылай келе Премьер-министр  Бақытжан Сағынтаев Елбасының әлеуметтік бастамалары барша қазақстандықтар үшін аса маңызды екенін айтты.

«Сондықтан біз оны іске асыруға үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Мүдделі мемлекеттік органдарға Парламент қарауына енгізу үшін қажетті заңнамалық өзгерістерді наурыз айының соңына дейін әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмыс Парламенттің жазғы сессиясы аясында аяқталуы тиіс. Парламент бізден бұл заң жобаларын күтіп отыр», - деді Премьер-министр.

Осы ретте Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға жауапты барлық мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Сол себепті Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен және  Ұлттық банкпен бірлесіп, бір апта ішінде бес бастаманы іске асыру механизмдері мен мерзімдерін және жауапты орындаушыларын көрсете отырып, нақты жол картасын әзірлеу тапсырылды. Наурыздың 13-і болатын Үкімет отырысында әр сала бойынша жауапты азаматтар тыңдалатады.

 

Аягөз Құрмаш




Яндекс.Метрика