Шолу

Сенат отырысы: Заң жобаларының мақұлдануы, депутаттық сауалдар (ШОЛУ)

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысы өтті. Жиында бірқатар заң жобасы мақұлданып, депутаттық сауалдар жолданды. Осы және өзге мәселелер туралы толығырақ шолудан оқи аласыздар.
Астана қаласы01 Наурыз , 16:24

Алдымен   «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы 2014 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған шарттың жекелеген ережелерін қолдану туралы xаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасы мақұлданды. Бұл заң жобасын ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырды. Бұған дейін Халықаралық хаттамаға Қазақстан, Ресей және Армения қол қойған. Ендігі әңгіме Одаққа мүше елдер арасындағы кедендік баж алымдарының нормативтерін қайта қарап, бекіту.

 «Берілген принциптерді ескере отырып xаттамаға одақ мемлекеттерінің басшылары Армения Республикасы - 1,22 %; Беларусь Республикасы - 4,56 %; Қазақстан Республикасы - 7,055 %; Қырғыз Республикасы - 1,9 %; Ресей Федерациясы - 85,265 % нормативтермен қол қойды. Хаттаманы іске асыру кедендік әкелу баждары сомаларын бөлу нормативін азайтуға алып келеді», - деді ол.

Сонымен  қатар, министр  xаттаманы іске асыруға республикалық бюджеттен ықтимал шығындар қарастырылып отырғанын айтты. Бұл сома 2017 жылы 1,8 млрд теңге, 2018 жылы 1,9 млрд теңге, 2019 жылы 2 млрд теңгені құрайды.

Оған қоса,  Сенат  отырысында «ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссиямен ерікті келісу және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты талқылауларды Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл мәселені де Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жіліктеп берді.

«Келісімнің мақсаты: бірінші комиссиямен келісілген өзіндік ерекшелікті субсидияларға қатысты өтемақы шараларды қолдану мүмкіндігін жою; екіншіден, өнеркәсіптік субсидияларды беру бойынша Одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы талқылауларға комиссияның тәуелсіз арбитрі ретінде қатысуы. Келісім, біріншіден, өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды Одаққа мүше мемлекеттердің комиссияларымен ерікті келісу тәртібін регламенттейді. Екіншіден, комиссияның Одаққа мүше мемлекеттерге қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды берумен байланысты талаптарды жүргізу тәртібін регламенттейді», - деді Тимур Сүлейменов.

Ол комиссияның қандай жағдайда субсидия беруге келісім бермеуге құқылы екенін айтап өтті.

«Ерікті келісу рәсімі бойынша одаққа мүше мемлекет субсидияны келісу мақсатында комиссияға тиісті өтініш жолдайды. Келісімде субсидия берудің 15 өлшемшарты көзделген . Егер өзіндік ерекшелікті субсидия тыйым салынған субсидиялар түріне жатса, онда комиссия оған келісім бермейді. Келісімге енгізіліп отырған талқылаулар - рәсімі дауларды шешудің балама тетігі. Қаралып отырған келісімге жаңа тетік енгізілген. Оған сәйкес талқылауды тәуелсіз арбитр ретінде комиссия қарайды. Бұл даулы мәселелерді объективті және жан-жақты қарауға мүмкіндік береді. Талқылау нәтижесін комиссия қабылдайды, ал оны мүше мемлекеттер орындауға міндетті», - деді ол.

Сондай-ақ, депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед Ұлттық экономика министрлігіне ЕАЭО елдерінің Еуразиялық экономикалық комиссиясының келісімін ратификациялау туралы заң жобасына қатысты сұрағын жолдады.

«Осыдан бір күн бұрын біз дәл осы Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасымен және бірнеше министрмен кездестік. Оның ішінде осындай ратификация жасалғанына қарамастан кей жағдайда жасанды кедергілер орнатылатыны туралы мәселе ерекше талқыланды. Әсіресе, Ресей нарығына кәсіпкерлердің шығуы барысында ратификациялаудан кейін 80-ге жуық түрлі жасанды кедергі орнатылған. Осыны жою үшін Қазақстан тарапы, өкілетті орган, сіздің министрлік комиссия төрағасына мағлұмат беріп, талап етіп отыру керек. Мұны комиссия төрағасының өзі бізге айтты. Осыған орай сіздің министрлік тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?», - деп сұрады Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Министр Тимур Сүлейменов қазір кедергілерді жою бағытында нақты шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Біріншіден біз осы кедергілерді жою үшін Еуразиялық экономикалық үкіметаралық кеңес деңгейінде оң тізімін бекіттік. Одан кейін оларды жою үшін нақты Жол картасы қабылданды. Біздің министрлігіміз және уәкілетті салалық министрліктер кешенді түрде шаралар жүргізіп отыр», - деп қысқа қайырды министр.

Тағы бір депутаттық сауалда сенатор Аңсар Мұсаханов еліміздегі Сейсмология институтының жабдықтары қазіргі заманға сай емес және ғимараттарының жағдайы сын көтермейтінін айтты. Ол 2018 жылдың 11 қаңтарында Сенат депутаттары Сейсмология институтында болып, еліміздің сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарымен танысқанын атап өтті.

«Сейсмология институтының қазіргі жабдықтары бүгінгі күн талаптарына сай келмейді, станция ғимараттарының жағдайы сын көтермейді. Қазіргі қолданыстағы 63 станцияны толыққанды қайта жабдықтап, республикамызда сейсмикалық қауіпсіздікті қадағалау мен кеңейту үшін жаңадан 52 станция мен 40 жер сілкінісі бекеттерін ашу қажет», - деді сенатор.

Сондай-ақ, сенатор Алматы қаласының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын ескере отырып, Астана қаласында сейсмикалық мәліметтерді жинау мен өңдеудің қосарлы орталығын құруды ұсынды.

«Бұл зардапты жер сілкінісі болған жағдайда мемлекеттік атқарушы билік органдары Қазақстанның кез келген аумағынан тиісті ақпарат алып тұруына және залалдың зардабын жоюға, қауіпті аймақтардағы адамдарды тиісті көмек көрсетуді жедел ұйымдастыруына маңызы зор болмақ. Сейсмология институты құрамындағы сейсмологиялық бақылау станциялары және тәжірибелі әдістемелік-экспедиция ұйымдары орталық мемлекеттік органға ведомствалық бағынышты болу керек деп санаймыз. Жер сілкінісі қатеріне ұшырауға бейім аумақтардың сейсмикалық шағын аудандастыру картасын жасу үшін сейсмологиялық институты серіктестігінің жұмыстарын бюджеттік қаржыландыруды сұраймыз», - деді сенат депутаты Аңсар Мұсаханов.

Сенаттың кезекті отырысында бірқатар нақты  тапсырма жүктелді.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика