Шолу

Болашаққа бағытталған одақтастық (ШОЛУ)

Кеше ғана Астанада «Қазақстан – Ресей: болашаққа бағытталған одақтастық» халықаралық конференциясы болып өтті. Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар ширек ғасырдан асып, екі ел арасындағы қатынастарды дамыту әлеуеті тұрақты түрде өсіп келеді. Елдеріміз арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО), Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ТДМ, Шанхай ынтымақтастығы Ұйымы (ШЫҰ), Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық Астана мен Мәскеудің сенім мен өзара түсіністікке негізделген стратегиялық әріптестігін дамытудың маңызды бөлігі болып саналады.
Астана қаласы01 Наурыз , 15:50

Бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың барлық салаларын дерлік қамтыған берік құқықтық-нормативтік база қалыптасты.

Ресми Астананың халықаралық мәселелердегі бітімгерлік бастамаларына, бірқатар халықаралық проблемаларды (Ресей мен Түркия арасындағы, Украинадағы жағдайларға, Сирия мәселесі) шешуге қатысты мәмілегерлік рөлі зор.

Осы тұста аталмыш конференцияның «Қазіргі заманғы халықаралық қатынастардағы үлкен Еуразияның рөлі» сессиясында үлкен Еуразияның қазіргі заманғы геосаясаттың маңызды артықшылығы ретінде, халықаралық дағдарыстар және оларды шешу жолдары, экстремиз мен терроризм идеологиясына қарсы тұру меселелері қарастырылды.

Қазақстан-Ресей қатынастарының даму қарқыны ұзақ мерзімді перспективада жаһандық геосаяси жағдайдағы өзгерістер мен Орталық Азия аймағындағы саяси ахуалды ерекшеліктерімен айқындалатын болады. Жалпы, Қазақстанның сыртқы саясатының аясында Еуразиялық экономикалық одақты нығайту – ұлттық мүдделерді ілгерілетудің, әлемдік экономикалық қатынастар жүйесіндегі орнықты ұстанымдарға қол жеткізудің ең тиімді бағыттарының бірі ретінде қарастырылуда. Алайда қазіргі таңда әлемде үлкен өзгерістер өтіп жатыр, сондықтан оған әрбір ел өздігінен бейімделіп және осыған орай одақтық қарым-қатынастарды бағыттауы тиіс. Тиісінше, осындай өзгеріс салдарынан тараптардың басымдықтарының өзгеру мүмкіндігін ескеру қажет.

Конференцияның «Еуразиялық ықпалдасу: болашаққа көзқарас» сессиясында Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үрдістердің қазіргі жағдайы мен перспективалары, бизнес-ортада және қаржы секторында сандық экономика мен жаңа технологияларды дамыту мәселелері алға қойылды.

Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің жалпы нарығы 2,2 трлн. долларды құрайды, нарықтың сыйымдылығы - 175,7 млн. адам. Осы экономикалық қауымдастыққа деген қызығушылық бүкіл әлемде өсіп келеді. Тіпті, бірқатар мемлекеттер мен ұйымдар сауда-экономикалық қатынастарды орнатуды ұсынуда. Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде логистикалық қызметтердің бірыңғай көлік кеңістігін және ортақ нарығын құру туралы бағдарламаның бекіту үрдісінде. Бұл ЕАО-ға мүше мемлекеттердің көлік интеграциясының маңызды кезеңі болатыны сөзсіз.

Сонымен қатар, екі ел арасындағы сенімді одақтастықтың тағы бір белгісі – аймақаралық шекаралық ынтымақтастық рөлі өсіп келеді. Мәселен, аймақаралық және шекаралық сауда екіжақты ресей-қазақстан саудасының шамамен 70% құрайды. Оған қоса, мемлекет басшыларының қатысуымен Ресей мен Қазақстан арасындағы аймақаралық ынтымақтастықтың жыл сайынғы форумдары дәстүрге айналды.

Қазақстандық бизнестің ресейлік әріптестерімен іс-қимылды дамытуға деген төмендемей тұрған құлшынысын қанағаттанарлықпен атап өтуге болады. Бүгінде Қазақстан экономикасының көптеген салаларында жалпы сомасы 20 млрд астам долларды құрайтын 93 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Әсіресе, энергетика және көлік салаларында, тау-металлургиялық кешенде, машина жасау, кеме жасау, химия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сынды салаларда бірлескен инвестициялық жобалар жетерлік. Өнеркәсіпте, Қазақстанда автомобиль техникасын бірлесіп өндіру мен тасымалдау саласында ынтымақтастық жалғасуда.

Осыған орай, сессия барысында Ресей мен Қазақстанның ғылыми және сараптамалық ортасының өкілдері еуразиялық интеграцияны дамыту үрдістерін, өңіраралық әріптестіктің мүмкіндігін талқылады, сондай-ақ болашақта ЕЭО-ның эволюциясы үшін интеграциялық үдерістерді дамыту мәселелерін қарастырды. Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақ өзінің интеграциялық байланыстарын нығайту үшін бірқатар маңызды міндеттерді шешуге тиіс.

Біріншіден, тарифтік емес шектеулермен байланысты нақты сауда саясатындағы қарама-қайшылықтарды еңсеру. Бірыңғай кедендік аумақтың жұмыс істеуі жағдайында тауардың шығу тегі туралы ережелерді қатаң сақтау қажет, елдердің дербес белгілеген экспорттық баждарының үлесін азайту қажет.

Екіншіден, қатысушы елдердің өңдеу өнеркәсібіндегі мамандану деңгейін анықтап, мемлекетаралық өндіріс бірлестіктерін негізінде құру мәселесін қарастыру қажет.

Үшіншіден, Жібек жолы экономикалық белдеуі бастамасы шеңберінде қытай жобаларымен үйлестіру арқылы ЕЭО аумағында көлік инфрақұрылымын дамыту қажет. ЕЭО үшін бірыңғай көлік кеңістігін құрудың маңызды аспектісі - транзиттік тарифтерді үйлестіру, көлік және жүк логистикасының сапасын жақсарту. Болашақта осындай келелі мәселелерді күн тәртібінен түсірмей, оны жан-жақты зерттеп іске қосу – екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түспек.

Екі ел арасындағы кездесуде талқыланған тағы бір маңызды мәселе - сандық экономиканы дамыту және цифрландыру саясаты. Биыл осы ақпанның басында Алматыда ЕЭО елдерінің Премьер-министрлері бес елдің цифрлық инфрақұрылымын интеграциялау жоспарларын, реттеудің жақындасуын және біртұтас сандық кеңістік құру мәселелерін талқылаған болатын. Сол жиында Ресей серіктестеріне коммуникация және цифрлық инфрақұрылым сияқты бесінші толқының қымбат технологияларын іс жүзінде тегін беруге дайын екенін білдірді. Алайда, Қазақстан ұлттық сандық жүйелерді біріктірер алдында киберқауіпсіздіктің бірыңғай жүйесін құру қажет деп санайды. Жалпы екіжақты келіссөздер мен кездесулер алдағы күні ортақ шешімге келуге өз септігін тигізері сөзсіз.

Қазақстан-Ресей конференциясының маңызды тақырыптарының бірі – Адами капитал. Бұған дейін және үнесі Елбасы Н.Назарбаев айтып, өз Жолдауларында да баса көңіл бөліп келе жатқан мәселе. Екі ел де өз азаматтарының бәсекеге қабілетті болғанына мүдделі. Өйткені, қалай олғанда да шекаралас, бір кеңістікте, бір саясат ұстанып отырғандықтан да адами капитал аса маңызды рөл атқарады. «Адам – басты назарда: білім беру, жастармен байланыс, азаматтық қоғам» деп аталған сессияда Ресей мен Қазақстан арасындағы екі жақты ынтымақтастықтың басым міндеттері мен бағыттары, трансшекаралық ынтымақтастық, адами капитал, қоғамдық диалог, жастар ынтымақтастығы салаларындағы жобалар төңірегінде мәселелер қарастырылды.

Болашақта біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы ортақ мақсат-мүддені меңзейтін тұстарын іздеу маңызды. Екі елдің жастарының арасындағы қарым-қатынастарды дамыту керек, олар біздің одақтық қарым-қатынастарымыздың маңыздылығын және қандай негізде құрылып, дамып келе жатқанын жете түсінулері қажет.

Осылайша, көршілес әрі стратегиялық маңызды одақтас мемлекетпен болашаққа нық қадаммен басу үшін 26 жыл ішінде келелі іс атқарылды. Десек те, «Көрші де көршіден тәлім алады» демекші, Қазақстан-Ресей әріптестігіннің табысты болашағы ортақ мүдде мен өзара сенім негізінде қарым-қатынасты дамыту нәтижесінде қол жеткізілмек.

Қазбек Майгельдинов

 




Яндекс.Метрика